Тараз қаласында ерекше жағдай тіркелді. Қалалық көпбейінді ауруханада бір күннің ішінде төрт әйел егіз босанып, сегіз нәресте өмірге келді. Сирек кездесетін бұл оқиға төрт отбасыға бір мезетте қос қуаныш сыйлады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, Тараз қалалық көпбейінді ауруханасының дәрігерлері бір күнде төрт жұп егіздің дүниеге келуіне көмектескен. Осылайша, медициналық мекемеде небәрі бір тәуліктің ішінде төрт ана сегіз сәбиді өмірге әкелген.
Ведомство мұндай жағдайдың сирек кездесетінін және аурухана қызметкерлері үшін де ерекше оқиға болғанын атап өтті. Егіздердің дүниеге келуіне акушер-гинекологтер, неонатологтер, анестезиолог-реаниматологтер, акушерлер мен мейіргерлер атсалысқан.
"Ана мен баланың амандығын қамтамасыз ету жолында акушер-гинекологтер, неонатологтер, акушерлер, анестезиолог-реаниматологтер мен мейіргерлер жоғары кәсібилік пен жауапкершілік танытты", – делінген Денсаулық сақтау министрлігінің хабарламасында.