Қостанай облысында атасы мен 6 жасар немересі өзенге батып кетті

/
Қостанай облысында атасы мен 6 жасар немересі өзенге батып кетті
видеодан скриншот

Қостанай облысында Тобыл өзенінде жоғалып кеткен алты жасар бала мен оның атасын іздеу жұмыстары екінші күн қатарынан жалғасып жатыр. Алдын ала мәліметке сүйенсек, баланы қатты ағыс алып кеткен. Немересін құтқаруға ұмтылған атасы да суға батып, жоғалып кеткен, деп хабарлайды turkystan.kz.

Қайғылы оқиға Қостанай облысындағы Алтын дала ауылы маңында болған. Отбасы өзен жағасында демалып жүрген кезде су жиегінде ойнап жүрген бала қатты ағысқа түсіп қалған. Мұны көрген атасы бірден көмекке ұмтылған. Алайда өзеннің ағысы тым қатты болғандықтан, екеуін де су алып кеткен.

Оқиға орнына Қостанай облыстық төтенше жағдайлар департаментінің қызметкерлері, полиция, жедел жәрдем бригадасы және жергілікті атқарушы орган өкілдері жұмылдырылды. Іздестіру-құтқару жұмыстарына 40-қа жуық адам, 13 техника, екі жүзу құралы және бір ұшқышсыз ұшу аппараты тартылған.

Құтқарушылар тұрғындарға су айдындарында қауіпсіздік ережелерін қатаң сақтауды ескертті. Іздестіру жұмыстарына қатысып жатқан еріктілер де бөгде адамдардан оқиға орнына келмеуді сұрап отыр. Олардың айтуынша, өзендегі ағыс өте қатты, сондықтан қайықпен өз бетінше суға шығу қауіпті.

Айта кетейік, қайғылы жағдай болған жерде шомылуға тыйым салынған.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар