Баланы аптасына бір рет саябаққа апару оның психикасына оң әсер етуі мүмкін – зерттеу

/
Баланы аптасына бір рет саябаққа апару оның психикасына оң әсер етуі мүмкін – зерттеу
сурет: istockphoto.com

Балаларды аптасына кемінде бір рет саябаққа немесе ойын алаңына апару олардың психикалық саулығы мен қарым-қатынас дағдыларының дамуына көмектесуі мүмкін. Ұлыбритания ғалымдары тұрақты серуендейтін балалардың эмоционалдық жағдайы өзгелерге қарағанда жақсырақ болатынын анықтады, деп хабарлайды turkystan.kz Journal of Epidemiology & Community Health журналына сілтеме жасап.

Эксетер университетінің зерттеушілері 4219 баланың деректерін талдаған. Нәтижесінде ерте жастан 11 жасқа дейін аптасына кемінде бір рет саябаққа барған балалардың психикалық саулықты бағалау көрсеткіштері сирек баратын құрдастарына қарағанда орта есеппен 16,5%-ға жақсы болған.

Ғалымдар бұл нәтижеге отбасының табысы, тұрмыстық жағдайы және басқа да әлеуметтік факторларды ескергеннен кейін де қол жеткізген.

Зерттеу барысында балалардың өз эмоцияларын басқару, өзгелермен тіл табысу, достасу және күнделікті қиындықтарға бейімделу қабілеттері бағаланған. Саябаққа жиі баратын балаларда мазасыздық, құрдастарымен қарым-қатынастағы қиындықтар және мінез-құлық мәселелері азырақ байқалған.

Зерттеу жетекшісі Марк Фергюсонның айтуынша, саябақтар балаларға еркін қозғалып, қиялын дамытып, жаңа нәрселерді байқап көруге мүмкіндік береді. Мұндай ойындар баланың өзіне деген сенімділігін арттырып, дербестігін қалыптастыруға көмектеседі.

Бір қызығы, зерттеушілер бір баланың саябаққа жиірек барған кезеңдерінде де оның әлеуметтік және эмоционалдық даму көрсеткіштері жақсарғанын байқаған.

Дегенмен ғалымдар мұндай нәтижеге тек саябақтағы серуен себеп болды деп нақты айта алмайды. Зерттеу олардың арасындағы байланысты көрсетеді.

Зерттеу авторлары саябақтардың балалар үшін жай демалыс орны емес, олардың психикалық саулығын қолдайтын маңызды орта болуы мүмкін екенін атап өтті. Әсіресе мұндай орындардың тегін, қауіпсіз және барлық отбасыға қолжетімді болуы маңызды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары