Фриланс философиясы

/
Фриланс философиясы
сурет: istockphoto.com

XXI ғасыр еңбек нарығының түбегейлі өзгерістер кезеңі болып отыр. Дәстүрлі «офисте тұрақты жұмыс» моделі біртіндеп кеңістіктен шығып, оның орнына еркін жұмыс істейтін, тәуелсіз мамандар – фрилансерлер белсенді болып келеді. Қазіргі еңбек нарығында жиі қолданылатын «фрилансер» ұғымының тарихы тереңде жатыр. Энциклопедиялық деректерге сүйенсек, бұл термин алғаш рет әлемге әйгілі жазушы Вальтер Скоттың «Айвенго» романында қолданылған. Шығармада орта ғасырлардағы жалдамалы жауынгерлер «фрилансерлер» деп аталған. Уақыт өте келе бұл ұғымның мағынасы өзгеріп, бүгінгі күнде мүлде басқа сипатқа ие болды. Ол қандай сипат? 

Қазіргі еңбек нарығы жұмыс іздеушілерге еңбек етудің түрлі жолдарын, небір шарт­та­рын ұсынады. «Фриланс» деген ұғым штаттан тыс жұмыс істеу деген мағынаны білдіреді. Фри­лансер бір уақытта бірнеше жобамен ай­налысып, бірнеше компаниямен жұмыс іс­теуі мүмкін. Кейбір адамдар үшін фриланс бо­лып жұмыс істеу мүмкіндігі еркіндікпен тең ұғым. Мәселен, таң бозынан оянбайсың, кең­сеге асықпайсың, жұмысыңды бақылап оты­ратын бастығың жоқ, автобусқа отырып, кеп­телісте тұрмайсың – себебі фриланс үйде отырып немесе қашықтан жұмыс істейді.
Дәстүрлі жұмыс орындарының пара­диг­ма­сы COVID-19 пандемиясының арқасында сей­смикалық өзгерістерге ұшырады. Нә­ти­жесінде, қашықтан жұмыс істеу басым тренд ретінде пайда болды. 2023 жылы 12,7 пайыз қызметкерлер толық күн үйде еңбек етсе, ал 28,2 пайызы гибридті модельде жұмыс істе­ген. Қашықтан еңбек етудің тұрақты өсуіне қарамастан, жұмыс күшінің көпшілігі (59,1 пайыз) әлі де кеңседе қызмет атқарады. Бұл қа­шықтан атқаратын жұмыс күшінің кө­бей­генімен, кеңседегі дәстүрлі жұмыс ескір­мей­тінін көрсетеді. Дегенмен келер шаққа бол­жам жасасақ, қашықтан жұмыс істеу артады. Мә­селен, 2023 жылы IT-мамандары қашық­тан жұмыс істеушілердің алдыңғы легінде болған. Дегенмен басқа салалар да артта қал­ған жоқ. Маркетинг, бухгалтерлік есеп жә­не қаржы және жобаларды басқару ма­ман­дары жұмыс үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін цифрлық құралдар мен плат­фор­ма­лар­ды пайдалана отырып қашықтан жұмыс іс­теуді қабылдады. Медицина және денсаулық сақ­тау саласы, ең алдымен, телемедициналық қызметтердің өсуіне және денсаулық сақтау жазбаларын цифрландыруға байланысты қа­шықтан жұмысқа ауысуды жөн көрді. Тіп­ті дәстүрлі түрде қызметін нақты кеңселерде ат­қаратын HR, рекрутинг және тұтынушы­лар­ға қызмет көрсету орындары қашықтан жұмыс істеудің артықшылықтарын сезініп ке­леді. Виртуалды әлем  бұл салаларға ор­на­ласқан жеріне қарамастан тиімді жұмыс іс­теуге мүмкіндік берді. 

Қазақстандағы фриланс нарығы

Қазақстан 2026 жылды жаңартылған Са­лық кодексімен қарсы алды. 2025 жылдың жазында қабылданған жаңа құжаттың басты мақсаты – бизнес үшін салықты барынша қара­пайым, түсінікті және болжамды ету. Жаңа Салық кодексіне сәйкес, бұрынғы көп­нұсқалы жүйенің орнына үш негізгі арнайы са­лық режимі (АСР) ғана сақталады: өзін-өзі жұмыспен қамтығандарға, жеңілдетілген дек­ларация бойынша, сосын  шаруа қожа­лық­тарына арналған АСР. Бұл өзгеріс салық жүйесін жүйелеуге және кәсіпкерлер үшін таң­дауды жеңілдетуге бағытталған.  Фриланс на­рығы үшін ең маңызды мәселе – жеңіл­детіл­ген декларация бойынша арнайы салық ре­жимінің сақталуы. Себебі Қазақстандағы шағын бизнес пен фрилансерлердің елеулі бөлігі дәл осы режимде жұмыс істеп келеді. 
Қазақстанда фрилансерлер саны да өсіп ке­леді. Ел ішінде фрилансердің орташа саны 255,8 мың адамды құрады, әрі олардың ба­сым бөлігі білім беру мен сауда саласында ең­бек етеді. 2021 жылы 1 миллионнан астам адам фрилансер ретінде еңбек еткен және олар­дың 78 пайызы фриланспен тұрақты жұм­ысты бірге жүргізген. Орташа айлық та­быс шамамен 124 мың теңге, медианалық та­быс 65 мың теңге деңгейінде болды. Елі­мізде IT фрилансерлер кейінгі жылдары ай­тарлықтай табыс тапты – 1 350 маман 10 млн АҚШ долларына жуық табыс әкелген. 
Осы саланы зерттеу барысында Қазақ­стан Республикасы Еңбек және халықты әлеу­­меттік қорғау министрлігіне қарасты «Еңбек ресурстарын дамыту орталығы» (ЕРДО) акционерлік қоғамының 2021 жыл­ғы сараптамасын шолып шыққан едік. Бұл ұйым – әлеуметтік-еңбек саласындағы тал­дамалық және IT орталығы. Онда пандемия­дан кейінгі кезде елімізде қандай өзгерістер болуы мүмкіндігі қамтылған екен.  
Мысалы, бүкіл әлем бойынша бес қыз­мет­кердің бірі 2020 жылы үйде жұмыс іс­теуге мәжбүр болды, ал ЕО елдерінде қыз­мет­керлердің 33-40 пайызы тележұмысқа көш­кен. Пандемия аяқталғаннан кейін дамыған елдердегі жұмысшылардың 20-25 пайызы (Франция, Германия, Жапония, Испа­ния, Ұлыбритания және АҚШ) және даму­шы елдердегі 10 пайызы (Қытай мен Үндістан) үйде аптасына 3-тен 5 күнге дейін жұ­мыс істей бастаған. Біздің аймақ туралы ай­татын болсақ, BCG талдауына сәйкес, сан­дық және білімге негізделген секторларда қашықтан жұмыс істейтін жұмысшылардың үлесі Қазақстанда пандемияға дейін 41 пайыз­ды құраса, ал COVID-19 кезінде бұл көр­сеткіш 50 пайызға дейін өскен екен.  
Ресми статистика деректері бойынша 2021 жылдың 1 тоқсанында 73,7 мың адам не­месе жұмыспен қамтылған халықтың 0,8 пайызы ресми түрде жұмыс орнынан тыс жерде жұмыс істеген, олардың 86 пайызы жеке коммуникация құралдарын қолданған екен. Оның 70 пайызы әйелдер болса, 69 пайы­зы қала тұрғындары. Сараптамалық бағалауға сәйкес Қазақстанда 2,2 млн жуық жұ­мыспен қамтылғандар немесе білім беру (саладағы қызметкерлердің 80 пайызына дейін), қаржы және сақтандыру (62 пайыз), мемлекеттік басқару (58 пайыз), кәсіби және ғылыми қызмет (50 пайыз), сондай-ақ ақ­па­рат және байланыс (45 пайыз) сияқты сала­лар­да әрбір төртінші қызметкер қашықтан жұмыс істей алады. 
Былтыр Қазақстанда қашықтан жұмыс іс­тейтін мамандарға сұраныс артқан. hh.kz платформасының мәліметінше, қашықтан жұмысқа арналған вакансиялар арасында ең көп сұранысқа ие мамандықтар – сату менеджері, бағдарламашы, мұғалім, SMM-менеджер және дизайнерлер. Бұл мамандарға ұсынылатын айлық мөлшері 146 мың теңге­ден басталып 501 мың теңгеге дейін.
Кейінгі бір жылда еңбек нарығында бұл мамандықтардың сұранысы айтарлықтай өсім көрсетсе, кейбіреулері керісінше тө­мен­деді. Мысалы, сатушы-кеңесші, сатушы-кас­сирлерге сұраныс 60,5 пайыз артқан. Сол сияқ­ты мейрамхана қызметкерлерін іздеген­дер көбейген – 295 пайыз, ал аспаздар, нау­бай­шы мен кондитерлер үшін бос жұмыс орындары былтырмен салыстырғанда 359 пайыз өскен. Әкімші вакансиясына 169,7 пайыз, дәрігерлерге арналған бос жұмыс ор­ны 72,4 пайыз артқан. Алайда кейбір ма­мандықтарға сұраныс өткен жылмен са­лыс­тырғанда төмендеген. Мысалы, жеткізу­ші­лерге арналған бос жұмыс орындар 49,9 пайыз, педагогтер үшін 41,3 пайыз, SMM жә­не контент-менеджерлерді іздегендер 32,8 пайыз азайған. Ал менеджерлер мен жүр­гізу­шілерге сұраныс 14,4 пайыз және 10 пайыз төмендеген.
Қазір Қазақстанда 9 миллионнан астам ең­бекке қабілетті халық бар. Соның ша­ма­мен 80 пайызы жалдамалы жұмыс істейді, ал 24 пайызға жуығы өзін-өзі жұмыспен қам­тығандар. Мамандар гибридті және қа­шықтан жұмыс форматтарын жиі таңдай бас­тады, әрі бұл үрдіс алдағы жылдары одан әрі арта түседі деп болжанып отыр.

Фрилансерлер саны артпақ

Фрилансерлер клиенттерін және биз­нес-әріптестерін өздері таңдайды. Осы­ған байланысты оларды жиі one-man firm, яғни «бір адамдық компания» деп те атай­­ды. Мұндай мамандар үшін еркіндік пен икем­ділік маңызды рөл атқарады. Олар қан­дай да бір мекемемен ұзақмерзімді келі­сім­шартқа отырмай-ақ, белгілі бір жұмыс кө­ле­міне қарай қызмет көрсете береді.
Бүгінде фрилансерлерді түрлі са­ла­лар­дан кездестіруге болады. Олар психо­ло­гия, заң, бизнес, маркетинг, риэлторлық қыз­мет, өнер, журналистика, дизайн, тіпті дая­шы қызметі секілді бағыттарда да еңбек етіп жүр. Мамандардың пікірінше, фри­лан­серлермен жұмыс істеу кәсіпкерлер үшін де тиім­ді. Себебі жұмыс беруші тұрақты қыз­мет­­­­керге қатысты әлеуметтік және құқықтық жауапкершілікті өз мойнына алмайды әрі уа­қытқа емес, атқарылған жұмыстың сапа­сына қарай ақы төлейді.
2025 жылы әлем бойынша фрилансерлер са­ны шамамен 1,57 миллиард адамға жетті, бұл жалпы жұмыс істейтін халықтың ша­ма­мен 46-47 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш әлем­дегі еңбек нарығының жартысына жуық бө­лігінің «еркін еңбек» форматын таң­да­ға­нын көрсетеді. АҚШ-та фрилансерлер саны 76,4 миллион адамды құрап, елдегі еңбек кү­­­шінің маңызды бөлігін алып отыр. Үн­ді­стан мен Бразилияда да үлкен фрилансер қауым­дастығы қалыптасқан. Демографиялық талдау көрсеткендей, фрилансерлердің ба­сым бөлігі – 35 жасқа дейінгі жастар. Бұл жас­тардың икемділікке және кәсіби тәуел­сіз­дікке жоғары баға беретініне дәлел. Фри­лансерлер экономикаға елеулі үлес қосады. Мы­салы: 2024 жылы фрилансерлердің ортақ табысы әлем бойынша $1,5 трлн шамасында болды, бұл олардың экономикалық әсерінің айтарлықтай екенін көрсетеді.  
Жаһандық компаниялардың 40 пайызы жұ­мыстағы фрилансерлер санын арттыруды, ал компаниялардың 25 пайызы қыз­мет­кер­лердің 30 пайызына дейін фрилансерлермен алмастыруды жоспарлап отыр. 
Бүгінде Dice, Fiverr, Freelancer, Pchel, Hire­My­Mom және Mediabistro сияқты фрилансер­лерге арналған американдық және ресейлік интернет-ресурстар бар. Олардың басты ар­­тық­шылықтарына сала немесе санат бойын­­ша мамандандыруды, бір қызметті сату емес, жобаны орындау үшін команда қа­­лыптастыруды, алдыңғы жұмыс­тар­ды қарау мүмкіндігін және фри­лан­серлерді қызмет көрсету сапасы бойынша саралауды жатқызуға болады. Қазақстанда, сондай-ақ Электрондық еңбек биржа­сын­да (enbek.kz) фрилан­сер­лер­ге арнап олардың табыс табу мүмкіндіктерін кеңейту үшін жұмыс іздеу сервисін іске қосу жоспарлануда. Сон­дық­тан қазірдің өзінде жұмыс берушілер қашықтан және кең­селік жұмыспен қамтуды үй­лес­тіре­тін жұмыс форматының «гиб­ридті» моделін енгізу туралы ойлана бас­тады. Жұмыс беру­ші­лер мұндай жұ­мыс форматының – әкім­шілік шы­ғын­дарды азайту – жалдау ақы­сын тө­леудің, элек­тр қуаты, кеңседегі ауыз суы, қа­ғаз, кеңсе тауар­лары үшін ақы төлеудің қа­жеті жоқ және т.б. сияқты пайдасын тү­­сін­ді. Жұмысшылар үшін де жақсы артықшы­лық­тар бар – жол­ға уақытты үнемдеу, түскі ас­қа, киім-кешекке шығындарды азайту және т.б. 

«Жалқау қыз» деген кімдер?

Адамдар бұрын жұмысты тек нәпақа табу көзі деп санады. Бүгінгі ұрпақ түсінігінде жұмыс тек табыс көзі ғана болмауы керек, өмі­ріңнің бір бөлігі болғандықтан, сүйікті ісің де болуы қажет деген ойда. Иә, қазіргі за­­­манда «екі қолыңа бір күрек» табылмаса жар­қын өмірдің ауылы алыс деген сөз. Жаңа киім, жақсы ас мәзірі, қызықты сапарлар, бас­пана мен көлік – барлығы жалақыңның кө­леміне байланысты. Дегенмен бүгінгі ұрпақтың көпшілігі таңнан кешке дейін кеңседе отырып, өмірінің біраз бөлігін төрт қабырға ішінде өткізуге бейілсіз. Олар екі қо­лына бірнеше «күректі» ұстаса да еркін гра­фикті жұмыс істеп, қалған уақытын өз­дерінің сүйікті істеріне арнағысы келетіні байқалады. Сонымен қатар жас ұрпақ кең­се­де отырса да жауапкершілігі мен ауырт­па­шы­лығы аз, жүйкеге салмақ салмайтын жұ­мыстарды таңдауға бейім. 
Кейінгі уақытта TikTok желісінде «жал­қау қыздың жұмысы»  (#lazygirljob) деп аталатын тренд танымал болып тұр. Бұл тренд адам­дарды мансап сатысымен кө­те­рілуді емес, стрессіз жұмыс іздеуге шақырады. Осын­дай хэштегпен біршама адамдар ноут­бук немесе компьютер алдында кофелерін ұрт­тап, еркін графиктегі жұмыстарын желіге жүк­теген. Сарапшылар егер 2010-2020 жыл­дар кеңседе немесе кәсіпте бастық болғысы келетіндердің онжылдығы болса, 2020-2030 жылдар анти-жұмыс онжылдығы болуы мүм­кін дегенді айтады. 2020 жылы ғаламдық пан­демия басталғаннан бері бұл үрдіс қатты бай­қалған. Бүкіл әлем бойынша мил­лион­да­ған адам бірнеше айдың ішінде еңбек ке­лі­сім­шарттарын өзгертіп, өздеріне лайықты кес­теде жұмыс істеуді қалаған. Яғни, жұ­мыс­тың адам өміріндегі рөлі басқаша сипат алды де­ген сөз. TikTok әлеуметтік желісінде #жал­қау­қызжұмысы хэштегімен жиналған көп­теген бейнеролик бар. Соңғысы платформада миллиондаған көрініске ие, бұл тұжырым­да­маның өскелең ұрпақ арасында танымал­ды­лығын көрсетеді. Мысалы #lazygirljob хэш­тегі өткен жылдың өзінде 12 миллионнан астам қаралым жинаған. Оның ішінде өзін «жал­қау қыздар» деп атайтын бейнелер жұ­мыстағы өмірдің қаншалықты оңай екені тура­лы баяндайды. Ол бейнелерде «Менің жұ­мысым – электрондық поштадағы хат­тар­ға жауап беріп, күніне 3-4 қоңырау шалу, үзі­ліс жасау және жақсы жалақы алу» деген се­кілді атаулар бар. Мұндай бейнелердің ас­­тындағы пікірлерде «жалқау қыздың жұ­мысын» қалай табуға болатыны туралы кеңес­тер сұрайтын адамдар көп. Мәселен, ағыл­шындық Габриэль есімді қыздың жүк­теген видеосында көп күш жұмсамай-ақ, жы­лына 60-80 мың доллар табуға болатынын ай­тады. Көптеген адам мұндай нәтижелерге қол жеткізу үшін көп уақыт пен күш қажет деп ойлайды, бірақ Габриэльдің айтуынша, мұн­дай кірісті ең аз жұмыс көлемімен қам­та­масыз ететін лауазымдар бар. «Бұл ақша та­бу­дың және өзіңізге ұнайтын сүйікті ісіңіз­ді жасауға уақыт табудың құралы» дейді ол. Бір қарағанда, қыздар өздерінен аз күш-қуат жұмсалатын жұмыс істегендерін мақ­тан тұта­ды, тіпті осы салада біраз тәжірибесі бар еке­нін айтады. «Мен өз жұмысымды жалқау қыз ретінде жақсы көремін. Маған адам­дар­мен сөйлесудің қажеті жоқ,  кеңсеге ап­тасына екі рет қана барамын.  Сөзбе-сөз сан­дарды те­ріңіз, кәмпит жеңіз, әріп­тес­теріңізбен сөй­ле­сіңіз және лайықты жа­л­ақы алыңыз», деп түсіндіреді TikTok қол­данушы­ларының бірі.
Бұл тенденцияның TikTok-та кең етек алғаны таңғаларлық емес, өйткені Z буыны «жұмысқа қарсы ұрпақ» ретінде бел­гілі. Статистика бойынша Ұлыбританияның Z ұрпақтарының 49 пайызы жұмыс олардың өмірінің маңызды бір бөлігі емес екенін мә­лім­деген. Мұның да себебі бар. Ұлыбри-танияда 1997 жылдан кейін туғандар үй бағасының рекордтық өсуін байқаған және эконо­ми­ка­лық дағдарыс кезеңін бастан кешіріп келеді. Яғни, бүгінгі жас ұрпақтың ойынша егер ат­қарған жұмысың өз үмітіңді ақтамайтын бол­са, жеке бас қажеттілік-теріңді өтемейтін болса кеңседе күн ұзақ отырып, өміріңнің көп бөлігін өткізу тиімсіз. Яғни, тынымсыз ең­бектен түк шықпайтын болса, олай еңбек­тенудің қажеті жоқ деп санап, «біз өз ден­сау­лығымыз бен бақыты-мызды мансап пай­да­сына айырбастамай-мыз», дегенді айтады.  

Түйін: 

Технологиялардың жылдам ілгерілеуі экономика үшін келешекті ашып қана қоймай, еңбек саласында жаңа сын-тегеуріндердің туындауына алып келді. Фрилансерлер қазіргі еңбек нарығының маңызды бөлігін құрайды. Олар экономиканың түрлі секторларында – IT, дизайн, маркетинг, білім беру және тағы басқа салаларда белсенді еңбек етеді. Дүниежүзілік статистика көрсеткендей, фрилансерлер еңбек нарығының жартысына жуық бөлігін алып отыр, ал олардың экономикалық үлесі күн сайын өсуде.  Осылайша, жақын болашақта 85 млн-нан астам жұмыс орны еңбек нарығынан ығыстырылуы мүмкін. Ал адамдар, машиналар мен алгоритмдер арасында еңбекті бөлуге неғұрлым бейімделген 97 млн жаңа жұмыс орны құрылатын болады. Сонымен қатар əәлемнің 8 ірі экономикасының соңғы зерттеуіне сәйкес, 2030 жылға қарай орта есеппен 100 миллион жұмысшы немесе шамамен әр 16-шы  адам қызмет түрін өзгертуге мәжбүр болады. Өз кезегінде, ЭЫДҰ бағалауына сәйкес, таяудағы 15-20 жылда қолданыстағы жұмыс орындарының 14 пайызы автоматтандыру нәтижесінде жоғалып кетуі мүмкін, ал тағы 32 пайызы жеке міндеттерді автоматтандыру шамасына қарай өзгеруі мүмкін. Ендеше, алдағы еңбек нарығында бәсекелестік көбейеді деген сөз. 

Наурызбек САРША

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары