Тілсіз жауды қалай тізгіндейміз?

/
Тілсіз жауды қалай тізгіндейміз?
сурет: istockphoto.com

Бүгін, 17 сәуір – ҚР өртке қарсы қызмет күні. Адамзат тарихында табиғаттың тосын мінезі талай рет сынақ болған. Соның ішінде ең қатыгезі – өрт. Ол үнсіз келеді, бірақ арты орны толмас қасіретке айналады. Жалынның жолында тұрған тіршілік атаулы – жануар да, өсімдік те, адам еңбегі де бір сәтте күлге айналуы мүмкін. Өрт тек табиғи құбылыс емес, кейде адам қателігінен де болып жатады. Ол қазір жаһандық деңгейдегі экологиялық, экономикалық және әлеуметтік қауіпке айналып отыр. 

Тарихқа көз жүгіртсек, 1918 жыл-ғы 17 сәуірде Кеңес Одағында «Өртпен күрес жөніндегі мемлекеттік ша­ра­ларды ұйымдастыру» жайлы ар­найы құжат әзірленген. Осылайша, бұл күн көптеген пост-кеңестік ел үшін өрт сөн­­дірушілердің кәсіби мерекесі күні бо­лып аталып келеді. Сонымен қатар Қа­зақстан тарихында алғаш рет «Өрт сөн­діру қауіпсіздігі туралы» заң 1996 жыл­дың 22 қарашасында бекітілді. Еліміз жыл сайын тілсіз жаудың түрлі сал­дар­ларын тартып келеді. Оның ішінде тұр­ғын үйлердегі өрт пен дала және орман өрт­тері де кездеседі.  

Тұрғын үйлердегі тілсіз жау

Биылғы жылыту маусымы басталғалы елімізде 1 889 өрт оқиғасы тіркелген. Бұл өт­кен маусыммен салыстырғанда 12 пайыз­ға аз болғанымен, қызыл жалын­нан келетін қауіп сейілген жоқ. Төтенше жағ­дайлар министрлігі Өртке қарсы қыз­мет комитеті төрағасының орын­ба­сары Асқар Төлешевтің айтуынша, 2024 жылы өрт 101 адамның өмірін қиса, 2025 жыл­дың 1 қазанында басталған биылғы жылыту маусымында 87 адам қызыл жа­лын салдарынан ажал құшқан. ТЖМ мә­ліметінше, жеке тұрғын үйлердегі өрт оқиғалары ең көп тіркелген өңірлер қата­рында Шығыс Қазақстан, Алматы, Ақмола, Қарағанды және Қостанай об­лыс­тары бар. Асқар Төлешев аталған өңір­лерде жылыту жүйелерін пайдалану ке­зінде қауіпсіздік талаптарының бұ­зылуы жиі кездесетінін атап өтті. «Жеке тұрғын үйлердегі өрттің басым бөлігі пеш жабдықтары мен электр желілерін пай­далану тәртібінің бұзылуына байла­нысты шығады. Мысалы, пештер мен мұр­жаларда жарықшақтардың пайда болуы, пеш алдында арнайы қаңыл­тыр­дың болмауы, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсуі, электр сымдары оқ­шау­лауының бұзылуы өрттің шығуына се­беп болып отыр».
Биыл осы талаптарды сақтамау сал­дарынан 768 өрт тіркелген. Ал 279 өрт тұрғындардың отты сақтық ш­араларын елемей қолдануы мен масаң күй­де сақтықты ұмытуы немесе темекі қал­дығын толық сөндірмеуі салдарынан болғаны анықталған.
ТЖМ өкілі профилактикалық акция­лар аясында халықтың әлеуметтік осал топтарына кең көлемде көмек көрсетіліп жат­қанын жеткізді. 
«Осы санатқа жататын 108 мың тұр­ғын үй мен 225 мыңнан астам көп­бала­лы отбасы қамтылды. Нәтижесінде, мың­даған үйде пеш жүйесі ретке келтіріліп, электр желілері жөнделді», – дейді Асқар Төлешев. Атап айтқанда, 2,5 мыңнан ас­там үйде пешпен жылыту жүйесі қал­пы­на келтіріліп, 12 мыңнан аса түтін мұржасы тазартылған. Министрлік қол­дауымен 2,3 мың үйде электр желілері жөн­деліп, 39 мыңнан астам газ және тү­тін датчиктері орнатылған.

