Бастамалар нақты нәтижеге айналуы керек – Максим Рожин

/
Бастамалар нақты нәтижеге айналуы керек – Максим Рожин

Мемлекет басшысының Жолдауында көтерілген барлық бастамаларды біріктіретін негізгі мақсат – азаматтардың әл-ауқатын арттыру, өмір сүру сапасын жақсарту және келер ұрпаққа дамыған мемлекет қалдыру.

Мен осы Жолдаудан халықтың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін бірнеше маңызды бағытты атап өткім келеді.
Біріншісі – «Жалпыхалықтық құрылыс» бағдарламасы.

Президент 2029 жылдың соңына дейін Ұлттық қордан шамамен 6,5 триллион теңге бөліп, еліміздің барлық өңірінде ауқымды инфрақұрылымдық жаңғырту жұмыстарын жүргізуді тапсырды.

Бұл – жай ғана құрылыс жүргізу емес. Бұл – мектеп тапшылығын азайту, медициналық көмектің қолжетімділігін арттыру, ауылдарды таза ауыз сумен және газбен қамтамасыз ету, жолдардың сапасын жақсарту деген сөз.
Мәселен, алғашқы кезеңде 70-ке жуық денсаулық сақтау нысанын салу, 50-ге жуық білім беру, спорт және мәдениет мекемесінің құрылысын бастау жоспарланған.

Президенттің «Қуатты қалалар қуатты аймақтардың, ал қуатты аймақтар күшті мемлекеттің негізін қалайды», – деген сөзі осы бастаманың мәнін айқындайды.

Екіншісі – халықтың табысын арттыру және әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту.

Президент 2027 жылғы 1 қаңтардан бастап ең төменгі жалақыны 85 мыңнан 100 мың теңгеге көтеруді тапсырды. Бұл шешім 1,8 миллион адамның табысына әсер етуі тиіс.

Сонымен қатар алғашқы медициналық-санитарлық көмек саласындағы 77 мыңнан астам маманның жалақысын еңбек өтіліне қарай 40 пайызға дейін арттыру көзделіп отыр.

Тағы бір маңызды мәселе – балалардың денсаулығы мен дамуы. Елімізде инклюзивті білім алуға мұқтаж 237 мыңнан астам бала бар. Сондықтан жаңа оңалту орталықтарын, балалар ауру­ханаларын салу, ерте диагностика жүйесін жетілдіру – мыңдаған отбасы үшін нақты қа­жеттілік.

Бұл жерде Президенттің мына тұжырымы ерекше маңызды: «Әлеуметтік мемлекет дегеніміз – азаматтарды әлеуметтік төлемдерге тәуелді ету емес, бұл, ең алдымен, халықтың тұрмыс сапасын, әл-ауқатын арттыру деген сөз». Яғни мемлекеттің міндеті – тек әлеуметтік көмек көрсету емес, адамның өз мүмкіндігін жүзеге асыруына жағдай жасау.
Үшіншісі – кәсіпкерлікті қолдау және жаңа жұмыс орындарын ашу.
Бүгінде шағын және орта бизнестің жалпы ішкі өнімдегі үлесі 40 пайызға жеткен. Президент кәсіпкерлерге әкімшілік қысымды азайту, ұзақмерзімді қаржыландыруды кеңейту және мемлекеттік сатып алуларға қатысу мүмкіндігін арттыру міндеттерін қойды.

Атап айтқанда, 2027 жылдан бастап шағын және микробизнеске тексерулер жүргізуге үш жылдық мораторий енгізу мүмкіндігін қарастыру ұсынылды. Мұндай іс-шаралар іске асса, кәсіпкерлердің өндірісті кеңейтуіне, жаңа жұмыс орындарын ашуына және өңірлердегі экономикалық белсенділіктің артуына жағдай жасалады.
Төртіншісі – цифрландыру мен жасанды интеллектіні халық игілігіне пайдалану. Президент цифрландыру тек мемлекеттік қызметтерді электронды форматқа көшірумен шектелмеуі керектігін айтты.

Жаңа технологиялар адамдардың табыс табуына, кәсіп ашуына, өнім өндіруіне және оны нарыққа шығаруына мүмкіндік беруі тиіс. Әсіресе, ауыл тұрғындары мен жастар үшін бұл бағыттың маңызы зор. Адамның қай жерде тұратыны оның экономикалық мүмкіндіктерін шектемеуі керек.

Бесіншісі – мемлекеттік басқарудың сапасы және қабылданған шешімдер үшін жауап­кер­шілік.

Президент: «Бізге шынайы реформа қажет. Көзбояушылыққа жол беруге болмайды», – деп нақты айтты.
Меніңше, бұл талапты барлық бастамаларға қатысты қарастыру қажет.

Өйткені бөлінген қаражаттың көлемі немесе қабылданған бағдарламалардың саны емес, олардың сапалы, уақытылы және халықтың нақты қажеттіліктеріне сай орындалуы нәтижені көрсетеді.

Максим РОЖИН, 
Құрылтай депутаты, «Әділет» партиясы фракциясының мүшесі

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар