Аустралиядан Астанаға ерекше жүк тиелген ұшақ қонды

/
Аустралиядан Астанаға ерекше жүк тиелген ұшақ қонды
t.me/nqzairport

Астана халықаралық әуежайына Австралиядан ерекше жүк жеткізілді. Qatar Airways Cargo әуе компаниясының Boeing 777F ұшағы елордаға 1100 бас асылтұқымды қой әкелді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Елорда әуежайының баспасөз қызметі хабарлағандай, 30 қазанда Австралиядан дорпер тұқымды қойлардың алғашқы партиясы жеткізілген. Жануарлар арнайы жабдықталған кең фюзеляжды Boeing 777F жүк ұшағымен тасымалданған.

Әуежай өкілдерінің мәліметінше, мұндай әуе кемелері алыс қашықтыққа ірі көлемдегі жүктерді жеткізуге арналған. Сонымен қатар олар тірі жануарларды тасымалдау кезінде қауіпсіздік пен күтімге қатысты қажетті талаптарды сақтауға мүмкіндік береді.

Қазақстан Австралиядан 4 мың қой сатып алмақ

Белгілі болғандай, асылтұқымды мал Қазақстандағы мал шаруашылығын дамытуға бағытталған жоба аясында әкелінген. Жеткізілім жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы арқылы қазақстандық кәсіпорындардың бірі үшін ұйымдастырылған.

Жоба бойынша кәсіпорын жалпы саны 4 мың бас ұсақ мал сатып алуды жоспарлап отыр.

"Алғашқы партияның жеткізілуі кәсіпорынның жалпы саны 4 мың бас ұсақ мал сатып алуын көздейтін жобасының басталғанын білдіреді. Бүгін жеткізілген мал саны – жоспарланған көлемнің төрттен бірінен астамы", – делінген әуежай хабарламасында.

Австралиядан келген 1100 қой жоспарланған мал басының 27,5 пайызын құрайды.

Дорпер қойларының ерекшелігі неде?

Дорпер – бастапқыда Оңтүстік Африкада шығарылған ет бағытындағы қой тұқымы. Бұл тұқым ет өнімділігімен және әртүрлі табиғи-климаттық жағдайларға бейімделу қабілетімен белгілі.

Дорпер қойларының тағы бір ерекшелігі – жүнінің маусымдық түлеуі. Сондықтан оларды қырқуға қажеттілік кейбір дәстүрлі қой тұқымдарымен салыстырғанда аз болуы мүмкін.

Қазақстанға мұндай малды әкелудегі негізгі мақсат – ет бағытындағы асылтұқымды қой шаруашылығын дамыту.

Астана әуежайы тірі жануарларды халықаралық бағытта тасымалдау арнайы логистикалық дайындықты, ветеринариялық-санитариялық талаптарды сақтауды және тиісті инфрақұрылымды қажет ететінін атап өтті.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары