Барселонада тұрғын үй бағасының қымбаттауына қарсы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты

/
Барселонада тұрғын үй бағасының қымбаттауына қарсы наразылық жаппай тәртіпсіздікке ұласты
ВВС

Барселонада тұрғын үй бағасының шарықтауына қарсы өткен жаппай наразылық акциясы тәртіпсіздікке ұласты. Бетперде киген адамдар дүкендердің әйнектерін сындырып, қоқыс жәшіктерін өртеп, полициямен қақтығысқан, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тәртіпсіздік 11 қараша күні кешке, Испанияда соңғы 14 жылда алғаш рет өткен жалпыұлттық ереуілге орай ұйымдастырылған негізгі шерулер аяқталғаннан кейін болды.

Барселона қалалық полициясының мәліметінше, наразылық акциясына шамамен 55 мың адам қатысқан. Ал ұйымдастырушылар қатысушылар саны 400 мыңға жеткенін айтады.

Шерудің негізгі бағыты Пасео-де-Грасия даңғылы арқылы өткен. El País басылымының хабарлауынша, шеру жалпы алғанда бейбіт жағдайда өткен. Алайда ол аяқталғаннан кейін қала орталығындағы жағдай ушығып кеткен.

Бетперде киген адамдар тобы сауда орындарының витриналарын қиратып, дүкендерге басып кіріп, өрт қойған. Көшелерде ондаған қоқыс контейнері өртенген.

Зардап шеккен сауда нысандарының арасында Lego ойыншықтар дүкені де бар. Онда витрина зақымданған. Сонымен қатар тәртіпсіздікке қатысушылар Apple дүкеніне кіруге әрекет жасаған.

Каталония алаңы маңында полициямен қақтығыс болған. Құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне пиротехникалық заттар мен басқа да бұйымдар лақтырылған. Тәртіпсіздікті тоқтату үшін полиция арнайы бөлімшелерді жұмылдырды.

Жалпыұлттық ереуілге Испаниядағы ұзаққа созылған тұрғын үй дағдарысы себеп болған. Акцияны елдегі ең ірі екі кәсіподақ – UGT және CCOO, сондай-ақ тұрғын үй бағасының өсуі мен мәжбүрлі түрде үйден шығаруға қарсы күресіп жүрген жалға алушылар бірлестіктері қолдаған.

Испания Банкінің бағалауынша, 2021–2025 жылдар аралығында елде тұрғын үй тапшылығы шамамен 750 мың нысанды құраған.

Еске салайық, қазан айының басында Испанияның шамамен 50 қаласында тұрғын үй дағдарысына қарсы жаппай наразылық акциялары өткен болатын. Оған парламенттің жалға алушыларды үйден шығарудан қорғауға бағытталған үкіметтік шараларды қабылдамауы себеп болды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары