Ресей қазақтарының жай-күйі қалай?

Ресей қазақтарының жай-күйі қалай?

Жуырда елімізде Қазақстандағы Ресейдің мәдениет күндері атап өтілді. Екі ел арасындағы мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты одан әрі нығайту мақсатында елордада шығармашылық және іскерлік іс-шаралар ұйымдастырылды. Жалпы, 2026 жыл Ресей халықтарының бірлігі жылы деп жарияланды. 160 ұлт пен ұлыс өкілдері тұратын Ресейде қазақтар үлкен этникалық топ болып саналады. Ресейдің әртүрлі аймақтарында тұратын қазақ диаспорасы өз мәдениеті мен дәстүрлерін сақтап, әр салада белсенді түрде қызмет атқарып келеді.

2021 жылғы Бүкілресейлік халық сана­ғы­ның қорытындысына сәйкес, Ресей Фе­дера­циясында 591 970 этникалық қазақ тұ­­­рады. Қазақтар ең көп шоғырланған ай­мақтар –  Астрахан (143 717), Орынбор (107 734), Омбы (69 407), Саратов облысы (64 065), Челябі (29 057), Волгоград (46 223), Алтай Республикасы (12 100). 
Ресейдегі қазақтар – өздерінің тарихи мұрасын сақтай отырып, мәдени алуан түр­лілікті дамытуға және екі ел арасындағы рухани байланысты нығайтуға елеулі үлес қосып жүрген маңызды топ. Олар бір жағынан Ресейдің қоғамдық және әлеуметтік өміріне бел­сенді қатысса, екінші жағынан, қазақ ті­лін, мәдениетін және дәстүрін сақтауға ерек­ше назар аударып келеді. Ондағы қан­дас­тар медицина, ғылым, мәдениет, бизнес және мемлекеттік қызмет салаларында ең­бек етіп, кәсіби табыстарға жеткен. Мы­са­лы, хирург-дәрігерлер, ғалымдар, мәде­ниет қайраткер­лері, режиссерлер мен кә­сіп­керлер арасын­да ерен еңбегімен кеңінен мойындалғандар жетерлік. Бұл қазақ диас­порасының тек этникалық топ қана емес, қоғам дамуына үлес қосып отырған бел­сенді қауым екенін көрсетеді. 
Тіл мен дәстүрді сақтау – қазақ диас­пора­сының басты ұстанымдарының бірі. Ресейдің көптеген өңірінде қазақ ұлт­тық-мәдени бірлестіктері белсенді жұ­мыс істейді. Ашық мәліметтерге сүйенсек, 2022 жылғы жағдай бойынша Ресейде ресми түрде тіркелген немесе тіркелу процесіндегі 100-ден астам қазақ мәдени орталық бар. Олар­дың ішінде «Омбы қазақтары» ұйымы қа­зақ мәдениетінің сақталуына үлкен үлес қо­сып, аймақтағы қазақтардың рухани бір­лігін нығайтуда маңызды рөл атқарып ке­леді. Кейінгі 20 жыл бойы Омбы өлке­сін­де төл мәдениетімізді насихаттауға өлшеу­сіз үлес қосып жүрген Торғын Әшенова – Ресейде ана тілімізде шығатын жал­ғыз газеттің бас редакторы. Қандас­та­ры­ның өз тарихы мен тілін, ділі мен дінін білу­ге құлшынысын арттыру үшін жанын са­лып жүрген Торғынға Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2022 жылғы 14 қазан­дағы Жарлығы бойынша «Шапағат» мем­лекеттік медалін табыс етілген бола­тын.

– Біздің ұйым бірнеше бағытта жұмыс іс­тейді. Соның ішінде қазақ тілін үйретуге баса мән береді. Мұғалімнен жолымыз бол­ды. Омбы облысы Москален ауданына қа­рас­­ты Жаңа ауыл деген ауылда сабақ бере­тін қазақ тілі пәнінің мұғалімі Нұрлай Ха­­­­­­­кімқызы кейінгі 5 жылдан бері бізде са­­бақ береді. Қазір 20-50 жас аралы­ғын­да­ғы­лар 3 топқа бөлініп, қазақ тілі курсына бел­сенді қатысып жүр. Әсіресе, 40-50-жасқа кел­ген қазақтардың «Өз тілімді білмеймін. Ер­тең балаларыма не қалдырамын? Той-то­малаққа барғанда қалай сөз сөйлеймін?» деген оймен тілді үйрену ісін қолға алғаны қат­ты қуантады. Одан басқа жексенбі күн­дері жасы кіші оқушылар 2 топқа бөлініп оқи­ды. Айта кетерлігі, отбасымен бірге үй­ренетін топтар да бар. Көпбалалы ата-ана­лар балаларымен бірге бір топта қазақ ті­лін үйреніп жүр. Бұл керемет емей не­ме­не?! Қазір тағы бір топ ашқалы жатырмыз. 12-15 жастағы оқушылар өздері тіл үйре­ну­ге ниет білдіріп, өтініш айтты. Ата-ана­лары балаларының қазақ тілін өз еркімен, сана­лы түрде үйренгісі келетініне қуанды. Бұл бізді де қуантпай қоймайды, – дейді Тор­ғын қазіргідей заманда жастардың ба­тыс мәдениетіне қызығып, жаһандық тренд­терге бет бұрып жатқанына қара­мас­тан, ана тілін үйренуге деген қызығу­шы­лық­тың артқанына марқайып.

Торғын жастардың бұл қызы­ғу­шы­лы­ғын Ресейдегі халықтар бірлігі жылымен байланыстырады. Биыл көптеген ұлт өз мәдениеті, салт-дәстүрі туралы жиі ай­­­тып, насихаттап жүргендіктен, жастар ара­сында ұлттық құндылықтарды сақтауға де­ген қызығушылық артып, өз тілін үй­ренуге деген ынта жоғарылап отыр.

– Қазақ тілі курсынан бөлек, біздің ор­та­лықта домбыра тартуды үйрететін курс бар. Сабина Әбілдинова есімді жас маман үй­ренемін деушілердің бетін қақпай, көп­теген туындыны, әсіресе, бірнеше күйді үй­ре­тіп жүр. Бүгінде олар қалада өтетін түр­лі ивентте өнер көрсетеді. Домбыра кур­сына тек жастар емес, үлкендер де жиі қа­тысады. Арасында орыс ұлтының өкіл­дері де бар. Владимир Ильин есімді үйрену­ші Алтайға барғанда жергілікті халықтың дом­быраға ұқсас ұлттық аспабы – топ­шуур­ды сатып алса керек. Оны үйрену үшін көп ізденген, ақыры маман таппаған соң біз­дің орталыққа келіп, үйренушілермен бір­ге күй тартуды бастап кетті. Жалпы, 30-35 жасқа келіп, кезінде домбыра шертуді ар­мандаған көп азаматтың қазір бәрін ба­сынан үйреніп, курсқа құлшына кел­е­ті­нін көргенде көңіл қуанады. 
Одан басқа біздің орталығымызда «Тұран» би ансамблі де жұмыс істейді. Сал­танат Жолдыбаева жетекшілік ететін би үйірмесіне 200-ден астам бала қатысады. Би мамандары Қазақстанға барып, білік­ті­лігін арттырып жүр. Бізде қазақ биін үйре­те­тін жер жоқ. Сондықтан алдағы уақытта Қазақстаннан арнайы бишілерді ша­қыр­тып, лагерь өткізсек деген жоспарымыз бар. Сонымен қатар былтыр қазан айында ор­та­лықта «Нұрай» атты вокал студиясын аш­тық. 16 жылдық тәжірибесі бар кәсіби ма­ман Жайран Сәрсенбаева балаларды ән ай­туға баулып, түрлі конкурсқа жетелеп жүр. Есеп беру кештері, «Әке туралы жыр» ат­ты концерттерде бүлдіршіндердің қазақ­шаға тілі келмесе де, мәтінін жаттап алып, мәнеріне келтіріп айтып шығатыны да рухымызды көтереді, – дейді ол. 

Бүгінгідей технология көз ілеспес жылдамдықпен дамып келе жатқан за­манда өз ұлттық болмысымызды жоғал­тып алмау аса маңызды. Торғын мұны өзі­нің ұлт алдындағы міндеті санайды.

– Бүгінде өз мәдениетіне қызығатын жас­тардың саны артып келе жатқаны бай­қа­лады. Өз халқы туралы көп сұрайды, тари­хын, шыққан тегін білгісі келетінін де бай­қаймыз. Бұл – өте жақсы үрдіс. Қазір­гі­дей шақта ұлттық болмысымызды жоғал­тып алмау – аса қажет. Бұл міндетті мис­сия­ға айналдырып, кейінгі 20 жыл бойы ті­лімізді, ділімізді насихаттау ісіне белсене қа­тысып келеміз. Осы игі істің ортасында жүр­у – мен үшін бақыт. Омбы қазақ­та­ры, жалпы Ресейде тұратын қазақтар әлем­нің әр бұрышында өз мәдениетін бәрінен биік қоятын қазақтардан қалыспай, өс­ке­лең ұрпаққа мол мұра қалдырады деп ой­лаймын. Біз сол үшін аянбай тер төгіп ке­ле­міз, – дейді Торғын сөз соңында алда көп іс­ке бел шеше кірісетінін айтып.

«Омбы қазақтары» ұйымымен қатар, Ресейде мә­дениетімізді дәріптеп жүрген тағы бір ір­гелі ұйым – Орынбордағы Жаңа­бай Бала­баев жетекшілік ететін аймақтық қазақ ұлт­тық-мәдени автономиясы. Орын­борда көп игі іс атқарып жүрген Жаңабай Айт­қа­лиұлын танитындар оны көпке үлгі етеді. Әңгіме барысында Торғын да Орын­бор қа­зақтары­ның атқарған шаруаларын сыр­­ты­нан там­сана бақылайтынын, соның ішін­де Жаңа­бай Айтқалиұлының өз қара­жа­­тын жұмсап, талай игі іс атқарғанын ба­­са айтты.

– Біз, Ресей қазақтарының Ресей ха­лық­тары құрылымында лайық орын алғанын көр­сету үшін тынбай жұмыс істеп жа­тыр­мыз. Орынборда 36 аудан болса, оның 16-сында қазақтар тұрады. Тіпті, кейбір ауыл тұрғындарының елу пайызы – қа­зақ­тар. Айтпасам да білетін шығарсыз, Орын­бор – әр қазақ үшін орны бөлек орын. Мен мұның маңызын мәдени автономияны бас­қарған соң жете түсіндім. Біз Қазақ­стан­нан келген қазақтарға экскурсия жасап, қала ішін аралатамыз. Қазақ КСР-нің ал­ғаш­қы астанасы Орынбор екенін Қазақ­стан­нан келген кісілер сағынышпен еске ала­ды. Одан бөлек, мұнда Ыбырай Алтын­са­рин оқыған мектеп бар. Маған дейін бел­сенді жұмыс істеген қазақтар ол мек­тепке естелік тақтайша қойған. Мұнда Қа­зақ КСР-нің бірінші үкіметі отырған ғи­марат, Ахмет Байтұрсынұлы тұрған үй бар. Бізде Байтұрсынұлы, Алматинская, Актю­бинская, Карагандинская деп атала­тын көше, Кеңес Одағының Батыры атағын екі рет иеленген Талғат Бигелдинов оқы­ған әскери училище де осында, – дейді ол.

Жаңабай Айтқалиұлы Орынбордың қашанда қазақ үшін орны бөлек екенін айтады.
Осыдан бір ай бұрын әлеуметтік желі­лер­де ұлттық киім киген Орынбор қазақ­тарының 70 келі бауырсақ пісіріп, көше аралап жүргені таспаланған видеосына көп­шілік таңданған еді. Жаңабай Айт­қа­ли­ұлы бұл істің Ұлыс күні қазақ халқының ұлт­тық мәдениетін дәріптеп, қонақ­жай­лығын көрсетудің тамаша үлгісі болғанын жеткізді.

– Наурыз мерекесінде 100-ден астам адам ұлттық киімімізді киіп, Орынбордың ор­талық көшесімен жүріп өттік. Жай ғана жү­ріп өткеніміз жоқ, белсенділеріміз ар­найы әзірлеген 70 келі бауырсақты көтеріп, ән айтып, би билеп, 1,5 сағаттай думан­да­тып өттік. Жолай адамдар бізге таңырқай қа­рап, ризашылығын білдіріп жатты. Осы­дан соң Орынбор облысының үкіметі бізге жыл сайын осылай жүріп өтіп, орынбор­лық­тарды Наурызбен осылай құттықтауға рұқсатын берді. Екі күннен соң Ұлыс күнін мәдениет үйінде кеңінен атап өттік. Бүкіл ауданнан ансамбльдер келіп, мәдениетімізді айшықтайтын үлкен концерт қойдық. Бұл концертке үкіметтегілермен қатар, өзге ұлт өкілдерін де шақырдық. Одан бөлек, төр­тін­ші жыл қатарынан қазақ мәдениеті күн­дерін өткізіп келеміз. Былтыр Ақтөбе об­лысымен шекаралас Соль-Илецк ауда­нын­да атап өттік. 22 мыңнан астам адам та­ма­шалауға келген бұл іс-шарада бәйге ұйым­дастырдық, киіз үй тіктік. Мәде­ние­тімізді паш ететін түрлі ивенттер ұйым­дас­тыр­дық. Биыл да өткізбек ойымыз бар, – дей­ді Жаңабай аға Орынбор облысының үкіметімен келіскенін айтып.

Жаңабай Балабаев – қазақ ұлттық-мә­дени автономиясына жетекшілік өткен­нен бөлек, жары Оксана Бала­баева бас­қаратын «Бәйтерек» қайы­рым­ды­­лық қорына да де­меушілік жа­­сайды.

– Бізде қазақ тілі курсы мен ән-би үйір­ме­лері жұмыс істеп тұр. Одан бөлек, «Со­бе­рем ребенка в школу» атты ак­ция өткізе­міз. Жыл сайын мыңнан астам балаға рюк­зак сыйлап, мектепке қажетті керек-жаб­дықпен қамтамасыз етеміз. Жаңа жыл қарсаңында көпбалалы отбасыларға сый­лық тара­тамыз. Күзде қарттар күнінде азық-түлік пакетін егде жастағылар­ға та­ра­тамыз. Онымен қоса, мүмкіндігі шек­теулі ба­лаларды да назардан тыс қал­дыр­май­мыз. Олар­ды оңалту орталық­тарын­да ем-дом алуына қол ұшын созып, керек ап­параттары мен арбаларын алып беру­ге тыры­самыз. Тек Орынбор қаласын емес, аудандарды да ара­лап, көмекке мұқ­таж жан­дарды іріктеп ала­мыз. Әсіресе, аудан­дардың бірінде орна­ласқан балалар үйінің тәр­бие­ленушілеріне қамқорлық жасап, жыл сайын түрлі сый­лық береміз, – дейді.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары