Шампан атып, трендтегі видеоны түсірген тұрғындарға айыппұл салынуы мүмкін

/
Шампан атып, трендтегі видеоны түсірген тұрғындарға айыппұл салынуы мүмкін
ашық дереккөзден

Астана полицейлері қоғамдық орындарда шампан шашып, трендке айналған видео түсіріп жүрген азаматтарға әкімшілік жаза қолданылуы мүмкін екенін ескертті, деп хабарлайды turkystan.kz.

Соңғы уақытта әлеуметтік желілерде қыздардың көшеде шампан атып, "эстетикалық" видеолар түсіруі жиілеген. Бұл тренд әлемде екі жыл бұрын пайда болғанымен, Қазақстанда енді кең тарала бастаған.

Құқық қорғау органдары лайк жинау мақсатында заң талаптарын елемеу айыппұлға әкелуі мүмкін екенін атап өтті.

"Соңғы кезде контент түсіремін деген желі қолданушылары қоғамдық тәртіп нормаларын бұзу жағдайлары жиілеп кетті", – деп мәлімдеді елордалық полиция департаменті.

Полицейлердің айтуынша, мұндай әрекеттерге барған екі астаналық жауапкершілікке тартылған. Олардың бірі «Бәйтерек» монументі маңында шампан бөтелкесін ашып, ішімдікті шашып, аумақты ластаған. Тағы бір жағдайда бойжеткен қоғамдық орынның тазалығын әдейі бұзып, сусынды төккен.

Аталған деректер бойынша құқықбұзушыларға қатысты әкімшілік іс қозғалып, материалдар сотқа жолданған.

Полиция мұндай әрекеттер тек заң бұзушылық қана емес, сонымен қатар қоғамдық орындарға және тазалық сақтаушылардың еңбегіне құрметсіздік екенін де еске салды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары