Осы айда теңге бірнеше күн қатарынан нығайды. Бейсенбі күні теңгеге шаққандағы доллар құны 490 теңгеге дейін түсті. Бұған не әсер етті? Қандай болжамдар бар?
Қазақстан қаржыгерлері қауымдастығы теңгенің нығаюын, ең алдымен, бір реттік валюта конвертацияларымен байланыстырады. Салық кезеңі қарсаңында компаниялар шетел валютасын теңгеге алдын ала айырбастаған. Сауда көлемінің өсуі бұл болжамды растайды: бір күндегі айналым 430 млн долларға жетіп, 65,5 млн долларға өскен. Ақпанның аяғында рента салығы, жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері, корпоративтік табыс салығы, пайдалы қазбаларды өндіру салығы және қосылған құн салығы секілді көптеген салық төленеді. Мұндай кезеңде теңгеге сұраныс уақытша артады.
– Мұны, атап айтқанда, сауда көлемінің млн долларға дейін ұлғаюынан байқауға болады. Айта кетейік, ақпан айында 2025 жылдың төртінші тоқсаны үшін бірқатар маңызды салық төленеді, – деп мәлімдеді қауымдастық.
Екінші фактор – экспорттаушылардың валютадағы түсімін сатуы. Компаниялар шығындарын жабу үшін нарыққа доллар ұсынып отыр.
Үшінші фактор – мемлекеттік бағалы қағаздарға шетел капиталының келуі. Қаңтарда резидент еместердің МБҚ-ға салған инвестициясы 171 млрд теңгеге өсіп, 2,1 трлн теңгеге жетті. Нарықтағы үлесі 6,2%-дан 6,7%-ға дейін ұлғайған.
Ал Freedom Broker сарапшылары салық кезеңі әлі толық басталмағанын алға тартып, алдағы күндері доллар бағамы 490 теңгеден де түсуі мүмкін екенін айтады. Алайда негізгі дәліз 490-500 теңге аралығында болуы ықтимал.
Дегенмен ұзақ мерзімге жасалған болжамдар бұл үрдіс ұзаққа созылмайтынын меңзейді. Қаңтар ортасындағы ҚҚҚ сауалнамасында ақпанда бағам 516,5 теңге деңгейінде болатыны айтылған, ал жылдық болжам – 549,1 теңге. Halyk Finance 2026 жылдың соңына қарай теңге 580-590 теңгеге дейін әлсіреуі мүмкін деген сценарийді қарастырады.
Салтанат Игенбекова,
Halyk Finance сарапшысы:
– Қаңтарда Ұлттық Банктің биржада 1 039 млн долларға валюта сатты. Желтоқсанда бұл көрсеткіш 1 329 млн доллар болған еді. Оның ішінде Ұлттық қордан 350 млн доллар сатылды, бұл 350-450 млн доллар көлеміндегі жоспар аясында және республикалық бюджетке трансферт бөлуге мүмкіндік берді. Жалпы алғанда, Ұлттық қордан сатылған валюта көлемі соңғы бір жылдағы ең төмен деңгейге түсті. Дегенмен оның саудадағы үлесі өткен айдағы 5,1 пайыздан 6 пайызға дейін артты. Ұлттық Банк ішкі нарықта алтын сатып алу саясатын жалғастырды. Бұл – экономикадағы артық теңге өтімділігін «залалсыздандыру» құралы. Қаңтарда 350 млрд теңгеге (орташа айлық бағам 507,64-пен есептегенде, 689 млн доллар) алтын сатып алынды. Бұл желтоқсандағы 475 млрд теңгеден (929 млн доллар) едәуір аз. Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының инвестициялық портфеліне шетел валютасы сатып алынған жоқ. Квазимемлекеттік сектор субъектілеріне міндеттелген валютадағы түсімнің 50 пайызын сату нормасы аясында 206 млн доллар өткізілді (желтоқсанда – 315 млн доллар). Валюта интервенциялары жүргізілген жоқ. Қаңтарда мемлекеттік бағалы қағаздардағы бейрезиденттер портфелі 176 млрд теңгеге ұлғайды. Бұл желтоқсандағы 131 млрд теңгеден көп. Осылайша, қаңтарда Ұлттық Банк пен квазимемлекеттік сектор тарапынан валюта ұсынысының жиынтық көлемі қысқарды. Теңгеге қолдау көрсеткен факторлар – бейрезиденттер капиталының ағыны, экспорттаушылардың валюталық сатылымдары және АҚШ доллары индексінің әлсіреуі.
Ақпанда Ұлттық қордан 350-450 млн доллар көлемінде валюта сату жоспарланған. 2026 жылы Ұлттық қордан бөлінетін трансферттер көлемі 2,77 трлн теңгеге дейін қысқарады (2025 жылы – 5,25 трлн теңге). Соның нәтижесінде ай сайынғы валюта сатылымы 2025 жылғы орташа 686 млн доллардан 2026 жылы шамамен 370-387 млн долларға дейін азаюы мүмкін. Бұл валюта ұсынысын төмендетіп, теңгеге қысым түсіру ықтимал. Ақпанда алтын сату механизмі шеңберінде 350 млрд теңге шетел валютасын сату көзделіп отыр. Бұл да 2025 жылғы деңгейден төмен. Квазимемлекеттік сектордың валютадағы табысының жартысын сату талабы сақталады. БЖЗҚ-ға валюта сатып алу жоспарланбаған. Нәтижесінде, ақпанда Ұлттық Банктің таза валюта сатылымы шамамен 1 043 млн доллар болады деп күтіледі. Бұл көрсеткішке Ұлттық қордан сатылатын валюта мен алтын сатудан түскен қаражат кіреді.
Егер ішкі және сыртқы жағдай күрт өзгермесе, сондай-ақ бағам динамикасына кері әсер ететін факторлар туындамаса, ақпанда доллар бағамы қаңтардағыдай деңгейде сақталады деген болжам бар. Жалпы алғанда, жыл соңына қарай доллар бағамы 580-590 теңге аралығында қалыптасуы мүмкін. Алтын сату механизмі аясындағы операциялардың азаюы мен Ұлттық қордан валюта сатудың азаюы Ұлттық Банк тарапынан ұсынысты төмендетеді. Сонымен қатар сыртқы саудадағы теңгерімсіздік те ұлттық валютаға қысым түсіреді. Бұл факторлардың жиынтығы теңге бағамына жыл бойы салмақ салуы ықтимал. Сонымен қатар қатаң ақша-кредит саясаты теңгеге белгілі бір дәрежеде қолдау көрсетеді.
Осылайша, салық науқаны аяқталып, экспорт азайса, теңге бағамы қайта құбылуы мүмкін. Ұлттық валютаның ұзақ мерзімдегі көрсеткіштері сыртқы нарықтағы ахуалға, мұнай бағасына және ішкі фискалдық тәртіпке тәуелді болып қала береді.