Индонезияның Бали аралы жағалауында туристер мінген қайықта жарылыс болып, артынша өрт шықты. Бортта болған бес адам аман қалу үшін теңізге секірген, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға туристер арасында танымал Бали аралының жағалауында болған. Қайықтың ішінде Ресейден келген төрт турист пен бір гид отырған.
ТАСС агенттігінің мәліметінше, қайық шығанақтан шығып, белгіленген бағыт бойынша келесі орынға аттануға дайындалып жатқан.
Алайда осы сәтте қайықтың артқы жағындағы аккумулятор орналасқан бөлікте кенеттен жарылыс болған.
Жарылыстан кейін көлікті өрт шарпыған.
Полиция мәліметінше, өрт басталған кезде қайықтағы адамдардың барлығы суға секіруге мәжбүр болған. Олардың арасында төрт ресейлік турист пен гид бар.
Абырой болғанда, оқиға маңынан өтіп бара жатқан басқа кемедегі адамдар зардап шеккендерге көмекке келген.
Олар судағы бес адамды кемеге көтеріп, қауіпсіз жерге жеткізген.
Нәтижесінде қайықта болғандардың барлығы аман қалған. Адам өлімі тіркелмеген.