Қазақ поэзиясын оқығанда кейде өлеңнен де үлкен бір дүниемен бетпе-бет келесің. Бақыт Беделханның «Қаншеңгелі» мен үшін дәл сондай кітап болды. Жинақты парақтап отырып, тек ақынның жекелеген жырларын емес, тұтас бір даланың үнін, Тәңіртаулардың тынысын, көне түркі жадысының жаңғырығын сезінгендей болдым. Кітаптың өн бойында бүгінгі заман адамының ішкі қасіреті, рухани жалғыздығы, туған жерге деген аңсар сағынышы қатар өріліп отырады.
«Қаншеңгел» атауының өзі бірден көңілге салмақ түсіреді. Бұл сөздің ішінде қаттылық та, қайсарлық та, жаралы рухтың табы да сезіледі. Қыранның өткір тырнағын еске түсіретін осы атау ақын поэзиясының табиғатын дәл ашып тұрғандай. Бақыт Беделхан сөзді жай әсемдік үшін қолданбайды, оның жырларынан адам жанын селт еткізетін ішкі қуат байқалады. Кітап мұқабасындағы қанатын кең жайған қыран бейнесі де осы рухпен астасып жатыр. Түркі дүниетанымында қыран бейнесі ежелден еркіндіктің, биіктіктің, азат рухтың символы саналады.
Бақыт Беделхан поэзиясындағы алғашқы назар аударатын ерекшеліктің бірі – ақынның «мені» жеке адамның шеңберінен шығып, ұлттық әрі ғарыштық сипатқа ие болуында.
«Мен – мынау Қарадаламын:
Намыспын,
Назбын,
Наламын…»
деген жолдарды оқығанда, ақын бір ғана өзінің мұңын айтып тұрған жоқ секілді әсер қалдырады. Бұл жолдардан тұтас түркі дүниесінің ішке бүккен қасіреті, өрлігі, жан жарасы сезіледі. Мұндағы «Қарадала» атауы жай географиялық кеңістік ретінде қабылданбайды. Ол – рухани жадының, ұлттық мінездің, тарихи сананың символына айналған ұғым.
«Намыс», «наз», «нала» сөздерінің қатар келуінен түркі поэзиясына тән нәзік иірім мен ішкі қуат анық аңғарылады. Ақын бір сәтте әрі өр мінезді, әрі мұңды, әрі жаралы рухты қатар сөйлете алады.
Осы поэтикалық «меннен» мен Мақтымқұлының кең тынысын да, Мағжан Жұмабаевтың жан арпалысын да, Бақтияр Вахабзаданың рух биіктігін де сезіндім. Тіпті, бұл жырлардан әзербайжан ақыны Мәмбет Исмайылдың рухына жақын сарындар да байқалады. Себебі түркі халықтарының поэзиясында бір-біріне ұқсас ортақ сағыныш бар. Ол – туған кеңістікті жоғалтпауға, рухани тамырдан ажырамауға деген сағыныш.
Бақыт Беделханның:
«Мен – мынау Қарадаламын…»
деуі астарында әлдеқайда терең мағына жатыр. Бұл жолдардан:
«Мен – ұлы даланың өзімін»,
«Мен – түркі кеңістігінің рухымын»
деген үн естілгендей болады.
Өлең бойында Алатау, Текес, Құлжа, Үйсінтау, Тәңіртау атауларының жиі ұшырасуы да бекер емес. Осы атаулар арқылы ақын өз поэзиясының кеңістігін нақтылап алады. Қарадала ұғымының астарында Қытай шекарасына жақын жатқан көне Үйсін мәдени кеңістігінің ізі, Іле аңғарының тынысы, Тәңіртаулардың көлеңкесі сезіліп тұрады.
Сондықтан бұл кітаптағы Қарадала ұғымы картадағы қарапайым аймақ деңгейінде қалмайды. Ақын поэзиясында ол – түркі рухының жадысы, дала метафизикасының белгісі, азаттықтың архетипі ретінде көрінеді.
Әзербайжан поэзиясында да осындай символдық кеңістіктер аз емес. Муган, Мил жазығы, Борчалы рухы, Жыдыр жазығы секілді ұғымдар біздің әдебиетімізде де ерекше орын алады. Алайда қазақ санасындағы «дала» ұғымының ауқымы әлдеқайда кең әрі терең екені байқалады. Қазақ поэзиясындағы дала образынан еркіндік те, жалғыздық та, үнсіз мұң да, тарихи жады да қатар сезіледі.
Кітап бойында жиі кездесетін «Аспантау», «Қарадала», «Алатау», «Тәңір», «Аруақ» секілді образдар ақын поэзиясын көне түркі мифологиялық дүниетанымымен табиғи түрде байланыстырып тұр. Бақыт Беделхан бүгінгі заман адамының трагедиясын да сол ежелгі рух қабаттары арқылы жеткізеді. Сол себепті оның поэзиясынан жеңіл ирония немесе ойынға құрылған постмодерндік салқындық байқалмайды. Керісінше, әр жолдан рухани тереңдік пен сакралды тыныс сезіледі.
Ақынның ана тақырыбына келуі де ерекше әсер қалдырады. «Ананың жанары» өлеңіндегі:
«Ананың жанарында
Күн де бар, Ай да…»
деген жолдардан кейін ана бейнесі тұрмыстық аяда қалып қоймай, ғарыштық деңгейге көтеріледі. Осы шумақтардан түркі дүниетанымындағы «Ана – Жер – Отан» ұғымдарының өзара байланысы анық байқалады. Өлеңнің ішкі иірімдерінен Низами поэзиясына тән нәзік сезім мен дала эстетикасына тән кең тыныс қатар аңғарылады.
Кітаптағы тағы бір маңызды арна – сөзге деген киелі көзқарас. «Сөз Дариғасы» поэмасын оқығанда Абай рухы бірден сезіледі. Поэманың Абайдың «Сөз түзелді…» деген жолымен басталуының өзінде үлкен мән бар. Бақыт Беделхан үшін сөз жай қатынас құралы емес; оның поэзиясында сөз ұлт рухын ұстап тұрған ең соңғы қамал секілді қабылданады.
Ақынның поэтикалық тілі де аса қуатты әсер қалдырады. Кейбір ақындар өлеңді баяу өріп шығатын болса, Бақыт Беделханның жырлары бірден кеудеге соғылатын дауылдай әсер етеді. Өлеңдерінің арасынан дала желінің екпіні, ат дүбірінің үні, қыран көлеңкесінің сұлбасы, тау тыныштығы сезіліп тұрады. Оның ырғақ жүйесінен классикалық түркі поэзиясының ізі байқалғанымен, көркемдік әлемі толықтай қазіргі заман тынысымен үндесіп жатыр.
Кітаптың кей тұстарынан Махамбеттің тік мінезі көрінсе, кей өлеңдерінен Мұқағалидың мұңға толы лирикасы аңғарылады. Мұқағалиға арналған жырларын оқығанда ақын ұстазына тағзым жасап қана қоймай, өзінің де поэтикалық тағдырын ішкі деңгейде мойындап тұрғандай әсер қалдырады. Мұнда поэтикалық тектік жадыға деген адалдық анық сезіледі.
«Қаншеңгелдің» маған ерекше әсер еткен қырларының бірі – кітаптағы отансүйгіштіктің арзан пафосқа айналмайтыны. Ақын туған жерге деген махаббатын айқаймен емес, жүрекке салмақ түсіретін терең сағыныш арқылы жеткізеді. Сондықтан оның Отан туралы өлеңдері нанымды әрі шынайы естіледі. Бақыт Беделхан үшін Отан ұғымы саясаттан әлдеқайда терең мағынаға ие. Оның поэзиясында туған жер – рух дүниеге келген қасиетті мекен ретінде қабылданады.
Кітапқа алғысөз жазған ұлы қазақ ақыны Олжас Сүлейменов Бақыт Беделхан поэзиясынан «асқақ рух», «нәзік иірімдер» мен «философиялық тереңдік» көретінін ерекше атап өтеді. Бұл пікірдің кездейсоқ айтылмағаны анық сезіледі. Өйткені Бақыт Беделхан бүгінде тек қазақ әдебиетінің аясында ғана емес, тұтас түркі поэзиясы кеңістігінде назар аудартқан ақындардың біріне айналып келеді.
Әзербайжан оқырманы үшін «Қаншеңгел» әрі жақын, әрі жаңа құбылыс болып көрінеді деп ойлаймын. Оның рухынан біздің тауларымызға, сазымызға, Қорқыттан жеткен көне мұңға жақын сарын сезіледі. Сонымен қатар Бақыт Беделхан қазіргі түркі поэзиясына өзгеше метафизикалық қуат пен жаңа тыныс алып келген ақындардың бірі екені анық байқалады.
Түркі поэзиясы әлі де тыныстап тұр.
Қиқу салған қырандар әлі де көк жүзінде қалықтап жүр.
Даланың үні әлі өшкен жоқ.
Бақыт Беделханның «Қаншеңгелін» оқып отырып, мен осындай ойға келдім.
Бәлкім, сөздің де шеңгелі болатын шығар.
Сол шеңгелдің аты – «Қаншеңгел».
Әкбар Қошалы,
Әзербайжан жазушысы,
Халықаралық «Алаш» әдеби сыйлығының иегері