Қазақстанда білім беру жүйесін жаңғырту бағытындағы реформалар жаңа кезеңге қадам басты. Бүгінде мектептерде басқару сапасын арттыру, педагог мәртебесін нығайту, цифрлық технологияларды енгізу және білім мазмұнын жаңарту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Мемлекет басшысы қойған міндеттерге сәйкес оқушылардың сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау, жас ұрпақты заманауи дағдыларға баулу және ұлттық құндылықтарды дәріптеу – басты назарда. Осы бағыттағы бастамалар мен білім саласының болашағы туралы Оқу-ағарту министрі Жұлдыз Сүлейменовамен сұхбаттасқан болатынбыз.
– Еліміз тәуелсіздік алғалы бері министрлер жиі ауысатын, әрқайсысы жаңа реформа әкелетін білім саласын басқарудың бүгінгі қиындығы қандай болып отыр?
– Білім саласы – кез келген мемлекеттің болашағын қалыптастыратын күрделі жүйе. Сондықтан бұл саладағы кадрлық өзгерістерді немесе реформаларды жекелеген тұлғалардың қалауы емес, заман талабы мен қоғамдық сұранысқа сай туындаған қажеттілік деп түсіну керек. Бұл саланы басқарудың басты ерекшелігі стратегиялық сабақтастықты сақтау. Біз «жаңа реформа» жасауды емес, басталған игі істерді жүйелі жалғастырып, оны бүгінгі жаһандық трендтермен ұштастыруды мақсат етеміз. Тәуелсіздік алғаннан бері саладағы әр кезеңнің өз міндеті болды: алғашқы жылдары инфрақұрылымды сақтап қалу маңызды болса, кейін біртіндеп сапаны арттыру енді міне халықаралық стандарттарға (ЭЫДҰ, TALIS, PISA) бет бұру кезеңі келді.
Орта білім беру сапасын жақсарту мәселесінде біз жүйелі әрі кешенді қадамдарға көштік. Бұл бағыттағы жұмыс Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың нақты тапсырмаларына сәйкес басқару сапасын көтеру, педагог мәртебесін арттыру, оқушы нәтижелерін жақсарту және цифрлық трансформацияны іске асыру негізінде жүргізілуде.
Біз ең алдымен басқару сапасына ерекше назар аударудамыз. Мектеп директоры тек шаруашылық менеджері емес, академиялық көшбасшы, ұжымның рухани темірқазығы болуға тиіс. Білім беру ұйымдарындағы басқару сапасын арттыру және кадрлық әлеуетті нығайту шеңберінде 2023-2025 жылдары «Білім берудегі өзгерістердің 1000 көшбасшысы» жобасы аясында республикалық кадрлық резервке 986 резервист қабылданып, олардың 493-і мектеп директорлары мен директордың орынбасарлары лауазымдарына тағайындалды. Нәтижесінде, кейінгі екі жылда мектеп директорларының тапшылығы екі есеге қысқарып, басқаруда шешім қабылдай алатын тұрақты кәсіби резерв қалыптасты.
Бүгінде «Педагог мәртебесі туралы» заңды жетілдіру бағытында жұмыстар жүргізілуде. Ұсынылып отырған өзгерістер педагогтердің құқықтық кепілдіктерін кеңейтуге, қайталанатын қағаз және электрондық есеп беруді қысқартуға, мұғалімді өзіне қатысы жоқ жұмыстарға тартуға жол бермеуге бағытталған.
Әкімшілік жүктемені азайту және басқару үдерістерін оңтайландыру мақсатында білім беру жүйесіне жасанды интеллект элементтері кезең-кезеңімен енгізілуде. Жасанды интеллект құралдары есептілікті қысқартуға, бағалау рәсімдерін автоматтандыруға және деректерге негізделген басқару шешімдерін қабылдауға мүмкіндік береді. Бұл шаралар мұғалімдерді артық қағазбастылықтан арылтып, тек кәсіби дамуға бағытталған орта қалыптастыруды көздейді.
