Татулықтың өзегі

/
Татулықтың өзегі

Әлемде тек бір ұлт қана мекендейтін ел жоқтың қасы, бар болса да өте сирек. Сондықтан әр мемлекет үшін ұлттар арасындағы түсіністік пен өзара татулық, бір-бірінің мәдениетін құрметтеу аса маңызды.

Қазақстандағы ұлтаралық келісім – бұл мемлекетіміздің ішкі тұрақтылығының негізгі діңгегі. Бұл жай ғана ұран емес, еліміздің тарихы мен бүгінгі саясатының ажырамас бөлігі. Өйткені Қазақстанның басты ұстанымы – этностарды бір-біріне қарсы қою емес, олардың ерекшеліктерін сақтай отырып, ортақ мемлекеттік мүддеге біріктіру. Бұл орайда, Қазақстан тәуелсіз ел атанғаннан бері қол жеткізген табыс көп. 
Біз әртүрлілікті бір арнаға тоғыстырған елміз. Оның басты қозғаушы күші мемлекеттік тіл болып отыр. Қазақ тілі – мемлекеттік тіл ретінде біріктіруші фактор, сонымен қатар басқа этностардың ана тілдерін дамытуға жағдай жасалған. Еліміздегі түрлі ұлт өкілдері арасында өз ана тілдерімен бірге мемлекеттік тілді меңгеруге деген талпыныс жоғары. Оны түрлі БАҚ-тардан және интернет кеңістігінен көріп жүрміз. Өзге ұлт өкілдерінің өз ойын мемлекеттік тілде білдіруі, сондай-ақ таза қазақ тілінде сұхбат беруі қазір көз үйренген құбылысқа айналды. 
Тарихи тұрғыдан қарағанда, Қазақстандағы ұлтаралық келісімнің тамыры тереңде жатыр. Қазақ халқы қиын-қыстау замандарда (жер аудару, депортация, тың игеру жылдарында) елімізге келген түрлі ұлт өкілдерін жатсынбай, бауырына басты. Бұл – бүгінгі достықтың моральдық негізі. 
Өз кезегінде Қазақстанға тағдыр айдап келген түрлі ұлт өкілдері қазақ әдебиеті мен мәдениеті, ғылымы мен спортын дамыту жолында аянбай тер төгіп, үлкен жетістіктерге жетті. Айталық, елімізге белгілі қаламгер, аудармашы Герольд Бельгер қазақ тілін ана тіліндей меңгеріп, қазақтың атақты қаламгерлерінің шығармаларын шебер аударып, неміс халқына жақсы танытты.
Кәріс ұлтының өкілі, Қазақстанның Еңбек Ері, әлемдік деңгейдегі кардиохирург – Юрий Пя Қазақстанда алғаш рет жүрек ауыстыру отасын жасаған мамандардың бірі. 
Қазақстан күрдтерінен шыққан танымал ғалымдардың бірі, академик, химия ғылымдарының докторы Надир Надиров (1932-2021) еді. Ол еліміздің химия ғылымына зор еңбек сіңіріп, бұл саланың дамуына зор ықпал етті.
Міне, мұның бәрі қазақ елінде кеңестік кезеңнен бері өзге ұлт өкілдерінің өсіп-өркендеуіне, түрлі салада табысқа жетуіне жол ашылғанының көрінісі. 
Саяси тұрақтылық    – этносаралық қақтығыстарға жол бермеу және заң алдындағы теңдік. Бұл жөнінен қазақ елі әлемге үлгі көрсете алатын ел деуге болады. Сондықтан Қазақстанда туып-өсіп, білім алып, жетілген түрлі ұлт өкілдерінің арасынан шыққан, үлкен жетістіктерге жеткен тұлғалардың бәрі «Мен – Қазақстан азаматымын» деген сөзді мақтанышпен айтады. Соған орай, шетелдерде өтіп жататын түрлі байқаулар мен жарыстарда оза шауып, олжа салып жатқан түлғалардың бәрін «қазақтар» деп тану, таныстыру дәстүрге айналған. Сайып келгенде, мұның бәрі еліміздегі жоғары мәдени диалогтың берік орнығуының арқасы, түрлі конфессиялар мен этностар арасындағы тұрақты әрі бір-бірін құрметтеуге қол жеткізудің көрінісі.
Қазақстанда тұратын өзге ұлт өкілдері өздерінің тарихи тамырын біле тұра қазақ халқына және оның мәдениетіне үлкен құрметпен қарайды. Олар ата-бабаларының қазақ жеріне тұрақты орнығып, еш кедергісіз сіңісуіне ықпал еткен қазақтарға деген ықыласын жыл сайын Наурыз айының 1-і – «Алғыс айту» күнінде білдіріп, алғыс жаудырып жатады.
Бұл – құқықтық-демократиялық қоғам орнатқан қазақ елінің зор жетістігі.

А. ЖҰМАҒАЛИҰЛЫ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары