Сенім дағдарысы

/
Сенім дағдарысы

АҚШ-Иран шиеленісі, Таяу Шығыстағы атыстың тоқтауы, Еуроодақтың Украинаға қаржылай көмегі және әлемнің бірнеше аймағындағы саяси дағдарыстар осы күндері халықаралық күн тәртібін айқындаған басты факторларға айналды. Жаһандық деңгейдегі бұл процестер бір-бірімен тікелей байланыспаса да, жалпы алғанда әлемдік тәртіптің тұрақсыз кезеңге аяқ басқанын көрсетеді.

Таяу Шығыс: теңіз жолдары мен уақытша бітім арасындағы шиеленіс

АҚШ президенті Дональд Трамп Иран­мен атысты тоқтату режимін бейбіт келіссөз­дер аяқталғанға дейін ұзартатынын мәлім­де­ді. Алайда ап­та­ның басында жоспарланған келіссөздер өтпей қалды. Дегенмен Пә­кіс­тан тараптар арасындағы келіссөздің жаңа раундын өткізуге дайын екенін білдіріп отыр.
Осы уақытта АҚШ күштері Иран порт­тары мен теңіз қатынасын бақылауды кү­шей­тіп, кем дегенде бір кеме қозғалтқышына соқ­қы жасағаны хабарланды. Ал Иран болса Ор­муз бұғазындағы теңіз тасымалын тежеп, бір­неше кемеге оқ атылған. Иран Әскери-теңіз күштері «теңіз қауіпсіздігіне қауіп төн­дірді» деген себеппен екі кемені ұстап қалған.
Бұл жағдай әлемдік мұнай және логис­ти­ка нарығы үшін стратегиялық маңызы бар Ор­муз бұғазы маңындағы сын-қатерін қайта күшейтті.

Ливан: 10 күндік бітім мен күмәнді тыныштық

Трамп Ливанда 10 күндік атысты тоқтату келісімін де делдал ретінде ұйымдастырды. Ливан премьер-министрі Наваф Салам бұл ше­шімді қолдады. Израиль премьері Би­ньямин Нетаньяху келісімге келіссе де, оң­түстік Ливандағы әскерін шығар­май­тынын мәлімдеді. 
«Хизболла» қозғалысы бітім Израильдің то­лық әскери әрекеттерді тоқтатуына бай­ла­нысты сәтті болғанын айтты. Бірақ Из­раиль тарапы «Хизболланы» келісімді бұзды деп айыптап, зымыран атқаны туралы мәлімдеді. Бұл жағдай уақытша тыныштық­тың қаншалықты сенімсіз екенін көрсетті.

Азия-Тынық мұхиты: Тайвань факторы мен Қытай қысымы

Тайвань президенті Лай Чин-те Эсва­ти­ниге сапарын тоқтатуға мәжбүр болды. Се­бебі Мадагаскар, Маврикий және Сейшел арал­дары президент ұшағына әуе кеңістігін пай­далануға рұқсат бермеген.
Тайбэй бұл шешімді Қытайдың қысы­мы­мен байланыстырады. Қазір Эсватини ғана Аф­рикада Тайваньды ресми түрде мойын­дайтын ел болып отыр. Бұл оқиға Қытайдың дип­ломатиялық ықпалының әлі де кең еке­нін көрсетеді.

АҚШ: Пентагондағы кадр дағдарысы мен саяси текетірес

АҚШ Қорғаныс министрі Пит Хегсет Әскери-теңіз күштерінің хатшысы Джон Феланды қызметінен босатты. Ресми себеп – кеме жасау бағдарламасындағы басқару мә­се­лелері. Бірақ бұл шешім Пентагон ішін­дегі ішкі кикілжіңдердің жалғасы ретінде қарастырылып отыр.
Бұған дейін де армия штабының бас­шы­сы қызметінен кеткен болатын. Сарапшылар мұны әскери басқару жүйесіндегі тұрақ­сыздықтың белгісі ретінде бағалайды.
АҚШ-та алдағы аралық сайлаулар ал­дын­да демократтар позициясын күшейтіп ал­ды. Вирджинияда сайлаушылар Конгрес­тегі жаңа картаға қолдау білдіріп, партияға қо­сымша төрт мандат алу мүмкіндігін ашты.
Дегенмен демократтар ішіндегі дау да бә­сеңдемей тұр. Флоридадан сайланған Шейла Черфилус-Маккормик мемлекеттік көмек қаражатын заңсыз пайдаланды деген айып­пен Конгрестен кетті. Бұған дейін тағы бір конгресмен Эрик Суолвелл де жанжалға бай­ланысты қызметінен босталыған.

Еуропа: Украинаны қолдау мен саяси өзгерістер

Венгриядағы саяси өзгерістер Еуроодақ­тың Украинаға бөлінген 90 миллиард еуро­лық несиесін мақұлдауға жол ашты. Жаңа үкімет бұған дейінгі блокты алып тастауы мүм­кін деген сигнал берген соң Брюссельде ше­шім жылдам қабылданды.
Украина президенті Владимир Зеленс­кий бұл қаржыны жедел бөлуге шақырды. Қара­жаттың негізгі бөлігі қорғаныс саласына бағыт­талмақ. Сонымен қатар Киевте болған қарулы шабуылда 7 адам қаза тапты. Бұл оқи­ға ел ішіндегі қауіпсіздік жағдайының әлі де күрделі екенін көрсетті.

Ұлыбритания: дипломатиялық дау мен ішкі сын

Ұлыбритания премьер-министрі Кир Стармердің АҚШ-тағы елші ретінде Питер Мандельсонды тағайындауы қоғам сынына ұшырады. Себеп – оның Қытай және Ресеймен байланыстары және Эпштейн ісіне қатысы туралы күдік-жорамалдар.
Сонымен қатар ел ішінде антисемитизмге қатысты алаңдаушылық күшейіп отыр. Британ бас раввині Эфраим Мирвис еврей қауымына төнген қауіп күшейіп бара жатқанын ескертті.

Азия: Жапония мен Қытай арасындағы әскери бәсеке

Жапония қару экспортын жеңілдететін жаңа саясат қабылдады. Премьер-министр Такаичи Саэ бұл қадамды ұлттық қауіпсіздік қажеттілігі деп түсіндірді.

Қытай бұл шешімді «жаңа милитаризм» деп атап, сынға алды. Сонымен қатар Қытай әскери кемелері Жапония маңындағы су аймақтарында маневр жасаған.

Венесуэла: оппозиция жаңа саяси кезеңге дайындалып жатыр

Венесуэла оппозициясының жетекшісі Мария Корина Мачадо елге қайтып оралаты­нын мәлімдеді. Ол халықаралық қауымдас­тықты елде сайлау өткізу үшін қысымды кү­шейтуге шақырды.

Әлемнің әр түпкіріндегі оқиғалар бір ортақ үрдісті көрсетеді. Геосаяси тұрақсыздық күшейіп, мемлекеттер арасында сенім дағдарысы өршіп тұр. Сарапшылар халықаралық жүйе қайта құру кезеңіне жақындап келеді деген болжам айтып отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары