Әнші Ариана Гранде әнін рұқсатсыз пайдаланғаны үшін Ақ үйді сынға алды. АҚШ әкімшілігі мигранттарды ұстау туралы TikTok видеосында әншінің “Вye” әнін қолданған, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Видео ICE қызметінің рейдтерін көрсету үшін жарияланған. Жазбада Ақ үй: «Bye-bye 👋 Президент Трамп тарихтағы ең қауіпсіз шекараны қамтамасыз етті» деп жазған.
Бұған жауап ретінде Ariana Grande: «Музыкамды мұндай қатыгез, адамгершілікке жатпайтын дүниелерге ешқашан қолданбаңыздар» деп жазды.
Көп ұзамай әншінің пікірі өшірілгенімен, ол скриншоттарды әлеуметтік желіде бөлісіп, наразылығын ашық білдірді. Кейін әншінің командасы TikTok-тағы видеодан аудионы алып тастаған. Қазір ролик платформада дыбыссыз тұр.
Әлеуметтік желі қолданушылары Ақ үйдің бұл әрекетін сынға алып, әкімшіліктің әлеуметтік желідегі стратегиясын мазақ ете бастады.
Айта кетейік, бұған дейін Ақ үйдің Taylor Swift, Miley Cyrus, Kesha және Sabrina Carpenter әндерін де рұқсатсыз қолданғаны үшін сынға ұшырағаны хабарланған.