Әлемдегі ең қарт президент — 92 жастағы Камерун басшысы Поль Бийя — жаңа жетіжылдық мерзімге қайта сайланды. Бұл оған билікте жүз жасқа дейін отыруға мүмкіндік береді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өткен сайлауда Бийя 53,66 пайыз дауыс жинап, Камерунды сегізінші рет басқаруға кірісті.
Қауіпті қарсыласы саналатын оппозиция жетекшісі Морис Камтоны шілде айында сайлауға жібермеді. Бұл шешімді Конституциялық сот та растады, алайда елдегі көптеген адамдар мұны қарсыласын шеттетуге бағытталған айла деп қабылдады. 2018 жылғы сайлаудан кейін Камто өзін жеңімпаз деп жариялап, жаппай наразылықтар ұйымдастырған болатын.
Айта кетейік, Поль Бийя бүгінде әлемдегі ең қарт президент саналады. Ол бұл қызметті 40 жылдан астам уақыт бойы атқарып келеді. 2008 жылы ол президенттік мерзімдердің шектеуін алып тастап, билікте мәңгі қалу мүмкіндігін иеленді.
Анықтама: Камерун — Орталық Африкадағы мемлекет, халқы шамамен 28 миллион адам. Елдің Атлант мұхитына шығатын жолы бар және табиғи ресурстарға бай: мұнай, газ, орман, кофе, какао және пайдалы қазбалар.