Құрылтай депутаты Маңғыстау тұрғындарымен Жолдаудағы басымдықтарды талқылады

Құрылтай депутаты Маңғыстау тұрғындарымен Жолдаудағы басымдықтарды талқылады
Құрылтайдың баспасөз қызметі

Жаңаөзен қаласында Құрылтай депутаты Аббат Өрісбаев қалалық көпсалалы аурухананың медицина қызметкерлерімен кездесті. Жиынға Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияз да қатысты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Аурухана ұжымымен әңгіме барысында Аббат Өрісбаев Мемлекет басшысының «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауындағы негізгі реформаларға, онда белгіленген міндеттердің ел дамуындағы маңызына тоқталды. 

– Президент Жолдауы ел Тәуелсіздігінің 35 жылдығы қарсаңындағы ауқымды саяси реформалардың жалғасы болып саналады. Атап айтқанда, жаңа Конституцияның қабылдануы, бір палаталы Құрылтайдың сайлануы, Қазақстан Халық Кеңесінің жұмысын бастауы және Вице-президент институтының құрылуы ел басқару жүйесіндегі маңызды өзгерістердің бірі болып отыр, – деді депутат. 

Сонымен қатар Аббат Өрісбаев өңірде «Халықтық құрылыс» жобасы аясында жүзеге асырылатын медициналық инфрақұрылымды дамыту бастамаларына назар аударды. Жолдауда халықтың өмір сапасын жақсарту, медициналық қызметтің қолжетімділігін арттыру және әлеуметтік нысандарды жаңғырту мәселелері басым бағыттардың бірі ретінде айқындалғанын жеткізді.

Ал Денсаулық сақтау министрлігі Медициналық бақылау комитетінің төрайымы Лаурра Ахметнияз сала бойынша алдағы уақытта атқарылатын ауқымды жобаларға тоқталды. Ол медициналық инфрақұрылымды жаңғырту, ана мен бала денсаулығын қорғау және денсаулық сақтау саласына озық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстарды атап өтті.

Бұдан кейін Маңғыстау атом энергетикалық комбинатының (МАЭК) қызметкерлерімен кездесу өтті. Жиынға Қазақстан Халық Кеңесінің мүшелері Бекмұрат Жүсіпов пен Кирилл Осин, облыстық ақсақалдар кеңесінің төрағасы Оңайбек Әбділов қатысты.

Жиында елдің экономикалық дамуы, энергетикалық қауіпсіздік, көлік-логистика әлеуеті, әлеуметтік инфрақұрылымды жетілдіру және қоғамдық келісімді нығайту мәселелері талқыланды. Сондай-ақ Қазақстанның транзиттік мүмкіндіктерін арттыру, АЭС салу, Кендірлі әуежайының ашылуы және өңірдің туристік әлеуетін дамыту бағыттарына назар аударылды.

Кездесулер барысында қатысушылар өздерін толғандырған сұрақтарын қойып, ұсыныс-пікірлерін ортаға салды. Жұмыс тобының өкілдері Жолдауда белгіленген міндеттерді жүзеге асыру жолдарын жан-жақты түсіндірді. 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары