Жаңа Конституция жобасы – қоғамдық келісімнің басты кепілі

Жаңа Конституция жобасы – қоғамдық келісімнің басты кепілі

Жаңа Конституцияның жобасы – елдің саяси-құқықтық дамуындағы сапалық жаңа кезеңді айқындайтын стратегиялық құжат. Ұсынылып отырған жоба – құқықтық мемлекеттіліктің жаңа сапалық белесіне бағытталған жүйелі құжат. Ол Ұлы Дала мемлекеттілігінің тарихи сабақтастығын сақтай отырып, заманауи талаптарға жауап беретін басқару моделін ұсынады. Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Конституциялық реформа – Ұлы Дала мемлекеттілігінің жаңа белесі» атты дөңгелек үстелде ғалымдар мен сарапшылар бұл жобаны тарихи сабақтастық пен заманауи жаңғыруды ұштастырған іргелі бастама ретінде сипаттады.

Конституциялық мәтіннің тұжырымдамалық өзегі – «Әділетті Қазақстан» идеясын институционалдық деңгейде орнықтыру және «Заң мен тәртіп» қағидатын мемлекеттік басқарудың өзегіне айналдыру. Бұл жоба мемлекет пен қоғам арасындағы өзара жауапкершілікті нақты құқықтық нормалар арқылы бекітуді көздейді.

 Заң жобасында Ұлы Дала өркениетіндегі мемлекеттіліктің үздіксіздігі және тәуелсіз Қазақстанның құқықтық мұрагерлігі айқын көрініс тапқан. Егемендік, аумақтық тұтастық, унитарлы құрылым және басқару нысанының тұрақтылығы конституциялық деңгейде бекітіліп, мемлекеттің іргетасын шайқалтпайтын базалық қағидаттар ретінде ұсынылған.

Бұл нормалар саяси конъюнктурадан жоғары тұратын ұзақ мерзімді тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған. Яғни, конституциялық бірегейлік – мемлекеттіліктің құқықтық тірегі ретінде бекітіледі.

Конституция жобасы мемлекеттің құқықтық жүйесін жаңғыртумен қатар, оның құндылығы мен өркениеттік бағдарын айқындайтын маңызды саяси-құқықтық құжат болып табылады. Аталған жоба мазмұнында тарих, тарихи-мәдени мұра, білім, ғылым және инновация мәселелеріне ерекше мән берілуі – Қазақстанның ұзақ мерзімді дамуының іргелі бағыттарын айқындап тұрғанын көрсетеді.

Конституция жобасының бастапқы алғысөзінде «Ұлы Даланың мыңжылдық тарихының сабақтастығын сақтау» туралы тікелей айтылуы – жобаның басты концептуалдық ерекшеліктерінің бірі екенін көрсетіп тұр. Бұл норма Қазақстан мемлекеттілігін тек қазіргі саяси құрылым ретінде емес, тарихи дамудың заңды жалғасы ретінде танытады. 1995 жылғы Конституцияда Қазақстан халқы «ортақ тарихи тағдырмен біріктірілген» деп жалпылама сипатталса, жаңа жоба тарихи-өркениеттік негізді нақты әрі символдық тұрғыда күшейтеді.

Сонымен қатар, жобаның 3-бабында мемлекет қызметінің негізгі қағидаттары қатарында тарихи-мәдени мұраны сақтау мен төл мәдениетті қолдау жеке көрсетілген. Бұл – тарих пен мәдениетті қорғау енді тек мәдени саясаттың саласы емес, мемлекеттің конституциялық міндеттерінің бірі ретінде танылатынын білдіреді. Мұндай тәсіл ұлттық бірегейлікті нығайтуға, тарихи жадты сақтауға және қоғамның ішкі тұтастығын қамтамасыз етуге бағытталған.

Азаматтардың тарихи және мәдени мұраға қамқор болу міндеті де сақталып, Конституция жобасында қайта бекітілген. Бұл норма қоғам мен мемлекет арасындағы жауапкершіліктің өзара байланысын көрсетіп, тарихи ескерткіштер мен мәдени құндылықтарды қорғауды ортақ парыз ретінде айқындайды.

Конституция жобасының тағы бір маңызды жаңалығы – білім мен ғылым саласының конституциялық деңгейде стратегиялық мәнге ие болуы. Преамбулада «мәдениет пен білім, ғылым мен инновация құндылықтарын бағдарға алу» мемлекеттің негізгі бағыттарының бірі ретінде көрсетілген. Бұл тұжырым білім мен ғылымды тек әлеуметтік сала ретінде емес, ұлттық дамудың басты қозғаушы күші ретінде қарастырады.

Жобаның 3-бабының 2-тармағында мемлекет адам капиталын, білімді, ғылым мен инновацияны дамытуды өзінің стратегиялық бағыты деп таниды. Бұрынғы Конституцияда мұндай нақты формулировка болмаған. Бұл айырмашылық мемлекеттің білім мен ғылымға деген көзқарасының институционалдық тұрғыда өзгергенін көрсетеді.

Білім алу құқығы да жаңа жобада нақтылана түскен. Егер 1995 жылғы Конституцияда тегін орта білім алу құқығы ғана көрсетілсе, жаңа жоба бастауыш және орта білімді бірдей ақысыз әрі міндетті деп нақтылайды. Бұл – білім беру саласындағы құқықтық айқындықты күшейтетін маңызды қадам. Сонымен қатар, жоғары білім алу конкурс негізінде жүзеге асырылатыны және білім беру стандарттарын мемлекет белгілейтіні бекітіледі.

Айрықша назар аударатын тағы бір норма – білім беру жүйесінің зайырлы сипатының арнайы көрсетілуі. Конституция жобасында діни білім беру ұйымдарын қоспағанда, ел аумағындағы білім беру мекемелерінде білім мен тәрбие беру жүйесі зайырлы сипатта болатыны тікелей жазылған. Бұл норма зайырлы мемлекеттің қағидатын білім беру кеңістігінде нақты құқықтық ереже ретінде орнықтырады.

Жалпы алғанда, 2026 жылғы Конституция жобасында тарих пен білім мәселелері бұрынғы Конституциямен салыстырғанда әлдеқайда кең әрі мазмұнды түрде қамтылған. Тарихи сабақтастық пен мәдени мұраны сақтау мемлекеттің құндылықтық негізіне айналса, білім, ғылым және инновация стратегиялық даму бағыты ретінде бекітіледі. Бұл нормалар Қазақстанды тарихи тамыры терең, болашаққа бағдарланған, білім мен адам капиталын басты құндылық деп танитын заманауи мемлекет ретінде сипаттайды.

Осы тұрғыдан алғанда, жаңа Конституция жобасы қоғамды біріктіруге, ұлттық сананы нығайтуға және елдің ұзақ мерзімді өркениеттік дамуына құқықтық негіз қалауға бағытталған маңызды құжат ретінде бағалануға лайық.

Назия ТАСИЛОВА,

Әл-Фараби атындағы ҚазҰУ қауымдастырылған профессоры,

тарих ғылымдарының кандидаты

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары