Астанада өтетін «IX Astana Eurasian Book Fair – 2026» халықаралық көрмесі аясында отандық шығыстану саласы үшін ерекше маңызды жаңалық болғалы тұр. Осы уақытқа дейін өзге тілдердің әдістемесіне тәуелді болып келген корейтану бағыты енді өз соқпағын салмақ. Шығыстанушы Дастан Ақаштың қазақ тіліндегі тұңғыш жеке авторлық «Корей тілі» оқу құралы – осы саладағы интеллектуалдық дербестіктің айқын көрінісі.
Қазақстанда корей тілі 1991 жылдан бері оқытыла бастады. Содан бері 35 жылға жуық уақыт өтсе де, оқу процесінде сырттан келген өзге тілді құралдар үстемдік етіп келді. Алайда тілді өзге тілдің (орыс немесе ағылшын) көмегімен үйрену қазақ аудиториясының танымдық ерекшеліктерін толық қамти алмайтыны анық. Дастан Ақаштың еңбегі нақ осы олқылықтың орнын толтыратын, ешбір шетелдік басылымға тәуелді емес, шетелдік оқулықтардың аудармасы емес, толықтай дербес авторлық жоба ретінде жарық көріп отыр.
Бұл – жай ғана оқулық емес, бұл – отандық маманның халықаралық деңгейдегі тәжірибесі мен ғылыми зерттеуінің нәтижесі. Автор Оңтүстік Кореяның Сеул ұлттық университеті сияқты беделді оқу орындарында білім алып, корей компанияларында басқарушы менеджер ретінде қызмет еткен. Оның түрлі саладағы тәжірибесі мен бірнеше халықаралық тіл дамыту тағылымдамасынан өтуі – еңбекті жазу барысында кәдеге жарап, тілдің мазмұндық сапасын арттырған. Оқу құралы – заманауи практикалық талаптарға сай бейімделген.
Мақалаға арқау болып отырған басылымның басты құндылығы – оның эксклюзивтілігі. Оқулық – корей тілін алфавиттен бастап тікелей қазақ тілінде меңгеруге көмектеседі. Бұл қадам қазақ тілінің ғылымдағы салмағын арттыратыны сөзсіз. Айта кету керек, маңызды жоба елімізге танымал «Фолиант» баспасымен бірлесіп жарыққа шықты.
Дастан Ақаш тек шығыстанушы-ғалым ғана емес, ол – халықаралық дипломатия магистрі, саясаттанушы және бизнес-сарапшы. Қазақстан Жазушылар одағы мен Журналистер одағының мүшесі. Бұған дейін жарық көрген «Корей-қазақ, қазақ-корей сөздігі» мен фольклорлық зерттеулері оның бұл салаға кездейсоқ келмегенін, іргелі зерттеуші екенін дәлелдейді.
2026 жылғы 22-26 сәуір аралығында Астанадағы Президенттік орталықта өтетін тұсаукесер рәсімі қазақстандық корейтану мектебінің жаңа белесін айқындамақ. Шараға шығыстанушылар ғалымдар мен тіл мамандары қатысады. Отандық автор жазып шыққан оқу құралы – еліміздің кітап нарығы мен ғылым-білім кеңістігіндегі қазақ тілінің қолданысын кеңейтуге атсалысатын бірегей еңбек. Корей тілін үйренем деушілерге таптырмайтын оқу құралы.