Тұрғын үйлерді пайдалануға беру тәртібі күшейеді

Енді елімізде биік көпқабатты тұр­ғын үйлерді пайдалануға беру тәр­тібі күшейтіледі. 2026 жылдың 1 ақ­панынан бастап биіктігі 28 метрден аса­тын үйлер іске қосылар алдында мін­детті түрде өрт қауіпсіздігі талап­та­рына сәйкестігі туралы арнайы қоры­тын­ды алуы керек. Бұл туралы Премьер-Ми­нистрдің орынбасары Роман Скляр де­путаттарға берген жауабында мәлім ет­кен болатын.
Енді көпқабатты тұрғын үйлердің өрт қауіпсіздігін күшейту мақсатында жаңа талап енгізіледі. Аталған норма «Аза­маттық қорғау туралы» заңға енгі­зіл­ген түзетулерге сәйкес жүзеге асады. Роман Склярдың мәліметінше, өрт қауіп­сіздігі бойынша қорытындыны азамат­тық қорғау саласындағы уәкілетті орган­ның аумақтық бөлімшелері береді. Яғни, тұрғын үй толық салынып біткеннен кейін, құзырлы мамандар нысанға ба­рып, өрт қауіпсіздігі талаптарының орын­далуын тексереді. Уәкілетті орган өрт-техникалық тексеру жүргізеді. Яғни, са­лынған нысанның құрылыс-монтаж жұ­мыстарының өрт қауіпсіздігі талап­тарына сәйкестігін бағалайды. Осы тек­серудің нәтижесі бойынша ғана тұрғын үйді пайдалануға рұқсат беріледі.
Өрт қауіпсіздігі талаптарына сәйкес­тік туралы қорытынды беру тәртібі Тө­тен­ше жағдайлар министрлігінің 2025 жыл­ғы 26 тамыздағы №359 бұйрығымен бе­­кітілген тиісті қағидаларда нақты көр­се­­тілген. Үкімет өкілдері тұрғын үй қо­рын­­дағы өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселесі мемлекеттік органдардың тұ­рақ­ты бақылауында екенін атап өтті. 
Сондай-ақ өрт қауіпсіздігі ереже­сін­де пә­терде болуға тиіс құрыл­ғылардың мін­детті тізімі жоқ. Бірақ ма­ман­дар бас­па­наны негізгі қауіпсіздік құрал­дарымен қам­тамасыз етуге кеңес бере­ді. Олар – өрт­­сөндіргіш және авто­ном­ды түтін дат­чигі.
– Бұл бағытта қажетті құралдардың қан­­дай да бір міндетті тізбесі жоқ. Алай­да өрттің алдын-алу және сақтық мақ­са­тын­да үйіңізге автономды түтін дат­чик­терін орнатқаныңыз артық етпейді. Өрт­сөндіргіш алып қойғаныңыз да жөн. Осы қадамдар арқылы өрт енді тұтан­ған­да анықтап, өршіп кетпей тұрғанда, өшіруге болады, – делінген ТЖМ хабар­ла­масында.
Ал Роман Скляр түтін және газ дат­чик­терін міндетті түрде орнату жөнінде де мәліметтерімен бөліскен болатын. 
2025 жылы ТЖМ әкімдіктердің, үкі­меттік емес және волонтерлік ұйым­дар­дың қолдауымен әлеуметтік осал топ­тағы азаматтардың үйлерінде 43 мыңнан астам өрт датчигі орнатылды. 2019 жыл­дан бері барлығы 301 мыңнан астам дат­чик орнатылған.
Роман Склярдың айтуынша, ауылдық жер­лердегі өртке қарсы қызметтердің ма­териалдық техникалық базасын жаң­ғырту, шағын елді мекендерге жедел жету уақытын қысқартатын жаңа үлгідегі мо­бильді өрт бөлімшелерін енгізу мәсе­ле­сі бойынша да бірқатар істер атқары­лып жатыр. Мәселен,  елдің өртке қарсы қор­ғауын 446 өрт сөндіру бөлімшесі жү­зеге асырады, оның ішінде қалаларда – 209, ауылдарда – 237 бөлімше бар. Мем­лекет­тік өртке қарсы қызмет бөлімшелері жоқ ауылдық елді мекендердің өрт қауіп­сіздігін күшейту мақсатында ТЖМ «Ауыл құтқарушылары» ведомстволық жос­па­рын бекітті, осыған сәйкес 2025 жылы 512 мың халқы бар 430 елді мекенді қор­ғау үшін 152 өрт сөндіру бекетін құр­ды. 2025 жылғы 30 желтоқсанда ТЖМ 550 өрт сөндіру бекетін құруды көздейтін жә­не халқы 1 млн адамды құрайтын 1 037 ауылдық елді мекенді өртке қарсы қор­ғаумен қамтуға мүмкіндік беретін 2026 жылға арналған Қазақстан Респуб­ли­касының елді мекендерінде өрт сөн­діру бекеттерін құру және жаңғырту жос­парын бекіткен. 

«Fire Lane»: «өрт дәліздері» керек пе?

Естеріңізде болса, 12 сәуірге қараған түні Астана қаласында Түркістан көше­сінде орналасқан 21 қабатты тұрғын үй­дің 15-қабатындағы пәтерден өрт шық­қан. Оқиға кезінде пәтер ішінде бір отбасы болған. Өрт салдарынан үш бала мерт болып, олардың анасы ауыр жара­қат­пен ауруханаға жеткізілді. Осы оқиға­да өрт сөндіруші жедел қызметтерге ке­дер­гі келтірген көлік халықтың нара­зы­лығына тап болған еді.  Қазір Астана По­лиция департаменті мәліметінше, кө­лік жүргізушісінің жеке басы анық­талып, оған қатысты әкімшілік шаралар қолданылды.
Сала қызметкерлерінің сөзінше, тұр­ғын үйлердің ауласына кіретін жолға көлік қою – жиі кездесетін жағдай. Пәтер­де өртсөндіргіш пен датчик болса да, олардың алапат қызыл жалынға ша­масы жетпейді. Мұндай кезде іштегі кісі­лерді құтқаруға мамандардың көмегі керек.
– Шлагбаумдар, тұрғындардың өз беті­мен орнатқан қоршаулар, бейберекет қойыл­ған көліктер өрт сөндірушілердің жолын бөгеп, оқиға орнына жедел жетуі­не кедергі келтіреді. Бұл адамдардың өмі­рі мен мүлкін сақтап қалуға бөгет бола­ды, – деп мәлімдеді ТЖМ.
Ереже бойынша, арнайы техника кір­уі үшін кіреберістердің алды бос болуы тиіс. Бірақ іс жүзінде бұл талапты орын­дамайтындар көп. Аталған тәртіп шлаг­баумдарға да қатысты. Төтенше жағ­дайда олар кедергі болмауы тиіс. 
– Шлагбаум орнатқанда, оның қол­дан немесе автоматты түрде жедел ашыл­уын да қамтамасыз ету керек. Не бол­маса, тәу­лік бойы кезекшілік ететін күзетші оты­рып, төтенше жағдайда ашуы қажет, – де­лінген хабарламада. 
Мамандардың сөзінше, өрт кезін­де жоғалтқан әр минут, тіпті, әр секунд адам өміріне қауіп төндіруі ық­ти­мал. Мұны жолға көлік қоятындар ес­­­керуі тиіс.
Күні кеше Мәжілістің жалпы отыры­сын­да депутат Олжас Құспеков Премьер-Министр Олжас Бектеновтің атына де­пу­тат­тық сауал жолдады. Депутат елі­міз­дегі өрт қауіпсіздігі жүйесі мен шұғыл қыз­меттердің оқиға орнына жету мүмкін­ді­гін шұғыл қайта қарауды талап етті. Олжас Құспековтің айтуынша, соңғы тө­тен­ше жағдайлар Қазақстандағы өрт қауіпсіздігі жүйесінің осал тұстарын көр­сетіп берді. Қазір адамдар тек тілсіз жау­дан ғана емес, құтқарушылардың уақы­тында жете алмауынан да зардап шегу­де. Төтенше жағдайлар министр­лігі­нің дерегінше, 2025 жылы шұғыл қыз­меттер 93 мыңнан астам шақыртуға шық­қан, ал өрттің 62%-ы тұрғын үй сек­торында болған.
«Бүгінде адамдар тек өрттің салдары­нан ғана емес, өрт сөндіру көлігі, жедел жәр­дем немесе өзге де шұғыл қызм­еттер­дің оқиға орнына уақытында жете ал­мауы­нан қаза табуы мүмкін. Жабық жол­дар, бейберекет тұрақ, істен шыққан гид­ранттар мен меншік иелері тара­пы­нан формальды бақылау адам өміріне тік­елей қауіп төндіріп тұр», – деді де­пу­тат. Осыған байланысты депутат халық­ара­лық тәжірибеге сүйеніп, «Fire Lane» прин­ципі бойынша арнайы таңбаланған жә­не көлік қоюға қатаң тыйым салынған «өрт дәліздерін» енгізуді ұсынды.
Депутаттық сауалдағы ең өткір ұсы­ныс­тардың бірі құтқарушылардың жо­лын­дағы кедергілерді еш кедергісіз алып тастау құқығы болды. Бұл тұрғын үй ке­шендерінің ауласындағы заңсыз орна­тыл­ған шлагбаумдар мен дұрыс қойыл­ма­ған жеке көліктерге қатысты. «Шұғыл қыз­меттерге оқиға орнына бара жатқан жол­дағы кедергілерді, соның ішінде адам өмі­рін құтқаруға кедергі келтіретін шлаг­баумдарды, қақпалар мен авто­кө­ліктерді ашуға немесе зақымдауға рұқсат беру керек. Егер иесі ереже бұзған болса, мем­лекет тарапынан ешқандай шығын өтел­меуі тиіс. Уақыт секундпен есептел­генде, темір қоршаулар өлімге себепші болмауы керек».

