"Менің атым Айнұр болған": Шетелдіктер асырап алған қыз Оралдан туған ата-анасын іздеп жүр

/
"Менің атым Айнұр болған": Шетелдіктер асырап алған қыз Оралдан туған ата-анасын іздеп жүр
ашық дереккөзден

Әлеуметтік желіде бала кезінде шетелдік отбасы асырап алған қазақстандық қыздың оқиғасы көпшіліктің назарын аударды. Криста есімді бойжеткен арада ұзақ жыл өткен соң өзінің биологиялық ата-анасын іздеуге кіріскен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Ол көмек сұраған жазбасын Facebook желісіндегі Kazakhstan Adoption қауымдастығына жариялаған. Қыздың айтуынша, ол 2003 жылы Қазақстанда дүниеге келген, ал 2004 жылы Орал қаласынан шетелдік отбасы асырап алған.

Криста өзінің туған кездегі аты-жөні Ғабдрахманова Айнұр Ниязбекқызы болғанын жазды. Сондай-ақ ол биологиялық анасының есімі Нұргүл екенін білетінін айтты.

"Сәлем! Менің есімім Криста. Мені 2004 жылы Қазақстанның Орал қаласынан асырап алған. 2003 жылы туғанмын. Туған кезде маған Ғабдрахманова Айнұр Ниязбекқызы деген есім берілген. Биологиялық анамның есімі Нұргүл екенін білемін. Ата-анам туралы қандай да бір ақпарат білетін адамдар болса, өте риза болар едім", – деп жазды ол.

Кристаның жазбасы желі қолданушылары арасында қызу талқыланды. Көпшілік оған қолдау білдіріп, іздеу жұмыстарына көмектесуге тырысқан. Кейбір қолданушылар тегі құжатта қате жазылуы мүмкін екенін айтып, ұқсас аты-жөні бар адамдарды іздеуді ұсынды.

Пікір қалдырғандар Кристаға сәттілік тілеп, оның туған анасын табатынына үміт білдірді.

Әзірге Криста биологиялық туыстарын таба алды ма, жоқ па – белгісіз. Дегенмен ол анасын немесе оның отбасы туралы ақпарат білетін адамдар табылар деген үмітін үзбей отыр.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар