Паспорт индексі: Финляндия көш бастады

/
Паспорт индексі: Финляндия көш бастады

Қай елдің азаматтары ең бақытты өмір сүреді және олардың төлқұжаты қаншалықты еркін саяхаттауға мүмкіндік береді? Global Citizen Solutions халықаралық компаниясы 50 елді салыстырып, 2026 жылғы Happy Passports Index рейтингін жариялады. Бірінші орынға Финляндия шықты. Бұл туралы Euronews хабарлады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Зерттеушілер елдерді төрт көрсеткіш бойынша бағалаған: халықтың өмірге қанағаттану деңгейі, азаматтардың еркіндігі, паспорттың күші, сондай-ақ табыс, денсаулық пен қауіпсіздік. Әр елге 100 балдық жүйемен баға берілген.

Әлемдегі ең қуатты паспорты бар 10 ел:

  1. Финляндия – 93,2 балл
  2. Исландия – 92,4 балл
  3. Дания – 92,1 балл
  4. Норвегия – 89,3 балл
  5. Швейцария – 88,3 балл
  6. Швеция – 88,2 балл
  7. Нидерланд – 86,2 балл
  8. Жаңа Зеландия – 84,4 балл
  9. Аустрия – 83,8 балл
  10. Сингапур – 82,8 балл

Бір қызығы, зерттеуге алынған 50 елдің ішінде ең қуатты паспорт, ең жоғары табыс және дені сау өмір сүру ұзақтығының ең жақсы көрсеткіші Сингапурда тіркелген. Алайда ол жалпы рейтингте тек оныншы орынға тұрақтады. Себебі тұрғындардың өмірге қанағаттану деңгейі бойынша 23-орында, ал ел ішіндегі еркіндік көрсеткіші бойынша 30-орында тұр.

Ұлыбритания жалпы рейтингте 17-орынға ие болды. Паспорттың мүмкіндігі кең болғанымен, азаматтардың жеке таңдау еркіндігі мен азаматтық бостандықтары бойынша ел 29-орыннан көрінді.

Португалия да ерекше нәтиже көрсеткен. Ел тұрғындарының өмірге қанағаттану деңгейі небәрі 39-орында болғанымен, күшті паспорты мен қолайлы өмір сүру жағдайларының арқасында жалпы рейтингте 21-орынға көтерілді.

Ал Жаңа Зеландия табыс деңгейі бойынша 25-орында тұрғанына қарамастан, жалпы рейтингтің үздік сегіздігіне енген. Зерттеушілер мұны елдің еркіндік, өмір сапасы және саяхаттау мүмкіндігі бойынша салыстырмалы түрде жоғары көрсеткіштерімен түсіндіреді.

Зерттеу авторлары байлық пен визасыз саяхаттау мүмкіндігі адамның бақытты өмір сүруіне кепіл бола алмайтынын анықтаған. Әсіресе табысы жоғары елдерде адамдардың өмірге қанағаттануы олардың жеке еркіндігімен тығызырақ байланысты болып шыққан.

«Ең бақытты елдердің паспорттары әдетте қуатты болады. Бірақ бұл заңдылық барлық жерде бірдей жұмыс істемейді. Бай елдерде бақыт деңгейі паспорттың күшінен гөрі адамның еркіндігімен көбірек байланысты», – дейді зерттеу жетекшісі Лаура Мадрид.

Зерттеушілердің қорытындысына сәйкес, қуатты паспорт адамға шетелде оқуға, жұмыс істеуге және өмір сүруге көбірек мүмкіндік береді. Алайда оның өз еліндегі өміріне қаншалықты риза екені басқа мәселелерге де байланысты.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Қазақстан Тәуелсіздігіне 25 жыл
Жаңалықтар