Орман өрті өршіп тұр

Өрт – табиғаттың ғана емес адам­зат­­тың өз әрекетінің де салдары. Бүгінде ол тек орман мәселесі емес, ғаламдық қауіп­ке айналды. Қазақстан да бұл үрдіс­тен тыс емес, керісінше, табиғи-кли­мат­тық ерекшеліктеріне байланысты ерекше осал аймақтардың бірі. Айтпағымыз, ор­ман және дала өрттері. Еліміздің да­лалы жерлерінде өрт оқиғасы жиі тір­келеді. Осындай қызыл жалын кейде ор­ман қорына ауысады. Биыл жыл ба­сынан бері еліміздің орман алқаптарында 36 өрт тіркелген. «Қазгидромет» болжа­мы­на сәйкес сәуір айының екінші жар­тысында оңтүстік және батыс өңірлерде ауа температурасы +25...+35°C-қа дейін кө­терілуі мүмкін. Осыған байланысты табиғи өрттер қаупін азайту жөніндегі рес­публикалық іс-шаралар жоспары жү­зе­ге асырылып, орман және табиғатты қорғау мекемелерін техникалық жаңарту жұмыстары жүргізілуде. Бұл туралы Абай облысында өткен Төтенше жағдайларды жою жөніндегі республикалық жедел штаб­тың отырысында айтылды. Жиынға Пре­мьер-Министр Олжас Бектенов қа­тысты. 
Үкімет басшысының сөзінше, жыл басынан бері 794 гек­тар жасыл желекті от шарпыған. Жал­пы, қырыққа жуық факт орын алыпты. Жауаптылардың есебін тыңдаған Үкімет басшысы қырағы болуды тапсырды. Дайын­дық мәселе­лерін 20 сәуірге дейін шешу қажет деді. Жиында 2026 жылғы өрт қаупі жоғары кезеңге дайындық мә­се­­лелері қаралды.
«Биыл жаз мезгілі ыстық болады деген болжам бар. Бұл өрт қаупін арттыра түседі. Ол түсінікті. Барлық қызметтер жедел әре­кет етуге дайын болуы керек. Сон­дық­тан табиғатты қорғау, орман мекемелері мен өрт сөндіру бөлімшелерін қазірден бастап жоғары дайындыққа келтіру қажет. Әкімдіктер елді мекен­дерде өртке қар­сы ерікті құрылымдарды ұйым­дас­тыру жұмыстарын жалғастыр­сын. Сон­дай-ақ өңірлерде әуе кемелерін тарту үшін жанар-жағармай материал­дарының қажетті қорларын қамтамасыз еткен жөн», – деді Олжас Бектенов. 
Ал ҚР Төтенше жағдайлар министрі Шың­ғыс Әрінов өртке байланысты тәу­лік бойы мониторинг жүргізілетінін айт­­ты. 
«Министрліктің «Тұран» жедел шта­бы мүдделі қызметтермен бірлесіп интеграцияланған ақпараттық жүйелер ар­қылы өрт жағдайына тәулік бойы мо­ниторинг жүргізеді. Осылайша, күштер мен құралдар бір орталықтан басқа­ры­лады. Бұл шешім қабылдау жылдамдығын арттырып, ден қою тиімділігін күшейтеді. Әр өңірде әуе жасақтары құрылды», – дей­ді министр.
Төтенше жағдайлар министрлігі 50 мыңнан астам жеке құрам мен 11 мың техника, сондай-ақ 5 мың қызмет­кер, 853 техника, 26 әуе кемесі мен 218 ұшқышсыз аппаратты жедел әре­кетке дайын­даған. Өртке тәулік бойы мо­ниторинг жүргізу үшін цифрлық және ғарыш­тық жүйелер қолданылып, ше­ка­ралас мемлекеттермен өзара іс-қимыл ал­горитмі жаңартылды. «Ауыл құтқару­шы­лары» желісін дамыту жалғасуда: қа­зір 167 бекет жұмыс істейді, 700-ге дейін ұлғайтылады.  Мамыр айында Қостанай об­лысында «Өрт-2026» трансшекаралық оқу-жаттығу жиыны жоспарланған. Tasqyn жүйесі арқылы өрт қаупін мо-дель­деу және жылу нүктелерін анықтау уақыты қысқартылған.
Сондай-ақ  кейінгі жылдары орман және табиғатты қорғау мекемелерін тех­ни­калық жаңарту жұмыстары жүргізіліп, тілсіз жауды ерте анықтау жүйелері ен­гізілуде. Осы тапсырманың орын­далуын тексеру үшін жуырда Олжас Бектенов «Семей орманы» резерватына барды. Ме­кеме ЖИ негізінде жұмыс істейтін жүйе­ге көшкен. Аталған технология өрт ошақ­­тарын алыс қашықтықтан және кез келген ауа райы жағдайында анықтауға мүмкіндік береді. ҚР Экология және табиғи ресурстар вице-министрі Нұрлан Құр­малаевтің айтуынша, жүйе 37 ке­шен­нен тұрады. Оның әрқайсысында ан­тенналық діңгек, камералар, автономды жұмыс үшін қуат модулі, тағы басқа құрыл­­ғылар бар. Жүйе өртті бастапқы ке­зең­де анықтап басқару орталығына да­­был соғады. Осыған ұқсас шешімдер Қа­­зақстанның барлық аумағында, әсіре­се, өрт қаупі жоғары өңірлерге енгізіліп отыр.

2026 жылдың алғашқы үш айында еліміздің тұрғын үй секторында 1 470 өрт фактісі тіркелген. Бұл көрсеткіш өткен жылға қарағанда 12%-ға төмен. Десе де, сақтықта қорлық жоқ екенін ескерген абзал. Ал орман өрттеріндегі жағдайды жоғарыда баяндадық. Бұл елімізде ғана болған жағдай. Ал әлемдегі орман өрттері соңғы екі он жылдықта екі есеге жуық артып, 2024 жыл рекордтық көрсеткіш тіркелген. Яғни, 13,5 миллион гектардан астам орман жанып кеткен, бұл – Грекия аумағына тең территория. Жалпы алғанда, 2023-2024 жылдары әлемде шамамен 3,9 миллион км² жер өртенген.  Ғалымдар өрттен бөлінетін көміртек мөлшерінің де артып жатқанын айтады. 2024 жылы атмосфераға шамамен 1 965 Tg көміртек шығарылған.  Бұл – климат өзгерісін одан әрі үдететін қауіпті цикл.

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары