Гендерлік саясат: іркілу мен ілгерілеу

/
Гендерлік саясат: іркілу мен ілгерілеу
сурет: istockphoto.com

Елімізде гендерлік теңдік орнату, әйелдердің құқығын қорғап, экономикадағы, саясаттағы және әлеуметтік саладағы рөлін нығайтуға бағытталған бірқатар бастама жүзеге асырылды. Мәселен, маңызды өзгерістің бірі деп үйдегі зорлық-зомбылыққа қарсы заң қабылданғанын, ерлерге арналған мамандықтар тізімінің жойылғанын айтуға болады.

Әйелдердің құқығын қорғайтын қоғамдық ұйымдардың желісі де қалыптасты. Атап айтқанда, Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия, Қазақстандағы «БҰҰ-Әйелдер» құрылымы, Қазақстанның Іскер әйелдер қауымдастығы және басқа да ұйымдар белсенді жұмыс істеп келеді. Статистикаға қарасақ та, алға жылжығанымыз байқалады, дегенмен кей мәселелер бойынша әлі де назар аудару керек жайттар бар.

Мемқызметкерлердің 56 пайызы – әйелдер

Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында елімізде басшылық қызметтегі әйелдердің үлесі 10 пайыздан аспаған екен. Қазіргі нәтижеден айтарлықтай өзгеріс байқалмайды, дегенмен 2 министрлікті әйел басқарып отыр, сонымен қатар Үкімет құрамында 8 әйел вице-министр және 3 аппарат басшысы бар. Парламентте жалпы депутаттардың шамамен 19 пайызы – әйелдер. Ал мәслихаттардағы әйелдердің үлесі – шамамен 23 пайыз.
Кейінгі 5 жылда еліміздің ірі компанияларының директорлар кеңестеріндегі әйелдердің үлесі 10 пайыздан 14 пайызға дейін, ал басқарушы құрамдағы үлесі 15 пайыздан 16 пайызға дейін өскен. Мәселен, «Самұрық-Қазына» тобының жоғары басшылық құрамындағы әйелдердің үлесі – 18 пайыз. Алайда 100 ірі компанияның тек 42-сінде ғана әйелдер директорлар кеңесінің құрамына кірген. Ал компаниялардың 55 пайызында кеңес құрамында бірде-бір әйел жоқ. Негізгі шешім қабылдайтын лауазымдағы әйелдердің үлесі әлі де өте төмен: директорлар кеңесі төрағаларының тек 3 пайызы ғана әйелдер, ал бас директорлар қатарында небәрі 7 әйел бар. 
Мемлекеттік қызметкерлердің жартысынан астамы – әйелдер. Олардың жалпы үлесі шамамен – 56 пайыз. Соның ішінде 39 пайызы басшылық қызмет атқарады.
Жалпы, әйелдер еліміздегі экономикалық белсенді халықтың жартысын құрайды. Олардың шағын және орта бизнестегі үлесі жоғары: әйел-кәсіпкерлердің үлесі 48 пайызға жеткен. Олар қызмет көрсету, сауда, жеңіл өнеркәсіп және білім беру салаларында белсенді. Мәселен, жеңіл өнеркәсіпте әйелдердің үлесі 70 пайызға дейін жетсе, білім беру саласында – 75 пайыздан жоғары, денсаулық сақтау саласында – 65 пайыздан асады. Ішкі істер органдарында 280 әйел тергеуші жұмыс істейді.

Теңдік тірегі – заң

Еліміз БҰҰ-ның Әйелдерді алалау, кемсітудің барлық формасын жою туралы конвенциясын (CEDAW) ратификациялаудан бастап, ұлттық заңнамаға гендерлік теңдік принциптерін енгізуге дейін бірқатар маңызды қадам жасады. Отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы күрес саласында жүйелі институционалдық шешімдер қабылдады. Соның бірі – тұрмыстық зорлық-зомбылық туралы заңның қабылдануы.
Ішкі істер министрлігінде арнайы басқарма құрылып, зардап шеккендерге көмек көрсету мақсатында қолдау орталықтарының саны 33-тен 104-ке дейін өсті. Сондай-ақ қиын жағдайдағы отбасыларды анықтайтын мобильді топтар құрылды. Қазір 50 дағдарыс орталығы жұмыс істейді, онда 4,5 мыңнан астам әйел балаларымен бірге көмек алған.

Таразы теңеспей тұр

Заңнамалық реформалардың нәтижесі халықаралық бағалауларда да көрінді. Биыл қаңтарда жарияланған Жорджтаун университетінің «Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік» индексінде Қазақстан 181 елдің ішінде 72-орынды иеленді. Бұл көрсеткіш бойынша еліміз ТМД-ның көптеген мемлекетін, сондай-ақ Түркия, Қытай, Израиль және Ресейді басып озды. Рейтингті Джорджтаун университетінің Әйелдер, бейбітшілік және қауіпсіздік институты Норвегиядағы Осло бейбітшілікті зерттеу институтының сарапшыларымен бірлесіп әзірлейді. Индекстің негізгі мақсаты – елдерде әйелдердің құқығы қаншалықты қорғалатынын, олардың қауіпсіздігі мен әл-ауқаты қалай қамтамасыз етілетінін көрсету.
Дегенмен 2025 жылы Қазақстан гендерлік алшақтықтың жаһандық индексінде 148 елдің ішінде 92-орынды иеленіп, 0,698 балл жинады. Бұл 2024 жылмен салыстырғанда төмен көрсеткіш, себебі өткен жылы 
0,710 балмен 76-орында болғанбыз. Бір жылда 16 позицияға төмендеу, жағдай нашарлағанын білдірмесе де, басқа елдер жылдамырақ жылжып жатыр деген белгі деген сөз.
Дүниежүзілік экономикалық форум жыл сайын жариялайтын бұл индекс гендерлік теңдіктің қазіргі жай-күйін және оның эволюциясын төрт негізгі өлшем бойынша бағалайды: экономикаға араласу және мүмкіндіктер, білім деңгейі, денсаулық және өмір сүру ұзақтығы, сондай-ақ саяси құқықтар мен мүмкіндіктер. 2006 жылдан бері жарияланып келе жатқан бұл индекс – елдердің гендерлік алшақтықты қысқарту бағытындағы ілгерілеуін бағалайтын ең ұзақмерзімді көрсеткіштердің бірі. 19-басылымда әлемдік экономиканың үштен екісін қамтитын 148 ел бағаланған.  Қазақстан денсаулық сақтау саласында (33-орын) және жоғары білімде (1-орын, толық паритет) өте жақсы нәтиже көрсеткен. Экономикаға араласу мен мүмкіндіктер субиндексінде жағдай күрделі: 2024 жылғы 28-орыннан 2025 жылы 61-орынға ойысу бұл жай ғана статистикалық флуктуация емес, еңбекақыдағы алшақтықтың тұрақты түрде сақталуын айғақтайды. Көрсеткіші ең төмен субиндекс – саяси мүмкіндіктер: 117-орын, 0.111 балл. Әйелдердің дәстүрлі «қамқорлық» салаларына, ал ерлердің STEM бағыттарына шоғырлануы болашақта еңбекақы айырмашылықтарының сақталуына әкелуі мүмкін кәсіби сегрегацияны көрсетеді.
Өмір бойы гендерлік зорлық-зомбылыққа ұшырау деңгейі – 16 пайыз. Ана өлімі – 100 мыңға шаққанда 10 жағдай. Жалпы, туу коэффициенті – бір әйелге шаққанда 3,01 бала.

Жалпы алғанда, Қазақстан гендерлік теңдік бағытында институционалдық және құқықтық негіз қалыптастырып үлгерді. Білім беру мен денсаулық сақтау салаларында айтарлықтай жетістіктер бар, әйелдердің экономикалық белсенділігі жоғары, мемлекеттік қызметте олардың үлесі басым. Тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күрес тетіктері күшейтіліп, қолдау инфрақұрылымы кеңейтілді. Алайда халықаралық индекстер көрсетіп отырғандай, басты мәселе – осы жетістіктерді саяси ықпал мен экономикалық табысқа толық айналдыра алмай отырмыз. 
Гендерлік теңдік әлеуметтік әділеттің ғана емес, елдің экономикалық тұрақтылығы мен бәсекеге деген қабілетінің де өлшемі бола алады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар