Қазақ тарихында батыр қыздар, би-шешен аналар, ел басқарған ханымдар аз емес. ХХ ғасырдан бастап әйелдердің білім алу, қоғамдық өмірге араласу құқықтары кеңейе бастады. Ал қазіргі қазақ әйелі тек ана емес, табысты кәсіпкер, стратегиялық шешім қабылдаушы, қоғамдық көшбасшы. Бұрын «Әрбір табысты еркектің артында дана әйел тұр» деген тіркесті жиі айтсақ, бірақ бүгінгі заман бұл аксиоманы өзгертті – қазір дана әйелдер тек «артта» тұрмай, жауапкершілікті өз иығына алып, алдыңғы шепке шығуда.
«Шыны жартас» пен «шыны төбе»
Әлемдік менеджментте «шыны төбе» (glass ceiling) деген ұғым бұрыннан таныс. Бұл ұғымды алғаш рет Мэрилин Лоден 1978 жылы Нью-Йорктегі әйелдер көрмесінде сөз алған кезде қолданады. Шыны төбе – бұл әйелдер мен азшылықтардың ұйым ішіндегі басқарушылық және атқарушы деңгейдегі лауазымдарға көтерілуіне жол бермейтін көрінбейтін тосқауылға қатысты метафора. Сарапшылар пікірінше, кез келген жерде әйелдер бірінші басшы болуға барлық қабілеті жеткенімен, көп жағдайда сол басшының орынбасары деңгейіне дейін ғана көтеріледі. Себебі – қоғам әйелдерді басшы болуға дайын емес деп ойлайды.
Сол секілді кейінгі жылдары зерттеушілер «шыны жартас» (glass cliff) феноменін жиі айта бастады. Оның мәні – компания немесе мемлекет қиын жағдайға тап болғанда, құлдырау мен дағдарыс басталғанда, басшылық тізгінін әйел адамға ұстата салады. Бұл термин 2005 жылы Эксетер университетінің ғалымдары Мишель Райан мен Александр Хасламның зерттеуінен кейін пайда болды. Райан мен Хаслам Лондон қор биржасындағы 100 компанияны зерттеп, зерттеу барысында қызықты бір мәліметтерге қанығады. Мәселен, қандай да бір компания дағдарыс пен тоқырау, құлдырау кезеңінде тұрған кезде көбінесе әйел адамдарға басшылық қызметті ұсынатыны анықталған. Компания дағдарысқа ұшырағанда ер адамдар басшы болудан бас тартады немесе компания құрылтайшылары мүмкіндігінше бұл кезде әйелдерді тартуға тырысады. Компанияның құрдымға кететінін біле тұра, ұсынысты қабылдайтын әйелдер де аз емес. Кейде әйелдер сол қиын кезеңде ұтымды шешімдер қабылдап, ахуалды жақсартса, кейде керісінше болады. Мұндай жағдайда «әйел бастаған көш оңбас» деген бір ғана сөзбен барлық құлдырауды жылы жаба салумен аяқталып жатады. Осылайша, әйел адамға ауыр кезеңде басшылық қызметті ысыра салу арқылы компания екі жағдайда да ұтты деуге болады.
Тағы бір мысал. 2012 жылы Юта университетінің ғалымдары жыл сайынғы Fortune 500 рейтингіндегі компаниялардың тарихын зерттейді. 15 жылдық мысал көрсеткендей, компанияның проблемалары неғұрлым көп болса, соғұрлым компания әйелдер мен қара нәсілді ер адамдарды басшылыққа жалдауға бейім екені расталады. Сол жылы Harvard Business Review әлеуметтік сауалнама нәтижелерімен мақала жарияланды. Мақалада қызық бір эксперимент төңірегінде айтылады. Студенттерге ойдан шығарылған компанияның жаңа бас директорын таңдау ұсынылып, ұсынылған сценарийлердің бірінде компания табысты болса, екіншісінде ұзаққа созылған дағдарыста болды. Бірінші нұсқа бойынша оқушылардың 62 пайызы көшбасшы ретінде ер адамды таңдаса, екінші сценарий бойынша 69 пайызы бұл қызметке әйелді тағайындаған. Мақала авторлары мұндай шешімдерді гендерлік қалыптасқан қағидалармен түсіндіруге болатынын айтады. Зерттеушілер бұл құбылысты «құтқарушы эффект» деп тапты. Тарихта бұған мысалдар жетіп артылады. Саясатта да, бизнесте де «құтқарушы әйел» бейнесі жиі кездеседі. Мысал келтірелік. 1993 жылғы сайлау қарсаңында Канаданың прогрессивті консервативтік партиясының рейтингі төмен болды. Дәл осы кезде партияның көшбасшысы болып Ким Кэмпбелл сайланды. Бұған дейін ол қорғаныс министрі қызметін атқарып келген еді. Көпшілік партия басшылығына келешегі зор кандидат Жан Шарестті ұсынады деп ойлаған болатын. Бірақ Жан Шарест сол кездегі дағдарыс кезінде емес, дағдарыстан құтылған кезде керек болған еді. Ақырында, партия парламенттегі барлық орындарынан айырылып қала жаздап, партия көшбасшысы Ким Кэмпбелл отставкаға кетті де Жан Шарест оның орнына келді.
Сол секілді 2010 жылғы Қырғызстандағы төңкерістен кейінгі ең ауыр өтпелі кезеңде ел тізгінін Роза Отунбаева ұстады. Кейіннен жағдай тұрақталғанда орнына басқа президент отырды. Сонымен қатар әлемдік мысалдарда Энн Мулкахидің есімі жиі аталады. Ол Xerox компаниясы банкроттықтың аз-ақ алдында тұрғанда келіп, оны миллиардтаған доллар табысқа шығарған нағыз «кризис-менеджер» ретінде тарихта қалды. Нәтижесінде, компания бірден 2,5 миллиард доллар табыс тапты. Энн дағдарыспен күресуге бес жыл жұмсап, 2006 жылға қарай Xerox жыл сайын миллиард доллардан астам пайда табатын деңгейге жетті. Бұл жағдай Эннге керемет көшбасшы ретінде даңқ әкелді.
Қазақстандағы әйелдер
Қазақ қоғамында гендерлік теңдік тақырыбы біржақты қабылданбайды. Бір тарап дәстүрлі құндылықтарды сақтауды алға тартса, екінші тарап заманауи әлеммен қатар қадам басуды маңызды санайды. Бұл – табиғи құбылыс. Қоғам өзгерген сайын пікір де өзгереді. Дегенмен мемлекет деңгейінде Қазақстан халықаралық міндеттемелерді мойындап, гендерлік саясатты жүйелі түрде жүргізіп келеді.
Қазақстан БҰҰ-ның Бейжің декларациясын қолдайды және әйелдерге қатысты кемсітушіліктің барлық нысандарын жою туралы конвенцияны ратификациялаған. Сонымен бірге әйелдердің саяси құқықтарын қорғау, азаматтық мәртебесін сақтау мәселелері де заңнамалық тұрғыда бекітілген.
Елімізде 2030 жылға дейінгі отбасылық және гендерлік саясат тұжырымдамасы қабылданған. Ал гендерлік теңдікке қатысты негізгі заң 2009 жылы күшіне енді. Кейінгі жылдары отбасылық-тұрмыстық зорлық-зомбылыққа қарсы заңнаманың күшейтілуі де әйелдердің қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты қадамдардың бірі болды.
Бұл құжаттар тек декларативті сипатта емес. Олар мемлекеттік саясаттың нақты бағыттарын айқындайды. Яғни, әйелдердің саяси қатысуын арттыру, экономикалық мүмкіндіктерін кеңейту, құқықтық қорғауды күшейту.
Кейінгі жылдары әйелдердің саясаттағы үлесі артты. Партиялық тізімдерге әйелдер мен жастар үшін міндетті квота енгізілуі – осы өзгерістің бір көрінісі. Бүгінде Парламентте әйел депутаттардың саны бұрынғыға қарағанда едәуір көбейген, Үкімет құрамында да әйел министрлер бар. Мәселен, қазіргі Үкімет құрамында да үш әйел бар. Олар – Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова, Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменова. Бұл қатарға қазір Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігін басқарып отырған Мәдина Әбілқасымованы қосуға болады.
Мемлекет тарапынан әйелдерді қолдауға арналған арнайы бағдарламалар іске қосылған. Мысалы, «Ұмай» ипотекалық бағдарламасы мыңдаған әйелдің баспаналы болуына мүмкіндік берді. Өңірлерде отбасын қолдау орталықтары жұмыс істейді. Асыраушысынан айырылған әйелдер тұрғын үй кезегінде жеке санат ретінде қарастырылады.
Гендерлік теңдік деңгейін бағалайтын халықаралық индекстер бар. Солардың бірі – Дүниежүзілік экономикалық форумның жаһандық гендерлік индексі. Бұл рейтинг елдердегі жағдайды білім, денсаулық, экономика және саясаттағы өкілдік сияқты төрт негізгі өлшем бойынша саралайды. Солтүстік Еуропа елдері бұл тізімде үнемі алдыңғы қатарда келеді. Қазақстан әлемдік рейтингте орта деңгейде орналасқанымен, Орталық Азия елдері арасында көшбасшы саналады.
Сарапшылардың айтуынша, білім мен денсаулық көрсеткіштері бойынша Қазақстан әйелдеріне қатысты жағдай біршама жақсы. Әйелдердің сауаты жоғары, жоғары білім алуға толық мүмкіндік бар. Алайда саяси шешім қабылдау мен ірі экономикалық секторларда өкілдік мәселесі әлі де өзекті.
Ұлттық комиссияның ұйытқы болуымен
Елімізде Президент жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссия жұмыс істейді. Атап айтқанда, Ұлттық комиссия сарапшылары заң шығару процесіне белсенді түрде атсалысады. Олардың қатысуымен отбасылық-тұрмыстық құқықтар мен бостандықтарды және балаларды қорғауды қамтамасыз ететін 50-ден астам заңнамалық акт әзірленді. Сондай-ақ Ұлттық комиссияның сараптамалық топтары өңірлерді аралайды. 2024 жылы 2 мың әйел, оның ішінде 134 көпбалалы отбасы қамтылды. Жергілікті жерде мәселелерге кешенді талдау жасалып, өңірлік ерекшеліктер назарға алынып, шешімдер шығарылды. TechnoWomen ұйымы мен халықаралық Astana Hub технопаркі серіктесіп, екінші жыл қатарынан жұмыссыз әйелдер мен декреттегі аналардың цифрлық біліктілігін арттыруға арналған IT-Aiel жобасын іске асырды. Оқыту бағдарламасынан өткен алғашқы түлектердің табысы 45 пайызға өсті. Сондай-ақ Ұлттық комиссияның тұрақты назарында репродуктивті денсаулықты қорғау, әйелдер кәсіпкерлігін дамыту және ауылдақ жерлердегі әйелдерді қолдау мәселелері бар.
Осылайша, Қазақстан гендерлік теңдікті нығайту және әйелдерге қатысты кемсітушілікті жою саясатын жүйелі түрде жалғастыруда. Құқықтық және институционалдық база нығайтылып, әйелдердің физикалық, интеллектуалдық және рухани-адамгершілік дамуына қажетті жағдайлар жасалып келеді.
Түйін: Қалай десек те, Қазақстандағы әйелдер қоғамның әрбір саласында маңызды рөл атқаруда. Олар тек отбасының тірегі ғана емес, экономика мен кәсіпкерлікті дамытуда, цифрлы коммуникацияны тиімді басқаруда және психологиялық тұрақтылықты сақтауда да шешуші рөлге ие. Әйелдер өз қызметін тек жеке өмірімен шектемей, қоғамды дамытуға, теңдік пен инновацияға, әлеуметтік прогреске үлес қосуда. Біз жоғарыда келтірген «шыны жартастар» мен «шыны төбелер» елімізде болмас деп сенеміз.