Арзан жұмыс күші артықшылық па?

/
Арзан жұмыс күші артықшылық па?
gov.kz

Кейінгі онжылдықтарда «арзан жұмыс күші» ұғымы жаһандық инвестициялық саясаттың басты кілт сөзіне айналды. Көптеген мемлекет шетелдік капитал тарту үшін ең алдымен төмен жалақыны басты артықшылық ретінде ұсынады.

Сарапшылар арасында «арзан жұмыс күші – экономикалық табыстың көрсеткіші емес, керісінше даму сатысының белгілі бір ке­зеңін сипаттайтын құбылыс» деп баға беретіндері де бар.
Жалпы, арзан жұмыс күші бір күнде пай­да болмайды. Оған бірнеше фактор әсер етеді.
Біріншіден, демографиялық қысым. Яғ­ни, халық санының, әсіресе жастардың кө­беюі еңбек нарығына тұрақты қысым тү­сіреді. Жаңа жұмыс орындарының жет­кі­­лік­сіздігі жұмыссыздық пен еңбек миг­рациясын күшейтеді.
Екіншіден, экономиканың құрылым­дық әлсіздігі орын алады. Бұған өңдеуші сек­тор мен шағын және орта бизнестің жет­кілікті дамымауы әсер етеді. Бұл сапалы жә­не тұрақты жұмыспен қамтуды шектейді.
Үшіншіден, білім мен біліктілік деңгейі әсер етпей қоймайды. Білім беру жүйесі ең­бек нарығының нақты сұранысына то­лық сәйкес келмейді. Нәтижесінде, маман­дар­дың бір бөлігі жұмыс таба алмай, ал нарықта қажетті кадрлар тапшы болады.
Төртіншіден, әлеуметтік стандарттар­дың төмендігі байқалады. Ең төменгі жа­лақы мен әлеуметтік төлемдер өмір сүру құ­нын толық қамтымайды. Бұл ресми жұ­­мыстан гөрі бейресми еңбекке бейім­ді­лік­ті арттырады.
Бесіншіден, еңбек нарығын реттеу сая­саты. Мемлекеттік бағдарламалар көбіне фор­малды сипатта қалып, жұмыс орын­да­ры­ның сапасына жеткілікті әсер ете алмай отыр.
Алтыншыдан, жұмыссыздық пен кө­лең­келі экономиканың үлесі. Бейресми жұ­мыспен қамту кең таралған, бұл әлеу­мет­тік қорғанысты әлсіретіп, бюджеттік тү­сімдерді азайтады.
Жетіншіден, аймақтық және ауыл-қала тең­сіздігі де арзан жұмыс күшіне әсер етеді. Эко­номикалық мүмкіндіктің ірі қалада шо­ғырлануы өңірлердегі жұмыссыздықты кү­шейтіп, ішкі көші-қонды арттыруда.
Бұл түйткілдер өзара байланысты және олар­ды тек кешенді әлеуметтік-экономи­ка­лық саясат арқылы ғана шешуге болады.
Бірақ жалақы төмен болса, тұтыну қабі­ле­ті төмендеп, ішкі нарық әлсіз дамитынын ұмыт­пау керек. Соның салдарынан, эко­но­мика сыртқы сұранысқа тәуелді болып қа­лады. Мұны «төмен жалақы тұзағы» деп қа­растыру керек.
Халықаралық еңбек ұйымы төмен жа­ла­қы мен әлсіз еңбек стандарттары эко­но­ми­­­­ка­лық бәсекенің құралы бола алмай­ты­нын мойындайды. Ал Дүниежүзілік банк тұрақ­ты кедейлікті қысқартудың жалғыз жо­лы – еңбек өнімділігін арттыру дегенді ұсы­нады.

Инвесторлар неге қызығады?

Трансұлттық корпорациялар үшін бас­ты мақсат – өндіріс шығынын азайту. Ар­зан жұмыс күші тауардың өзіндік құнын тө­мендетіп, жаһандық нарықтағы бәсекеге қа­білеттілікті арттырады. ХХ ғасырдың соңы мен ХХІ ғасырдың басында Қытайдың «әлем фабрикасына» айналуы осының ай­қын дәлелі.
Уақыт өте келе Қытайдағы жалақы дең­гейі өсті, әлеуметтік стандарттар күшейді, со­ның салдарынан инвесторлар жаңа ба­лама нарықтарды іздей бастады. Бүгінде бұл үдеріс Үндістан мен Мьянмада, Кения мен Нигерияда анық байқалады. Вьетнам кейінгі жылдары Қытайға балама өндірістік алаң ретінде танылып, электроника, тоқы­ма және жиһаз өндірісінде ірі инвесторлар­ды тартуда. Камбоджа да жалақының тө­мен­дігі мен еңбек ресурсының молдығын пай­даланып, жеңіл өнеркәсіптің дамуына не­гіз болып отыр.
Бангладеш бүгінде әлемдегі ірі тоқыма экс­порттаушылардың бірі. Миллиондаған адам жұмыспен қамтылғанымен, жалақы деңгейі мен еңбек қауіпсіздігі мәселесі әлі де өткір күйінде қалып отыр.
Инвестор үшін басты өлшем – тек жа­ла­­­қының төмендігі ғана емес, сонымен бір­ге тәртіпті жұмыс күші мен мемлекет тарапынан берілетін жеңілдіктер.
Бұл тұрғыда Өзбекстан бірқатар жеңіл­діктер қарастыруда. Яғни, халық санының көптігі мен еңбекке қабілетті жастар үлесі­нің жоғары болуын инвестициялық артық­шы­лық ретінде ұсынып келеді. Дегенмен сарап­шылар үшін басты сұрақ – бұл модель ұзақмерзімді экономикалық өсімді қам­та­масыз ете ала ма деген мәселе.
Алайда арзан жұмыс күші – ұзақмерзім­ді даму үшін жеткілікті шарт емес. Ол бас­тап­қы кезеңде инвестиция тартуға мүмкін­дік бергенімен, уақыт өте келе өнімнің қо­сыл­ған құнын арттыру, технологиялық жаң­ғыру және еңбек өнімділігін өсіру мәсе­лесі алдыңғы қатарға шығады.
Бүгінде әлеуметтік желіде «Қазақстанға Жа­пония 3,72 миллиард доллар инвестиция құю­ды жоспарлап отыр. Ал Өзбекстан мен Жа­пония арасындағы жүзеге асырылып жат­қан және жоспарланған бірлескен жо­ба­лардың жалпы құны 20 млрд доллардан асады» деген ақпарат тарауда. Бұл ретте, шы­ғыстағы алпауыт ел арзан жұмыс кү­шіне басымдық беріп отырғаны анық.
Арзан жұмыс күшін бізде шама-шар­қы­мызша пайдаланып келеміз. Әсіресе, құры­лыс, сервистік қызмет саласында өзбек­стан­­дық азаматтарды еңбек күші ретінде жиі тартамыз.
Әлеуметтанушы Айнұр Анарбектің сө­зін­ше, арзан жұмыс күші – тек бастапқы ар­тықшылық. Ұзақ мерзімде инвесторлар үшін шешуші факторлар қатарына саяси тұрақтылық, құқықтық жүйенің болжам­ды­лығы, инфрақұрылымның дамуы және ең­бек өнімділігінің өсуі шығады.
– Қазақстан жағдайында арзан жұмыс кү­ші мемлекеттік саясаттың мақсаты бол­мауға тиіс. Елдің стратегиялық құжат­та­рын­да еңбек өнімділігін арттыру, жоғары қо­сылған құнды өндірістерді дамыту және ада­ми капитал сапасын көтеру басымдық ре­тінде көрсетілген. Бұл – дұрыс бағыт, – дей­ді әлеуметтанушы.

P.S. 

Арзан жұмыс күші – экономиканы іске қосатын уақытша құрал. Ол белгілі бір кезеңде инвестиция тартуға мүмкіндік бергенімен, елдің ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ете алмайды. Тұрақты өсімнің негізі – білімді адам, технология және еңбек өнімділігі. Әлемдік тәжірибе осы шындықты әлдеқашан дәлелдеп отыр.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары