Жақында Мемлекет басшысының тапсырмасымен алғаш рет 2026-2030 жылдарға арналған «Қазақстан балалары» тұжырымдамасы әзірленді. Бағдарлама балалардың мүддесін қорғауға бағытталған мемлекеттік саясаттың бірыңғай стратегиялық жүйесін қалыптастырып, қолданыстағы шаралар мен бағдарламаларды тұтас жүйеге біріктіреді.
Бағдарлама отбасыларды қолдауға және позитивті ата-ана болу мәдениетін дамытуға, балалардың цифрлық қауіпсіздігіне, жаңа медициналық және оңалту мекемелерін салу, балаға бағдарланған инфрақұрылымды дамытуға, сондай-ақ инклюзивті және балаға мейірімді қызметтерді кеңейтуге ерекше назар аударады. Сонымен қатар өңірлік деңгейде балаларды қорғау жүйесін нығайту, мамандардың кәсіби стандарттарын арттыру және мектептерде психологиялық қолдауды дамыту – маңызды басымдық болмақ.
Мемлекетіміз қабылдаған жүйелі шаралар және қол жеткізілген нәтижелер «Қазақстан балалары» бірыңғай тұжырымдамасына негіз болған. Тұжырымдама балалардың құқығын қорғаудың бірізділігін және шаралардың тиімділігін арттырады.
Негізгі құқықтарын қамтитын төрт бағыттан тұрады, олар – балалардың қауіпсіздігі, білім, денсаулық, отбасыға және әлеуметтік қорғаудағы құқықтары.
Жаңа тұжырымдама 2026-2030 жылдарға арналған әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру және балалар қауіпсіздігін нығайту жөніндегі 158 нақты шараны қамтиды, қаржыландырудың жалпы көлемі 1,3 трлн теңгені құрайды.
Ең алдымен, «Адал азамат» бағдарламасы аясында «Заң және тәртіп» қағидатын кеңінен тарату көзделуде. Бұл әрбір баланың өмірі, оқуы және дамуы үшін қауіпсіз ортаны қамтамасыз етеді.
Ал «Таза Қазақстан» акциясы балаларды тәрбиелеудің идеологиялық платформасы ретінде негізге алынады.
Бүгінде елімізде 20 психологиялық қолдау орталығы жұмыс істейді, барлық мектептерде қауіпсіздік сабақтары өткізіледі және «111» байланыс арналары енгізілген.
Тұжырымдама аясында мектептерде педагог-психолог сағатын енгізу, зорлық-зомбылыққа ұшыраған балаларға 40 көмек кабинетін ашу жоспарланған.
Заңбұзушылық фактілерінің алдын алу және психологиялық көмек көрсету бойынша барлық шаралар – әрбір баланың қауіпсіз ортада өмір сүруінің негізі.
Тұжырымдамада баланың негізгі құқықтарының бірі – отбасы институты, ата-ана жауапкершілігі және әлеуметтік қолдау тетігіне көңіл бөлінген. Отбасы институтын және ата-аналардың, оның ішінде асырап алушы ата-аналардың жауапкершілігін күшейтуге негіз болатын жүйелі шаралар бекітілген.
Мемлекет басшысының тапсырмасын сапалы әрі уақытылы орындауға «Қазақстан балалары» тұжырымдамасында айқындалған балалардың құқығын қорғау саласындағы міндеттерді жүзеге асыру негіз болады.