Сонымен қатар TALIS-2024 халықаралық зерттеуінің нәтижелері педагогтерді қолдау және олардың кәсіби мәртебесін нығайту бойынша қабылданған мемлекеттік шаралардың, оның ішінде қаржыландыру көлемін ұлғайту мен еңбек жағдайларын жақсартудың, халықаралық деңгейде оң бағаланғанын көрсетті. Қазіргі қолданыстағы барлық нормативтік-құқықтық актілерге талдау жүргізілуде. Талдау нәтижесінде құқықтық олқылықтарды жою және басқару рәсімдерін нақтылау мақсатында тиісті өзгерістер мен толықтырулар енгізілетін болады.
Біздің негізгі мақсатымыз – баланың тұрғылықты жеріне, әлеуметтік жағдайына қарамастан, сапалы білім алуына тең мүмкіндік жасау. Бұл ретте бастауыш білімге де ерекше көңіл бөлінеді. Себебі білім сапасының іргетасы дәл осы алғашқы сыныптарда қаланады. Біз бастауыш буында оқу жүктемесін оңтайландыруға, функционалды сауаттылықты күшейтуге, баланың психологиялық бейімделуін ескеруге басымдық беретін боламыз. Негізгі мақсат – әр бала 4-сыныпты аяқтағанда еркін оқып, түсініп, ой қорытып, өз ойын жеткізе алатын деңгейге жетуге тиіс. Бастауыштағы сапа – кейінгі барлық білім сатыларының нәтижесін айқындайды.
Қабылданып жатқан шешімдер халықаралық зерттеулердің нәтижелеріне де негізделеді. PISA, TIMSS, PIRLS сияқты халықаралық бағалау зерттеулері көрсеткен әлсіз және күшті тұстарды талдап, оқушылардың оқу және математикалық сауаттылығын арттыруға бағытталған нақты түзету шаралары қабылдануда. Халықаралық тәжірибені зерделей отырып, біз ұлттық ерекшелікті сақтайтын, бірақ әлемдік стандарттарға сай келетін сапалы модель қалыптастырудамыз.
– Бүгінде жекеменшік мектептер көбейді, бірақ олардың көбі мемлекеттік тапсырыс есебінен күн көріп отыр. Cоңғы кезде жекеменшік мектеп туралы дау да көбейді. Сапаны қалай бақылайсыздар?
– Еліміз тәуелсіздік алған сәттен бастап жекеменшік мектептер жүйесі қарқынды дамып келеді. Әсіресе, 2015 жылы қабылданған «Мемлекеттік-жекешелік әріптестік туралы» заң бизнеске бұл салаға шоғырлануға жол ашты. Соның нәтижесінде бүгінде республика бойынша 841 жекеменшік мектепте 330 мыңнан астам оқушы білім алуда. Бұл көрсеткіш мемлекеттік емес сектордың отандық білім беру жүйесіндегі маңызды үлесі бар екенін көрсетеді.
Дегенмен соңғы тексеріс нәтижелері бірқатар жеке мектептердегі жағдайдың көңіл көншітпейтінін көрсетті. Көптеген білім ордасында санитарлық талаптар сақталмаған, асханалар мен спорт залдары жетіспейді. Мемлекеттік тапсырыс алатын 289 мектептің басым бөлігі білім беруге бейімделмеген ғимараттарда орналасқан. Сонымен қатар мұғалімдердің біліктілік деңгейі төмен (орта есеппен 34,3 пайыз) және «Алтын белгі» иегерлерінің өз білімін растай алмауы жалпы білім сапасының құлдырауына әкеп соқтыруда.
Оқу-ағарту министрлігі үшін басты құндылық – білім беру процесінің қауіпсіздігі мен оқушылардың білім сапасы. Сондықтан меншік нысанына қарамастан, барлық мектептерге бірыңғай, нақты және ашық талаптар қойылуда. Бұл қадам мектептер арасындағы бәсекелестікті арттырып, ата-аналар мен оқушылардың құқығын қорғауға, сондай-ақ заманауи білім стандарттарына сай келетін орта қалыптастыруға бағытталған.
– Жасанды интеллект пен жаһандық білім платформалары (Coursera, Khan Academy) дәстүрлі мектептің рөлін өзгертіп жатыр. Қазақстандық білім беру жүйесі осы бәсекеде өзінің ұлттық ерекшелігін сақтай отырып, қалай озық бола алады?
– Бүгінде біз білім беру саласындағы күрделі транформациялардың куәсі болып отырмыз. Жасанды интеллект пен Coursera, Khan Academy секілді жаһандық алпауыт платформалардың барлығы білімнің қолжетімділігін шексіз етті. Алайда бұл дәстүрлі мектептің рөлін жою емес, оның миссиясын түбегейлі жаңғыртуға берілген тарихи мүмкіндік екенін ұмытпау керек. Қазақстан бұл бәсекеде тек тұтынушы емес, өзіндік «ұлттық цифрлық қолтаңбасы» бар көшбасшы ел болуды көздейді.
Ақпаратқа қолжетілімділік артқан осындай кезеңде алдымен мұғалімнің функциясы өзгеруге тиіс. Жаһандық платформалар дерек бере алады, бірақ олар баланың бойындағы құндылықтар жүйесін қалыптастыра алмайды, баланың көзіндегі ұшқынды тұтата алмайды. Біз сол себепті де мұғалімдерді бірізді жұмыстардан (тапсырма тексеру, есеп беру) жасанды интеллект арқылы босатып, оның уақытын баламен тікелей психологиялық немесе шығармашылық жұмыс жүргізуге бағыттаймыз. Мақсатымыз – мұғалімді оқушының жеке интеллектуалдық траекториясын жасаушы стратегиялық ментор деңгейіне көтеру.
Біз жаһандық контентті жай ғана аударып, соқыр тұтынушыға айналмаймыз. Ғылым жаңалықтарын өзіндік мазмұнмен байытамыз. Егер оқушы математикалық модельдеуді үйренсе, ол есепті этно-мәдени контекстте, тарихи деректер немесе ұлттық экономиканың ерекшеліктері негізінде шешуі керек. Біздің балаларымыз Global Citizen бола отырып, тамырына берік ұлтжанды/патриот тұлға болып қалыптасады.
Біз технологияны ұлттық мүддемізді қорғауға қызмет еткізе аламыз. Орталықтандырылған инновациялық жүйе құру арқылы цифрлық экономика жағдайында бәсекеге қабілетті және жаһандық мүмкіндіктерді тиімді пайдалана алатын жаңа буын қалыптасады.
Болжам бойынша, 2030 жылға қарай жасанды интеллект білім беру жүйесінің өнімділігін 10-15 пайызға арттырады. Мектептің рөлі тек білім беруден дағдыларды (сын тұрғысынан ойлау, жобалық оқыту) дамыту кеңістігіне ауысуда. Бұл ретте Қазақстан «Цифрлық сауаттылық» пәнін енгізіп, QazTech платформасында оқушылардың жеке білім беру траекториясын айқындайтын ұлттық білім платформасын жасақтау стратегиялық басымдық.
Ауыл мен қала мектептері арасындағы айырмашылықты жою үшін Qazaq Digital Mektebi жобасы іске қосылды. Қазірдің өзінде Roqed AI, Kashgari, Stem-solutions секілді отандық ЖИ-құралдар қолданысқа еніп, Астана қаласының бірқатар мектептерінде (№107, №101 және т.б.) мұғалімдердің жұмысын жеңілдетіп, тапсырмаларды тексеру тиімділігін көрсетіп отыр.
Бұл ретте заман көшінен қалмай педагогтердің біліктілігін арттыру басты басымдыққа ие. 2025 жылы «Өрлеу» платформасында 240 мың мұғалім жасанды интеллект курстарынан өтсе, 2026 жылы ChatGPT Edu жобасы аясында тағы 200 000 маман өздерінің ЖИ-ассистенттерін жасауды үйренеді. Сонымен қатар Массачусетс технологиялық институтымен бірлескен Day of AI Qazaqstan жобасы оқушылар мен ата-аналардың цифрлық сауаттылығын көтеруге бағытталған.
Жаһандық ЖИ нарығы 2030 жылға қарай 32,3 млрд долларға дейін өседі деп күтілуде және білім беру платформаларының
80 пайызы бейімделгіш алгоритмдерге көшеді. Қазақстан осы трендтерді ұлттық ерекшеліктермен ұштастыра отырып, жаңа мамандықтар мен цифрлық құзыреттіліктерді қалыптастырудың негізгі алаңына айналуды стратегиялық мақсат етеді.
– Мектептегі буллинг, жастар арасындағы суицид пен нигилизм тек тәрбиенің емес, жүйелік идеологияның болмауының салдары. Біз балаға «бәсекеге қабілетті бол» дейміз, бірақ «адам бол» дегенді екінші планға ысырып қойған жоқпыз ба? Мектеп қабырғасындағы жаңа этикалық кодекс қандай болуы керек?
– Бүгінде біз «постшындық» деп аталатын, жалған ақпарат пен манипуляцияның белең алуымен сипатталатын күрделі кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Бұл ақпараттық тасқынның алдындағы ең әлсіз буын – критикалық сүзгісі қалыптасып үлгермеген жастарымыз. Осының салдарынан жасөспірімдер арасында нигилизм, мектептегі буллинг, тіпті құндылықтардың құлдырауы сияқты жаһандық ақпараттық хаостың кеселдері байқалуда. Бұл тек тәрбиенің олқылығы емес, заманауи ақпараттық қысымның да тікелей әсері.
Ұзақ уақыт бойы біз «бәсекеге қабілеттілік» формуласын тек прагматикалық тұрғыдан түсіндік, алайда баланың ішкі рухани өзегі берік болмаса, білім мен білік мақсатсыз құралға айналады. Сондықтан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен қолға алынған «Адал азамат» біртұтас тәрбие бағдарламасы – біздің жаңа заманғы темірқазығымызға айналып отыр. Бұл жай ғана мектептің ішкі ережесі емес, ақпараттық дәуірдің кеселдеріне қарсы тұратын этикалық кодекс. Темірқазық ұстанымдарды Мемлекет басшысы айқындаған құндылықтар арқылы баланың санасына сіңіру өзекті. «Адал азамат» концепциясы оқу мен тәрбиені бөліп жармайды. Ол баланы білімді болумен бірге ең алдымен адал болуға үйретеді. Бұл жүйе оқушыға көзсіз жеңіске жетуді емес, адамгершілік қағидаттарын сақтай отырып дамуды басты мақсат етіп қояды.
Мектептегі жаңа этикалық жүйенің өзегі – «Әділдік және жауапкершілік» қағидасы. «Постшындық» дәуірінде ақиқат бұлыңғырланғанда, балаға жол көрсететін басты бағдар оның ар-ұжданы мен әділдік сезімі болуға тиіс. Біз бала бойында басқаның құқығын құрметтеу мен өзіне жауапкершілік алу мәдениетін қалыптастыру арқылы буллинг пен нигилизмге қарсы ішкі «этикалық иммунитет» құрамыз. Жастарға жасанды идеалдар емес, еңбекқорлық пен парасаттылыққа негізделген «Адал азаматтың» жанды үлгісін ұсынамыз.
Бағдарлама аясындағы «Заң және тәртіп» идеясы мектеп қабырғасында «заңға бағыну әлсіздік емес, өркениеттілік» деген түсінікті орнықтыруға арналған. Егер жасөспірім заң мен тәртіптің өзіне де, өзгеге де еркіндік пен қауіпсіздік беретін кепіл екенін сезінсе, қоғамда зорлық-зомбылыққа орын қалмайды.
Сонымен қатар «Еңбек адамы» және «Таза Қазақстан» бастамалары жастардың энергиясын жасампаздыққа бағыттайды. Баланы еңбек арқылы қоғамға пайдалы екенін сезіндіру және экологиялық жауапкершілігін ояту маңызды. Адал еңбек арқылы біз баланы ел тағдырына жауапты азамат ретінде тәрбиелейміз.
Қорыта айтқанда, Қазақстан білімі мен тәрбиесінің жаңа сапасы – «Адал азамат» биігінен көріну. Тәуелсіздік, патриотизм, бірлік, әділдік, еңбекқорлық пен жасампаздық сияқты құндылықтар қазірдің өзінде 88 пәннің оқу бағдарламасына енгізілді. Мектеп – технология мен тәрбиені ұштастыра отырып, жаңа заманның сын-қатерлеріне төтеп бере алатын парасаты биік ұлт қалыптастыратын негізгі бекініс.
– Бүгін баланы мектеп емес, әлеуметтік желі тәрбиелеп жатыр. Білім министрлігі жас ұрпақтың ментальды саулығы мен құндылықтар жүйесін қорғау үшін қандай идеологиялық тосқауыл қоя алады?
– Қазір бала тәрбиесіне ықпал ететін орта өзгерді. Әлеуметтік желілер мен цифрлық кеңістік балалардың өмірінің бір бөлігіне айналды. Бірақ мемлекет бұл бәсекеде сыртта қалып отырған жоқ. Керісінше, біздің міндет – баланың санасын қорғап қана қоймай, оның бойында кез келген ақпаратқа сыни көзқарас қалыптастыратын рухани әрі интеллектуалдық иммунитет қалыптастыру.
Осы мақсатта Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасымен 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы қабылданды. Бұл құжатта балалардың ақпараттық, психологиялық және әлеуметтік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған нақты шаралар қарастырылған. Тұжырымдама аясында балалардың цифрлық сауаттылығын арттыруға, жалған ақпарат пен манипуляцияларды тану дағдыларын дамытуға, педагогтердің цифрлық технологияларды қолдану біліктілігін арттыруға бағытталған шаралар іске асырылады.
Ең алдымен «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы аясында балалардың ментальды саулығын қорғау жүйесі күшейтіледі. Бүгінде елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді. Алдағы уақытта мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу, психологиялық диагностикаға арналған бірыңғай цифрлық платформаны іске қосу және ерекше қамқорлықты қажет ететін балаларға менторлық қолдау көрсету жоспарлануда.
Сондай-ақ мектептерде цифрлық қауіпсіздік пен медиасауаттылықты дамытуға басымдық беріледі. 2024 жылдың қыркүйек айынан бастап еліміздің барлық мектептері, колледждері мен балабақшаларында «Жеке қауіпсіздік» сабақтары енгізілді. Бұл сабақтар сынып сағаты аясында 10 минуттық форматта өткізіліп, балаларға интернетті қауіпсіз қолдану, жалған ақпаратты ажырату және сыни ойлау дағдылары үйретіледі.
Цифрлық қауіпсіздік мәселелері білім беру мазмұнына жүйелі түрде енгізілген. Атап айтқанда, бұл тақырыптар «Цифрлық сауаттылық» (1-4 сынып), «Информатика» (5-11 сынып) және «Жаһандық құзыреттер» пәндері аясында оқытылады. Оқушылар интернеттегі қауіпсіздік, кибербуллинг, онлайн-алаяқтық және цифрлық гигиена мәселелері бойынша білім алады. Балалардың ақпараттық қауіпсіздігін күшейту бағытында заңнамалық шаралар қабылдануда.
Интернет кеңістігіндегі зиян контентке тұрақты мониторинг жүргізіледі. Мәселен, 2025 жылдың қорытындысы бойынша Ішкі істер министрлігінің Киберқылмысқа қарсы іс-қимыл департаменті «Кибернадзор» жүйесі арқылы 113 мыңнан астам интернет-сілтемені анықтап, олар бойынша құқықтық шаралар қабылданды. Нәтижесінде, интернет-ресурстар әкімшіліктерімен жұмыс жүргізіліп, уәкілетті органдарға материалдар жолданып, заңға қайшы ақпаратқа қолжетімділікті шектеу және бұғаттау шаралары қабылданды.
Сонымен қатар ата-аналардың жауапкершілігін арттыруға ерекше көңіл бөлінуде. Ата-ана бақылауы сервистерін қолдану, балалардың онлайн-өмірі туралы ашық әңгімелесу мәдениетін қалыптастыру бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр. Біз балаларды «Адал азамат» рухында тәрбиелеуге, «Заң мен тәртіп» қағидатын нығайтуға және экологиялық мәдениетті дамытуға күш салып жатырмыз. Өйткені ақпараттық дәуірде баланы тыйыммен емес, дұрыс тәрбие мен берік құндылықтар арқылы қорғауға болады.
– Жаңа Конституцияның 3-бабында білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекеттік қызметтің стратегиялық басымдығы ретінде алғаш рет ресми бекітілді. Бұл норманың адам капиталын дамытудағы маңызы қандай?
– Жаңа Конституцияда адам капиталына, білім мен тәрбиеге басымдық берілуі – мемлекет дамуындағы стратегиялық бетбұрыс. Әділетті мемлекеттің негізі саналы, жауапты және құқықтық мәдениеті жоғары азаматтар арқылы қаланады. Бұл Конституциялық реформалардың басты құндылығы – Мемлекет басшысы айқындаған ғылым, білім және адам капиталын дамытудың басымдық ретінде Конституциялық тұрғыдан бекітілуі.
Конституциялық өзгерістердің маңызды қыры – билік тармақтары арасындағы теңгерім мен жауапкершіліктің күшеюі. Парламенттің рөлін арттыру, жергілікті өзін-өзі басқаруды дамыту, азаматтардың шешім қабылдау процесіне қатысу мүмкіндігін кеңейту – демократиялық институттарды нығайтуды көздейді.
Ата Заңның 3-бабында білім, ғылым және инновацияны дамыту мемлекет қызметінің стратегиялық бағыты ретінде айқындалған. Бұл норма білім беру жүйесіне жаңа жауапкершілік жүктейді. Адам капиталы – ұлттық бәсекеге қабілеттілік пен қауіпсіздіктің басты факторына айналды.
Ғылым мен инновацияны білім беру процесіне біріктіру қоғамды ілгерілетудің негізгі құралы. XXI ғасырда жаңашылдыққа негізделген білім экономикалық өсімді қамтамасыз етеді.
Еліміздегі Конституциялық реформалар мен оған негізделген заңнамалық өзгерістер білім саласын жай ғана әлеуметтік міндет емес, мемлекеттік қауіпсіздік пен стратегиялық дамудың негізі ретінде айқындады. Жаңа өзгерістер аясында мектептің күнделікті тыныс-тіршілігіне мынадай бағыттарда бұрынғыдан да жақсара түседі деуге болады. Ең алдымен, білім мемлекетіміз үшін стратегиялық басымдық болғандықтан, мұғалімнің еңбегіне деген қоғамның құрметі заңмен бекітілді.
Конституциялық реформалар аясында баланың қауіпсіз және сапалы білім алу құқығы бірінші орында. Елімізде 217 «Келешек мектептері» салынды. Қарапайым ауыл мектебі мен қала мектебінің арасындағы алшақтықты жою үшін цифрлық зертханалар, STEM-кабинеттер жабдықталуда. Жаңа реформалар аясында білім мазмұнының цифрландыруға кірістік.
Жаңа технологиялар арқылы шалғайдағы мектептерді жоғары жылдамдықты интернетпен қамту, интерактивті платформаларды енгізу ісі қарқын алатын болады. Бәрінен бұрын цифровизация басқарудың ашықтығын қамтамасыз етеді. Реформалар аясында мектепті басқару ісіне қоғамның араласуына жол ашылды. Конституцияда барлық азаматтардың теңдігіне басымдық берілгендіктен, қарапайым мектептерде инклюзивті орта міндетті талапқа айналады.
Жаңа Конституцияның 33-бабы әрбір азаматтың білім алу құқығын конституциялық деңгейде бекітеді. Сонымен бірге мемлекеттің осы салаларды дамытуға жағдай жасау міндеті нақты айқындалған. Бұл норма барлық деңгейдегі сапалы білімге қолжетімділікті қамтамасыз етуге, адами капиталды дамытуға бағытталған. 33-баптың 1-тармағында әрбір азаматтың мемлекеттік оқу орындарында ақы төлемей орта білім алуына кепілдік берілетіні және бастауыш және негізгі орта білімнің міндетті екені нақты айқындалған. Бұл – мемлекеттің азамат алдындағы ең басты әлеуметтік міндеттерінің бірі.
Білімге қолжетімділік – тең мүмкіндіктердің негізі. Ал міндетті орта білім – қоғамның тұрақты дамуының тірегі. Конституциялық кепілдік арқылы әрбір баланың тұрғылықты жеріне немесе әлеуметтік жағдайына қарамастан сапалы білім алу құқығы қамтамасыз етіледі. Ақы төлемей орта білімге конституциялық кепілдік беру – бұл елдің ертеңіне салынған инвестиция. Себебі білімді ұрпақ – экономиканың қозғаушы күші, инновацияның қайнар көзі және мемлекеттің ұзақмерзімді өркендеуінің берік негізі.
Жаңа Конституция – Қазақстанның болашағының стратегиялық бағдаршысы. Білім беру, ғылым, инновациялар және адами капиталды дамыту – елдің экономикалық қуатын арттырудың басты факторы. Бұл бағыттар – Қазақстанды интеллектуалды, технологиялық және экономикалық тұрғыдан алға шығарудың негізі.
– Әңгімеңізге рахмет!
Сұхбаттасқан
Арайлым ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