ЖИ мектепке «барады»

/
ЖИ мектепке «барады»

Енді ЖИ білім беру жүйесінде ресми түрде қолданылмақ. Өткен аптада Президент осы шешімді бекітетін Жарлыққа қол қойған болатын. ЖИ білім саласына нақты қалай енгізіледі, қандай пайда, нендей қауіп? – саралап көрдік.

Өткен аптада Президент орта білім беру жүйесіне жасанды интеллек­тіні ен­гізу туралы Жарлыққа қол қойды. Бас­ты мақсат – мектептердегі білім са­па­сын жақ­сартып, оқу процесін заманауи тех­но­логиялар арқылы жаңғырту. Құ­жат­қа сәй­кес, Үкімет 2026-2029 жылдарға ар­найы жоспар әзірлейді. Бұдан бөлек, 2026 жылғы қыркүйекке дейін жасанды ин­теллектіні білім беру жүйесінде қол­дану­дың бірыңғай стандарты бекітіледі. Оқу­шылар жасанды интеллектіге сауат­ты сұ­рақ қоюды, мәтін жазуды 1-сы­нып­тан бас­тап меңгереді, ал жоғары сынып оқу­­шылары чат-боттар сияқты күрделі құрал­дарды өз бетінше жобалай алатын бо­лады. Биылғы жаңа оқу жылынан бас­тап бас­тауыш сынып оқушылары үшін цифрлық сауат және жасанды интеллект пәні енгі­зіл­се, жоғары сыныптар үшін ин­фор­ма­ти­ка және жасанды интеллект са­бағы оқы­тылатын болады.

Жоспар аясында мектептердің цифр­лық инфрақұрылымы күшейтіліп, білім беру ұйымдары жоғары жылдамдықты интернетпен қамтылады. Сонымен қатар педагогтерге жасанды интеллект құрал­дарын тиімді пайдалану бойынша арнайы оқыту бағдарламалары ұйымдастырылады. Қала мен ауыл мектептері арасындағы бі­лім сапасындағы алшақтықты азайту мақ­сатында пилоттық жобаларды іске асыру да жоспарда бар. 

Оқушылар қазір ChatGPT, Gemini се­кіл­ді платформалардың көмегімен үй тап­сырмасын орындап, тест сұрақтарына жауап тауып, тіпті шығарма мен эссе жазып жүр. Кей оқушылар бұрын түсінбей жүр­ген тақырыптарын жасанды ин­тел­лект арқылы жеңіл меңгеріп жүргенін де жасырмайды. Сәйкесінше, мұғалімдердің жұмысы бұрынғыдан да күрделене түсті деуге болады. Өйткені енді тек тапсырма беру жеткіліксіз. Оқушының материал-
ды шын мәнінде түсінгенін анықтау маңызды. 

Осылайша, әлем келбетін түбегейлі өзгертіп жатқан ЖИ білім беру жүйесіне де, мұғалімге де жаңа талап қойып, жаңа сын-қатер туындатып отыр. Әлемнің көп­те­ген елі жаңа жағдайға бейімделіп үл­гер­ді. Қазір кіріспесек, көштен қалуымыз әб­ден мүмкін. Соны ескеріп, біз де жасан­ды ақылды кәдеге жаратып көрмекпіз.

«Қолданамыз ба?» емес, «қалай қолданамыз?»

Кейінгі жылдары бірқатар мемлекет ЖИ-ді мектеп пен университет жүйе­­сіне тікелей енгізіп, ақ-қарасын іс жү­­­­зінде тексеріп көрді. 

