Бір әулет ашаршылық зауалынан қалай өтті? Ата мен әкенің әңгімесі бала жүрегін қалай тербетті? Целиноград облысы қалай «ұлттар лабораториясының» ошағына айналды? Ақмоланың тарихи атауы қалай қайтты? Облыста қазақ балабақшасы мен қазақ мектептері қалай ашылды? Жазушы, Мемлекетттік сыйлықтың иегері, қоғам қайраткері Алдан Смайылмен жолығып, осы тақырыптар төңірегінде әңгімелескен едік.
15 баладан 3-еуі ғана аман қалған
– «Тамұқтан келген адам» романыңызды оқығанда бір әулеттің ашаршылықтағы ауыр тағдыры арқылы тұтас ұлттың тауқыметін бейнелегеніңізді сезіндік. Бұл тақырыпқа қалам тартуыңызға қандай жайт себеп болды?
– Менің ашаршылық тақырыбына қалам тартуыма атам Смайылдың бала кезімде айтқан әңгімелері көп әсер етті. Ол кісі балуан, сері болған кісі еді. Кезінде Балуан шолақпен бірге жүргенін айтатын. Сталин өлген соң Хрущев оны «жеке басқа табындырды, қуғын-сүргін жасады» деп айыптады ғой. Ол кезде бір қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданының Бетпақдала жағындағы Айшырақ деген ауылда тірлік кешіп жаттық. «Киров», «Өркендеу», «Ленин» атты үш колхоздың шағын орталығында жеті кластық мектеп бар еді. «Өркендеуде» Ақселеу Сейдімбек өсті. Бәріміз бір ауылда ержеттік. Ауылдың маңында бетегелі жота-таулардың баурайынан Атасу өзені ағып жатады. Ауылдың ақсақалдары қонақта яки өзен бойында, төбелерде бас қосып ақырын әңгіме бастайды. Атам мені қасынан тастамайтын. Айтқан әңгімелеріне құлақ түрсең, небір сұмдықты естисің. Тіпті, дәл сондай оқиға болды дегенге сенбейсің. Көзіне жас алып, қайғырып, кейде ызаға булығып айтады. Атамның әкесі Жұмағұл деген малды кісі болыпты. Оның Смайыл, Ақби, Әлі деген үш ұлы бар екен. Кәмпескілеу кезінде малын сыпырып алыпты.
Көп өтпей қызылдар қайта оралып, Жұмағұл атамның жасы келіп қалған кез екен, үш ұлын ұстап әкетеді. Смайыл атам жол-жөнекей қашып кетеді. Екі бауыры сол күйі айдауда кеткен. Смайыл тау-тасты сағалап, ел көзіне түспей күн көреді. Ауылын сыртынан барлап, түнде жақындап келіп қарап жүреді. Қызыл әскерлер ауылға келіп ойларына келгенін істейді екен. Жас қыздарды зорлайды, қарсы шыққанды аямай сабап, мүгедек қылады, көз тартар дүниенің бәрін тартып алады... Атам бұл қорлыққа шыдамай, ауылға баспалап келеді де, мылтықтарын тартып алып, үшеуін тұтқындайды. Өзі әлді кісі еді. Сондағы ойы Бетпақдала жаққа апарып, үшеуін атып тастау болады. Бірақ мұндай сілімтіктерге қолымды қандап қайтем дейді де, үш күн бойы Бетпақ шөлінде арлы-берлі айдап, әбден сілелерін қатырады. Өкініштісі, үшеуі де қазақ екен... Аттарын да айтып еді, есімде қалмапты. Ақыры, бір сағым далада қолдарын шешіп: «Сендерді енді Тәңір жарылқамаса, мына даладан құтылып көріңдер. Не шөлдеп ит азаппен өлесіңдер, не ит-құсқа жем боласыңдар. Егер тірі қалсаңдар, онда талайларыңның жанғаны» деп тастап кетіпті. Сол үшеуінің де қайтып келгенін естімедім дейді атам.
Ауылына келіп, тығылып күн кешіп жүргенде, көп өтпей алғашқы кәмпескіден қалған азын-аулақ малды да тартып алыпты. Содан аштық басталған. Атам екі әйелі мен он бес баласын шұбыртып, Қарағанды жаққа тартып отырған. «Қарағанды көшелері өліктерге толы. Жол бойында аштықтан бұратылып жатқан адамдар...» деп кемсеңдейді, жарықтық.
Қарағандыға үлкен ұлы Арыстанды қара тартып барыпты. Ертеректе Ақмолада өмір сүрген Мойсей деген көпес болған екен. Атамның сол кісімен сауда-саттық байланысы болыпты. Мойсейге Арыстанды тапсырып, оқытқан көрінеді. Арыстан ержеткен соң Қарағанды шахтасынан көмір таситын ат арбаның иесі болыпты. Келсе, Арыстан жоқ. Іздеп таба алмайды. Екі әйелі мен балалары көз алдында аштықтың зардабын тартады. Бірер күннен кейін шеттерінен жоғала бастапты. Алдымен балалары кетеді, оларды іздеймін деп соңынан кеткен ересек қыз-ұлдары, әйелдері де кері оралмайды. Атамның әрбірінің соңынан еруге мұршасы жоқ. Қаптаған аш-арық, анталаған көздер... Атам осы сәтті айтқанда ұзақ үнсіз отырып қалатын. «Не көрмедік?!» дейтін аздан соң күрсініп. «Мәңгіріп отырамын да қоямын. Көз алдымнан балаларым кетпейді» дейтін.
Сондай күндердің бірінде атамды әлдекім танып қойып, НКВД-ға айтқан көрінеді. «Маған қарай қасында екі сақшы бар біреу келе жатқанын байқадым. «Халық жауы» деген атым бар. Ұстаса, оңдырмайтыны мәлім. Әл-дәрменім құрып тұрсам да, жан сауғалап қаштым. Әйтеуір аман құтылдым. Шарасыз шахтаға бардым. Шахтада жұмыс істегендерге нан береді деп естігенмін. Таныса танысын, аштан өлгенше барайын деп шештім», – дейді. Қысқартып айтқанда, шахтаға нан үшін жұмысқа орналасады. Ауыр еңбекпен күн көріп жүргенде, сонда істейтін Несіп деген әйелмен танысыпты. Ол кісі бір байдың келіні екен. Күйеуін, туыс-туғанын түгел атқан, айдаған. Өзі қаңғып жүрген. Сол кісімен тағдыр қосып, шаңырақ құрыпты. Екі қызын Несіп әжем тірі алып қалғанын айтады. 15 баладан қалғаны екеуі ғана екен. Атама ең батқаны кенжесі Зейнолланың жоғалуы болыпты. Қашан жоғалғанын, қайда кеткенін білмейді. Қасынан тастамай ертіп жүргенде, ұшты-күйлі жоғалған. Зейнолла – менің әкем...
Көмір қазып жүргенде Исаберген деген бір жамағайыны кезігіпті. «Сен Арыстанды іздеп келдің бе?», – деп сұрайды. «Иә», – дейді атам. «Арыстанды ұстап әкетті». Сөйтсе, Арыстан ашыққан адамдарға өзінің көмір таситын аттарын сойып беріпті. Арыстанды «Халық жауы» деп ұстап, шахтада жиын өткізген. «Бұл халықтың жылқысын кім көрінгенге сойып берді. Шахта жұмысына әдейі кедергі келтір-ді», – деп айыптапты. Арыстан: «Мен мына жұрттың аштан өлгеніне қалай қарап тұрамын? Бір-екі ат сойып бергенім рас», – депті. Айдап әкеткен. Қайта оралмапты. Әкем шахтада төрт-бес жыл жұмыс істеп, екі қызы мен әйелін алып ауылға кетеді. Арада тағы төрт-бес жыл өткенде, Қарағандыға барады. Өзінің айтуынша, кенжесі Зейнолла есінен шықпаған.
ӘКЕМ «СОВЕТ ОДАҒЫ ҚҰЛАЙДЫ» ДЕЙТІН
– Қайда кетіпті?
– Қарағандыға бұрынғы ағайыны Исабергеннің үйіне келеді ғой. Ел аздап ес жия бастаған шақ. «Зейнолла тірі шығар» деген түйсікке сеніп, қала көшелерін аралайды. «Осында бір жерде істеп жүрген болса кезігер» деген дәме ғой. Еш жерден таппайды. Таппаған соң ауылына қайтайын деп, тақтай шай сатып алуға вокзал маңындағы дүкенге бара жатса, қарсы алдынан жүзі жылы бір бозбала кезігеді. Сол Зейнолла екен. Әкесінің аңтарылып қарап тұрғанын ол да көріп, таныған да, тұра жүгірген ғой. Смайыл атам сол жерде талып түсіпті...
Әкем Зейнолланың тағдыры адам айтса, сенгісіз. Ашаршылықта Қарағандының қаңғыбас балалары көмір таситын пойызға мінген де кете берген. Пойыз тоқтағанда еті тірі балалар жейтін бірдеңе тауып келеді екен. Сөйтіп жүріп, Тәшкеннен бір-ақ шыққан. Оларды өзбектер жұмысқа салатын көрінеді. Әкеме құдайға қараған кісі жолығып, мүсіркей қарап, асырап алыпты. Жұмыс істейтін дәрмені де болмаған. Әкесінің атынан басқа ештеңені айта алмаған. Өзбек кісі бастауыш класс бітіртіпті. Содан кейін қолына ақша беріп: «Сен Қазақстанға, Алматыға бар. Ол жақта бастауыш бітіргендер жерде қалмайды. Оқуыңды жалғастыр. Әкең тірі болса кезігерсің» деп жолға салыпты. Алматыға келіп, оқу іздейді. Елден мал емдейтін бір оқу орны ашылып жатқанын естіп, соған барады. Сөйтіп, ветериналық институттың алғашқы студенті болып оқуға қабылданыпты. Ол кезде студенттерді жер-жерге «Сауатсыздықты жою» бойынша жібереді екен. Екінші курс бітірген соң әкем Қарағандыны таңдап, сонда келіпті. Пойыздан түскен бетте әкесін жолықтырған. Атам: «Сен ұлдан жалғыз қалдың. Оқуың құрысын» деп ауылға алып кетіпті. Тағдырдың айдауымен Тәшкен асып, Алматыда оқып, ақыры ауылға келген әкем үш кластық мектепке мұғалім болып жұмысқа орналасыпты. Мектепке сабақ беретін маман жоқ шақ. Кейін біз орта мектеп оқып жүргенде Қарағанды институтын химия-физика мамандығы бойынша сырттай оқып бітірді.
Менің «Тамұқтан келген адам» деген романымды жазуыма осы әңгімелер себеп болды. Әжем Несіп те әңгімешіл кісі еді. О кісінің де көрмегені жоқ. Әкем де өткен шақ, нәубет жылдар жайында көп айтатын.
– Әкеңіздің мінезі қандай еді?
– Әкемнің мінезі өте түсініксіз еді. Ол кісі шаш қойған жоқ, сосын партияға өтпей қойды. Айшырақ ауылындағы 7 кластық мектептің әкеме дейінгі директорлары оңды адам болмаса керек. Әкемді ауданға шақырып: «Сен партияға өт. Мектепке директор қылайық» дейді. Әкем бас тартады. Партияға өтпесе де, маман жоқ болған соң амалсыз директор қояды. Ес білген шағымда әкемнен «Партияға неге өтпедің?» деп сұрадым. «Бұл партияның істемегені жоқ. Бұған қалай өтем? 15 баладан үшеуіміз ғана тірі қалдық. Ағайын-туыс түгел қырылды. Өлікке толған көшелер есімнен кетпейді» дейтін. Кейін Ақтау деген ауылға көштік. 10 кластық мектебі бар екен. Әкем сол мектептің де директоры болды.
Университеттің бірінші курсын бітіріп, ауылға келгенімде, әкеммен ұзақ әңгімелестім. Бір күні: «Алдан, айтшы, осы Совет одағы мәңгілік деп ойлайсың ба?» деген тосын сұрақ қойды. «Мынандай империя мәңгілік болмағанда, қайтеді?», – деймін түсінбей. «Ұзаққа бармайды, құлайды», – деді әкем. Мен аң-таңмын. Бұл – 1966 жыл. «Қашан құлайды?» деймін таңырқап. «20-30 жылдан аспайды» дейді. «Әкесі ұзақ жасап еді, мына кісі ерте алжи бастаған ба?» деген күдік пайда болды. Совет одағы құлайды деп ойлау есі дұрыс адамның ісі емес еді ол шақта.
Бір күні тағы сол әңгімені бастады. Мен «Совет одағы құлайды дегенге қандай дәлеліңіз бар?», – деп сұрадым. Сөйтсем, біздің ілімі жоғары, Мысырдан оқыған, Мекке, Мединені көрген, Шығыс пен Батыс біліміне қанық «Шаққан Ахмет» деген немерелес туысымыз болыпты. «Бәрін шемішкеше шағып тұр, білмейтіні жоқ» деп, жұрт «шаққан» атап кетіпті. Оны да ұстап, атқан. Со кісінің «Дала социализмі» деген кітабы болыпты. Әкемнің айтуынша, соның бір нұсқасы бертінге дейін біздің үйде сақталыпты. «Смайыл атаң соны жатқа білетін. Елден тығып, сақтап жүрді. Бізге де оқытты», – деді. Жұрттан жасырып, анда-мында көшіп жүргенде Ахметтің басқа да жазбаларымен қоса «Дала социализмі» де жоғалған. Атам Смайыл әкеме: «Бұл үкімет құлайды. Ахмет дәлелдеп кеткен. Мұндай озбыр билік мынандай тәртіппен (идеологиямен дегені ғой) ұзақ жасамайды» деп талай мәрте айтыпты. Өзі де соған сенетін. «Менің бұлай дегенімді ешкімге айтпа. Ішіңде болсын» деп еді. Ақыры, қызыл империя құлады ғой.
– Бұл естігендеріңізді көркем шығармаға айналдыру ойы қашан келді?
– 1975 жылы бір хикаят жазып, соның ішіне осы аштық туралы естігендерімді қыстырып жібердім. «Жазушы» баспасына қолжазбамды өткізгенмін. Ол кезде 3 адамға жабық рецензия жаздырады. Мемлекеттік баспа комитеті тағы 3 адамға жасырын рецензия жазуға тапсырады. Осы 6 адамнан өткен шығармаларды Орталық комитеттің идеология бөлімі қарап шығады. Менің қолжазбам алдыңғы екеуінен өтіп, Орталық комитеттен қайтыпты. Мені Алматыға шақырып жатыр деген соң барсам, баспаның директорының орынбасары, атын ұмытып қалдым, маған: «Сен ана хикаятыңа аштық дей ме, маштық дей ме, бірдеңені қосқансың ба? Ондай пәлені қайдан қосып жүрсің? Сенімен ешкім сөйлеспеді ме?», – деді. «Жоқ», – дедім. «Қалай сенімен сөйлеспейді?», – деп таңғалды. Қолжазбамды қайтарып бермеді. Ол кезде Целиноград қаласында облыстық газетте істеймін. Үш-төрт күннен соң жұмысыма келсем, Сипатов деген инструктор шақырып жатыр дегенді естіп, бардым. Бетіме қарап ұзақ отырды да:
– Сен ана пәлені қайдан алдың? – деді.
– Нені айтасыз? – дедім түк білмеген сыңай танытып.
– Ел қырылды, аштық болды дегенді.
– Оны 100-ге келіп қайтыс болған атам айтқан. Сол кісілердің басынан өткен оқиға екен...
– Сен де, атаң да оттапты. Шыныңды айт, басқа біреу үгіттеп, осылай жаздырған жоқ па?
– Жоқ, – дедім мен. Содан кейін шақырмады.
Тәуелсіздік алған соң бәрі ашық айтыла бастады. Менің есімнен баяғы әңгімелер кетпей қойды. Бұрынғы хикаятымды кеңейтіп, «Тамұқтан келген адам» деген роман жаздым. Бір күні Ақселеу Сейдімбек ағамыз кездесіп, не жазып жүргенімді сұрады. Роман жазып болғанымды айтып ем, «маған әкеп берші» деді. Оқыған соң: «Мынауың керемет шығарма ғой», – деп қуанып, Мемлекеттік сыйлыққа ұсынды. Сол романыма бірегей сыйлық бұйырды. Атамның қайғырып отырып айтқан қасіретті күндер елесін барынша қамтуға тырыстым. Смайыл, Арыстан, Зейнолла деп аттарын да өзгертпей қолдандым.
Айғай-шумен қазақ қоғамын құрдық
– Сіздің Целиноградта «Қазақ тілі мен мәдениеті» қоғамын құрып, «Қараөткел» деген газет шығарғаныңызды білеміз. Осы қоғамдық жұмыстармен айналысуыңызға не түрткі болды?
– Мұның тарихы өте күрделі. Ол кезде Целиноградты (қазіргі Астана) қазақтың қаласы деп айтуға келмейтін еді. Қазақ саны аз. Қазақ мектебі, балабақшасы жоқ. Целиноград – Тың игеруге арналған бес облыстың орталығы болды. Шортанды ауданында КСРО бойынша ең үлкен ауыл шаруашылығы институты бар еді. Тың өлкесіне не егу, қандай тұқым шығару, жерді қалай жырту, құнарландыру, астықтың қандай сортын жетілдіру керек, агротехникалық заңдылықтары қалай болу керек дегеннің бәрін солар зерттейтін. Бидайдың бірнеше жаңа сортын ойлап тапты. Целиноград қаласында «Казахсельмаш», «Целиноградсельмаш», «Агромаш» деген бүкіл одаққа аты мәлім үш зауыт болды. Содан шыққан агротехникалар 30-дан астам елге сатылатын. Яғни, жоғары сортты тұқым да, техника да, маман да осы жерде бар еді. Ауыл шаруашылығы институтының директоры Бараев деген академиктің орынбасары Олжас Сүлейменовтің інісі, академик Мехлис Сүлейменов еді. Целиноградта облыстық газетте істейтін кезім. Бір күні институтты көрейін деген ниетпен түс қайта Шортандыға бардым.
Қайда барсақ та қазақ іздейтін әдетіміз. Мехлис мені жылы қабылдап, сұрақтарымды көріп: «Жақсы екен. Мына сұрақтардың орнына мынандай сұрақ қойғаның жөн» деп ықыластана әңгімелесіп отырды да, кімнің үйіне тоқтағанымды сұрады. Ешқандай жоспарымның жоқ екенін білген соң, «біздің үйге жүр» деді. Әр ғалымға екі қабатты коттедж соғып беріпті. Котттедж дегенді көргенім сол. Екеуміз жүз грамдатып, аздап әңгіме қызған шақта: «Біздің әкемізді Голощекин өлтірген. Бір жиналыста Голощекин елдің бәрін боқтап, айғайға басып, намыстарына тиіпті. Соған шыдамаған әкеміз оны жақтан тартып жіберіпті. Сол ісі үшін ұсталып, атылып кетті. Мұны айтып отырғаным, сенің ар жағыңда өз ұлтыңа үлкен махаббат бар көрінеді. Онсыз болмайды. Мына Тың игеруде көптеген әділетсіздік болып жатыр. Соны неге жазбайсыңдар?», – деді. Мехлистің осы сөзі маған ерекше ой салды.
...1986 жылы Желтоқсан оқиғасы бұрқ етті. Жүрегіміз ауырды. Қанымыз қарайды. «Біз қашанғы өстіп жүреміз? Неге қазақ қоғамын құрмаймыз?» деген ой санамнан кетпей қойды. «Коммунизм нұры» газетінде істейтінмін. Бір-екі адамға айтып көріп едім, олар: «Басың бәлеге қалады, қазақ қоғамын құру мүмкін емес», – деп бастарын ала қашты. Бір күні жұмысыма Ауыл шаруашылығы басқармасының колхоздар бөлімінде істейтін Қанат және облыстық атқару комитетінде инспектор Жеңіс деген екі жігіт іздеп келді. Олар: «Өстіп жүреміз бе? Елдер ұлттық қоғам құрып жатыр. Біз де қазақ қоғамын құрайық», – деп ұсыныс айтты. Мен екеуіне таңдана қарадым. «Маған әдейі айтып отырсыңдар ма? Мұндайға сендер кедергі болмасаңдар, қолдамаушы едіңдер ғой», – деп. «Жоқ, аға. Сізді оқып жүрміз. Қазақ қоғамын құруға талпынып көрейік. Елді оятайық», – деді. Шын ниеттерімен айтып отырғанын білдім. «Менің де көптен бергі ойым осы еді. Ниеттерің шын болса, іске кіріселік» деп уәделестік. Бұл 1989 жылы еді. Екеуі де менен үлкен. Олар қазақ қоғамының жоспарын құруды, мақсатын айқындауды маған тапсырды.
Біз «Қазақ тілі және мәдениет» деген қоғам құруды қолға алып, оны негізгі мақсатын жаздық.
Бірінші, қазақ балабақшасы мен мектептерін ашу. Орыстілді мектептердің бәрінде қазақ кластары болу керек. Екінші, Ақмоланың және облыстағы тарихи жер аттарын қалпына келтіру. Жаңадан ашылатын нысандар мен көшелерге, ауылдарға қазақтың тарихи тұлғаларының атын беру. Үшінші, мешіттер салу және қазақ драма театрын қайтадан ашу. Төртінші, жоғары оқу орындарында қазақ тілінде білім беруге қол жеткізу. Әр факультетте қазақ топтары болуға міндетті. Целиноград қаласында инженерлік құрылыс, ауыл шаруашылығы, педагогикалық және медициналық – төрт бірдей институт бар. Бірде-бірінде қазақша білім бермейді. Бесінші, қазақ мәдениеті мен дәстүрін ұлтшылдықтан қорғау. Ол кезде қазақылықтың бәрін менсінбейтін, түкке тұрғысыз деп санайтын шовинистік пиғыл өршіп тұрған.
Міне, осы бес мақсатты бекіттік. Жігіттер: «Бұл қыруар жұмыс екен, нартәуекел», – десті. Сол жылдары Балтық елдерінде Тәуелсіздікке ұмтылыс күшейіп, түрлі ұйымдар құрылып жатқанын еміс-еміс еститінбіз. Алматыда да түрлі қозғалыстар болып жатқанынан хабардармыз. Бір айдан соң Алматыға барып, Ақселеу Сейдімбекке жолығып, ойымды айттым. Ол кісі: «Сендерді тіркемейді. Тіркемесе, жұмыс өнбейді. Біздегілер тіркелмеген ұйымдар. Бірақ талаптанып көріңдер», – деп кеңес берді. Ең алдымен ұйымның жарғысы болуы керектігін, мақсат-міндетін нақтылаудың аса қажеттігін түсіндірді. Целиноградқа келіп, бас қатырып жарғысын жазып, мақсат-міндетін қайта өңдеп, құрылтай өткізу үшін облыстық партия комитетінің идеология бөліміне өтініш жаздым. Олар: «Бұларың болмайды! Тоқтатыңдар!», – деп жолатпады. Қоғам құру жиналысын өткізейік деп кірмеген есігіміз жоқ. Ешқайсысы рұқсат бермеді. Ең соңында Есілдің бойындағы «Пионерлер сарайына» барып ек, ештеңе демей, рұқсат берді. Жиналысымызды бастап едік, бізге рұқсат бермейміз деген идеология бөлімінің меңгерушісі бірінші қатарға келіп жайғасты. Мен қоғам құрудағы мақсатымызды айқындайтын баяндамамды жасап болып, көпшілікке қарадым. Алдыңғы қатарда белгілі ғалым Мекемтас Мырзахметов отыр. Ол кісіні көріп таңғалдым. Амандасып, президиумға шақырып отырғыздым. Жарғысын оқып, дауыс беріп қабылдадық. Мекемтас аға сөз сұрап алып, тебірене сөйледі. «Целиноградта мұндай оқиға болады, ұлттық сезім оянады деп ешқашан ойлаған жоқпын. Құдай-ау, сендер қалай бастадыңдар? Мұндай жайт Тың игеру аймағы түгіл, Оңтүстік өңірлерде, тіпті, Алматыда да бәсең», – деді. Жиын барлық талапқа сай өтіп, жарғысы қабылданғанымен, бізді тіркемей қойды.
Бұл кезде Ресейде де демократияның самалы есіп, түрлі ұлттық ұйымдар құрыла бастады. Ақыры, бізді 1990 жылдың басында тіркеуге мәжбүр болды. Сол жылы мамырдың 10-ында жалпы облыс көлемін қамтыған құрылтай өткізіп, қатысушыларды мүше қылып, басқарма мүшелерін дауыс беру арқылы бекіттік. Мен Төраға болып сайландым. Бәрі заң аясында болды. Институттардан, зауыттардан, аудан орталықтарынан ұлтын сүйетін азаматтар қосылды. Күн өткен сайын қатарымыз көбейіп, ықпалымыз арта түсті. Ақыры, әуелі алдымызға қойған бес мақсаттың бәріне бірте-бірте қол жеткіздік. «Қараөткел» деген газет шығарып, талаптарымызды, облыс пен қаладағы қазаққа қарсы әрекеттерді ашық сынай бастадық.
3 жылда 69 қазақ мектебін аштық
– Қазақ мектептері сол кезде ашылды ғой?
– Саған айтайын, 1980 жылдары облыс бойынша бар-жоғы 4 қазақ балабақшасы болыпты. Оның өзі қазақ көп тұратын аудандар мен ауылдарда. Соны біз 3 жыл ішінде 41-ге жеткіздік. Ол кезде ірі зауыттар, өндіріс орындары өздері мектеп пен балабақша салатын. «Домостроительный» комбинат деген бар еді. Соның жаңа балабақшасы бітіпті. Мен қасыма адамдарды ертіп алып, басшысына кіріп: «Бұл шетелдің комбинаты емес қой. Қазақ балабақшасын ашамыз. Бізге беріңдер», – деп шарт қойдым. Керілдесіп, жаға жыртыса жаздап жүріп Целиноградтан тұңғыш қазақ балабақшасын солай ашқанбыз.
Бізге облыс көлемінде қол ұшын берген екі азамат болды. Олар – облыстық партия комитетінің екінші хатшысы Қайсар Омаров пен қалалық атқару комитетінің төрағасы Аманжол Бөлекбаев. Қайсар Омаров біздің әр жұмысымызды қолдады. Алғашқы балабақшаның ашылуына өте көп септігі тиді. Екеуі де ұлтшыл еді. Мүмкіндік болса, бізді қолдайтын. Аманжол Бөлекбаев бізді шақырып алып: «Сендер мені жерден алып, жерге салыңдар. Ұлтына қарсы адам деп жамандаңдар», – дейтін. «Неге?» десек, «Әй, аналар мені жамандап жатыр. Елден ұят болды» деп, өтініштеріңді орындап, титтей болса да көмегімді тигізейін» дейтін. Осылай табанды күрестің арқасында 3 жылдың ішінде 69 қазақ мектебін аштық.
– Балабақша мен мектепке бала санын толтыру үшін не істедіңіздер?
– Күн сайын кешке басқарма мүшелері кварталдарды аралап, әр үйдің есігін қағып, қазақтарды балабақша мен мектепке балаларын беруге үгіттедік. Басқа ұлттардың есігін қақсақ, қателескенімізді айтып, келесі есікке беттейміз. Бірінші қазақ ойланайын дейді. Екіншісі елмен бірге көрейік дейді. Үшіншісі апарамын деп қуана келісіп, бізбен бірге үгіт жүргізеді. Алғашқы қазақ балабақшасына бүлдіршіндер сыймай қалды. Аманжол Бөлекбаевқа айтып, қазақша киімдер тіктіріп, ішін ою-өрнекпен безендіріп, Алматыдан балаларға арналған қазақша ертегі кітаптар алдырып, тындырымды жұмыс істедік. Осылай бастағанбыз. Қаланың өзінен 4 қазақ мектебі, басқа мектептерден қазақ сыныптары ашылды. Қазақ драма театры қайта жұмысын бастап, институттарда қазақ топтары жұмыс істей бастады.
– Целиноградты Ақмолаға ауыстыру барысы қалай болды?
– Бізге Қайсар Омаров: «Қол жинағаннан пайда жоқ. Әуелі заң бөлімімен қалай істеу керектігін ақылдасыңдар», – деп кеңес берді. Ол бөлімді Андрианов деген басқаратын. Ол үшін облыстық кеңестің (қазіргі мәслихат) арнайы комиссия құру туралы шешімі керек екен. Кеңестің келесі сессиясына өтініш жасап, ұсынысымды айтып, облыс пен қаланың тарихи атауын қайтару туралы баяндама жасадым. Кеңесте бес-алты ғана қазақ бар. Ешкім дауыс бермеді. Облыстық партия комитетінің бірінші хатшысы Андрей Браунға: «Мыналар не ойлап отыр? Бұл ұлтқа қарсылық қой», – дедім. Ол кеңес мүшелеріне қарап: «Осыған дауыс бере салсаңдаршы. Түк шықпайды. Солар үшін Целиноградты өзгертеді дейсіңдер ме?», – деді. Депутаттар қайтадан дауыс беріп, комиссия құру туралы шешім шықты. Комиссияны осылай құрдық. Ол уақытта аудан, совхоздың бәрінде қоғамымыздың бөлімшесі бар. Екі-үш айдың ішінде Целиноградтың атын Ақмола деп ауыстыруды қолдаған 12 мың адамның қолын жинап, Жоғары Кеңестің Төрағасы Әбіш Кекілбаевқа өтінішімізді тапсыруға Алматыға бардым. Өзімен кезіге алмай, баспасөз хатшысы Ербол Шәймерденовке табыстап кеттім. Анда-санда хабарласып, жайын сұраймын. Ерекең Кекілбаевқа тапсырғанын, жақсы жаңалық болуы мүмкін екенін айтады. Уақыт ұзара берді. 1992 жылы 6 шілде күні қала көшесінде келе жатып, дүңгіршектен «Социалистік Қазақстан» газетін сатып алдым. Ашып қарасам, «Орал, Шымкент пен Целиноград облыстарының тарихи атауларын қайтару туралы» Президенттің Жарлығы шығыпты. Өз көзіме өзім сенбей, елдің бәрінен сүйінші сұрадым. Ертесі басқарма мүшелерін шақырып, атап өттік. Сонда 70-тен асқан бір ағамыз: «Осы күнді де көрдік-ау» деп еңіреп жылады. Бәріміз жүрегіміз жарылардай қуандық.
– Сіздердің талаптарыңызды өзге ұлыстар қалай қабылдады?
– «Аға ұлттан» басқалары бізге жақтас болды. Неміс, поляк, шешен, украин ұлттарының қоғамдары құрылып жатты. Мен олардың басшыларын шақырып алып: «Бәріміздің тағдырымыз ортақ. Сендер бізді қолдаңдар» дейтінмін. Олар бізге қарсы әрекет істеген жоқ. Тек «Лад» деген ұйым көп қарсылық танытып, өздерінің газеттерін шығарып, түрлі әрекет жасады. Олар республикалық жиындарын осы қалада өткізіп, оған Ресейден делегаттар келетін. Көтеретін мәселелері Ақмоланы орталық етіп, славяндардың автономиялы облысын құру және Қазақстанның 8 өндірісті қаласын Ресейдің Екатеринбург қаласында құрылған «Союз городов» деген қоғамына қосу. Өйткені, қазақтар өндірісті басқаруға қабілетсіз. Біз осыған қарсы болдық. Көптеген жиналыс өткіздік. «Қараөткел» газетінде талай қарсы мақала жаздық. Мұны білген «ладтықтар» мен солардың сойылын соғатын өзіміздің кейбір азаматтар Президентке 200 адам қол қойып, менің үстімнен арыз жазыпты. Мұндай арыз-шағымның талайын бастан кешірдік. Түсініктеме жазып, прокуратурадағы ұлтшыл қыз-жігіттердің көмегімен құтылып жүрдік.
«Лад» ұйымына көп өтпей казактардың тобы қосылды. Олар қала көшелерінде үнпарақ (листовка) таратып, «шекарада 11 әскери тобымыз дайын тұр, қит етсеңдер басып кіреміз» деп қоқан-лоқы жасады. Бір күні облыстық заң бөлімі казактардың ұйымын тіркегелі жатыр екен деген сөз шықты. Ертесі таңда Андриановтың кабинетіне барсам, күту бөлмесінде әскери киім киген, қылыш асынған 15 казак шіреніп отыр. Оларды шақырғанда, жағаласып мен де кірдім. Андриановқа: «Бұларды тіркейтін болсаңдар, үлкен шу болады. Соңы жақсы болмайды. Бұлардың елге істемегені жоқ» дей бастап ем, аналар өре түрегеліп, мені кабинеттен итеріп шығарып жіберді. Түс әлетінде Андрианов казактар ұйымын тіркепті деген хабар жетті. Түстен кейін қоғамның басқарма мүшелерін, зауыттағы жігіттерді шақырып, жағдайды түсіндіріп: «Ертең алаңға жиналайық, адам керек. Аудандарға, қаладағы таныстарыңа айтыңдар», – деп тапсырдым. Түнімен ұйықтай алмадым. Соңы не болар екен деп уайымдадым. Ұлтаралық төбелес болса қайтеміз? Казактар біреуді өлтіріп, оны бізге жапса не істейміз? Таң атысымен облыс әкіміне келдім. Браун жоқ екен. Бейбіт Жүсіпов деген үшінші хатшыға кіріп: «Андриановты шақырып, кешегі жарғысын бұздырмасаң, жағдай қиын. Ел жиналады бүгін» дедім. Ол сенген жоқ. Бір кезде терезеге қарап еді, алаңға адам ағылып келіп жатыр екен. Қазіргі Астана әкімдігінің алаңы. Қалың нөпір. Бейбіт Жүсіпов шошып кетті. Ақыры, Андриановты алып келді. Ол елдің алдына шығып сөйлемекші болғанда, бір жігіт итеріп жіберіп еді, баспалдаққа құлап түсті. Оны арашалап, ішке алып кірдік. Ақырған Андриановтың қорыққаннан түсі қашып кетті. Ақыры, облыстық прокуратура арқылы жарғының күшін жойғыздық. Бұл туралы 1991 жылы 13 қарашада «Қараөткел» газетіне жаздым. Міне, көрсең болады. («Қараөткел» газетін көрсетті).
Целиноградтың Ақмолаға ауысуы, қазақ мектептері мен балабақшалардың көбеюі оңай болған жоқ. Бір өкінетінім, сол кезде осындағы орыс ұлтының өкілдері балаларын қазақ мектептеріне бере бастап еді... Сол үрдісті оңды пайдалана алмадық...
– Әңгімеңізге көп рахмет!
Сұхбаттасқан –
Тоқтарәлі ТАҢЖАРЫҚ