Қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдік көп – Прагада қазақша үйретіп жүрген Шынар

Қазақ тілін үйренгісі келетін шетелдік көп – Прагада қазақша үйретіп жүрген Шынар

Жуырда әлеуметтік желіде Прагада қазақ тілі курсы ашылғаны туралы бейнеролик кеңінен таралды. Онда балалармен қатар ересектерге де қазақ тілін үйретіп жүрген Шынар Манапқызы – қазақ тілін шет тілі ретінде оқытуға машықтанған білікті маман. Сабақтарда тек тіл үйрену ғана емес, қазақ мәдениеті де қатар таныстырылады. осы ретте прагада аптасына 8 рет сабақ өткізіп жүрген шолпанға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.

– Прагада қазақ тілін үйренуге сұра­ныс жоғары ма? Бұл курсты ашуға не түрткі болды?

– Прагада курс ашу бұрыннан ойымда жүр­ген. Қазақ тілін шет тілі ретінде үйретіп жүр­геніме 20 жылдан асты. Прагаға қоныс ау­дарған соң ана тілімізді үйренгісі келетін шет­елдіктер көп екеніне көзім жетті. Сон­дық­тан Прагадағы Qazaq Nomad қауым­дас­ты­ғының жетекшісі, мұнда қазақ мәде­ниетін на­сихаттау үшін ауқымды ивенттер өткізіп жүрген Дарина Жұмағұлға курс ашу туралы ұсыныс айтқан едім. Десе де, мұнда ғимаратты жалдау ақысы қымбат. Шетелде курс ашу оңай дүние емес. Дегенмен был­тыр­дан бері спикинг клубтар ұйымдас­тырып жүр­дік. Биыл Мұқағали Мақатаев­тың 90 жыл­дығы ел көлемінде атап өтілгендіктен, мен де құр отырмайын де­дім. Даринамен кез­десіп, «Ақиық ақын­ның мерейтойына орай поэзия кешін ұйым­дастырсақ. Сце­на­рийді өзім әзірлей­мін. Қолдау көрсете ал­а­сың ба?» деп көмек сұра­­дым. Ол қуана келіс­ті. Жалпы, Прагада қазақ әншілерінің кон­церт­тері жиі өтеді. Ди­маштың ән кеші жиі ұйымдастырылады. Күні кеше ғана вио­лон­челші Бағжан Октябрьдің концерті өтті. Ән кештерінен кен­де емеспіз. Десе де, біз театр­ды, поэзия кештерін сағынамыз. Мен секілді поэ­зияға жаны жақындардың мауқын ба­сайын деп жыр кешін өткізуді мақсат еттім. Филолог әрі поэзия кештерінің жөнін білетін маман ретінде осы кешті ұйымдастыру бәрінен маңыз­ды болды. Қазір Прагада оқитын қа­зақ студенттері көп. Олардың бірлігінің ар­қасында мұнда жақсы орта қалыптасып ке­леді. Кеш өтетіні жайлы хабарландыру беріп едік, студенттермен қатар, мұнда жұ­мыс істейтіндер де қатысуға ниетті екенін ай­тып, хабарласты. Осылайша, ақынның туған күнінің қарсаңында сол кешті абырой­мен өткіздік. Кешке келген 50 адамның арасында чехтар да болды. Тіпті, келушілер кеш бітсе де, көпке дейін өзара пікір бөлісті. Бірер күн өткен соң «Тіл Қазы­на» Ұлттық Ғылыми Практикалық Орталығы жанындағы Абай инс­титутының жетекшісі Айнұр Төлеу ха­барласып, «Сіздер жақта осындай кере­мет кеш өткен екен. Бізде шетелдегі қазақ­тарға арнайы қазақ тілі курсын өткізуге қар­жы қарастырылған. Сол жобаға қа­ты­сып, Пра­гада курс ұйымдас­тыр­саңыздар» деген ұсы­ныс айтты. Курсты қаржыландыруға қатысты нақты әлі шешім шыққан жоқ, десе де біз бірден орын іздестіріп, істі бастап кеттік. Ыңғайы келіп, сәті түсіп, орын та­была кеткен соң, бірден сәуір айының ба­сын­да курсты бастап кеттік. 

– Видеодан байқағанымыздай, курс­қа қатысушылар қатарында шет­ел­діктер де бар екен. Қатысушыларды қалай іріктедіңіздер?

– Ең алдымен балалар мен ересектер то­бын іріктеп алдық. Осында өсіп-өніп жат­қан балаларға ана тілін ұмыттырмау – бас­ты мақсат. Балалар мектепте чех тілінде бі­­лім алады, кирил­ли­цаны танымайды. Өзімнің екі балам бар. Оларға ана тілін өзім үйретпесем, басқа кім үйретеді? Сөйтіп, 6-8 жас аралығындағы бала­ларды бір топқа, 9-13 жас шамасындағы бала­ларды екінші топқа бөлдім. Ал ере­сек­терге келсек, былтыр оларды бір топқа жи­нап, тіл оқытқан едік. Қазақстанды көр­ген, қазақшаны біршама білетіндер мен Қа­зақстанды мүлде көрмеген чех аза­мат­та­рын бір топта оқыту қиынға соқты. Ақыр ая­ғында қатысушылардың тілді үйренуге де­ген құлшынысы кеміп, аяғында келу­ші­лер саны сиреп кетті. Содан соң биыл Дари­наға «Неде болса белді бекем буып, аз-маз қаражатына қарамай, шаршамай, бары­мызды салайық. Ересектерді де екі топқа бөлейік» деп ұсыныс айттым. Сөйтіп, ере­сектерді бастауыш және жалғастырушы топқа бөлдік. Қазір аптасына 8 сабақ өт­кіземін. Төрт топқа екі сағаттан. Айта ке­терлігі, курс тегін. Дегенмен нем­құрай­лы орындай салған жоба болма­сын, аз уақыт ішінде нәтижеге же­тейік деген мақсатпен барынша жүйе­лі жұмыс істеп жатырмын.

– Чехияда ана тілімізге қызы­ға­тын жергілікті тұрғындардың барына таңмын...

– Әрине, бар! Мұнда Димаштың шығар­ма­шылығына қатты қызығатындар жетер­лік. Одан бөлек, біздің көшпелі мәдениетке қы­зығатын, Орталық Азия аймағын өз бетін­ше зерттегісі келетіндер де баршылық. Со­ндай-ақ мұнда некелескен қыз-жігіт­теріміздің туыстары, әсіресе, қазақ қыз­дарымен бас қосқан шетелдіктер біздің мәде­ниетпен етене танысқысы келетіні бай­қалып-ақ тұрады. Әйелі қазақтілді бол­ған соң, өзі де қазақ тілін үйренгісі келе­тінін ашық айтады. Олар керемет сөйлеп кетпесе де, қайын жұртымен еркін араласа алатындай деңгейде оқуға мүдделі. Мен сізге мынаны айтайын. Шетелде жүрген қа­зақтардың арасында тіл үйренуге нем­кетті қарайтындар бар. Басында курсқа жа­зылады да, аяқ жағында бұл істі тастап ке­теді немесе «А2 деңгей маған жетеді» деп сел­қос қарап жатады. Олардың өз тілін жо­ғары деңгейде меңгергісі жоқ. Ал еу­ро­палықтардың ерекше ұнайтын қасиеті – олар табандылық танытып, деңгей-деңгей­мен жүйелі түрде үйренгенді құп көреді. Өзге тілді үйренуге асқан ұқыптылықпен қарайды. Әр сөзді нақтылап, мағынасы мен мәнін сұрап, жауап алмайынша ты­ныш­талмайды. Біздің мәдениетке осылайша айрық­ша қызығушылық танытып жатқан соң, беті қайтпасын деп, талабына, сұра­нысына сай жоғары деңгейде сабақ өткізуге ты­рысамын. Бәрібір мұнда қазақтың на­мысы жоғары тұрады. Өзім де көп курсқа, соның ішінде чех тілінің курстарына бара­мын. «Мыналар өздері де селқос қарайды ғой» деп ойламасын деп сабақты еуропалық стандартқа сай өткіземін. Керісінше, «Қа­зақ­станда қазақ тілін үйретудің жүйесі озық екен. Тіл үйрету ісінде халықаралық стан­дарттардан хабары бар екен» деп айтып жүрсін деп бар білгенімді ортаға салып, мейлінше сабақты сапалы әрі тиімді қылып өткіземін. Қазір бұған жақсы жағдай жасалған. «Тіл Қазына» кейін­гі 5-6 жылдың көлемінде қыруар шаруа атқарып, көп оқулық әзір­леді. Мұның бәрін олардың сайт­тарынан тегін ала аламыз.

Жал­пы, мем­лекет қазақ тілін тиімді үйре­туге барлық жағдай жасап отыр. Біз де сол мүмкіндікті тиім­ді пайдалануға бар күш-жігерімізді салудамыз. Тағы бір айта кетерлігі, қазақ тілін үй­ретуде калькаға жол бер­мей, табиғи қалпында үйре­туге тырысамын.  
Индивидуалистік қоғамда өмір сүретін адамдар ұжым­дық құндылықтары басым ор­тамен араласқанда мәдени айырма­шы­лықты байқайды. Еуропалықтар біздің мәдениеттен, біздің адамдардан айрықша жылулық көреді. Мейлі Еуропа, мейлі Америка мен Азияда өмір сүрсін, адамнан адамға керегі – ең бірінші жылулық пен мейірім. Біздің елде бұл қасиетті бәрінен биік қояды, бала кезден санамызға сіңіріп, көңі­лімізге тоқытады. Үйдегілермен бірге отырып шай ішу, бір-бірін қонаққа шақыру, құтты қонақтарға сый берудің біз үшін маңы­зы зор. Ал Еуропада бұл дәстүр жоға­лып, бұлай араласатындардың қатары си­реп барады. Отбасы құндылығы біздегідей маңыз­ды емес. Сол себептен де олар біздің бойымыздан мейірім, сыйластық көріп, бізге ұмтылады, бізге қызыға қарайды.

– Сабақта қазақ тілімен қатар, қа­зақ мәдениетін де кеңінен таныстырып жатқаныңызды байқадық.

– Әлбетте. Мысалы, бүгінгі сабақта асық ту­ралы кеңінен әңгімеледім. «Сәттілік» де­ген сөз калька екенін айтып, бұрындары мұ­ның орнына «Асығың алшысынан түс­сін» деген сөзді қолданғанын айтып бердім. Жал­пы, қазақ халқы үшін асықтың маңызы қан­дай екенін түсіндірдім. Оларға мұның бәрі қызық. «Табалдырықты баспа. Керегені керме. Қоқымды шашпа» деген секілді ырым-тыйымдарға қатты қызығады. Бірде Штепан деген чех шәкіртім қазақ жас­тары­мен бірге көкке шықса керек. Сонда ол жерге төселген дастарқаннан аттап өте шық­қан. Сол кезде біздің балалар оған «Дас­тарқаннан аттап өтуге болмайды» деп ес­керту жасапты. Сосын ол сабаққа келген соң менен: «Сіздерде сондай бар ма? Не­ліктен аттап өтуге болмайды?» деп сұрайды. Мен дастарқанның киелі екенін түсіндіріп, оның үстінен аттауға, дастарқанды басуға болмайтынын түсіндірдім. Ол мұны естіп, «А, солай ма?!» деп таң-тамаша болды. Сон­дықтан мен аптасына сегіз рет тіл ғана үйре­тіп қоймаймын, төл мәдениетіміз, ұлттық ерекшелігімізді де сабақ арасына кіріктіремін.

– Бір сөзіңізде «Жиырма жыл­дан астам қазақ тілін шет тілін­де үй­ретумен айналысып ке­ле­мін» де­діңіз. Прагаға көш­кен кезде де бұл істі жал­ғас­тырамын де­ген ой болды ма? Әлде ба­­сында үй­ренемін деушілер аз бол­ды ма?

– Мен Алматыдағы Қыздар инс­ти­ту­тын­да бакалавриат пен магистратура бө­лімінде білім алдым. Алматыда көп жыл бойы AlmaU университетінде аға оқытушы болдым. Тілді оқытуға бағытталған түрлі жо­ба­ға қатыстым. Университет аясында құ­­­­рылған «Ұлытау» этно-лингвистикалық лагерьдің әдіскері болдым. Көп оқулық әзір­леп шығардық. Кейін Сүлеймен Де­мирель университетіне докторантураға оқу­ға түстім. Онда қазақ тілін екінші тіл ре­тінде оқыту тақырыбы бойынша дис­сер­тация жазғанмын. Алайда әлі қорғамадым. Алты жыл бұрын жолдасымның қызмет бабы бойынша Прагаға қоныс аудардық. Әдепкіде мұнда қазақша сабақ беремін деп тіптен ойламадым. Дегенмен тіл маманы әрі зерттеуші болған соң жан-жағыма, со­ның ішінде университеттерге барлау жүр­гізе бастадым. Польшада кезінде қазақ фи­­­лологиясы мамандық ретінде оқы­тыл­ған. Бірнеше еуропалық елдің универ­си­тетінде біздің мәдениет туралы жеке пән өт­кізіледі. Осындағы Карлов универси­те­ті­не хабарласқанымда, онда қазақ тілі тү­гілі, түркология саласында зерттеулер жүр­гізілмейтінін білдім. Содан кейін мұ­ным­нан түк шықпайды-ау деп қоя сал­ған­мын. Кейін «Қазақ тілін үйретіңізші» деп чехтар, поляктар хабарласа бастады. Сосын ол қатарға Димаштың жанкүйерлері қо­сыл­ды. Олар сабағыма жылдап, кейбірі тіп­ті екі жыл бойы үздіксіз қатысқан соң, шет­елдіктерге қазақ тілінің керек екенін се­зіне бастадым. Прагаға келген алғашқы жылдары аударма жасаумен айналыстым. Қазір бұл істі қойдым. Себебі жанымның қа­лауы оқытушылық екенін жете түсіндім. 

– Праганың орталық алаңында Наурыз мейрамын жыл сайын Қазақ­станнан кем емес ауқымда тойланады. Ұйымдастырушылардың қатарынан Даринамен қатар сізді де көрдік. Төл мерекемізді осылай кең көлемде атап өткен соң, қазақ тілін үйренуге қызы­ғушылық арта түскен шығар?

– Әлбетте, Наурыз мейрамы Прагада кең көлемде атап өтілмесе, қазақ тіліне де­ген мұндай сұраныс болмас еді. Жалпы, Наурыз мұнда кейінгі үш жыл ауқымды түрде тойланады. Төл мейрамымызға тек қа­зақтар емес, Прагаға ТМД елдерінен көш­кендер де қызығады. Жыл сайын Солтүстік Кавказ диаспорасы, украиндар, орыстар, біздің елден көшкен немістер, біздің елде уақытша тұрған шетелдіктер бізбен бірге атап өтеді. Тағы бір айтарым, Наурыз мей­ра­мына арналған кеш – көпшілік үшін өсу, даму трамплині. Жоғарыда айтқан ұлты чех шәкіртім Штепан алдыңғы жылы жүргізуші болған. Былтыр «Келесі Наурызда жүргізуші болмаймын. Домбыра тартуды үйреніп, сахнаға күй тартып шығамын» деді. Дегеніне жетті. Бір жылда домбыра шертуді үйреніп алды. Биыл сахнада жеке өзі күй орындады. Сосын ансамбльмен бірге тағы өнер көрсетті. Ғабит Ғафур есімді студентіміз осында «Әуен» атты жеке ансамблін құрды. Кезінде ол да Наурыз сахнасына жеке орын­дау­шы болып шыққан. Аз уақыт ішін­де шетелдіктердің дом­бы­ра­ның қоңыр үніне елітіп, қат­ты қы­зығатынын бай­қап, өне­рін ұштап, жеке ансамбль құр­ды. Осылай жыл са­нап мәдение­ті­міздің ме­рейін асырып жүрген­дер­дің қатары кө­бейіп келеді. Биылғы Нау­рыз мей­рамында осындағы жа­сы үлкендермен бірігіп, кө­рініс қойдық. Наурызкөженің маңызын, қазақтардың бір-бірі­мен амандасуын көрсетіп, соңында халық әнін орындадық. Мен қазақ мәдениетін насихаттауды миссиям деп ойлаймын. Құдай Прагаға мені бос­тан бос жібермесе керек. Мен қазақ тілінің бола­шағы жарқын болатынына қатты сенемін. Менің бұған Прагада жүріп көзім жетті. Өйткені қазақ мәдениеті мен тіліне қызығатындар көп. Жаратушының өзге елдерді бізге бағыттап, бізге назарын бұрып қоюы бекер емес. Димаш секілді дара туған талант иесінің біздің елде дүниеге келуі де тегін емес деп ойлаймын. Елімізде ана тілі­мізді іште те, сыртта да дамыту үшін қыр­уар шаруа атқарылып жатыр. 
Осы ретте «Отандастар қоры», «Тіл Қа­зы­на» секілді ұйымдардың еңбектері ерен еке­нін айта кеткен жөн. Олар қайтарымы бар келелі іс атқарып жатыр. Сол істің игі­лігін біз көріп жатырмыз.

– Іске сәт!

Әңгімелескен 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар