Еділ ЖАҢБЫРШИН,
Мәжіліс депутаты:
Атқарушы билік нақты нәтиже берсе дейміз
– Ұлттық құрылтай – пікір айтумен шектелетін алаң емес, мемлекеттік саясатқа ықпал ететін жауапты мінбер. Әлеуметтік-мәдениет секциясында мен үш стратегиялық бағытқа арнайы тоқталдым: руханият, халықтың әл-ауқаты мен экология.
Алдымен, руханият. Руханият – мәдени сала ғана емес, мемлекеттің ішкі иммунитеті. Осыған байланысты «Ұлттық рухани қауіпсіздік тұжырымдамасын» қабылдау қажет деген мәселе көтердім. Деструктивті идеологиялар, радикал ағымдар, сырттан таңылатын жасанды мәдени стандарттар мемлекеттік қауіпсіздік деңгейінде танылып, тосқауыл қойылуға тиіс. Бұл бағытта Қожа Ахмет Ясауи рухани-мәдени мұрасын зерттеу, зерделеу және кеңінен тарату жұмысын құзырлы министрлік деңгейінде нақты жауапкершілікпен жүргізу маңызды. Ясауи ілімімен рухани сабақтас Абай Құнанбайұлы мен Шәкәрім Құдайбердіұлы еңбектерін негізге алған көпжылдық кешенді бағдарлама әзірлеп, оны формалды насихат емес, ұлттық сананы бекітетін нақты саясатқа айналдыру қажет.
Дін саласында формализмнен арылып, қазақтың салт-дәстүрімен, тарихымен және мәдени болмысымен үндескен мәдени-ағартушылық тәсілге көшу керек. Дін, дәстүр, тіл мен тарих – біртұтас ұлттық мәдени код ретінде қарастырылуы керек.
Тіл – рухтың тірегі. Қазақ тілі тек қарым-қатынас құралы емес, ғылымның, технологияның, жасанды интеллекттің және мемлекеттік басқарудың тіліне айналуы қажет. Мемлекеттік қызметке қабылдауда қазақ тілін білу формалды талап болып қалмауға тиіс. Конституцияда бекітілген мемлекеттік тілді еркін меңгеру – әрбір мемлекеттік қызметшінің міндеті, ал қазақ тілінен тест нәтижесі шешуші көрсеткіш ретінде ескерілуі қажет.
Екінші – халықтың әл-ауқатын жақсарту. Экономикамыз әлі де мұнай-газ секторына тәуелді екені жасырын емес. Көптеген кен орны сарқылуға жақын. Біз оларды қолдау үшін заңнамалық өзгерістер енгіздік, бірақ бұл жеткіліксіз. Ел экономикасының негізгі тірегі – Теңіз, Қашаған және Қарашығанақ кен орындары. Бұл жобаларда Өнімді бөлу шарттары мен арнайы контрактілер қолданылады. Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, бұл келісімдерді ел мүддесіне сай қайта қарау қажет. Осыған байланысты ұсынысым – «Өнімді бөлу шарттары мен арнайы контрактілерді трансформациялау туралы» жеке заң қабылдау. Мақсаты – ұлттық мүдде мен инвестор кепілдігін тең ұстау. Алдағы кезеңде осы ірі кен орындарындағы Қазақстанның үлесін кемінде 50 пайызға жеткізе алсақ, бұл халықтың әл-ауқатын арттыруға нақты қаржылық мүмкіндік береді.
Үшінші – экология. Экологиялық проблемаларды кейінге ысыруға болмайды. Тұрмыстық қатты қалдықтарды өңдеу мен кәріз суларын тазарту саласында заманауи технологиялар әлі де толық енгізілмей отыр. Негізгі себеп – ескірген стандарттар мен талаптар. Сондықтан нормативтік құқықтық актілерді, салалық ережелерді және экологиялық стандарттарды жедел түрде жаңартып, қазіргі технологиялық жағдайға бейімдеу қажет. Ескі Кеңес стандарттарымен алысқа бара алмайтынымызға көз жеткіздік.
Ұлттық құрылтайда көтерілген бұл мәселелер жеке бастама емес, мемлекеттің ұзақмерзімді тұрақтылығы мен ұлттық қауіпсіздігіне тікелей әсер ететін жүйелі міндеттер. Парламент Мәжілісі бұл бастамаларды заңнамалық тұрғыда қамтамасыз етуге дайын. Ендігі мәселе, атқарушы билік тарапынан жауапкершілік пен нақты нәтиже болса дейміз.