Жапонияда магнитудасы 7,4 балл болатын күшті жер сілкінісінен кейін цунами қаупі мен қайталама дүмпулер болуы мүмкін екені туралы ескерту жарияланды, деп turkystan.kz тілшісі NHK телеарнасына сілтеме жасап хабарлайды.
Жапон метеорологиялық агенттігі мен АҚШ Геологиялық қызметінің деректеріне сәйкес, жер сілкінісі Хонсю аралының солтүстік-шығыс жағалауында тіркелген.
Мамандар Иватэ префектурасы мен Хоккайдо және Аомори аймақтарының кей бөліктерінде биіктігі 3 метрге дейін жетуі мүмкін цунами қаупі бар екенін ескерткен. Кейін бұл ескерту деңгейі төмендетіліп, ұсыным сипатындағы хабарламаға ауыстырылды.
Жапонияның Төтенше жағдайларды басқару агенттігінің мәліметінше, бес префектурадағы 176 мыңнан астам тұрғынға эвакуациялау туралы нұсқау берілген.
Жапония премьер-министрі Санаэ Такаичи брифинг барысында: "Цунами қаупі жарияланған аймақ тұрғындары дереу биік жерлерге немесе арнайы эвакуациялық ғимараттарға көшуі қажет", – деп мәлімдеді.
Қазіргі уақытта зардап шеккендер мен тұрғын үйлердің қирауы туралы нақты ақпарат түскен жоқ, алайда жағдай әлі де бақылауда.
Зардап шеккен өңірлерде 200-ге жуық нысан электр жарығынсыз қалған. Электр қуатының үзілуіне байланысты кейбір бағыттарда жоғары жылдамдықтағы пойыздардың қозғалысы уақытша тоқтатылған.