Қазақ спорт журналисткасының майталманы, жазушы, журналист Несіп Жүнісбаев биыл 75 жасқа толып отыр. Сейдахмет Бердіқұлов сынды ұстаздан тәлім алып, жолын жалғаған оның қаламынан кесек-кесек туындылар мен кітаптар туды. «Үшінші раунд» (1980), «Ауылдан шыққан алыптар» (1986), «Мексикадағы футбол тойы» (1988), «Футболмен тыныстаған Испания» (1984), «Әкемнің қамшысы» (2002), «Мұстафа Өзтүрік» (1992), «Ережесіз белдесу» (2006), «Бас иемін!» (2010), «Намыс қуар ұл қайда?» (2003), «олимпийский маршрут-5 том» (1998-2020) кітаптары жарық көрген. Тоғызқұмалақтан Қазақстанның спорт шебері (1987), Республикалық тоғызқұмалақ федерациясының тұңғыш президенті. Әлем спорт журналистері қауымдастығының мүшесі жане Азия спорт журналистер одағы атқару комитетінің мүшесі. Қазақстан Спорт баспасөзі қауымдастығын құрушы әрі осы ұйымның тұңғыш президенті болды. 2016 жылы Рио-де-Жанейро Олимпиадасында Несіп Жүнісбайұлы Халықаралық спорт журналистері қауымдастығының (AIPS) арнайы марапатына ие болды. Несіп Жүнісбайұлы – қазақ журналистикасындағы бір салаға маманданып, өзі таңдаған саланың отымен кіріп, күлімен шығудың дәстүрін, мектебін қалыптастырған санаулы қаламгердің бірі.
– Несіп аға, спорт журналисі болуыңызға не түрткі болды? Әңгімемізді осыдан бастасақ.
– Алматыға алғашында бір қолыма доп, бір қолыма домбыра ұстап келген адаммын. Мектепті үздік бітірдім. Бірақ сегізінші сыныпқа дейін ауылда домбыра, баян тартып, кештер ұйымдастырып, бірнеше ауылды аралап концерт қойып жүретінмін. Сегізінші сыныпқа дейін Алматының консерваториясына түсуді армандаған болатынмын. Домбыраны жақсы білетін үлкен кісілердің үйіне түнеп, домбыра үйрендім. Содан бір күні ауылдың дүкеніне барсам, бір қорапта теннис деген жазуы бар дүние келіпті. Дүкенші апайдан «бұл не?» деп сұрасам «е, бұл үстелге қойып ойнайтын ойын ғой» деп жауап қатты. Мен үйдегі тоғыз баланың кенжесі едім. Содан жылағандай болып, тоғыз рубль сұрап алып, жаңағы затты сатып алдым. Үйге келіп үстелге қойып ойнайын десем, үйдегі үстелге қойып ойнайтын дүние емес екен. Мектепке барсам сол жылы Балқаш қаласынан орыс тілінен сабақ беретін қаланың мұғалімі келіпті. Сол мұғалімге теннисті көрсеттім. Ол мұғалім қуанып кетті. Сөйтті де мектептегі бір сынып бөлмесінің бұрышында керексіз болып жатқан тақтаны суырып алып, астына құрылысқа арналған ағаш аяқты қойып, мен әкелген теннисті құрып берді. Сосын әлгі теннисті ойнай бастадық. Сол тенниске махаббатымның ауғаны сондай, мектеп бітіргенше мектептің, ауылдың чемпионы болып шыға келдім. Содан оқуды озат болып бітірдім. Әкем де шешем де балықшы болатын. Мектеп бітірген соң ағаларым мен жеңгелерім бар, әке-шешем бар үстел басына жиналдық. – Мектепті үздікке бітірдің, ал енді не істейсің? деп сұрақ қойды. – Оқуға барамын. – Қайда барасың? – Алматыға барамын, дедім. Қандай оқуға барасың? – Дене тәрбиесі институтына барамын, дедім. Әкем марқұм көп сөйлемейтін жан еді. – Еее, он жыл мектепті жақсы оқып, сонда доптың оқуына барасың ба? – деді. – Барамын, дедім. – Жарайды, десті. Содан үй-іші үш жүз рубль жинап, Алматыға жіберді. Ақыры, өзім іздеген институтты тауып алып, құжат тапсырдым. Ойым – үстел теннисі бойынша оқуға түсу. Бірінші емтихан үстел теннисінен болды. Емтиханнан үш алдым. Қаланың теннисін кім көрген? Біздің ауылдағы теннис тақтаға қойыла салған жабайы теннис қой. Сол институтта бір ағай жүруші еді, сол кісі мені тоқтатып: – Бала, сенің аттестатыңды көрдім. Жаман емес, жақсы оқыпсың. Сен мына теннистен өте алмайсың. Босқа әуре болып қаласың. Мұнда үстел теннисінен дайындалған он бес спорт шеберлігіне кандидат бала бар. Ал оқуға түсетіні үш-ақ адам. Одан да құжаттарыңды алып, бірнеше институтты аралап, біреуіне тапсыр, – деп ақыл айтты. Сол кісінің ақылын тыңдап, құжаттарымды алып Алматыны араласам барлық институттың емтихандары бітіп кетіпті. Қыркүйек басталып кеткен кез болатын. Тек бір институттан басқасы. Ол – консерваторияның театр бөлімі. Ол жерде қыркүйектің соңына дейін үміткерлерді тексереді екен. Сосын соған тапсырдым. Онсыз да сегізінші сыныпқа дейін армандаған оқу орыным емес пе?! Ол жерде театр бөлімінің үміткерлерін Хадиша Бөкеева апамыз қабылдайды екен. Сонда он бес күндей сынақтан өттім. Он алтыншы күні сағат ондағы оқуға кешігіп қалыппын. Есікті қағып, апай, кешіріңіз кіруге бола ма?, – деп едім. Сендер оқуға түспей жатып кешігіп жүрсіңдер, оқуға түссеңдер сендерден түк шықпайды. Есікті арғы жағынан жабыңдар, – деді. Ол кісінің мінезі сондай қатал еді. Содан ауылдың жинап берген үш жүз рублінен екі жүз рубль қалыпты. Армандап жүрген бір баян сатып алып, ауылға тарттым. Кейін әскерге кеттім. Әскерден 1970 жылы келген бетте ҚазГУ-дың Журналистика факультетіне құжат тапсырдым. Әскердің арқасында оқуға түсіп кеттім. Алматы спорттың нағыз қайнаған ортасы ғой. Сол спорт ойындарын көріп жүріп, «Лениншіл жас» газетіне спорт туралы мақала апарып, спортшы болам деген арманымды журналистика арқылы жетем деген шешім қабылдадым. Бесінші курсты бітірер жылы «Лениншіл жастың» бас редакторы Сейдахмет Бердіқұлов оқуды бітірмей жатып, Ерғали Сағатов екеумізді бұйрық шығарып қызметке алды. Оның алдында жазғанымды оқып жүрген болуы керек, мені «Спорт» бөліміне отырғызды. Содан алғашқы бағыт берген адамым – Сейдахмет Бердіқұлов, бағыты – спорт тақырыбы. Қыз-қыз қайнаған «Лениншіл жастың» ортасына түстік те кеттік.
– Қалай спорт журналисі болғаныңызды білдік. Сіздің сондай-ақ көркем шығармашылығыңыз да бар. Жазушы болуды мақсат тұттыңыз ба?
– Мен Көпбірлік деген балықшылар ауылында өстім. Мектепті де, университетті де қазақша оқыдық. Әскерде болғанда орысша үйрендік, кейіннен кітаптарымды орысша жазып кеттім. Сол әскерде болған жылдардың пайдасы. Ол кезде біз әлем классиктерін орыс тілінде оқитынбыз. Менің ең сүйікті жазушым Иван Тургенев еді. Одан бөлек көптеген ұлыны оқыдық. Сол кезде Алматы бізге Америка сияқты болып көрінуші еді. Алматыға алғаш келгенде шаһар маған мүлде басқаша әсер етті. Алматыда орыс көп екен, орысша жарнамалар, орыстан сіңген әдет-ғұрып молынан. Содан «қазақ жастарының тәрбиесі қандай болады?» деген ой қонып алды кеудеме. Соның әсерінен шығар, «Әкемнің қамшысы» деген повест жаздым. Сәкен Сыбанбай деген жақсы жазушы ініміз, шәкіртімнің айтуы бойынша сол туындым романға бергісіз хикая. Міне, ұлттық құндылықтар мен табиғи болмысымызды жоғалтып алудан бізді қазақы тәрбие ғана құтқарады деген ойды алып шықтым сонда. Бұл сол көкейде жүрген, көңілімізді алаңдатқан дүние еді.
ҚазГУ-ге түскеннен кейін домбыра оркестрінің домбырашысы болдым. Мәскеуде өткен халықаралық университеттер байқауына қатыстым. 1971 жылы Алматы студенттерінің өнер байқауында ән айтудан Жәнібек Кәрменов бірінші орын алса, күй тартудан мен бірінші орын алдым. Сол уақытта талай өнерпаз ағалармен жолық-тық. Төлеген Момбеков, Генерал Асқаров ағамыз келіп, өнерлерін көрсететін. Солармен болған кездесулерден алған әсерім болар, Сүгір бабамыздың өнердегі, өмірдегі ізі жайлы «Кертолғау» деген хикаят жаздым. Арманына жетпеген қазақ спортшысының ғұмыры жайлы роман жазып бастағанмын. Бірінші кітабын бітіргенмін, екінші кітапқа онша тісім батпай жатыр. Оның бас кейіпкері қазақтың Қажымұқаннан кейінгі бас балуаны – Әбілсейіт Айқанов.
– Спорт журналисі болу – өз алдына бір жүк. Жазушылық пен журналистиканы қалай тоғыстырдыңыз?
– Ғұмырымда жазушылықпен журналистиканы бөлген емеспін. Тек қана спорт тақырыбына арнап жазған жиырма шақты кітабым бар. Олардың ішінде әдебиетке бергісіз беттер бар, ал тікелей әдеби шығармаларға соққан жерлерім жоқ емес. Керек болатын болса, елдің бәрі біле бермейтін шығар, сонау 80-жылдары «Рингтегі тағдыр» деген повесім, хикаят деп жүрміз ғой, бұл күнде, сонда «Жалын» журналының бәйгесінің жеңімпазы болды. Ол кезде, шынын айтқанда, үйіміз де, күйіміз де жоқ кез болатын. Тіпті, жазу үстеліміз де жоқ еді. Сол повесімді сондай жағдайда жүріп жазғанмын. Егер адамның бойында таланты болса, ол өзінің журналистикадан қалай әдебиет әлеміне қанат қаққанын білмей қалады. Мұндай оқиға көп. Әрине, шын журналист болып жүрген кезде адамның әдебиетке уақыты болмайды. Өйткені журналистика деген кәдімгі жарыс жолында жүгіріп бара жатқан спортшыларды қуумен, күресіп жатқан спортшылармен бірге күресумен тең. Онда бос уақытың да болмайды. Солармен бірге бір қазанда қайнап жүресің. Мысалы, он бір олимпиадаға қатысып, 5 томдық кітап жаздым. Соған отыз жылымды сарп еттім. Енді «неге орысша жаздыңыз?» деген сұрақ туындауы заңды. Ол кезде, сонау 90-жылдар, біздің Қазақстанның спортшыларының 90 пайызы деп айтуға болады, еуропалық ұлт өкілінен құралды. Біздің балалар болса, арпа ішінде бір бидай сияқты еді. Одан кейін қағаз құжаттардың көбі орыс тілінде жазылды. Әсіресе спорт министрлігінің, спорт федерацияларының қағаздарының бәрі орысша болды. Ал енді мынандай деректі дүние жазғанда қағазға, газет-журналға қарамай ештеңе жаза алмайсың. Мысалы, сол олимпиадалардан қап-қап қағаз алып келетінмін. Барселонада, Жапонияда, сонау Мексикада болған Олимпиадалардан тігінділер әкелемін. Онсыз деректі дүние жазылмайды. Соларды жайып қойып керегімді алып тіркеп, жазамын. Шетелдің газет-журналдарын аудартып аламын. Бүгінде бәрі оңай ғой. Бәрін компьютеріңе салып жіберсең, дайындап береді. Біз тірнектеп дүние іздеп, соны инемен құдық қазғандай болып отырып, көз майымыз таусылып отырып жазсақ, бүгін бәрі көз алдыңда, компьютерде тұр. Соны жақсы жағынан пайдаланса дейсің.
– Сіз Азия спорт журналистері ұйымында жұмыс істеген алғашқы қазақ журналисісіз. Одан бөлек Қазақстан спорт журналистері қауымдастығын құрып басшылық еттіңіз. Қауымдастықтың бүгінгі хәліне қандай баға берер едіңіз?
– Мен спорт журналистері қауымдастығын тұңғыш рет 1992 жылы құрып, 20 жылдай оның президенті болдым. Сол жылдары ұйымды Азия құрлығының әлемдік халықаралық спорт қауымдастығына кіргіздім. Ресми түрде тіркетіп, солардың бір мүшесі қылдым. Одан бөлек Азия спорт журналистері одағы деген ұйым болды. Сол ұйымның 8 жыл бойы атқару комитетінің мүшесі болдым. Қазақ журналистері арасында тұңғыш мүше болдым. Ол дегенің Азиядағы спорт журналистерінің барысын қарап, қадағалап отыратын ұйым. Жыл сайын Азияның бір қаласында жиналыстары болады. Спорт журналистерінің үздіктерін анықтайды. Сонымен қатар Азия олимпиадалық кеңесі деген бар. Ол, былайша айтқанда, Халықаралық олимпиадалық комитет секілді ұйым. Сол ұйымның журналистер комиссиясы бар. Оған да мүше болып қызмет еттім. Сол комиссияға мүше болған Қазақстанның тұңғыш журналисімін. Ал қазір кезінде аты дүркіреген Қазақстан спорт журналистері қауымдастығы тұмсығымен жер сүзіп жатыр. Белгісіз, жаны ашымайтын біреулер қолға алып еді, ақыры құртып тынды. Сайда саны, құмда ізі жоқ. Кім бар, кім жоқ, белгісіз.
– Қазақтың ұлттық ойыны саналған тоғызқұмалақты насихаттауда сіздің еңбегіңіз ерен болды. Әрі федерацияның тұңғыш президенті болдыңыз. Ұлттық ойынды дамытуға не түрткі болды?
– Ол былай болды. «Лениншіл жастың» спорт бөлімінде істеп жүрген кезім, бір күні Алматыдағы шахмат үйінде Қазақстанның тоғызқұмалақтан тұңғыш спорт шеберлері қостанайлық Дмитрий Поляков пен қаратаулық Әбілда Ақшораевтың арасында чемпиондық үшін матч өткізіледі деген хабар тарады. Соған журналист ретінде қатыстым. Онда екеуінің ойнағанын көріп, тоғызқұмалақ өнеріне қатты әуесім кетті. Оның терең математикалық, философиялық ойын екені, оның үстіне қазақтың төрт-бес мың жылдық ойыны екені маған ерекше әсер етті. Содан бастап тоғызқұмалақты жазып қана қоймай, оны үйреніп ойнай бастадым. Осылайша, республикалық чемпионаттарға қатысып, 1983 жылы руспубликалық жарыста тоғызқұмалақтан күміс жүлдегер атандым. Одан кейін тағы да көптеген чемпионатқа қатыстым. Кейін 1991 жылы «Спорт» газетіне бас редактор болып ауысқанда, қызметім осы тоғызқұмалақ өнеріне қамқоршы болуға жарады. Бірнеше рет сол тоғызқұмалаққа шекесінен қарап, қаржы бөлмей жатқан кезде Спорт комитетіне кіріп, қаржы жағын реттеуге атсалыстым. Соның арқасы болар, Қазақстан өз тәуел-сіздігін алған жылы Қазақстан тоғызқұ-малақ федерациясының тұңғыш прези-денті етіп сайлады. Иә, оған дейін Совет одағы кезінде Қазақстан тоғызқұмалақ федерациясы болған, оған Талап Сұлтанбековтен бастап Әбілда Ақшораев сынды талай адамдар төраға болған. Мен сол қызметте талай жыл адал еңбек еттім, шамам келгенше қамқорлығымды жасадым. Кейін Дүниежүзілік тоғызқұмалақ федерациясына төрағасы болып отырған Әлихан Байменовке тапсырдым. Әлихан Байменов тоғызқұмалақ спортын өте жоғары деңгейге көтерді, көптеген мүмкіндік жасады, шетелдік спортшыларды тартты. Бүгінде тоғызқұмалақ әлемдік ақыл-ой ойындары қатарына кіріп, жыл сайын әлемнің бір қаласында осы ақыл-ой ойындарының фестивалі өтіп тұрады. Олардың бағдарламаларында тоғызқұ-малақ та бар. Біз тоғызқұмалақ федера-циясын құрып, басқарып жүрген жылдары Моңғолиядан, Түркиядан шәкірттер шақырып, оларға тоғызқұмалақ үйретіп, оның тақталарын, әдебиеттерін беріп жібердік. Бұл салада ерекше атап өтетін адамдар – Әбілда Ақшораев, Серікбай Тілеубаев ағаларымызды атасақ болады. Одан бері Айнұр Жақыпбаева деген қарындасымыз ғұмырын осы тоғызқұмалаққа арнады. Содан жас талант Мақсат Шотаев деген жігіт келді. Ол тоғызқұмалақтың бірнеше әдебиеттерін, теорияларын жазды. Тоғызқұмалақ ойыны әлемдік ұлттық спорт ойындарының сапында беделге ие. Бұған біз қуанамыз.
– Көптеген олимпиаданы көзіңізбен көрдіңіз. Қай олимпиада ұмытылмастай әсер сыйлады?
– Шетелдің спорт журналистері Қазақстанның спортшыларын тануға құмар, әсіресе, Жапонияның журналистері. Біз бір ғана қазақтың спорт журналистері құрамын жақсылап құрып, оны әлемдік көшке қосып, қызмет істей алмай жатсақ, оларда көптеген спорт түрінен бөлек-бөлек спорт журналистері қауымдастығы бар. Мысалы, Жапония футбол қауымдастығынан бөлек, футбол спорт қауымдастығы деген бар. Біз тәуелсіздік алғаннан кейін, Азия ойындарына тұңғыш рет қатыстық. Ол Азия ойындары Жапонияның Хиросима қаласында өтті. Сонда олимпиада командасының хатшысы болдым. Қалаға түскен бетте Жапония журналистері қоршап алып, бізбен кездесу өткізді. Құдай-ау, әуежайға рұқсат алып кіріпті. Шамамен 100-дей адам. Ал біз Азия ойындары түгіл, әлемдік Олимпиадаға 100 адамды апармаймыз. Сонда олардың бірінші сұрағы: «біз сіздерді Азияның ұлттық мемлекеті деп ойлайтын едік, сіздердің спортшылар-ыңыздың 90 пайызын неге европалық ұлт өкілдері құрайды?», – дейді. Көрдіңіз бе, сұрақтың қандай салмақты екенін?! Қазақ мемлекетінде, біздің құраманың бәрі болмаса да, 90 пайызы қазақ болуы керек.
– Қазақ спорт журналистикасының қазіргі басты кемшіліктері мен жетістіктері қандай?
– Менің аса көңілім толмайды. Қазіргі жастардан өзінің ғұмырын спорт саласына арнаған журналист кемде-кем. Өзім бүкіл ғұмырымды спорт журналистикасына арнадым. Жоғарыда айтқан «Лениншіл жастың» спорт бөлімінде он алты жыл қызмет атқардым. Содан 1991 жылы еліміздегі жалғыз спорт туралы басылым – «Спорт» газетіне бас редактор болып ауыстым. Зейнетке шыққанша сонда жұмыс істедім. Спорт туралы жазып жүрген соң, «бұл саланы бүге-шігесіне дейін білу қажет» деп бұрынғы өзім түсе алмай қалған «Дене шынықтыру» институтын сырттай оқып алдым. Ол маған көп артықшылық берді. Неге десеңіз, қазір өзін спорт журналисімін деп санайтын көп жас қарапайым футбол, волейбол алаңын, теннис кортының көлемін білмейді. Оны қойшы, көп спорт түрінің ережесінен бейхабар. Оның қажеті шамалы деп ойлайды. Сондай дүниелерді білмей спорт журналисі болу – өте қиын. Себебі алаңдағы ойын барысын төреші секілді өзіңше бағамдай алуың керек. Тағы бір мәселесі – жастардың спорт тақырыбын дендеп зерттеп, ізденбеуі. Оған ғаламтордың және соңғы уақыттағы жасанды интеллектінің дамуы да өз әсерін тигізіп отыр. Себебі барлығы көз алдында тұр. Егер қандай да бір спорт түрінен жазба жазатын болса, тек баяндаумен ғана шектеледі. Ал негізінде спорт журналисті болам деген әрбір жас қандай да бір спорттың ішіне дендеп еніп кетуі қажет. Спортшылармен бірге ащы терің шүмектеп төгілуі қажет. Мәселен, «Қайрат» футбол командасы чемпиондар лигасында ойын көрсетті. Бұл – тарихта болмаған көрсеткіш. Оның үстіне «Қайрат» клубы қазақ футболының алғашқы қарлығашы. Сол туралы жазып жатқан, әр ойынды бүге-шігесіне дейін талдаған журналист көрмедім. Мысалы, жақында Миланда өткен ойынына арнайы өзім барып қатысып, көріп қайттым. Ал спорт журналистері тек ақпарат көздеріне шыққан суреттер мен ақпараттарды бөлісе салды. Сол секілді тек ғаламторға шыққан дүниені көшіріп берумен ғана шектеліп жүріп, өзін спорт журналисі санайтындар бар. Мұны не үшін айтып отырмын?! Спорт журналистеріне жанкештілік керек. Сондай болам деген екі-үш жігітті тәрбиелеп жүрмін қазір. Болашақта жақсы аттары шығып қалар.
– Сұхбатыңыз үшін алғыс білдіреміз.
Сұхбаттасқан –
Наурызбек САРША