Тәуелсіздік – Егемендік перзенті

Тәуелсіздік – Егемендік перзенті

Бостандықтың бағасы


Келіп қалған Тәуелсіздік күні туралы ойланғанда осыдан отыз тоғыз жылдай бұрынғы бір оқиға еске түседі...
1987 жыл. Қаңтар. Партияның Орталық комитетінде жұмыс істейтінмін. Желтоқсан ызғары есіп тұрған шақ. Апта аралатпай Мәскеуден комиссия келіп, дүрліктіріп жататын. Бір жолы біздің бөлім – Үгіт және насихат бөлімі қатты қапылды, өйткені жанталасып жеткен кезекті комиссия идеологиялық жұмыс мәселелері бойынша құрылған екен. Кешкі сағат төрттің шамасында бөлім меңгерушісі шақырды. Альберт Александрович Устинов. Өзі әдебиетші кісі болатын. «Осылай да осылай... Сіз Алматы облыстық «Жетісу» газетінің 1986 жылы интернационалдық тәрбие тақырыбын қалай қамтығаны жөнінде жедел шолу-талдау жазып беруіңіз керек». Өзіміз отыратын төртінші  қабаттағы баспасөз кабинетіне барып, газеттің бір жылғы тігіндісін алдым. Үйге келіп, 2-3 сағаттай тынығып алдым да түні бойы мақалаларды оқыдым, мысалдарды іріктедім, таңға дейін көлемді талдамалы шолу жазып шықтым. Машбюродағы бір қызды таңғы сегізге жұмысқа шақырып, ертерек келіп, тезірек басып беруін сұрадым. Ол кезде компьютер дегенді естісек те, көзбен көрмегенбіз. Кәдімгі қара мәшіңке. Талап бойынша бір бетте төрт әріп қатесінен артық кетпеуі керек. Төрт қатені штрихпен бояп түзетуге болатын. Бұл жолы оған да рұқсат етілмеді: «Комиссияға түзетумен беруге болмайды»... 3-4 бетті қайта басуға тура келді. Қайта оқып, бөлім меңгерушісіне оқытып болғанша сағат он бір жарым шамасына барды.

Мәскеулік комиссия мүшесі бесінші қа­батта,  ұйымдастыру-партиялық жұ­мыс бөлімінде, бөлім меңгерушісі орын­басарының кабинетінде отыр екен. «Сіздің тап­сырмаңыз бойынша Алматы облыстық газе­тінің жұмысына шолу дайындалды», де­дім де, неменеге айтқанымды қайдам, әл­де жедел жазылғанын аңғартқым келді ме, әйтеуір, «Вчера поручили» деп қалдым. Ана адамның: «Вот так. Вчера поручили, то­лько сегодня сделали» дегені... Ал керек болса! Бұған не айтуға болады? Одан ерте дайындау мүмкін де емес қой. Ең сұмдығы сол – мен ол адамға жаңағы ойымды айт­па­дым. Айта алмадым. Үндемеген күйі шы­ғып бара жаттым да, дәл есікті жабарда сәл кідіріп, бірдеңе айтпаққа оқталып тұ­рып, тағы тоқталып қалдым. Сол екі арада Ор­талықтың өкілімен айтысып жатудың ар­тық екенін, ештеңе дәлелдей алмай­ты­ным­ды, ештеңе дәлелдеп те керегі жоқты­ғын, егер арамызда сәл сөзге келу, қайдағы сөзге келу, сәл келіспеушілік болып қалса да, мұның аяғы айналып менің өзіме тие­тінін, іссапарының қорытындысы бойын­ша кіргенінде бөлім меңгерушісіне немесе тіп­ті идеология саласының хатшысына «Бә­ленбаев деген нұсқаушы менімен тә­жікелесті» десе-ақ, атымның қара тізімге ілінетінін, партиялық әдептен ада адам атанатынымды, шын мәнінде болашағыма балта шабылатынын  ойлап үлгердім. Неге? «Айтпаса, сөздің атасы өледі» дейтін елдің баласы едік қой. Иә, неге? Негесі сол, мен бос­тан елдің адамы емес едім. Бодан елдің ада­мы едім. Қайдағы ел? Үлкен елдің құра­мындағы он бес республиканың біреуі ғана едік қой.
Міне, осы бір жайдың өзі Тәуелсіздіктің қа­дір-қасиетін тағы да таныта түседі. Осы ар­қылы жалпы адам бостандығының ба­ға­сын білгізе түседі. Өте оңайлатып айтар бол­сақ, бостандық деген мемлекет тұрғы­сы­нан қарағанда – елдің ішкі және сыртқы сая­­сатындағы тәуелсіздігі, әлеуметтік су­бъек­тілер (жеке адам, топтар, қоғамдық-сая­си ұйымдар, т.б.) тұрғысынан қарағанда – өз мақсаттары мен мүдделеріне орай әрекет жасау еркіндігі. Адамзаттың бүкіл тарихы түптеп келгенде бостандық идеясының да­му тарихы, оның нақты іс жүзіне асуы­ның тарихы. Ал бұл идея ен далада еркін өскен мына бізге тіпті жақын. Оны айтасыз, «қазақ» деген сөздің өзі бостан болудың бір белгісі ғой.

Жұрттың ең соңында жарияладық. Неге?

Жарайды, «қазақ» деген сөздің өзі бос­тан болудың бір белгісі екен, он­да неге әлі күнге тәуелсіздік біздің қо­лы­мызға өздігінен түсе қалған еді деп сөй­лей­тіндер кездеседі? Қазір ерінбегеннің бәрі жөн­ді-жөнсіз сынай беретін болған тұл­ға­ны тәуелсіздікті бұрынғы одақтас респуб­ли­калардың ішінде ең соңында жариялады деп табалауға тырысатындар табылады.
Алдымен біздің егемендік алып, тәуел­сіз­дік туын тігуіміздің өзі өзгелерге қара­ған­да әлдеқайда қиынға түскенін қадап ай­туымыз керек. 1991 жылғы желтоқсан айында Қазақстандағы қазақ ұлтының саны ел тұрғындарының 39 пайызы бо­ла­тын. Қазақстан сондай күрделі жағдайда ың-шыңсыз, аңысын аңдап, бәрін сабырмен күтіп, барлық мәселелер өзінен-өзі рет­телу­ге жақындаған кезде барып, елдің тәуел­сіз­дігін жариялай алды және ол бүкіл елдегі бар­лық этнос өкілдерінің тарапынан тү­сі­ніс­тік тапты. Осыны ерекше айтқымыз ке­леді. Егер Қазақстан басқалармен жарыс­қа түскендей болып, өз тәуелсіздігін жаз айы­ның ішінде немесе күздің басында жа­риялап жібергенде мұндағы жағдай тып-ты­ныш күйде тұратынына ешқандай ке­пілдік жоқ еді. Тіпті, дәл сол айларда Пар­ламенттің дәл сондай заң қабылдай алуы да, яғни ел тәуелсіздігін жариялай қалуы да не­ғайбыл еді. Біріншіден, жаңа айтыл­ған­дай, тұрғылықты этностың саны 40 пайыз-ға де жетпейтін. Екіншіден, өзге этнос өкіл­дерінің талайы Қазақстан тәуелсіз мем­лекет болса, өзі тап бір басқа елде қа­лып қоятындай көңіл күйде жүрген еді. 
Парадокс болса да айтайық, Тәуелсіздік кү­нінің датасында үлкен мағына бар. Рас, той­лауға ыңғайсыз-ақ: бұл кезде аязы ар­қыраған теріскей тұрмақ, күні жарқыраған түстік­тің өзінде қыс қаһары қыса бастайды. Со­нымен бірге азаттықтың ақ таңын ат­тырған 16 желтоқсан бізге тәуелсіздіктің қан­дай қиындықпен келгенін бадырайтып көр­сетіп тұрады. Еске салып тұрады.  
Абыз Әбіштің «Бостандық адамды бо­дандықтан да артық сынаққа салады» деген сөзі бар. Бостандықта өмір сүрудің бодан­дық­та өмір сүруден де қиынға түсетін тұс­тары болады. Тәуелсіздік – тарихтың тар­туы, тағдырдың сыйы. Бірақ ешкім де оны мәңгілікке тартылған, біржолата сый­ланған дей алмайды. Мына жұмыр Жер бостандыққа қолы жетпеген елдердің ғана емес, алған бостандығынан айырылып қалған елдердің де  талайын біледі. 

Баршаға бірдей қонар бақ құсы емес

Тәуелсіздік елдің бәрінің бірдей басына қонатын бақ құсы емес. Мына әлемде ірілі-ұсақты 2 500-дей этнос бар. Солардың 200-дейі ғана, нақты айтқанда, 193-і ғана өз алдына ел болып, мемлекет құрып тұр. Қа­зақ ұлты – сол бағы жанған ұлттардың бірі. Бізді саны жағынан сан орап кететін ұлт­тар әлемде аз емес. Кем қойғанда 30 мил­лиондық күрдтер бар. Ана елде де тер­рорист, мына елде де террорист, ана елде де көзтүрткі, мына елде де көзтүрткі. Өз­дерінің бір жапырақ туын тігетін алақандай төбе таба алмай жүр. 
Еркіндік пен елдік – егіз ұғым. Адам ер­кін болмай, ер болмайды, ел еркін бол­май, ел болмайды. Адам өмірінің ең өзекті мәні – еркіндігі. Мемлекет өмірінің ең өзек­ті мәні – тәуелсіздігі.
Тәуелсіздік күнінің маңызы үлкен. Ол тәуелсіздік жолындағы күрестің нүктесін қою­мен бірге, оның  қайтадан басталған күні де болады. Бұл не деген сөз? Ата-ба­ба­ларымыздың қорғап қалған атамекенінде ақ­қан қаны мен төккен терінің төлеуіндей бо­лып келген тәуелсіздікке 1991 жылы ақы­ры, талығып барып қолымыз жетсе, сол кие­лі күрестің нүктесі қойылса, ол күрес қа­лайша қайтадан басталады? Елдікті ең­селендіру күресі толастамайды. Тәуел­сіз­дікті орнықтыру, нығайту, мығымдандыру, кү­шейту, қуаттандыру, тіккен туымызды бір­де жылы, бірде жылым замананың қан­дай жұлқынған желінде де мызғымастай етіп тұғырландыру тұрғысынан көп-көп, өте-мөте көп күрес, елдік жолындағы ерек күрес керек болады. Оны біз ана жылы сезі­ніп те үлгердік. 
Тәуелсіздік тарихы – елдік ерлігі. Осы отыз төрт жылдың ішінде қазақ халқы, қа­зақстандықтар елдіктің ерлігін жасады. Бұл – басы ашық ақиқат. 
Біз мемлекет құра алдық, біз егемен ел б­олып тұра алдық. Біз тілі басқа, ті­легі бір, жүзі басқа, жүрегі бір, тату мем­ле­кет болып құралдық. Мұның бәрі оңайға түс­кен жоқ. Біз мына жердің бетіне тарих­тың тамаша тұсында орайымен келген ұр­пақпыз. Өйткені біз халқымыздың тари­хын­дағы ең бір ғажайып тұсқа – азаттық ал­ған, тәуелсіз мемлекет құрған тұсқа тап бол­дық. Біздің маңдайымызға осы мем­лекеттің іргесін қалауға қатысу бақыты бұйырды. Соған шүкіршілік етеміз. 
Алғашқы жылдарда түбегейлі мәселе­лер­ді шешу міндеті тұрды. Ол – бір қоғам­нан екінші қоғамға ауысу, бір тұрпатты эко­номикадан басқа тұрпатты эко­но­ми­ка­ға, яғни жоспардан нарыққа ауысу, содан кейін социалистік санадан, шартты түрде айтқанда, «капиталистік санаға» көшу. Осындай үлкен мәселелер айналасы он­шақ­ты жылдың ішінде түбегейлі түрде ше­­шілді. Мұның бәрі кезең-кезеңімен ат­қарылды. Біз қоғамды бір формациядан бір формацияға ауыстыра алдық, адамдардың пси­хологиясын өзгерте алдық. Адамдардың ойында меншік иесі психологиясын қа­лыптастырдық, жетпіс жыл бойы «Өкімет өлтірмейді», «Үкімет үздірмейді» деп келген халықтың санасына «Мемлекет адамды асы­рауға тиісті емес» деген сияқты қара­пайым қағидаттарды сіңірдік. «Әркім өз бақытын өзі жасауы керек» деген ойды қа­лыптастырдық. Сол арқылы айналасы оншақты жылдың ішінде бізде адамдардың мінез-құлқы, сана-сезімі өзгеріп, жаңаша қоғам қалыптаса бастады. 
Осы жылдар ішінде даламыз да өзгерді, қа­ламыз да өзгерді. Олай болатыны – бәрі­нен бұрын біздің санамыз өзгерді. Ата-ба­ба­ларымыз аңсап, армандап өткен азат­тық­қа арпалысқа толы жасампаз жұмыс қа­на апаратынын, тәуелсіздікке тәуекелі тұра­тындардың ғана қолы жететінін ай­қын ұғынған бостан сана ол. Тәуелсіздіктің бас­қа бір қонса мәңгілікке шегеленіп қал­май­тынын, баянды бостандық бақыттың ба­ғасын білгендердің ғана басында тұра­ты­нын да біледі біздің халқымыз. Бар адам­зат бір базарда бәсекелесіп, барын са­лып, бағын сынап жатқан мына жаһан­дану­дың жанталасты жағдайында ұлт ре­тінде ұпайыңды жоғалтпау, халық қал­пың­да қадіріңді кетірмеу, мемлекет күйінде мы­ғым тұру барған сайын қиындай түсе­ті­нін де біледі біздің халқымыз. Әсіресе, кейінгі жылдарда, сөз нәшінде айтыла бере­тіндей, екі оттың ортасында емес, төрт-бес оттың ортасында қалғанда да әлем­дік саясатта елдің беделін биіктетіп, аса күрделі геосаяси ахуалда барынша икем­ділік танытып отырған Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың еңбегін де лайық­ты бағалайды біздің халқымыз. 

Жеңістер мен жемістер

Қазір талайлар үшін, әсіресе әлеуметтік желіде, өзіңнің еліңді, жеріңді жер бауыр­ла­тып сөйлеу, өзіңнің тарихыңды таптап тас­тай салу еркін ойлаудың, батыл толғау­дың даусыз дәлеліндей, айқын айғағындай болып тұр. Бұл – ел ретінде өзіңді өзің құр­меттемеудің белгісі. 
Әсіресе, кейінгі жылдардағы жеңістер мен жемістерді көрмеу «Көрмес түйені де көр­местің» кебі болар еді. 
Газет мақаласының мүмкіндігін ес­ке­ріп, деректер тілімен, түйіп-түйіп қана сөй­лейік. 
Ел «суперпрезиденттік» басқару үлгі­сі­нен президенттік басқару үлгісінің бүкіл өр­кениетті әлемде орныққан сипатына ауысты. 
Конституциялық сот қалпына кел­тіріл­ді. 
Билік институттары қызметінің ашық­тығы арттырылды. 
«Күшті Президент – ықпалды Пар­ла­мент – есеп беретін Үкімет» тұжырымда­ма­сы қалыптасты. 
Экономикада ірі ілгерілеу бар. Өкінішке қарай, 2025 жыл әлі аяқталмағандықтан біз бұл мақалада тек 2024 жылдың қоры­тын­дыларына ғана сүйенуге мәжбүрміз. Биылғы қорытындылар бұл айтылған­дар­дан да артық болатыны күмән келтірмейді. 
2024 жылдың аяғына қарай Қазақстан­ның ішкі жалпы өнімі 288 миллиард АҚШ дол­ларына, ал жан басына шаққандағы бұл көрсеткіш 14 миллиард АҚШ долларына жетті. 
2019–2024 жылдарда өңдеуші өнеркә­сіп­те өнім өндіру көлемі 31,4 процентке ар­т­­ты, ал құрылыста бұл көрсеткіш 96,3 про­центке жетті. 
Алты жылдың ішінде елге 130 миллиард дол­ларлық тікелей шетелдік инвестиция тар­тылды. 
Өткен жылы 18 миллион шаршы метр тұр­ғын үй пайдалануға берілді. 
7 мың шақырымдық автомобиль жол­дары салынды және жөнделді. 
Елдің инвестициялық тартымдылығы арт­ты, дипломатия белсенді жүргізіліп, сыртқы экономикалық ынтымақтастық дамыды. 
Экспорт географиясы кеңейді. 
Отбасы мен балаларды қорғау күшей­тіл­ді.
Ең төменгі жалақы екі есеге жуық арт­ты. 
Қазақстан шикізатты өндіретін және са­та­тын елден бірте-бірте өндіретін, өңдей­тін, дайын өнімді сататын елге айналып келеді. Әсіресе, мұнай-химия саласында, машина жасауда, азық-түлік өңдеуде, агроэкс­портта өркенді өзгеріс көп. 
Қазақстан көлік пен логистиканы да­мытып, Еуразияның түйінді хабына айнала бастады. 
Қоғамды жаңарту жұмысы кейінгі 4-5 жылдың шамасында жаңаша қарқын алды. Адамдардың әділеттілікке сенімі артты. Ха­лықтан қымқырған қаржыны шетел асы­рып жіберсе де, қайтаруға болатынын жұрт көріп отыр. Меритократия принципі жүзеге аса бастады. Қабілеттілердің қыз­метте жоғарылайтынын, сан түрлі жолмен жақсы жұмысқа қол жеткізіп алғандардың жайлы орнымен қоштасатынын да барша жұрт біледі бүгінде. 
Шешілмеген мәселе де жетіп жатыр. 
Әлі күнге шеттен азық-түлік өнімдерін та­си­мыз. 
Жылжымайтын мүлік нарығы шарық­тап барады. 
Халықтың кредит қарызы өспесе, азай­май тұр. 
Жастардың ауылдық жерден көшіп кетуі белең алған. 
Сыбайлас жемқорлықтың сағын сын­дырудың сәті толық түсе қоймады. 
Кадр тапшылығы, әсіресе білікті ин­же­нер­лердің, энергетиктердің, агро­ма­ман­дар­дың, ақпараттық технология маман­да­ры­ның жетіспеушілігі айқын сезіледі. 
Қымбатшылық құрықталмай, баға бой бер­мей тұр. 
Осының ешқайсысы да жұртшылықтан жа­сырылып жатқан жоқ. Билік бұның бә­рін көріп отыр. Билік бұның бәрін өзі ашып, өзі сынап, өзі бірте-бірте жөндеп жа­тыр. Бұл да халық үніне құлақ асудың ар­қасы. 
Қайтерсің, қазір осыны көрсеткен, жаз­ған, айтқан адам биліктің сойылын соғушы са­нала салады. Содан да қазір елдегі ше­шілмеген проблемалармен қатар, жасалып жат­қан жақсылықты да айту, халықтың бойында әлеуметтік оптимизмді күшейту де назардан тыс қалмағаны жөн. 

Арандап қалмайық, ағайын

Бәрі бірте-бірте шешіледі. Қазіргідей ха­лықаралық саяси жағдай өте ушы­ғып тұрғанда, мынандай алмағайып ахуал­да талай мәселеге тағы да сабыр етуге тура келеді. Олардың шешілетін уақытын күту керек. Демократияның талай түйінін демография-ақ тарқатып береді. Жер атауы деген мәселе де кезі келгенде жеріне жет­кізіледі. 
Арандап қалмайық. Әлеуметтік  же­лі­ден бір кісінің сөзін тыңдадым. Ана елдің бір­неше облыстары ежелгі қазақ жері, олар­ды қайтару керек дейді. Не айтарсың?! Күлесің бе, жылайсың ба?! Мәселе ол сөздің саяси сандырақ екенінде ғана емес, мәселе сон­дай сөздерді жекелеген саяси күштер әдейі пайдаланып, «Міне, бізге терри­то­риялық талаптар қойылып отыр» деп ұшын­дыратынында ғой. Этносаралық қа­рым-қатынастарда ғана емес,  мемле­ке­таралық қарым-қатынастарда да бөлекше сарабдалдық керек. 
Осы орайда кезінде «Казахстанская прав­даның» бетінде («Держаться вместе!», 2022 жыл, 26 мамыр)  ортаға салған ойы­мыз­ды қайталай еске түсіре кетуді артық көр­мей отырмыз. Былай деген едік: «Әлеу­мет­тік желілерде ұлтаралық араздықты қоз­дыруға, мемлекетаралық қатынастарда шие­леністі күшейтуге әлеуетті, жауапсыз пост­тар мен комментарийлер өте-мөте көп кез­деседі. Сайттардың модераторлары Конс­титуцияға қайшы сипаттағы мат­е­риал­дардың алдын алу үшін контентке ұдайы қарап отыруға тиіс. Елдің Негізгі заңы әлеуметтік, нәсілдік, ұлттық, діни, тек­тік-топтық және рулық араздықты қоз­дыруға тыйым салады. Модерация – еш­қандай да цен­зура емес. Ол қоғамның кә­дуіл­гі әлеу­меттік гигиенасы. Айтқандай, ф­ранцуздың «модерация» сөзінің мағынасы – біркелкілік, ұстамдылық». 
Отандық сайттарда модерацияны жол­ға қоюға әлі де кеш болмайды. 
Гегельге жүгінейік. Ұлы неміс былай дей­ді:  «Бостандықты аузыңа келгенді айту­дың, ойыңа келгенді жазудың шетсіз-шек­сіз мүмкіндігі деп қарастыру сауатсыз, қа­ра­байыр әрі үстірт ұғым иелеріне тән». Кез кел­ген бостандық дәйім жауапкершілікпен ас­тасып жатуға тиіс. Тілегін тыя алмайтын, нәп­сісін жыя алмайтын адам ешқашан бос­тан болмақ емес. Адамның тілегі тау­сыл­майды. Тіршілік тілекті түгел қа­на­ғат­тандыру үшін тым қысқа мерзім.  
«Саясат – қолдан келетінді жүзеге асыру өнері» деген сөз бар. Саясатта кере­мет­тер жасалмайды. Саясатта жасауға бо­л­атын нәрсе ғана жасалады. Соны естен екі елі шығармау керек. Дәл біздің көз алды­мыз­да бір ірі мемлекет елінің, жерінің біраз бө­лігінен айырылғалы тұрған мысалы бар. Кө­зі қарақты жұртшылық оны көріп, біліп, се­зіп отыр. Әрине, комик басқарған ел тра­ге­дияға ұрынбай қоймайды деп кесіп-пішіп айту дұрыс емес. Бірақ ұлтаралық қа­ты­нас­тарға аса сергек қарамаған, өз мемлекетінің ішін­де этностарды тілі бойынша алалаған, қа­зақша айтқанда, шамасына қарамаған ел­дердің шатаққа ұрынып, шала бүлініп, шат-шәлекейі шығатынын көрмеу де мүм­кін емес. Ол қақтығыстың сан түрлі күр­де­лі сипаты бары талассыз. Араласпайтын жер­ге араласудан аулақпыз. Әйтсе де, ақи­қат бел ортада жататынын ескерсек, біз айт­қан жайды да ойлап қоюға тура келеді. 
Бостандыққа барар жол – ең алдымен өзің­ді өзің тану жолы. Басқа жол жоқ. Ол жол­ды адам тек өзі жүріп өте алады. Бұл ай­тылғанның елге, мемлекетке де тікелей қа­тысы бар. 

Ұлттық мереке – Республика күні

Бүгінде біздің Ұлттық мерекеміз – 25 қа­занда аталатын Республика күні. Олай болуы әбден заңды. «Егемен болмай, ел болмас» дегендей, бәрінің бастауында бос­­тандық таңына есік ашып берген Еге­мен­дік декларациясы тұр. 
1990 жылы 25 қазанда қабылданған Еге­мендік декларациясы қиямет-қайым қиын­дықпен, шын мәнінде елдік үшін ерен айқаспен дүниеге келген. Ойпырмай, сол құ­жатқа қарсы дауыс бергендердің саны жет­пістен асып жығылған еді. Ал келесі жы­лы, Мемлекеттік Тәуелсіздік туралы конс­титуциялық заң жобасы дауысқа са­лынғанда оған қарсы шыққандар әлде­қай­да аз (он екі адам) болды. Демек, арада не­бәрі бір жыл өткенде ел егемендігінің идея­сы қазақстандықтардың ой-санасына те­рең орнығып үлгерді. Оған да Егемендік дек­ларациясы жол ашып берді. 
Тәуелсіздік – Егемендік перзенті. Алды­мен егемендік алмасақ, келесі жылы тәуел­сіздік жариялай алмас едік. Сондықтан да ұлт­тың ұлы мерекесі ретінде Республика кү­ні белгіленіп отыр. 
Бұл арада тағы бір нәзік мәселе бар. Ме­­рекеде ел өміріндегі драмалық сипаты бар оқиғалардың сілемі де көрініп тұр­ма­ғаны, еске қаяу салатын ештеңенің елесі де бол­мағаны дұрыс. Бұл тұрғыдан 16 жел­тоқ­сан деген датада әр кезеңдегі әр қилы тра­гизм белгілері барын да ұмытпауға тура ке­леді. Әрі айналасы екі айға да жетпейтін уа­қыттың ішінде дүбірлетіп, екі мерекені тойлап жатудың өзі бүгінгі күнгі ұстамды си­патымызға артықтау. Сондықтан тәуел­сіздік күнінің осы мерекелік қалпы ойға да, бойға да сыйымды деп білеміз. 
Биыл 75 жылдығы аталып жатқан, өт­кен жұмада Астанада еске алу кеші өткен  айтулы ақынымыз Несіпбек Айтұлының «Ту» атты поэмасы бар. Сонда Несіпбек бы­лай дейді: 
Қашанда қиянаттан қазақ өлген, 
Жауыздың ешбірі жоқ жаза көрген.
Көк тудың қасиетті киесі атар,
Сабынан ұстамасаң таза қолмен.
Солай болғандықтан да бүгінгі күн ұра­ны:  Адал адам – Адал еңбек – Адал табыс.
Солай болғандықтан да Абай атамыз әді­летті «хақ жолы» деп білген.
Көк туымыз көк аспанда желбірей бер­сін. 

Сауытбек АБДРАХМАНОВ, 
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік сыйлығының лауреаты

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары