Бүгінде қазақ ғылымының көкжиегі кеңейіп, мазмұны тереңдеп келеді. Сол зияткерлік кеңістіктің еңсесін тіктеп, мазмұнын байытуға әйелдердің қосқан үлесі зор. Олар тек білім беру мен зерттеу ісіне қатысып қана қоймай, елдің ғылыми әлеуетін қалыптастыруда шешуші рөл атқарып отыр.
Елімізде магистр, PhD докторы, бейіні бойынша доктор, ғылым кандидаты немесе ғылым докторы ғылыми дәрежесіне ие 120 896 адам болса, соның 62 433-і – әйелдер. Яғни, ғылыми дәрежелі мамандардың 51,6 пайыз. Бұл – кездейсоқ көрсеткіш емес, жылдар бойғы табандылық пен ізденістің нәтижесі.
Жоғары білім беру жүйесінде де әйелдер жетекші орындарға нық орныққан. Профессор-оқытушылар құрамының 65,7 пайызы – әйелдер. Олардың арасында магистрлердің 72,5 пайызы, философия докторларының (PhD) 62,8 пайызы, бейіні бойынша докторлардың 46,9 пайызы, ғылым докторларының 49,4 пайызы және ғылым кандидаттарының 65,1 пайызы – әйел ғалымдар. Бұл деректер олардың кәсіби біліктілігі мен ғылыми кемелдігін айқын аңғартады.
Қазақстанда ғылыми-зерттеу жұмыстарымен айналысатын 12 893 әйел бар. Бұл – барлық ғылыми қызметкерлердің 56 пайызы. Жалпы, зерттеушілер арасындағы әйелдердің үлесі 55,7 пайызға жетіп отыр. Олар іргелі зерттеулерден бастап, қолданбалы және пәнаралық жобаларға дейінгі сан алуан бағытта табысты еңбек етуде.
Ғылыми салалар бойынша алғанда, жаратылыстану ғылымдарында 3 625 әйел (28 пайыз) еңбек етеді. Инженерлік әзірлемелер мен технологиялар саласында – 2 625 әйел (20 пайыз), ал гуманитарлық ғылымдарда – 2 471 зерттеуші (19 пайыз) өз үлесін қосып жүр. Әсіресе, гуманитарлық (66%) және әлеуметтік ғылымдарда (65%) әйелдердің басымдығы айқын сезіледі.
Ғылыми біліктілік деңгейіне назар аударсақ, ең жоғары үлес ғылым кандидаты дәрежесінде – 60 пайыз. Бейіні бойынша доктор және магистр дәрежесінде – 58 пайыз, ал философия докторы (PhD) дәрежесінде – 54 пайыз. Медицина және гуманитарлық ғылымдар саласында ғылым кандидаты атанған әйелдердің үлесі 72 пайызды құрайды. Бұл – әйел ғалымдардың ғылыми ізденіске адалдығы мен кәсіби биігін дәлелдейтін айқын көрсеткіш.
Қазақ ғылымының бүгінгі жетістігі – тек сандардың жиынтығы емес, ол – зертханаларда өткен ұзақ түндер, архивтерде сарғайған парақтарды парақтаған табандылық, аудиторияда білім нәрін сепкен ұстаздық еңбек. Әрбір ғылыми жаңалықтың, әрбір зерттеу нәтижесінің артында қажыр-қайраты мен парасаты тоғысқан әйел ғалымдардың маңдай тері тұр. Олардың жанқиярлық еңбегі, ғылыми ізденіске адалдығы, білім мен инновацияны дамытуға және жас зерттеушілер буынын тәрбиелеуге қосқан өлшеусіз үлесі – ел болашағының берік кепілі.