Қызылорда қаласындағы ойын-сауық паркінде 19 жастағы жігіт ауыр жарақат алды. Әлеуметтік желіде тараған видеода жас жігіттің аяғы аттракционның астында қалып қойғаны көрінеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға "Арай" паркінде болғаны айтылып жатыр. Куәгерлердің сөзінше, аттракцион дөңгелегі жігіттің аяғын басып кеткен. Зардап шегуші қатты ауырсынған, кейін оның жағдайы ауыр екені хабарланды. Желі қолданушылары жас жігітке көмектесу үшін қан тапсыруға шақырды.
Қызылорда облыстық полиция департаменті аталған дерек бойынша қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді. Іс еңбекті қорғау ережелерін бұзу салдарынан абайсызда денсаулыққа ауыр зиян келтіру бабымен тергеліп жатыр.
Полицияның хабарлауынша, қазір оқиғаның барлық мән-жайын анықтау үшін тергеу әрекеттері жүргізіліп жатыр. Қылмыстық іс бойынша заңға сәйкес процессуалдық шешім қабылданады.
Тергеу барысы Қызылорда облыстық полиция департаментінің бақылауында.