Зерделі ұлт болу – заман талабы

/
Зерделі ұлт болу – заман талабы

«Артық білім кітапта, ерінбей оқып көруге» деп ұлы ойшыл Абай Құнанбайұлы айтқандай, кітап – адамзат баласының сан ғасырлық ақыл-ойын, рухани тәжірибесін, мәдени жадысын сақтап келе жатқан ең қастерлі қазына. Бүгінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев кітап оқу мәдениетін дамыту мәселесіне ерекше назар аударып келеді. Жуырда қабылданған «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлық – соның айқын дәлелі. Бұл бастама – жастардың кітапқа деген қызығушылығын арттырып, рухани құндылықтарды дәріптеуге бағытталған маңызды қадам болып отыр.

Күні кеше Президент қол қойған кітап оқу мәдениеті туралы Жарлықта не қамтылғанына тоқталсақ, құжатқа сәйкес, адами капиталды дамыту, қоғам­ның зияткерлік және мәдени әлеуетін нығайту, білім беру, тәрбиелеу және оқу-ағар­ту ісінің негізгі элементі ретінде кі­тап оқу мәдениетін насихаттау, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ шығар­ма­шыл, жасампаз және бәсекеге қабілетті тұл­ғаны дамыту үшін жағдай жасау мақ­­­сатында бірқатар шара қабылданады. Мәселен, Мәдениет, білім беру және ин­но­вациялар саласындағы мемлекеттік сая­саттың басым бағыттары болады. Оның ішінде кітап оқу мәдениетін да­мыту және зерделі ұлт қалыптастыру, оқыр­мандарға арналған заманауи инф­рақұрылымды дамыту, цифрлық құрал­дарды кеңінен қолдана отырып, жаңа форматтағы кітапханалар, қоғамдық кеңіс­тіктер құру, туындылары жас ұр­пақ­ты Қазақстан Республикасы Конс­ти­туция­сының негізгі қағидаттары мен ере­желерін құрметтеу рухында тәрбие­леу­ге ықпал етіп жүрген отандық жазу­шы­лар мен ақындарды қолдау, бас­па­гер­лер мен кітап өнімін таратушылардың мем­лекет үшін пайдалы қызметтерін ын­таландыру, ұлттық әдеби мұраны ел ішін­де және шетелде насихаттау.

Кітапқа қызығушылық артып келеді

«Ең бастысы, қоғамда кітапқа деген қы­зығушылық артып келе жатқаны бәрі­мізді қуантады. Әсіресе, балалар әде­бие­тіне сұраныс еселене түсті. Тек соңғы жыл­дың өзінде бұл көрсеткіш 75 пайыз өсті. Қазақ классикасына және қазақ ті­­­­ліне аударылған әлем әдебиетінің таң­дау­лы туындыларына деген сұраныс та 50 пайыз өсті. Ендігі міндет – осы оң үр­діс­ті жүйелі түрде қолдау және одан әрі дамыту». Осылай деген Премьер-Ми­нистр­дің орынбасары – Мәдениет және ақ­парат министрі Аида Балаева Жарлық­қа қатысты және кітап оқу мәдениетін қа­лыптастыру бойынша елімізде атқа­ры­лып жатқан жұмыстар жайлы баян­даған болатын.

Оның айтуынша, бүгінде елімізде 12 мың­нан астам кітапхана жұмыс істейді. Олардың қызметін жыл сайын миллиондаған азамат пайдаланады. 

– Кейінгі жылдары кі­тапханалардың цифрлық мүмкіндіктері де ар­тып келеді. Электронды кітапхана ре­сурс­тарын пайдаланушылар саны 30 пайыз өсіп, 718 мың адамға жетті. Ал кейінгі бес жылда элек­тронды форматтағы кітаптарды 9 мил­лионнан астам адам пайдаланған. Мемлекет бас­шысының тапсырмаларын орындау ая­сында жаңа форматтағы кітапханалар құру, оларды көпфункционалды қоғамдық кеңіс­тік ретінде дамыту, цифрлық құралдарды кеңінен енгізу және азаматтардың сапалы бі­лім мен ақпаратқа қолжетімділігін арттыру жұ­мыстары жалғасуда. Президенттің «Кітап оқи­тын ұлт» тұжырымдамасы аясында елі­міз­де 36 қалалық және ауылдық кітапхана жаң­ғыртылды. 2026 жылы тағы 30 кітап­ха­на­ны жаңғырту жоспарланып отыр. Бұл ба­ғыттағы маңызды жобалардың бірі – жал­пыға қолжетімді Ұлттық цифрлық кітапхана платформасын құру. Аталған платформа елі­міздегі кітапхана қорларын бір жүйеге бі­ріктіріп, өңірлердегі оқырмандарға қа­жет­ті әдебиет пен білім ресурстарына еркін қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Сонымен қатар отандық жазушылар мен ақындарды қолдау, кітап шығару ісін дамыту, баспалар мен кітап таратушы­лар­дың жұмысын ынталандыру, ұлттық әде­би мұрамызды ел ішінде және шетелде кеңі­нен насихаттау мәселелеріне ерекше көңіл бөлінеді, – деді Аида Ғалымқызы.

Министрдің айтуынша, алдағы уақытта «Кі­тапхана және баспа ісі туралы» жаңа заң әзірленеді. Кітап оқу мәдениетін дамытуға үлес қосқан азаматтар мен ұйымдарға ар­нал­ған Ұлттық сыйлық тағайындалады. Со­нымен бірге «Жылдың 10 оқырманы» рес­публикалық жобасы іске қосылып, жа­санды интеллект дәуіріндегі кітап пен кітап оқу мәдениетінің жаңа бағыттарын айқын­дай­тын 2027-2031 жылдарға арналған «Зер­делі ұлт» тұжырымдамасы бекітіледі.
–Мемлекет басшысының Жарлығы кі­тап­хана мен кітап ісі саласына тың серпін бе­ре­ді деп сенемін. Ең бастысы, бұл кітап оқи­тын, ойланатын, ізденетін, білімді әрі жа­сампаз ұлт қалыптастыру жолындағы нақ­ты қадам болмақ. Үкімет Мемлекет бас­шысы Жарлығында белгіленген міндеттерді са­палы орындауға атсалысады, – дейді Балаева.

Елімізде кітап оқу қай деңгейде?

Елімізде кітапқа қызығушылық деңгейі қаншалықты екеніне қатысты түрлі зерттеулер мен статистикалар бар. Бірі қуант­са, енді бірі көңіл көншітпейді. Мәселен, 2022 жы­лы PISA ұйымы математика мен жара­тылыстану бағытында білім алатын оқу­шылар арасында зерттеу жүргізіп Қа­зақ­стан кітап оқу бойынша әлемде 46-орында деген қорытынды шығарған. 
Ал 2018 жылғы зерттеуде біздің ел 75 ел­дің ішінде 61-сатыға тұрақтаған. Айта ке­тейік, рейтинг әр үш жыл сайын жаңарып тұра­ды. Дегенмен, былтыр CEOWORLD және Ranking.kz жариялаған жаһандық рейтинг деректері Қазақстанның оқырман белсен­ді­лігі өте төмен екенін көрсетті.  6,5 млн адам­ды қамтыған сауалнама нәтижесінде Қа­зақ­стан 2024 жылы 102 елдің ішінде 95-орынға тұрақтаған. Бір қазақстандық жылына орта есеппен небәрі 2,77 кітап оқиды. Бұл көр­сет­кішпен ел Алжир (2,83) мен Ирактың (2,77) арасында тұр. Ranking.kz талдауы да осы нәтижені растайды.

Орталық Азияда Қазақстан көршілерінен де төмен. Тәжікстанда бір адам жылына 4,01 кітап оқыса, Қырғыз Республикасында – 3,96, Түрікменстанда – 3,18 кітап. Өзбекстан рей­­тингте жоқ. Ең аз кітап оқитын елдер – Ауғанс­тан (2,56), Бруней (2,59) және Пәкі­стан (2,66). Ең көп оқитындар – АҚШ (17 кітап), Индия (16), Ұлыбритания (15), Фран­ция (14), Италия (13), Канада (12), Ресей (11), Аустралия (10), Испания (9), Нидерланды (8). Ресей Қазақстаннан шамамен төрт есе көп кітап оқиды.

Ranking.kz дерегінше, қазақстандықтар жылына бар болғаны 65 сағат, яғни аптасына 1 сағаттан сәл ғана артық уақытын кітап оқу­ға жұмсайды. Тәжікстан – 89 сағат, Қыр­ғыз Республикасы – 87, Түрікменстан – 74 сағат. Ауғанстанда ең төмен көрсеткіш – 58 сағат. Салыстыру үшін: АҚШ-та – 357 сағат, Ин­дияда – 352, Ұлыбританияда – 343 сағат.
Әлем бойынша халықтың 77 пайызы кітап оқиды, бірақ олардың небәрі 9 пайызы электронды немесе аудиокітапты таңдайды.

CEOWORLD және Ranking.kz тізіміне ен­ген ең танымал кітаптар қатарында Биб­лия, Құран, «Гарри Поттер», «Цитатник Мао» және «Властелин колец» бар. Орташа қа­зақ­стандыққа «Гарри Поттердің» жеті кітабын оқу үшін 2,5 жыл қажет делінген Ranking.kz қорытындысында.

Сонымен қатар былтыр яғни 2025 жылғы 14-18 сәуір аралығында EGOV mobile платформасында азаматтар арасында кітап оқу бойынша сауалнама жүргізілген. Сауалнаманың мақсаты – халықтың кітапқа қатысты қызығушылығын зерттеу, кітап оқуға деген жалпы көзқарасты анықтау болды. Бұған еліміздің барлық өңірінен  46 190 адам қатысты. Статистикаға сенсек, қа­зақ­стандықтардың басым бөлігі (57,3 пайыз) тұрақ­ты негізде кітап оқиды. Социологиялық деректер қазақстандықтар кітап оқуды негізінен – білім және ақпарат алу үшін пай­даланатынын көрсетеді. Респонденттердің 31 пайызы жылына 1-3 кітап, 26.3 пайызы 3 кітап­тан артық оқиды. Бұл көрсеткіш – ха­лық­тың едәуір бөлігінде оқуға деген қызы­ғу­шылықтың сақталғанын көрсетеді. Бұл ретте кітапқұмар нәзік жандылардың саны (58.7 пайыз) ер-азаматтарға (55 пайыз) қара­ғанда көбірек екені байқалады. Оқуға деген қызығушылық жас санатына байланысты да құбылатынын көрсетті: кітап оқуға деген қызығушылық негізінен 18-29 жас аралы­ғындағылар мен аға буын (61 жастан асқан) адамдар арасында  басым. Ал 30-45 жас ара­лығындағы адамдар салыстырмалы түрде аз оқиды. Алайда сұралғандардың үштен бір бөлігі (30.6 пайыз) уақыттың жоқтығынан мүлдем кітап оқымайтынын мойындады.

Ал жалпы сұралғандардың тек 6.2 пайы­зы кітап оқуға ешқандай қызығушылық жоқ деп көрсеткен. Бұл егер мүмкіндік жасаса қоғамның кітапқа қызығушылық әлеуетінің жоғары екенін көрсетеді.

Қазақстандық оқырмандар кітап жанр­лары арасында тарих, тарихи романдар, өмір­баяндар және публицистикалық кітап­тарға басымдық береді (20.5 пайыз). Әрбір алтыншы таңдау – шытырман оқиғалар, ма­хаббат романдары, детективтер (16.3 пайыз).

Сауалнамаға қатысқандардың 50.8 пайы­зы – кітаптарды дәстүрлі қағаз форматында, 28 пайызы – смартфондар арқылы, 5.3 пайы­зы – электронды планшеттер арқылы оқиды. Сауалнама деректері цифрлы форматтың кең таралуына қарамастан, қағаз баспадан шық­қан кітаптардың танымалдылығы қа­зақ­стандықтар арасында әлі де жоғары еке­нін көрсетеді. Сұралғандардың жар­ты­сына жуығы (50.8 пайызы) кітапты дәл осы форматта оқитынын айтқан.  Жүргізілген талдау цифрлық құрылғылар қазақ­стан­дық­тардың оқу тәжірибесінен қағаз құрыл­ғы­ларды толығымен ығыстырады деп айтуға әлі негіз жоқ екенін көрсетеді. Әрбір бесінші қа­зақстандық М.Әуезовтің «Абай жолы» жә­не Абайдың «Қара сөздерін» оқыған. Ең та­ны­мал әдеби шығармалар шоғырында – бел­гілі қазақ классиктерінің шығармалары.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары