Олжас Қартқожақов: Бізде идеядан дайын өнімге дейінгі толық цикл бар

/
Олжас Қартқожақов: Бізде идеядан дайын өнімге дейінгі толық цикл бар
фото: Túrkistan халықаралық газеті / Ділда Уәлибек

Елімізде әскери техника шығаратын бірнеше өндіріс орны бар. Соның ішінде Kazakhstan Paramount Engineering компаниясы Орталық Азиядағы заманауи брондалған техника шығаратын ең ірі кәсіпорын ретінде белгілі. Мүмкіндігі зор, жұмысы жүйелі, жылына 350 техника шығаруға қауқарлы. Arlan, Barys 6х6, Barys 8х8 және Alan сияқты әскери техникаларын біздің әскер пайдаланады. Заман талабына сай басқа да техника түрлерін шығаруға дайын. Ең маңыздысы, бұл жерде өзіміздің жобалаушылар мен инженерлердің еңбегі, инженерлік ой, технологиялық мүмкіндіктер тоғысады. Отан қорғаушылар мерекесі қарсаңында өндіріс орнына барып, жұмыс процесін өз көзімізбен көрдік.

Компания қалай дамып жатыр? Техникалар талаптарға сай ма, қан­дай мүмкіндіктерге ие? Өндіріс пен инженерия қай деңгейде? Ал ең бас­тысы, бүгінгі техника ертеңгі қауіп­ке, көз ілеспес жылдамдықпен өзге­ріп жатқан сын-қатерге дайын ба? Біз осы және басқа да сұрақ төңі­ре­гінде компанияның техникалық ди­­­ректорының орынбасары Олжас Қартқожақов мырзамен сұхбат­тастық. 

KPE техникалық директорының орынбасары Олжас Қартқожақов
KPE техникалық директорының орынбасары Олжас Қартқожақов

– Зауытты аралап жүріп брон­­­­­дал­ған техникаға қажет әр бөл­шекті компания қызметкерлері өз қолы­мен жасап жатқанын байқадық. Қы­зу жұмыс. Ашық деректерге сүйен­сек, компания өзін аймақтағы жетекші өндіру­ші деп таныстырады. Со­ған қа­ра­мастан әлі де сырттан ке­летін бөлшектер бар ма?

– Әлемдегі көптеген өндіруші сияқ­ты біз де кейбір бөлшектерді импорттаймыз. Әдетте сырттан ке­летін компоненттер – қозғалтқыш, трансмиссия сияқты жоғары техно­ло­гиялық түйіндер. Негізінен бұл қа­лыпты тәжірибе деп сенімді түрде ай­туға болады, себебі мұндай бөл­шек­тер уақыт сынынан өткен және оның бәрін нөлден бастап өндіру эко­­номикалық тұрғыдан тиімсіз бо­лады.
Дегенмен өз инженерлік база­мыз­ды дамыту және отандық кәсіп­орын­дармен байланысты нығайтып, сол арқылы импортқа тәуелділікті азай­туды мақсат етеміз.
Бірақ бір нәрсені түсінген жөн: тех­­­никаның қаншалықты құнды еке­нін бірді-екілі бөлшектердің қай­дан шыққаны анықтамайды, бүкіл жүйенің кешенді түрде қалай жұмыс істейтінімен бағаланады.

Өзіңіз байқағандай холдинг ая­сында бронь парақтарын өң­деуден бас­тап дайын капсулаға дейін­гі плат­форманы толықтай өзі­міз жа­саймыз: брондалған болат­ты  кесіп, иіп, дәнекерлеп, бояп, дайын корпус қылып шығарамыз. Со­нымен қатар бізде электротех­ни­калық өнімдер шы­ғаратын серіктес компаниялар бар. Олар кабель, па­нель сияқты жүйе­лерді өндіреді. Со­нымен қатар жауынгерлік модуль­­­­­дер шығаратын отандық кәсіпорындар да бар. Со­ның бәрін қос­қанда, нақты лока­ли­за­ция 70 пайыз­дан асады. Яғни, өн­­дірістің 70 пайыздан астамы өз елі­мізде шо­ғыр­ланған және бұл көр­сеткіш жыл санап өсіп келеді.

– Компанияның қазіргі басты тех­никалық стратегиясы қандай? Түбе­гейлі жаңа платформалар жасап жатырсыз­дар ма, әлде қолда бар модель­дерді жаңарту басты бағыт па?

– Біз тек бір ғана бағытты ұстанбаймыз. Стра­тегиямыз осы екі бағытты да қатар алып жүруге негізделген. Тапсырыс беру­шінің талабына сай жаңа платфор­ма­лар әзірлейміз әрі қолда бар техниканы жаңар­туға да баса назар аударамыз.
Қазір ахуал аса құбылмалы екенін өз­деріңіз де білесіздер, соған сай тапсырыс беру­шілердің де қажеттіліктері өзгеріп оты­рады. Сондықтан уақыт талабына бейім­деле білу аса маңызды. Бір жағынан  жаңа шешім ұсынамыз, екінші жағынан жаңа сұраныстарға жедел жауап беру үшін машиналардың сенімділігі мен тиім­ділігін арттырамыз.

Біздің компанияның басты ар­тық­шылығы сол – өзіміздің жеке конс­трук­тор­лық бюромыз бар. Осы саладағы көптеген ком­панияда интеллектуалдық жағынан да, өндірістік жағынан да толық цикл бола бер­мейді. Бір компаниялар тек жобалаумен айналысып, өндірісті сыртқа, яғни аут­сорс­қа береді. Енді біреулері, керісінше, өзде­рі­нің инженерлік базасы болмаса да, дайын ше­шімдерді құрастырып шығарады. Екі жағ­дайда да икемділік шектеулі болады. Ал біз­дің идеядан бастап, дайын өнімді шы­ғару­ға дейінгі толық циклді өзіміз жүргі­зе­тіндей қауқарымыз бар. Бұл бізге тапсырыс беру­шінің кез келген сұранысына, тап­сы­ры­сына бейімделуге жол ашады деуге болады.

– Сіздің ойыңызша, компанияның басты ерекшелігі неде?

– Басты ерекшелігіміз – әр тапсырысты жеке-жеке, өз алдына бөлек қараймыз. Бір ғана платформаны әртүрлі тапсырмаға ың­ғайлай аламыз. Мысалы, арнайы жасақ­қа бір конфигурация керек болса, Қорғаныс министрлігі мүлдем басқа талап қояды. Мы­салы, машинаны күшейту, жүріс қорын арт­тыру, жүк көтеру қабілетін жақсарту не­месе жаңа қару-жарақ орнату. Осындай мін­деттің барлығын жүзеге асырамыз әрі мә­селелерді тез арада шешеміз. Сондай-ақ компанияда өндірістегі қауіпсіздік, барлық талапты сақтау сияқты ең негізгі мәселелерге баса мән бе­рі­леді. Компанияның негізі қаланғаннан бе­рі жұмыс орнында оқыс оқиға тіркел­ме­ген. Қазір мұнда шамамен 400-ге жуық адам жұмыс істейді.

– Енді цифрландыру мәселесіне тоқталсақ. Жаңа технологиялар бар­лық саланы түбегейлі өзгертіп жатыр. Брондалған техника саласында цифр­лан­дыру үрдісі неден көрінеді? Өзде­ріңіз­де бұл бағытта қандай жаңалық бар? 

– Біздің түсінігімізде цифрландыру дегеніміз сән үшін айтылатын сөз емес, бұл, ең алдымен, техниканы командамен бас­қару­ға мүмкіндік алу. Әрбір машина бір­тұ­тас жүйенің бір бөлшегі болуға тиіс: оның қай­да жүргенін онлайн бақылап, іс-қимы­лын үйлестіре алуымыз керек. Ол үшін бай­ланыс құралдары, жаһандық пози­ция­лау (GPS) жүйелері, түрлі датчиктер мен қабылдап-тасымалдау құрылғылары қажет. Мәселен, техника ұрыс аймағындағы улану деңгейін, қоршаған ортаның ахуалын тір­кеп, сол деректерді бірден командалық құрам­ға жолдай алады.

Мұндай шешімдер әр тап­сырыс берушіге жеке-жеке әзір­ле­не­ді. Біз ауқымын кеңейтуге, яғни тап­сыр­маларға байланысты жаңа функция қосуға болатын архи­тек­тураны қолданамыз. Бұ­ған деректер алмасу да, ра­дио­бай­ла­ныс та, датчиктер де, нақ­ты уа­қыт режимінде бақы­лау­ға ар­налған GPS интеграциясы да кіреді.

– KPE компаниясы Arlan, Alan, Nomad, Barys сияқты платформа­лары­мен танымал. Олар жыл сайын Отан қорғаушылар күнінде өтетін әс­кери парадта да шеп құрып, ел на­за­рын аударып жатады.  Жалпы, олар­дың негізгі инженерлік айырма­шы­лық­­тары неде? Яғни, бір-бірінен айыр­машылығы неде?

– Бір сөзбен айтқанда, әр платфор­ма­ның нақты міндеті мен қорғаныс деңгейі бар. Мәселен, Arlan – минадан қорғалған, аса икемді платформа. Ол патрульдеуге жә­­не ілесіп жүруге арналған. Alan болса же­­дел әрекет етуге арналған, әлдеқайда жеңіл, жылдам әрі маневрлі машина. Қа­зіргі қақтығыстар мұндай техниканың маңыз­ды екенін көрсетіп отыр: жылдам қоз­ғалу техникаға аман қалуға мүмкіндік бере­ді. Ал Nomad – әмбебап платформа. Оны әскер мен жүк тасымалдауға да, ар­найы операцияларға да қолдануға болады. Barys – минадан барынша қорғалған, ауыр жүк­ті көтере алатын ауыр платформа. Ол неғұрлым ауыр қару-жарақ орнатуға және өте күрделі жағдайларда жұмыс істеуге есеп­­­­телген.

– Ал олардың шетел аналогтарынан айырмашылығы неде? Қандай да бір артықшылығы бар ма?

– Біз біреуді басып озуды мақсат ет­пей­міз. Бар ойымыз – заманауи талаптарға сай болу және техниканы үнемі дамытып отыру.
Десек те, объективті артықшылық­та­ры­мыз бар. Мәселен, біздің платформалары­мыз қатал климатқа бейімделе алады: ми­н­ус 50-ден плюс 50 градусқа дейінгі ауа райын­да да тоқтаусыз жұмыс істейді. Көп­­­теген шетел техникасы мұндай жағ­дай­да жұмыс істеуі үшін оларды қосымша же­тілдіру қажет болады.

Мысалы, Arlan-ның минадан қорғаны­сы STANAG 4569 3 деңгейінде және оның астыңғы жағы V-тәрізді пішінде жасалған, бұл жарылыс энергиясын екі жаққа бөліп, шашыратып жібереді.
Тағы бір маңызды артықшылық – модуль­дік жүйе. Біз автоматтандырылған не­ме­се қолмен басқарылатын түрлі жауын­герлік модульдерді оңай интеграциялай аламыз.

– Техникалар нақты жауынгерлік сынақтардан өтті ме? Яғни, ұрыс дала­сында сыналды ма?

– Arlan-ның прототипі оңтүс­ті­каф­ри­калық Marauder кезінде бірнеше елге, соның ішінде Әзербайжанға жеткізілген болатын. Қарабақтағы қақтығыс кезін­де осындай 27 машина минаға немесе снаряд­қа түсіп, жарылды. Бірақ бір­де-бір экипаж мүшесі қаза тапқан жоқ. Жеңіл конту­зия алғандар болды, бірақ ауыр жара­қат тіркелмеген. 2020 жылы әзер­­­­байжандық Azeri Defence әс­кери журналы бұл техниканың суретін басты бетіне шығарып, «те­мір періште» деп атады. Экипажы аман қалып, бірақ өзі қатты зақым­данған машинаның суреттері бар.

Жалпы, біздің барлық тех­ни­ка­мыз зауытта және поли­гон­да қатаң сынақтан өтеді. Өндіріске жіберілмес бұ­рын, ол міндетті түрде әс­ке­­рилердің қаты­суымен тәжірибелік пай­даланудан өтеді. Мә­селен, Barys 8×8 осын­дай сынақтардан екі жыл бойы өтті. Ма­ши­наны түрлі жағ­дай­ларда: қыста, жазда, шөл да­ла­да, тауда, аса ылғал және агрессив ор­та­да сынайды.
Одан оқ атылды, түрлі сценарийлер пы­­сықталды, кедергілерден өтті. Осының бә­рінен кейін ғана арнайы комиссия ше­шім қабылдайды: техника қатарға қосыла ма, әл­де жетілдіру үшін қайтарыла ма? Осы­лайша, техника нақты ұрыс алаңына барын­ша ұқсайтын сынақтардан өтеді. Оған қоса, әрбір техника минадан қорға­ныс және баллистикалық қорғаныс деңгейі бойынша сертификаттаудан өтеді. Барлық мәлімдел­ген сипаттамалар сынақтармен расталады.

Біз шетелдік сертификатталған ком­па­ния­лар мен зертханаларды тарта отырып, Barys 8×8 машиналарын жарып көру сынақ­тарын өткіздік. Сынақтар сәтті өтті. Әрбір машина минадан қорғанысқа тек­сері­леді, ал кей үлгілер баллистикалық қор­ғанысты растау үшін тікелей оқ ату ар­қылы сыналады.

– Қазір брондалған техниканы ба­ға­ла­ғанда қай өлшем негізгісі деп са­налады? 

– Техниканы тек бір ғана критериймен ба­ғалаған жөн болмайды. Бәрі жағдайға бай­ланысты. Әрине, негізгі назар аудару қажет мәселе – экипаждың қауіпсіздігі. Бірақ мұнда бір ескеретін мәселе бар: брон­ды металды қалыңдатқан сайын техни­ка­ның салмағы артады, ал бұл оның ұтқыр­лы­ғын төмендетеді. Ауыр техника ұрыс да­ласында оп-оңай нысанаға ілінеді. Сон­дықтан әрдайым алтын ортаны, яғни тепе-теңдікті табу керек. Кейде қалың құрыштан гөрі жылдамдық әлдеқайда маңызды рөл атқарады.

Атыс қуаты да алға қойған міндетке ті­ке­лей тәуелді. Егер машина тек тасы­мал­дау үшін қолданылса, қару-жарақ екінші жос­парға ығысады. Оның үстіне, қаруды күшейту техниканың салмағын арттырып қана қоймай, оның жау көзіне тез түсуіне ық­пал етеді. Сондықтан үнемі осы үш пара­метрді шебер үйлестіруге, қисынын кел­тіруге тырысамыз.

– Ұрыс даласы да күн сайын құбылады. Дрондар мен цифрлық бар­лау қаупін де ескеріп жатқан болар­сыз­дар?

– Дрондарды елемеу зор қателік екенін бәрі түсініп отыр. Жобалау кезінде біз бір­не­ше бағытты ескереміз. Біріншісі – тех­никаның көзге түспеуін қамтамасыз ету: камуфляж және техниканың жоғарғы бө­лігін (төбесін) қорғау. Қазір пассивті қор­ға­ныс сынағының бірнеше кезеңін аяқ­тадық, қазір ішкі сынақтар жүріп жатыр, алдағы уақытта бұл қосымша опция ретін­де енгізілетін болады. Екіншісі – дрондар­дың басқару сигналдарын тұншықтыратын радиоэлектрондық күрес (РЭБ) жүйелерін орнату. Үшіншісі – радиолокация мен жылу диапазондарында көзге түсу деңгейін барын­ша төмендету. Өйткені қазір қарсы­ластың назарына ілігу – жойылу деген сөз.

– Техниканы экспорттайсыздар ма?  

– Дәл қазір біз дайын өнімді экспорт­тамаймыз. Дегенмен бұл бағытта келіссөз­дер жүріп жатыр, қызығушылық танытып отыр­ған елдер көп. Егер нақты келісім­шарт­­тар жасалса, ол туралы ресми түрде жа­рия­ланады. 

– Жаңа технологиялардың тамы­рын қа­лай дөп басып отырасыздар? Салада нен­дей жаңа шешімдер, тетік­тер енгізіліп жат­қанынан, жалпы қан­дай өзгеріс болып жат­қанынан қа­лай хабардар боласыздар?

– Қазір ақпараттың көбі ашық, әлеу­меттік желілер мен БАҚ арқылы әлемде не бо­лып жатқанын білуге болады. Қазір ақ­парат­тың басым бөлігі ашық – оны БАҚ, әлеу­меттік желілер арқылы көруге болады. Бізде тәжірибелі мамандар, оның ішінде әлем­де болып жатқан жағдайды терең сарап­тайтын бұрынғы әскерилер жұмыс істейді, сондай-ақ құлшынысы зор жастар да көп. Халықаралық көрмелерге үнемі ба­рып тұрамыз. Бүкіл команда осы про­цес­ке жұмылдырылған. Қажет болған жағ­дайда біз жаңа шешімдерді өндіріске енгі­зе­міз немесе тапсырыс беруші қойған нақ­ты міндеттерді орындаймыз.

– Компания дрон жасау бағытында да жұмыс істеп жатыр деген ақпарат бар. Бұл рас па?

– Иә, бұл рас. Біз құрамына кіретін Barys Dynamics холдингінде  дрондармен айналысатын компания бар. Олар жауын­герлік модульдер, оптикалық жүйелер, бай­ланыс құралдары және ұшқышсыз ұшу аппараттарын жасайды. Қазір дрондардың тұтас желісі жасалып, бірнеше үлгісі әзір­лен­ді. Олар қазір зауытта, сондай-ақ күш­тік құрылымдармен бірлескен сынақтардан өтіп жатыр. Сонымен қатар экспорттық ке­­лі­сімшарттар бойынша да жұмыс іс­телу­д­е, өнімге сұраныс бар.

– Бұл жаңалықтар платформалар­мен біріктіріле ме, яғни дрондар брон­далған техникамен интегра­ция­лана ма?

– Интеграция мәселесіне келсек, бәрі тап­сырыс берушіге байланысты. Қазірдің өзін­де командалық пункт қызметін атқа­ра­тын, яғни басқа техника бірліктерін ба­қы­лап, басқара алатын машиналарға сұра­ныс түсіп жатыр.
Одан бөлек, дрондардан қорғану жүйе­лері өте өзекті: оларды жай ға­на тауып қана қоймай, радиоэлектрондық құралдармен басу немесе жою қажет. Бұл тұтас жүйе болуы мүмкін: нысананы анық­тау, оған ілесіп жүру және жою. Тапсырыс берушіге қажет болса, мұның барлығын қазір жүзеге асыра аламыз.

– Алдағы уақытта белгілі бір ба­ғытты дамыту жоспарда бар ма? Мә­селен, алдағы 5 жылда компания қа­лай дамиды деп ойлайсыз?

– Біз тек бір ғана бағытпен шектеліп қал­маймыз. Цифрландыру, локализация, экс­порт және мүлдем жаңа платформалар жа­сау, осының бәрі – біртұтас үлкен страте­гияның бөліктері.

– Сұхбатыңызға рахмет!

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары