Қазақстандық жас коньки тебушілер төрт күн бұрын Инцелль қаласында (Германия) өткен әлем чемпионатында ел тарихында болмаған нәтиже тіркеп, сенсация жасады. Әсіресе, мамандар мен жанкүйерлер 19 жастағы Кристина Шүмекованың шеберлігіне тәнті болды. Маусым бойы қатысқан жарыстарынан жүлдесіз қайтпаған Кристина кілең мықтылар жиналған әлем біріншілігінде 500, 1500 және 1 000 метрлікте алтын медаль иеленді. Сонымен қатар командалық жарыста Анастасия Беловодова және Варвара Глухова үшеуі қарсылас шақ келтірмей, чемпиондық атақты жеңіп алды. Одан бөлек, көпсайыс қорытындысы бойынша абсолютті чемпион атағын иемденді. Сондай-ақ ол 3 000 метр қашықтықта күміс жүлдені еншіледі. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Кристина Шүмекованың үш алтын медаль мен абсолютті әлем чемпионы атағына ие болуын отандық спорт тарихындағы ерекше оқиға ретінде бағалады. Президенттің айтуынша, атлет мұндай табысқа талант пен табанды еңбектің, темірдей тәртіп пен жеңіске деген мұқалмас жігердің арқасында жетті. Президент Кристинаның алдағы уақытта да биік белестерді бағындыра беруіне тілектестік білдірді. Германиядан орала салып, жаттығу жұмыстарына кірісіп кеткен Кристинаға хабарласып, аз-кем сұхбаттасқан едік.
– Кристина, жарыстың аяқталғанына бірнеше күн өтсе де, желіде сіз туралы жарыса жазып жатқандардың санында шек жоқ. Әсіресе, буы әлі басылмаған Қысқы Олимпиададан соң өмірбаяныңызды оқып, жетістіктеріңізді тізіп шыққан көпшілік «Біз неге мұндай мықты атлет туралы білмейміз?» деп таңғалысын жасырмай, жазып жатыр.
– Мен әлеуметтік желі қолданбаймын, тиісінше онда жазып жатқандарды бақылай алмаймын. Десе де, туыс-таныс, достардан ақжарма тілек жазып, құттықтап жатқанын естіп-біліп жатырмын. Бұл көңіл қуантпай қоймайды. Бұл – жалғыз менің жеңісім емес, бүкіл елдің жеңісі. Әрі бапкерлерімнің орасан еңбегі. Сондықтан барша отандасымның бұл жетістікке қуанып жатқаны марқайтады.
– Мемлекет басшысы жекелей құттықтағанда қандай әсерде болдыңыз?
– Шынымды айтсам, Президент құттықтайды деп күтпедім. Бұл – керемет сезім! Қатты қуандым. Қасым-Жомарт Тоқаев тек ересектер ғана емес, сонымен қатар жасөспірімдер мен жастар спортына да айрықша ден қоятыны қуантты. Бұл менің өнерімнің жоғары деңгейін көрсетеді. Білуімше, Мемлекет басшысы жасөспірімдерден мені ғана осылай бірінші рет құттықтаса керек.
– Қысқы спортты бақылап жүрген көпшілік сіздің осы маусым бойы барған жарысыңызда алтын жүлде алып жүргеніңізді жазып жатыр.
– Дәл солай. Мен жасөспірімдер арасында өткені үш әлем кубогіне қатысып, үшеуінде де топ жардым. Финалдық жарыста 1 000 және 3 000 метрлікте жеңіске жеттім. Осы жеңісті жолдың әлем чемпионатында да жалғасқанына өте қуаныштымын.
Аталған әлем чемпионатына осал атлет келмейтіні хақ. Жастар, жасөспірімдер деп бөле қарамайды. Ол жарыста өз құрамаларының теңдессіз көшбасшысы саналатын, осы маусымда ересектер арасында да, жастар арасында да әлем кубоктеріне қатысып жүрген мықтылар бас қосты. Сондай-ақ жуырда Италияда аяқталған Қысқы Олимпиада ойындарына қатысқандары да болды. Бәсеке көркі күн сайын қыза түскен бұл додада қарсыластарға қарсы тұра біліп, елге олжалы оралғанымызға өте қуаныштымын.

– Елге келген бойда берген бір сұхбатыңызда «500 метрлікте алтын жүлде аламын деп ойламадым» дегеніңізді оқып қалдым. Жалпы, бұл әлем чемпионатына қандай мақсат қойылған еді?
– Расында, 500 метрлікте чемпион атанамын деп күтпедім. Бұл қашықтықта үнемі көрсететін нәтижемнен ары аспайтын шығармын деп ойладым. Алайда жеке көрсеткішімнен бір секунд ерте уақытты көрсеттім – 38,48 секунд. Менен кейін жарысқа араласқан көшбасшы атлеттер менің нәтижемді бұзады деп ойладым. Әсіресе, Оңтүстік Корея мен Польшаның спортшылары менің алдымды орап, алтын мен күміс жүлдені өзара бөлісіп алар деп болжадым. Алайда олардың шамалары жетпеді. Себебі менің тіркеген нәтижем жақсы болды. Бастапқы қарқын да, айналым да өте жақсы болды. Ал әлем чемпионатына қойылған басты мақсат – көпсайыс нәтижесі бойынша топ жару болды. Жоспарды орындадық, дегенімізге жеттік. Жекелей сынмен қатар, командалық жарыста да нәтижеміз жоғары. Біз бұл жарыста командалық спринт пен командалық жарыста бақ сынадық. Спринтте төртінші орынға табан тіредік. Дегенмен жақсы көрсеткіш тіркедік. Әрбіріміз жекелей сындағы өз көрсеткішімізден асып түстік. Ешқашан олай жүгірмегенбіз. Ал командалық спринтте жеңісті жұлып алып, қоржынымызға тағы бір алтын жүлдені салдық. Командалық сайыс қиын болды деп айта алмаймын, себебі айдынға бірге шығатын болғандықтан, командаластарыңмен бірге жүгіру оңайырақ. Жекелей сындағыдай қобалжу жоқ.
– Сіз жекелей сыннан бөлек, жалпы әлем чемпионатында үздік өнер көрсеткен спортшы ретінде абсолютті чемпион атағын алдыңыз. Бұл – отандық коньки тебу спортында тарихи нәтиже. Сізге дейін ешбір коньки тебуші мұндай жетістікке қол жеткізбеген екен. Абсолютті чемпион атағы қалай беріледі? Жалпы, нәтиже есепке алына ма?
– Иә, мұнда спортшы қатысқан барлық сайыстың нәтижесі ескеріледі. Мен 500, 1 000 және 1 500 метрлікте алтын медаль иелендім. Командалық жарыста да жеңімпаз атандым. 3 000 метрлік сында күміс жүлде алдым. Бұл атаққа аустриялық Джанин Роснер екеуіміз таласқан едік. Алайда оның 3 000 метрліктегі жеңісі ұпай саны бойынша менен жоғары көтерілуге мұрша бермеді. Сондықтан мен төрт дүркін әлем чемпионы атағымен қатар, абсолютті чемпион атағын қоса иелендім. Маған дейін көпсайыс нәтижесі бойынша мұндай нәтижені ешкім тіркемеген. Дейтұрғанмен, біздің қоржынға 2022 жылдан бастап әлем чемпионаттарының түрлі жүлдесі түсті. Алина Дуранова жекелей сында жақсы өнер көрсетті. Командалық сында да керемет нәтижелер тіркелген. Алайда көпсайыс нәтижесі бойынша мұндай нәтиже болған емес.
– Көпшілік «Жасы 19-да болса, Милан Олимпиадасына неге бармады екен?» деп тағы жазып жатыр. Сіз бұл емес, келесі Олимпиадада бақ сынауды мақсат еттіңіз бе сонда?
– Иә, мен келесі Қысқы Олимпиада ойындарына қатысуды жоспарладым. Бұл маусымда жастар арасындағы әлем чемпионатында бақ сынаймын деп шештім. Қазір алдағы маусымға дайындық жүріп жатыр. Бұйырса, ересектер құрамасына ауысамын. Енді мен ересектер арасындағы әлем кубоктері мен әлем чемпионатында өнер көрсетемін.
– Десе де, Миланда өткен Ақ Олимпиаданы жіті бақылаған боларсыз. Триумфына ерекше қызыққан коньки тебушілер болған шығар?
– Иә, Олимпиаданы бақыладым. Қызық әрі тартысқа толы дода болды. Әсіресе, Италияның намысын қорғаған Франческа Лоллобриджида өз жерінде өткен додада жеңіске жеткені қатты қуантты. Одан мұндай нәтижені ешкім күтпеген-тін. Маусымда әлем кубогінде нәтижелері көңіл көншітерлік емес еді. Алайда Олимпиадаға жақсы дайындықпен келіп, алтын жүлдегер атанды.
– Бұған дейін бізге берген сұхбатыңызда спортшылар отбасынан шыққаныңызды, әпкеңіз Инесса мен сыңарыңыз Алинаның да кәсіби коньки тебуші, талай додада ел намысын абыроймен қорғап жүргенін айтқан едіңіз.
– Біз жарыстарға бірге барып, ел атынан сынға түсіп жүрміз. Инесса ересектер арасындағы жарысқа қатысып жүр. Десе де ол жастар арасындағы әлем кубогінде жүлдегер қатарында болған. Кубок финалын жеңіп алғаны бар. Ал сыңарым Алина да командалық жарыста жүлдегер атанды. Осы әлем чемпионатында айтарлықтай жақсы нәтиже тіркеді. Жекелей сында нәтижесін жақсартып, келесі маусымға нормативін арттыра түсті. Ол да келесі маусымда ересектер құрамасына ауысып, сынға түспек.

– Инесса, Алина үшеуіңізге төрт жылдан соң Қысқы Олимпиадада бірге бақ сынауға жазсын!
– Біз сол үшін де тынбай жұмыс істеп, еңбектеніп жатырмыз.
– Threads желісінде сіз туралы «Солтүстік Қазақстан облысындағы шағын ауылда хоккей «қорапшасында» жаттыққан қыз әлемдік аренадан бір-ақ шықты» деп жазып, ауыл-аймақта спортқа қызығатындарға үлгі ретінде жазып жатыр. Расында, баласының өмірін кәсіби спортпен байланыстырғысы келетін, алайда әзірге мүмкіндігі жоқ ата-аналарға не айтар едіңіз?
– Мұнда ата-ананың қолдауы үлкен рөл атқарады. Әр ата-ана баласының бастамасын қолдау қажет. Мейлі ол әдепкіде орындалмастай болып көрінсін. Баласына сенуі керек. Ал спортты таңдағысы келетіндерге айтарым, расында Қазақстанда қысқы спортта перспектива бар. Қысқы спортты дамытуға қыруар қаржы салынды. Көп жұмыс істелініп жатыр. Қарқынды дамып келеді. Мысалы, Петропавл қаласында 400 метрлік мұз айдынының құрылысы басталды. Бұл Ұлттық құрамаға мықты резерв дайындауда үлкен көмек деп ойлаймын. Тағы сол секілді ел аумағында көп ілкімді шаруа атқарылып жатыр. Сондықтан спортқа баласын баулыған ата-ана оны ылғи демеп, қолдап жүрсе, ол бала дегеніне жетпей қоймайтыны анық.
– Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында айтар тілегіңіз қандай?
– Еліміздің қыз-келіншектерін осынау керемет, мерейлі мерекемен құттықтаймын! Мол табыс, мықты денсаулық пен амандық тілеймін! Барлық арман-мақсатыңыз орындалсын!
– Әңгімеңізге рахмет! Келесі Олимпиадада атойлауға жазсын!
Сұхбаттасқан
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ
Суреттер ISU, olympic.kz сайттарынан алынды