Қазақстан орта державаға айналды. Республика күніне байланысты Президентіміздің атына әлем елдері басшыларынан келген құттықтауларда Қазақстанның халықаралық қарым-қатынаста салмақты әрі сындарлы рөл атқаратыны, әлемдегі беделі биік екені, ауқымды саяси реформалар жүзеге асқаны, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің орнықтылығын сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің өңірлік және халықаралық позициясын нығайту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқаны атап айтылған. Америкадан басқаға аспандай қарайтын Трамптың өзі Президентімізге жолдаған құттықтауында «Қазақстанның таңғаларлық экономикалық табыстары» деген сөз тіркесін қолданыпты. Осының бәрі биылғы Жолдауда алдымызға аса ірі міндет қоюға мүмкіндік беріп отыр.
Сенім
Шегіністен бастайық.
Баяғыдан келе жатқан тағылымды әңгіме қайтадан еске түсіп тұр. Конфуций айтқан сөз.
Бір жолы Цзы-гун есімді шәкірті Ұстаздан сұрапты: «Мемлекетті басқарудың негізі қандай?» деп. Конфуций жауап қайтарыпты: «Мемлекеттің азық-түлігі жеткілікті болуы керек, қару-жарағы жеткілікті болуы керек, халық билікке сенуі керек» деп. Сонда Цзы-гун: «Қатты қиын жағдай туса, осы үшеуінің қайсысынан алдымен бас тартқан дұрыс?» деп сұрайды. «Қару-жарақтан бас тартуға болады» дейді Ұстаз. Енді Цзы-гун: «Қалған екеуінің біреуінен бас тартуға тура келсе, онда не істеу жөн?», дейді. Сонда Конфуций айтады: «Азық-түліктен бас тартуға болады. Жер жаралғалы бері ешкім өлімнен қашып құтылған емес. Бірақ халықтың сенімінсіз мемлекет мемлекет болып тұра алмайды» деп.
Барша әлеуметтік институттар сенімге арқа сүйейді. Адамдар да сеніммен өмір сүргенді қалайды. Сенімді адам деу, сенімді ақтады деу, сенімге кірді деу қандай жақсы болса, сенімнен шығу, сенімсіз атану, сенімсіздік білдіру сондай жаман. Сенімнің басты шарты – адалдық. Адалдықтың басты шарты – адамдық. Қоғам мүшелерінің бойында адамдық көбірек болған сайын қоғамда да адалдық көбейе береді, адалдық көбейген жерде адамдар да бір-біріне көбірек сенеді. Бір нәрсеге, біреуге көзі жетіп иланушылық сезімі деп сипатталатын бұл ұғым адамдар арасындағы немесе адамдар мен қоғам арасындағы қатынастың да сапалық өлшемі. Сондықтан да елдегі қазіргі жаңарудың, жаңғырудың бір тетігі, бірегей тетігі ретінде Сенім алға шығарылып отыр.
Енді нақты мысалға көшейік. Екеуі де Президенттің алдыңғы күні, 28 қазанда жасаған Жолдауынан.
Біріншісі: «Қазақстанда жеті миллионға жуық бала бар. Бұл – халқымыздың 34 пайызы. Жыл сайын 330 мыңнан астам сәби дүниеге келеді.
Елімізде халық саны қарқынды өсуде».
Екіншісі: «Бүгінде Қазақстанның қаржы жүйесі айтарлықтай орнықты деңгейде. Оған дәлел: еліміздегі банктердің активі 75 триллион теңгеден (яғни, 150 миллиард доллардан) асты.
Депозиттердің көлемі рекордтық көрсеткішке, нақты айтқанда, 52 триллион теңгеге, яғни 105 миллиард долларға жетті.
Салымдардың 78 пайызы ұлттық валютада сақталған».
Мемлекет басшысының бұл сөздерінде көп мән-мағына жатыр.
Біздегі әрбір үшінші адам бала жасында. Қазақстан – жастар мемлекеті.
Халық санының қарқынды өсуі ең алдымен бала туу көрсеткішіне байланысты. Мұндағы бірінші фактор бүгіннің өзінде ел халқының жетпіс бес пайызына жақындаған қазақтың табиғатына барынша тән балажандылық десек, екінші фактор – ел халқының ертеңгі күнге сенімінің артуы. Балаларым тыныш елде тұрады, тамағы тоқ, көйлегі көк болады, жолы ашылады, бағы жанады деген сенімнің артуы. Ертеңіміз не болады, ұл-қызымыз не күйге түседі деген уайыммен жүрген ата-ана қанша жерден балажанды болғанда да дүниеге перзент әкелуге алаң көңілмен қарамай қоймайды.
Біз ертеңімізге сенеміз.
Бір кезде ел бюджетін бекіткен Парламент отырысынан жазылған есепке газет бетінде «Триллион деп сөйлейтін күнге жеттік» деген тақырып қойғанымыз еске түсіп отыр. Сол жылы бюджет көлемі алғаш рет триллион теңгеден асқан болатын. Әрине, ол триллион мен бұл триллионның бәсі басқа-басқа. Сонда да бюджет көлемі, қанша жерден инфляция кернегенмен, көп өскені күмәнсіз. Ал қазір банктердің активтерінің өзі 75 триллион теңгеден асыпты. Депозиттер 52 триллион теңгеге жетіпті. Бір кезде көк қағазды көзіне сүртетін жұрт банкке ақшасын негізінен теңгемен салатын болыпты. Осы мақалаға дерек жинап жатқанда Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығының мәліметтерін алдырдық. Сөйтсек, тек биылғы қаңтар мен тамыздың арасында халықтың теңге салымының көлемі 12,2 пайыздан 24,7 пайызға артыпты. Сегіз айда екі есе артқан. Тиісінше, валюта салымдары 19,2 пайызға төмендеген. Бұл нені көрсетеді? Депозиттердің жоғары кірістілігін, инфляция қарқынының бәсеңдегенін, ұлттық валютаның нығайғанын, айналып келгенде теңгеге сенімнің артқанын көрсетеді.
Біз елімізге сенеміз.
Сол сенім биылғы бір жылдың өзінде бізді екі асудан абыроймен асырды. Республика күніне арналып, Ақордада өткізілген салтанатты іс-шарада Президент Қасым-Жомарт Тоқаев дәл осы сенім туралы айтты: «Біз – болашаққа үлкен үмітпен, зор сеніммен қарайтын ұлтпыз. Шын мәнінде, татулық пен тұрақтылықтың арқасында сан түрлі сынақтан сүрінбей өттік. Ел игілігін еселеп, өркениетіміздің өрісін кеңейттік. Біртұтас ұлт ретінде түбегейлі өзгерістерді табысты жүзеге асырдық. Ең бастысы, халқымызға айнымас бағдар болатын қастерлі құжат – Конститу-циямызды біртұтас ел болып қабылдадық», деді. Конституцияның әр қағидаты, әр тармағы ел мүддесіне қызмет етуге бағытталғанына, еліміздің егемендігі, жеріміздің тұтастығы, азаматтардың заңды құқықтары мен бостандықтары Конституциямызға сәйкес басты құндылықтар деп танылғанына назар аударды.
Бұны бір деп қойыңыз.
Жаңа Конституцияға сәйкес билік жүйесі толығымен жаңарды. Парламент сайлауы өткізіліп, бір палаталы Құрылтай пайда болды. Вице-Президент институты құрылды. Халық Кеңесі дүниеге келді. Құрылтай сайлауында да Президент атап айтқан ел халқының татулығы мен мемлекеттің тұрақтылығы тамаша танылды. Мынау дүбірлі (әлде «дүңкілдеген» деген сөз көбірек келе ме?) дүниеде, болжамсыз, бұлыңғыр заманда, күллі әлем жұртшылығы аласапыран кезеңде өмір сүріп жатқан тұста билік жүйесінде мұндай ауқымды өзгеріс жасау – мемлекетіміз үшін алға қарай үлкен саяси қадам.
Бұны екі деп қойыңыз.
Біз мұның бәрінің бағасын білуге тиіспіз. «Бағалай білмегенге бақ қонбайды» (Әбіш Кекілбаев).
Осының бәрінің бастауында елдікті еңселендіретінімізге деген ерен сенім жатыр. Сенім барда жеміс те болады.
Жеміс
«Бүгін мен Мемлекет басшысы ретінде Қазақстан халқына дәстүрлі Жолдауымды жариялаймын», деп бастады өз сөзін Қасым-Жомарт Тоқаев. Дәстүрлі екені рас. Бірақ бәрібір жалпы Жолдаудың жөні бөлек болады. Неге десеңіз, ол – жылдың басты құжаты. Оның үстіне биылғы Жолдау ұлт шежіресінде алатын орны бөлек тарихи меженің – Тәуелсіздігіміздің 35 жылдығының қарсаңында жасалды. Тағы бір меже бар. Ол – қоғамның барлық саласын қамтыған аса ауқымды реформалардың жеті жылдығы. Қазақ – «жеті» санына көп мән берген халық. Жеті атамызды жатқа білеміз, Жеті Жарғыны қасиеттейміз, жеті қазынаны қастерлейміз, жеті шелпек пісіреміз. Осы жеті жыл біз үшін де құтты кезең болды. 2019 жылдан бері экономикамыз 30 пайызға өсті. Жеті жылда! Бір сөйлемге сыйдыра салынған осы мәліметте қандай терең мән бар десеңізші! Өткен бір жылдың өзінде 20 миллион шаршы метр тұрғын үй салыныпты, сөйтіп бұрын-соңды болмаған көрсеткішке қол жетіпті. Осындайды айтсаң, билікке көпшік қойғандай қарайтындар табылмай қалмайды. Оған елдегі жарқын жаңалықты жарқыратып жазуды өзін жарнамалатудай көретін биліктің өзінің де қатысы жоқ емес. Болып жатқан жақсылықтың бәрін өзінен-өзі жасалғандай санайтын, қолда бардың қадірін біле бермейтін жандар да жетіп артыларын, дәл солардың желіге желік беріп, желсөзді желдіртіп жататынын жадымыздан шығармағанымыз жөн. «Факты – упрямая вещь» деген сөз бар орыс тілінде. Фактілер бұлтартпайды. Сол фактімен сөйлер болсақ, былай: «Биыл еліміздің жалпы ішкі өнімі 400 миллиард долларға жуықтайды. Оның жан басына шаққандағы үлесі 19 мың доллардан асатын болды. Еліміз экономикасының көлемі жағынан әлемде 47-орынға көтеріледі. Бұл – халқының саны бізден әлдеқайда көп бірқатар елдің көрсеткішінен жоғары деңгей деген сөз».
Қазақстан орта державаға айналды.
Республика күніне байланысты Президентіміздің атына әлем елдері басшыларынан келген құттықтауларда Қазақстанның халықаралық қарым-қатынаста салмақты әрі сындарлы рөл атқаратыны, әлемдегі беделі биік екені, ауқымды саяси реформалар жүзеге асқаны, қоғамдық тұрақтылықты қамтамасыз ету, экономикалық өсімнің орнықтылығын сақтау, халықтың әл-ауқатын көтеру, елдің өңірлік және халықаралық позициясын нығайту бағытында қарқынды жұмыс жүргізіліп жатқаны атап айтылған. Америкадан басқаға аспандай қарайтын Трамптың өзі Президентімізге жолдаған құттықтауында «Қазақстанның таңғаларлық экономикалық табыстары» деген сөз тіркесін қолданыпты.
Осының бәрі биылғы Жолдауда алдымызға аса ірі міндет қоюға мүмкіндік беріп отыр.
Міндет
Президент Жолдауда еліміздің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту жөніндегі ойларымен бөлісті, алдағы мақсат-міндеттерге тоқталды.
Алдымен татулықты айтты. Бірліксіз бірдеңе де бітпейді. Тұрақтылық, татулық, топтасқандық, тыныштық қоғамға қай кезде де керек, қай кезде де қымбат, ал қазіргідей күрделі кезеңде тіпті де керек, тіпті де қымбат.
2008 жылы сол кездегі Сенат Төрағасы Қ.Тоқаевтың Қытайға сапарына журналист ретінде куә болғанымыз көз алдымызға келеді. Қасым-Жомарт Кемелұлы ҚХР Сыртқы істер министрлігі жанындағы Халықаралық проблемалар институтында ел саясаттанушыларының, ғылыми жұртшылықтың алдында сөз сөйлегенде Конфуцийдің «Алыстағы қиындықтарды ойламайтындар жақындағы қатерлерге тап болмай қоймайды» деген сөзін алға тартқан еді. Жолдауда да алыстағыны ойлау анық аңғарылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев арғы күндерге қатысты ірі әңгіме қозғады.
«Қазіргі буын өкілдері, яғни біз келе жатқан жас ұрпақтарға жоспарлар мен тұжырымдар емес, экономикасы қуатты және қарқынды, жоғары технологиялары дамыған, білім мен ғылымға негізделген, заңды мойындайтын, жасампаз әрі озық, геосаяси тұрғыдан күші мен ықпалы бар Қазақстанды қалдыруымыз керек.
Бұл – ұлтымыздың алдында тұрған нағыз стратегиялық міндет».
Міндет. Стратегиялық. Ол қалай орындалады?
Ең алдымен – құрылыс арқылы: «Қазақстан ауқымды құрылыс алаңына айналуға тиіс». Теледидардан тыңдағанымызда Қасым-Жомарт Кемелұлы бұл ойды: «Құрылыс, құрылыс және де құрылыс!» деп әсерлі жеткізген болатын. Президент елде қарқын алуға тиісті үлкен құрылыс қозғалысына «Халықтық құрылыс» деген атау беруді ұсынды. «Халықтық құрылыс» бағдарламасы азаматтардың әл-ауқатын арттыратын, кәсіпкерліктің өркендеуіне, дамуына, ұлттық экономиканы жандандыруға зор ықпал ететін төл тарихымыздағы ең үлкен инфрақұрылымдық жоба болмақ. Аталған бастама жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтиды, оның игілігін тұтас халқымыз, әсіресе, өскелең ұрпақ көреді деп кәміл сенемін» деп атап айтты, қадап көрсетті. Назар аударыңыз: «төл тарихымыздағы ең үлкен». Бұрын-соңды болмаған.
Аймақтарда 70-ке жуық денсаулық сақтау нысаны салынатыны, перзентханалар, ауруханалар, жедел медициналық көмек көрсету станциялары, балаларға арналған оңалту орталықтары мен ерекше балалардың сұранысына сай спорт залдары бой көтеретіні, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемелерінің құрылысы басталатыны, аталған бастаманың жүз мыңдаған адамды жұмыспен қамтитыны қалайша қуантпасын, қалайша елің үшін мерейіңді тасытпасын.
Құрылыс ұғымы – сан қырлы ұғым. Қытаймен арадағы жүк өткізу мүмкіндігін 20 миллион тоннаға арттыратын «Бақты – Аягөз» темір жол желісін іске қосу да, Транскаспий дәлізінің қашықтығын шамамен 1 мың шақырымға қысқартып, жүк жеткізу мерзімін үш күнге дейін азайтатын «Арал – Каспий» күре жолын салу да – құрылыс. Қазірдің өзінде Қытайдан Еуропа құрлығына тасымалданатын жүктің 85 пайызы біздің аумағымыз арқылы өтіп жатыр екен. Бұрын біз еліміздің теңізге шыға алмайтынын қайта-қайта айтып, қынжыла беруші едік. Жоққа жүйрік жетпейді. Оның есесіне Еуразия құрлығының қақ ортасында тұрғанымыздың, Шығыс пен Батысты жалғап жатқанымыздың пайдасын да көріп отырған жоқпыз ба? Солай. Халықаралық жүк тасымалы ағындарының толыққанды ұйымдастырушысы болуымыз үшін жол инфрақұрылымын жақсарта түсу міндеті алға қойылады: «Бізге сапасы өте жоғары жолдар керек», өйткені қызмет көрсетуге арналған заманауи инфрақұрылымы бар сапалы жолдар болмаса, Қазақстан жаһандық деңгейдегі транзиттік аймаққа, яғни Еуразияның көлік-логистикалық орталығына айнала алмайды. Президент Қазақстанның Еуразияның негізгі көлік хабына айналдыру міндет екенін көрсетті. Еуропа мен Азияның арасын жалғайтын негізгі әуе дәліздері еліміздің аумағы арқылы өтсе де, осы артықшылық тиісінше пайдаланылмай келеді, соның салдарынан әзірге қыруар табыс уысымыздан шығып кетіп жатыр. Мұны шешудің бір жолы – Астанада жаңа әуежайдың құрылысын бастау.
Құрылыстың құрылысы, әрине, АЭС. Атом генерациясы, әсіресе бір өзінде әлемдегі уран қорының ширек бөлігі жатқан (бір ширегі Оңтүстік Африка Республикасында, қалған жартысы – қалған әлемде!) Қазақстан үшін айрықша маңызды. Жаратқан Иеміз сыйға берген бұл байлықты барынша байыптылықпен, барынша баппен игеру, пайдалану – біздің ұрпақтар алдындағы парызымыз. Сондықтан да Президент Қазақстандағы атом электр станцияларының қажеттілігін өтеу үшін уранның алдағы жүз жылға жететін мемлекеттік стратегиялық қорын жасау мәселесін пысықтауды тапсырды. Жүз жылға! Балаларымыздың балаларының балалары тұсында да Қазақстан ураны қазақстандықтарға қызмет ете беруге тиіс. Стратегиялық ойлау деген осы.
Сәрсенбі күнгі кеште «24 kz» телеарнасынан тікелей эфирде сұхбат берген Құрылтай депутаты Евгений Больгерт біздің енді уранды өндіруші елден пайдаланушы елге айналатынымызды орынды айтып өтті. Атына көз қанығып, құлақ үйреніп қалған «Балқаш», мойыны көріне бастаған «Мойынқұм» сияқты АЭС-тер бойынша жүргізілетін келіссөздердің әр тармағы біздің ұлттық мүддеміз тұрғысынан пысықталып, жан-жақты келісілуі керек екенін де ескертті Президент. Айтқандай, Қасым-Жомарт Кемелұлы жылдың басты құжатында бірқатар ескерту де жасады.
Ескерту
Жолдау – жетістіктер тізбегі еместігін былай қойғанда, алға қойылатын міндеттер жиынтығы ғана емес. Жолдау – ең алдымен сол міндеттерді шешудің жолын ойластыратын құжат. Ол сонымен қатар жіберілген қателіктерден сабақ алу жөнінде ескерту тетігі де. Бұл тұрғыдан қарағанда биылғы Жолдаудың жаңалық жағы жеткілікті. «Қате шешімдердің салдары қандай теріс нәтижелерге әкеп соқтырғанын көріп отырмыз» деп ашып айтты Мемлекет басшысы. Мысалы, облыстарда Qarmet сияқты тағы үш ірі өндіріс орнын ашу жоспарланған көрінеді. «Осы кәсіпорындардың өнімі нарықтың сұранысына ие бола ма? Бұл сұраққа нақты жауап жоқ сияқты. Сондықтан осындай үйлесімсіз шешімдердің пайдасы күмәнді екеніне дау жоқ».
Су ресурстарының тапшылығын жою, суды пайдалануға бақылауды күшейту жөнінде қатқыл әңгіме айтылды: «Ауыз суды көлік жууға тұтыну – барып тұрған сорақылық. Судың да сұрауы бар. Менің тапсырмаммен Үкімет су пайдалану саласында ауқымды тарифтік реформаны қолға алды. Оны соңына дейін жеткізу керек».
Дегенмен ең қатты ескерту салық саласын жетілдіруге қатысты айтылған сияқты. Сөз жоқ, жаңа Салық кодексі бүкіл жүйені кешенді түрде қайта жаңғыртуға негіз қалады. Тұрғындар бойында салық төлеу мәдениеті орныға бастады, бұл істе көп нәрсе тәртіпке түсті. Сонымен бірге ол құжаттың талай кәсіпкерге ауыр соққанын да жасырып-жабудың жөні жоқ. Биылғы қаңтар мен қыркүйектің аралығында 30,1 мың кәсіпкер салық салудың жаңа режимі жағдайында жұмысын жалғастыра алмағандықтан өз қызметін тоқтатқан, 356 мың жеке кәсіпкер есептен шыққан екен. Бұған тікелей қатысты адамның айтуына қарағанда, салық реформасының тиімділігін жабылған жеке кәсіпкерліктің санына қарап бағалауға болмайтын көрінеді. Солай да шығар. Біз макроэкономиканың күрделі ықпыл-жықпылын біле қоймаймыз. Біздің білетініміз қарапайым нәрсе – салық реформасы барысында қазынаға салық түсіретіндердің саны азайғаны жақсылықтың нышаны еместігі. Сондықтан да Президент жекелеген нормаларды қолдану кезінде бизнес түрлі қиындықтарға тап болып отырғанын айтты, «Салық кодексі қатып қалған қағида немесе қасиетті кітап сөзі емес. Заң өмірдің шындығынан алшақ кетпеуге тиіс» деп ескертті. Салық салудағы әділеттілік мәселесіне арнайы тоқталды.
Әділеттілік
Әділеттілік – кешенді категория.
Кісіліктің басты өлшемдерінің бірі – адамның әділдігі. Елдіктің басты өлшемдерінің бірі – қоғамның әділдігі. Халқымыз ақылдың азбайтынына, арамдықтың озбайтынына, әділдіктің тозбайтынына қай кезде де сенген. Бабаларымыз бізге халықтық құндылықтардың аса бір қасиеттісі ретінде әділеттілікті аманаттаған. Сонымен бірге Әділетті Қазақстан дегеніміз барлық мәселесі шешіле қалатын Қазақстан еместігін де естен екі елі шығаруға болмайды. Әділеттілік орнату – түйінді мәселелерді тиімді шешудің тетігі. Әділет – әділ ету. Әділеттілік – біреулердің маңдайы терлемей-ақ, шекесі шылқып өмір сүруіне, біреулердің арқа еті арша күйге түссе де, кедейліктің қамытынан құтылмай жүруіне тосқауыл қою деген сөз. Әділеттілік – қолынан іс келетіндердің, елім дейтіндердің, жерім дейтіндердің жұлдызы жануына жағдай жасау, ауырдың үстімен, жеңілдің астымен жүріп, жоғарыға жұлқына жылжитындардың, сөйтіп, өзінен қабілеттілердің алдын орайтындардың қадамын тұсау деген сөз. Жақсы жұмыс істейтіндердің жақсы тұруы, шаруасын мандытпайтындардың, ісін өндірмейтіндердің шамасына қарай күн кешуі, көрпесіне қарай көсілуі де – әділеттілік. Меритократияның түпкі мәні де – әділеттілік. Біз әдетте меритократияның бір қырын лайықтылардың жоғарылатылуын айтамыз. Жоқ, лайықсыздардың төмендетілуі де – меритократия. Бүкіл әлемде солай. Егер адам өзінен қабілеті кем тұрғыласы әкесінің, көкесінің, жәкесінің көмегімен, жұмыртқадан жүн қырқатын жылмағайлығымен үріп ішіп, шайқып төгіп жүргенін көрсе, онда қоғамдағы әділеттіліктен түңіледі, торығады. Қанша жанталасса да, ісі ілгерілемей жатқан әкесіне қарап, балалардың да жігері жасиды, олардың да өмірді бастамай жатып, болашақтан үміті үзіледі. Міне, әділеттілік осыған жол бермеу үшін керек. Әлеуметті әділ ету арқылы-ақ талай түйінді тарқата аламыз. Баға әділ қойылса, жалақы әділ белгіленсе, қызмет әділ берілсе, ел байлығы әділ бөлінсе, қоғам мүшелерінің көңілі де тыныш табады. Адамның көңілі тыныш болса, қоғамның өмірі дұрыс болады.
Осы орайда Қасым-Жомарт Тоқаевтың салықты саралап салу жөніндегі ұсынысы халықтың негізгі бөлігінің қолдауына ие боларына сенеміз. Иә, бұл барша халықтың қолдауына ие бола алмайды, ол мүмкін де емес. Жалпы, мемлекет атаулы баршаға бірдей жағатын, жұрттың бәрінің көңілін табатын шешім қабылдай алмайды. Кедей-кепшіктің де, бай-бағланның да бірдей салық мөлшерлемесі бойынша салық төлеуі, жағдайы таршылықтың да, жағдайы баршылықтың да бірдей әлеуметтік жеңілдік алуы, Жолдауда ашық айтылғанындай, азаматтардың көңілін табу қалыпты дүниеге айналғанының көрінісі, бұл қоғамда патернализм мен масылдық көңіл-күйдің күшеюіне түрткі салады. Салып та отыр. «Адамдарға бюджет қаражаты есебінен қамқорсынған сыңай таныту – барып тұрған популизм», деді Президент. Кім біледі, өмір болған соң жақсы атануға тырысу болмай да қоймайтын шығар. Бәлкім, ол кейбір саясаткерге кейде пайда тигізетін де шығар. Бірақ мемлекеттік популизмнен мемлекеттіліктің тек зиян шегетіні анық.
Мемлекеттілік
Мемлекеттіліктің басты мұраты – халықтың әл-ауқатын көтеру. Жолдауда бұл жөнінде соқталы мәселелер шешілетіні жарияланды. Ең төменгі жалақы мөлшерін 85 мыңнан 110 мыңға дейін көтерудің өзі 1,8 миллион адамның, соның ішінде бюджеттен жалақы алатын 370 мыңнан астам қызметкердің табысын арттыруға ықпал етеді. «Біз мұғалімдердің абырой-беделін қорғауымыз қажет» деген бір сөйлемнің арғы жағында қаншама терең мән жатыр! Біздің бала кезіміздегідей оқушының мұғалімнен қорқуы да дұрыс емес, қазіргідей мұғалімнің оқушыдан қорқуы да дұрыс емес.
Жолдау жігерді жанитындай, намысты қамшылайтындай болып шықты. Мына дәуірдің мол мүмкіндіктер беретіні де, орасан зор қауіп-қатері бары да айтылды. «Ұлттың мінезі» деген сөздің қолданылуы әбден көкейімізге қонады! Мінезсіз болмайды. Адамға керек мінез ұлтқа да керек. Баяғы кеңбалақ жүрісті, енжарлықты, бейқамдықты қоюымыз керек. Заманның сын-қатеріне төтеп беру үшін стратегиялық тұрғыдан бір қадам алға жүруге шақырады бізді Президентіміз. Қолдайық. Алға ұмтылайық.
«Еліміз жаңа тарихи кезеңге аяқ басты», деп мәлімдеді Мемлекет басшысы. Оңай сөз емес. Жаңарудың, жаңғырудың жетінші жылында Қазақстан өз Тәуелсіздігінің келесі мерейлі белесіне қандай нәтижемен жететінін саралап отыр. Айналасы бір жылдың ішінде еліміздің ұзақмерзімді бағдарын айқындайтын құжат әзірленгелі жатыр.
Алдымызда тұрған тарихи міндеттерді табысты жүзеге асырудың жолдарын айқындап берген Президент Жолдауы – ұлтты ұйыстырар ұлағат.
Іске сәт!
Сауытбек АБДРАХМАНОВ