Ең жүйелі тәжірибенің бірін Эстония жүр­гізген. Былтыр ел үкіметі OpenAI ком­паниясымен бірлесіп, ChatGPT Edu плат­формасын мемлекеттік мектептерге енгізу жобасын бастады. Бағдарлама аясында он­даған мың оқушы мен мұғалім ЖИ құрал­дарын сабақ барысында қолдана бас­тады. Эстония билігі мұны цифрлық сауат мәселесі емес, ұлттық бәсекеге қа­білеттілік стратегиясы ретінде қарас­ты­рып отыр. Елдің білім министрлігі оқушы­лар­ды ЖИ-ден қорғауға емес, оны дұрыс пайдалануға үйретуге басымдық беретінін ашық мәлімдеді. Осылайша, ЖИ бөлек пән ретінде емес, барлық сабаққа кіріктірілген. Мы­салы, тарих сабағында оқушылар Chat­GPT көмегімен тарихи деректерді салыс­ты­рады, ал әдебиетте мәтін талдауға пай­­­даланады. Бірақ негізгі талап өзгер­меген: соңғы қорытындыны оқушының өзі жасауы керек. Осылайша, ел ЖИ-ді дайын жауап көзі емес, аналитикалық ой­лауға арналған құрал ретінде бейімдеуге тырысып отыр.
Оңтүстік Корея бұл мәселеге мүлде бас­қа қырынан келді. 2025 жылдан бастап ел мектептерінде ЖИ негізіндегі цифрлық оқу­лықтар енгізіле бастаған. Жүйе әр оқу­шының үлгерімін бақылап, тапсырманың күрделілігін автоматты түрде өзгертіп отырады. Егер оқушы математикадағы белгілі бір тақырыптан қате жіберсе, жүйе сол бөлімге қайта оралып, тағы да сол та­қы­рыпқа түсіндірмелер ұсынады. Корея­ның Білім министрлігі ЖИ көмегімен әр баланың жеке оқу бағдарын қалып­тас­тыру­ды көздейді. Бірақ бұл жоба қоғамда үл­кен пікірталас тудырды. Мұғалімдер кә­сіподағы балалардың экран алдында ша­мадан тыс отыратынын және мұғалім рө­лі әлсіреп кетуі мүмкін екенін айтып ша­ғымданған. Соған қарамастан үкімет жо­баны тоқтатқан жоқ. 

Қытайда ЖИ білім беру жүйесіне еніп кет­кен десек артық емес. Бірақ кейінгі жыл­дары оның ауқымы күрт өскен. Бей­жің мен Шанхайдағы кей мектептерде ЖИ оқушының сабақтағы белсенділігін де талдайды. Камералар баланың назарын, эмоциясын, сабаққа қатысу деңгейін ба­қы­лап, мұғалімге дерек жібереді. Кей плат­формалар үй тапсырмасын тексеріп қана қоймай, оқушының қай тақырыпта жиі қиналатынын анықтайды. Қытайдың бұл моделі тиімділікке негізделген. Елде бір сыныпта 40-50 оқушы оқитын мектеп көп болғандықтан, ЖИ мұғалім жүктеме­сін азайтудың амалы ретінде қарастырыла­ды. Бірақ дәл осы тәжірибе халықаралық деңгейде ең көп сыналған модельдердің біріне айналды. Сарапшылар балаларды тұ­рақты цифрлық бақылау білім сапа­сы­нан бөлек, құпиялылық пен психоло­гия­лық қысым мәселесін туындатуы мүмкін еке­нін айтып отыр.

АҚШ-та ЖИ негізінен платформалар ар­қылы тарады. Соның ең белгілі мысалы – Khanmigo жүйесі. GPT-4 негізіндегі бұл құ­ралдың басты ерекшелігі – оқушыға дайын жауапты бірден бермеу. Жүйе сұрақ қою арқылы оқушының өзін ойлануға итер­мелейді. Мысалы, оқушы есептің жауа­бын сұрағанда, ЖИ бірден нәтиже шы­ғармайды. Оның орнына «қай қадамда қате кеткен болуы мүмкін?» немесе «бұл фор­мула нені еске түсіреді?» деген бағыт­таушы сұрақтар қояды. Америкалық пе­дагогикада қазір AI literacy, яғни ЖИ-мен дұрыс жұмыс істеу мәдениеті деген жаңа ұғым қалыптасып жатыр.
Сингапур ЖИ-ді мұғалімдердің жұ­мы­сын жеңілдетуге көбірек бағыттады. Елде кей мектептерде жасанды интеллект тест құрастыруға, эссе тексеруге және оқушы прогресін талдауға пайдаланылады. Бұл мұғалімнің жүктемесін азайтып, сабақты жоспарлауға көбірек уақыт қалдыру үшін енгізілген. Сингапур моделі технологияны толық еркіндікте емес қатаң мемлекеттік бақылауда қолданылуымен ерекшеленеді. Мұнда ЖИ-дің қандай мақсатта қолда­нылатыны нақты реттелген. 
Бұл мысалдардың бәрі бір үрдісті көрсетіп отыр. Әлем ЖИ-ді «қол­дану керек пе?» деген сұраққа емес, «қалай қолдану керек?» деген сұраққа жауап іздеп жатыр. 

Ғалымдар не дейді?

ЖИ-дің оқушылардың білім деңгейіне, жалпы білім жүйесіне тигізетін әсері тура­лы пікір көп. Әлем университеттері мен ғы­лыми орталықтары ЖИ-дің оқушының үлгеріміне, ойлау қабілетіне және білім сапасына нақты қалай әсер ететінін тә­жіри­бе арқылы тексеріп жатыр. Қазірдің өзін­де бірнеше маңызды қорытынды тұжырымдалып үлгерді десек те болады.
Ең көп талқыланған зерттеулердің бірін Stanford University жанындағы SCALE Initiative ғалымдары жүргізді. Олар GPT-4 негізіндегі екі түрлі AI-тьюторды мектеп математикасында сынақтан өткізген. Зерт­теуге мыңға жуық оқушы қатысқан. Нәтижесінде, ChatGPT-ге ұқсас кәдімгі ЖИ қолданған оқушылар тапсырмаларды жылдам әрі жақсы орындаған. Бірақ кейін ЖИ көмегінсіз олардың нәтижесі ЖИ қолданбаған топтан 17 пайызға төмен бо­лып шыққан. Зерттеудің ең қызық тұсы – GPT Tutor деп аталған екінші модель. Ол оқушыға дайын жауапты бірден бермей, бағыттаушы сұрақтар қойған. Мұндай жүйеде үлгерім 127 пайызға дейін жақ­сар­ған және білім сапасына зияны әлдеқайда аз болған. Осылайша, ғалымдар оқушы ЖИ-ді ойланудың орнына қолданса, білім әлсірейді, ал егер ЖИ түсіндіруші құрал ретінде пайдаланылса, нәтиже жақсырақ бо­лады деген қорытынды шығарған.

Stanford зерттеушілері жасаған Tutor CoPilot жобасы қызық нәтиже берді. Бұл жүйе оқушыға емес, репетиторларға кө­мек­ші ретінде жасалған. Жасанды интел­лект мұғалімге сабақ кезінде қандай сұрақ қою керек екенін ұсынып отырған. 700-ден астам тьютор мен мыңнан астам оқу­шы қатысқан экспериментте оқушы­лар­дың математика тақырыптарын меңгеру көрсеткіші 4 пайыздық пунктке артқан. Ал тәжірибесі аз мұғалімдерде нәтиже тіп­ті жоғары, 9 пайыздық пункт болған. Яғни, кей жағдайда ЖИ оқушыдан гөрі мұ­ғалімге көбірек пайда әкелуі мүмкін.
Жастардың өзі ЖИ-дің қаупін тү­сіне бастағаны аңғарылады. Ұлыб­ританияда жүргізілген сауалнамада оқушылардың 62 пайызы ЖИ олардың оқу қабілетіне кері әсер етуі мүмкін екенін айтқан. Көбісі «ЖИ бәрін тым оңай қылып жіберді» деп есептейді екен.

ЖИ білім жүйесіне қалай енгізіледі, нен­дей мүмкіндік бар, сондай-ақ ескеруге тиіс мәселелер төңірегінде Оқу-ағарту ми­нистрі Жұлдыз Сүлейменоваға сауал жол­даған едік. Министрдің айтуынша, жа­санды интеллект педагогтерге маңызды кө­мекші құралға айналмақ. Сонымен қа­тар ол ЖИ-ді білім беру жүйесіне енгізуде жеке деректер қауіпсіздігі басты назарда болуы керек деген пікір айтты.

Ал мектеп мұғалімі Шалқар Кеңесбек ЖИ-дің мүмкіндігі мен сын-қатерін сара­лап, мемлекет мектептерді заманауи тех­но­логиялармен толық қамтамасыз етуі ке­рек деген пікірін жеткізді. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары