Рух пен кескін үндестігі

Рух пен кескін үндестігі

Қазақ бейнелеу өнерінде өзіндік үнімен, терең философиялық астарымен ерекшеленетін суретшілердің бірі – Ерзат Болатхан. Оның шығармашылық жолы бала кезден, бес жасынан бастау алады. Табиғи бейімділік пен ішкі тылсым шабыттың жетегінде ол алғашқы суреттерін күйемен қабырғаға, жерге салудан бастаған. Қой, мысық, сиыр сынды қарапайым жануарлар бейнесін салып, балшықтан түрлі мүсіндер жасау арқылы ол бала көңілдің шынайы көркем әлемін қалыптастырды. 
Бұл – кейінгі кәсіби жолының бастау бұлағы болатын.

Бүгінде Ерзат Болатханның көрер­мен­дері –  көбіне зиялы қауым, өнер саласындағы мамандар, студенттер мен ұлттық болмысқа, тарихи мазмұнға қы­зығатын жұртшылық. Оның шығар­ма­лары –  тек көркем туынды ғана емес, ру­хани-танымдық кеңістіктегі сұхбат алаңы іспетті.
Суретшінің басты бағыты – клас­си­ка­лық реализм мен импрессионизм, кей­де экспрессивті тәсілдерге де жүгінеді. Тақырып жағынан ұлттық болмыс, тұр­мыс-салт, дәстүр сабақтастығы айқын бай­қалады. Әрбір туындысы – қазақтың ру­хани келбетінің, тарихи жады мен бүгінгі тіршілігінің көркем көрінісі.
Ол Қазақстандағы жетекші өнер ор­да­ларының бірі –  Т.Жүргенов атындағы Қа­зақ ұлттық өнер академиясында білім ал­ған. Ұстазы –  белгілі суретші Жұмақын Қайранбай. Ерзат Болатханның ай­туын­ша, «Суретші болу – өмірді зерттеумен» пара-пар. Бұл көзқарас оның шығарма­шы­лық ұстанымының негізі болып отыр. Ав­тор үшін сурет – тек табыс көзі емес, ең алдымен дүниетаным мен таным көк­жиегін кеңейтудің, рухани ізденістің көрінісі.
Суретшінің айтуынша, жақсы суретші болуға ұмтылыс –  білімге деген құштар­лықты талап етеді. Әрбір жаңа тақырыпқа кіріспес бұрын, ол тарихи және мәдени контексті терең зерттеуге ден қояды, ал бұл – оның шығармашылық процесіндегі басты қағида.
Ерзат Болатханның шығармашылық әдісі де ерекше. Кейде алдымен идея туа­ды, енді бірде – композиция ойға келеді. Бұл – оның шабыт көзі. Ол туынды­ла­рын­да заман тынысын, қала өмірінің кө­ріністерін, қазіргі қоғамдағы түрлі құ­былыстарды бейнелейді. Көзбен көр­ген, көңілмен түйген оқиғалар мен адам­дар бейнесі шығармаларында ерекше шы­найылықпен көрініс табады.
Техникалық тұрғыда суретші пас­тозды жазу техникасын, яғни бояу­ды батыл әрі қалың жағу тәсілін қол­данады. Жұмсақ әрі жылы түстер ар­қылы – тыныштық пен ізгілік идеясын жет­кізсе, ашық әрі контраст бояулар ар­қылы эмоция мен драматизмді бейн­е­лей­ді. Диагональ элементтер, жарық пен кө­леңке қарама-қарсылығы арқылы кеңіс­тік тереңдігін шебер ашады. Қыл­қа­лам ізінің өзінде де белгілі бір эмоциялық діріл, көңіл күйдің көркем коды сақтал­ған.
Суретшінің басты мақсаты –  адам­заттың шынайы құндылығы  руханият екенін жеткізу. Ол үшін өнер –  халық да­налығын, адам жанының нәзік иірім­дерін бейнелеудің қуатты құралы. Ав­тордың айтуынша, шығармашылы­ғын­дағы басты ерекшелік – композициялық ше­шімдердің үйлесімдігі, түстерді қол­данудағы даралық, техникалық шебер­лік­ке деген жоғары талап пен идея терең­дігі.
Суретші Ерзат Болатханның туын­ды­лары – қазақ бейнелеу өнерінің қазіргі даму контексінде өзіндік көркем тілімен ерек­шеленетін, терең философиялық-рухани астарға ие пейзаждық компо­зи­ция. Оның шығармашылығы адамзаттық рухани құндылықтар мен ұлттық дү­ние­та­нымның өзара тоғысуынан туындайды. Бұл көзқарас оның еңбектерінде нақты көрі­ніс тапқан. 
«Алтайдағы ауыл» картинасын алайық. Кескіндемеде алыстан көз тарт­қан тау сілемдері мен жап-жасыл жазық­тар кең тынысты кеңістікті бейнелейді. Бұл – қазақтың төл табиғаты, ұлттың жа­­ны мен болмысын айғақтайтын геог­ра­фиялық-көркем код. Жұмыс ком­по­зи­циясы жоспарлы түрде бірнеше жазық­тық­қа бөлінген: алдыңғы қатарда адам тір­шілігінің белгісі болатын құрылыс ны­шандары, ортада ауылдық ландшафт эле­менттері, ал арғы көкжиекте – биік тау­лар мен аспан тоғысқан кеңістік орна­ласқан.
Түстердің шешімі импрессионизм дәс­түріне тән – ашық, таза бояу­лар кенеп бетіне батыл жағылған. Автор жа­рық пен көлеңкені дәстүрлі академия­лық реализм аясында емес, өз ішкі түйсігі мен сезім әсе­ріне сүйеніп жеткізеді. Жа­сыл, көгіл­дір, күлгін және жылы сары реңк­тер бір-бірімен нәзік тоғысып, таби­ғаттың тірі тынысын сездіреді.
Туындыдағы табиғат көрінісі – жай ғана ландшафтық бейне емес. Бұл – су­рет­шінің дүниетанымдық пайымының, ру­хани рефлексиясының көркем көрінісі. Табиғат пен адам арасындағы үндестік, уа­қыт пен кеңістіктің тұтастығы арқылы ав­тор ұлттық кодты, қазақ жерінің қа­сиет­ті келбетін бейнелейді.
Суретші үшін кескіндеме – тек көзбен көр­генді көшіріп салу ғана емес, ол – ой­дың, сезімнің, дүниеге көзқарастың көр­кем формасы. Осы еңбекте де сол ұста­ным анық байқалады: сурет деректілікке емес, сезінуге, түйсінуге құрылған. Ол кө­рер­менді нақты бір оқиғамен емес, іш­кі сапарға, табиғатпен үндес болуға ша­қырады.
Ерзат Болатханның бұл туындысы – қа­зіргі қазақ бейнелеу өнеріндегі ұлттық рух пен заманауи көркемдік тәсілдердің та­бысты синтезінің мысалы. Ол – кес­кіндеме тілімен қазақ болмысын, ру­ха­ния­тын, тарихпен сабақтас тіршілікті те­рең әрі шебер жеткізген көркем дүние. Автор шығармашылығының басты идея­сы – рухани мұра мен өркениеттік үде­ріс­тердің көркем тоғысын насихаттау – осы жұмыста көрнекі түрде іске асырыл­ған.
Суретші Ерзат Болатхан –  тек қолына қыл­қалам ұстаған шебер ғана емес, ұлт­тық рухтың, көркем зерденің, замана мен тарих тоғысында сыр шертетін шынайы сурет­кер. Оның туындылары осылайша көрер­менді терең ойға жетелеп, уақытпен үн­десіп, жүрекпен сездіреді.

Бәтиза ӘДИ,
өнертанушы 

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары