Metaverse: қиялдың шынға айналуы

Metaverse: қиялдың шынға айналуы
сурет: istockphoto.com

XXI ғасырдың айшықты белгісі – цифрлық өркениеттің қарқынды дамуы. Қазіргі жастардың өмір салты әлеуметтік желілермен, онлайн-ойындармен, бұлтты сервистермен тығыз байланысты. Бұл құбылыстың барлығы болашақтың жаңа кеңістігі – метаверстің бастау нүктесі болып отыр. Метаверс тек ойын немесе әлеуметтік желі платформасы ғана емес, ол – адамзаттың жаңа деңгейдегі виртуалды өмір сүру формасы.

Метаверстің мәні 
мен мазмұны

1992 жылы америкалық жазушы Нил Стивенсон өзінің «Қар апаты» ро­ма­нында «метаверс» терминін алғаш рет қол­данды. Ол виртуалды әлемде адам­дар­дың сандық бейнесі (аватары) ар­қы­лы өмір сүруін елестетеді.
Meta – шексіз, verse – ғалам дегенді біл­діреді. Қазіргі түсінікте бұл ұғым шы­найы өмір мен виртуалды кеңістіктің бір­тұтас болып кетуін білдіреді. Яғни, ме­таверс – интернеттің жаңа даму саты­сы, адамның күнделікті әрекетін толық­тай виртуалды ортада жүзеге асыру мүмкіндігі.
Қарапайым тілмен түсіндірсек, ме­таверс – толықтырылған (AR) және вир­­­­туалды шындыққа (VR) негізделген үш өлшемді цифрлық әлем. Мұнда қол­данушы өзінің цифрлық бейнесін жасап, виртуалды кеңістікте оқу, жұмыс істеу, ойын ойнау, жиналысқа қатысу, концерт көру, тіпті саяхат жасау мүмкіндігіне ие бо­лады. 
Америкалық технологиялық тал­даушы Мэтью Болл «Метаверс: Біздің әлем­ді қалай өзгертеді?» атты кітабында Web 3.0, блокчейн, криптовалюта мен NFT нарығының метаверс дамуына ти­гізе­тін әсерін жан-жақты зерттейді. Бұл тех­нологиялар адамзат қоғамының әлеу­меттік, экономикалық құрылымын түбегейлі өзгертетінін және жаңа цифр­лық экономиканың пайда болуына жол ашатынын дәйектейді. 
Ал жапон профессоры Хироси Исии цифрлық ақпаратты тек экранда көр­сету емес, оны физикалық әлеммен бі­рік­­тіру арқылы жаңа тәжірибені зерт­теуде.
Қазір метаверс бойынша бізге бел­гі­лі­сі, арнайы VR көзілдірік және сен­сор­лық құрылғы арқылы жүзеге асады. Unity және Unreal Engine секілді ойын қоз­­ғалтқышы оның бағдарламалық не­гі­зін құрайды. Демек, метаверс – тек ойын-сауық құралы емес, ол жаңа әлеу­мет­тік-экономикалық жүйеге айналып келеді.
2021 жылдан бастап Марк Цукерберг ме­таверсті «жаңа интернет дәуірі» деп атап, еңбек, білім және қарым-қатынас тә­сі­лін түбегейлі өзгертетінін жиі айтып келеді. 

Технологияның артықшылығы

Бүгінде Стивенсон қиялы шындыққа ай­нала бастады. Мәселен, қашықтан жұ­мыс істеу мен байланыс жасауға мүм­кін­дік ашылды. Microsoft пен Meta-ның де­регіне сүйенсек, 2024 жылы ірі кор­по­рациялардың 35 пайызы VR-плат­фор­маларға негізделген қашықтан жұмыс үл­гісін енгізген. Бұл жаңа формат жаһан­дық еңбек нарығын өзгерте бастады.
Екіншіден, экономикалық табысқа оң әсер етеді. Виртуалды дизайнер, ме­та­верс-архитектор, цифрлық мүлік дел­далы сынды жаңа кәсіп түрлері пай­да болуда. Gartner компаниясы 2026 жыл­ға дейін әлемдік корпорациялардың төрт­тен бірі өз қызметін метаверсте жүр­гізетінін болжайды. Бұл жаңа жұмыс орын­дары мен экономикалық өсімнің маңыз­ды факторы болмақ.
Үшіншіден, білім мен ғылымға сер­пі­ліс береді. PricewaterhouseCoopers (PwC) халықаралық компаниясының зерт­теуіне сәйкес, VR арқылы оқыту дәс­түрлі әдістен төрт есе жылдам әрі тиім­ді. Бүгінде Гарвард пен Оксфорд уни­верситеті осы тәсілді тәжірибеге ен­гізіп үлгерді. Бұл жүйе студенттерге тә­жі­ри­белік білімді тиімді игеруге жол ашады.
Төртіншіден, мәдени мұраны сақтау жә­не насихаттауға жол ашады. Әлемнің озық музейлері тарихи жәдігерлердің 3D үлгісін жасап, оларды виртуалды көр­меге шығара бастады. Бұл – мәдени мұра­ны келер ұрпаққа жеткізудің тиімді әдісі. Сондай-ақ өнер мен мәдениет с­а­ласының қызметкерлеріне табыс көзін ар­т­тырады. Мысалы, 2020 жылы рэпер Трэ­вис Скоттың Fortnite платфор­ма­сын­дағы онлайн-концертіне 27 миллионнан астам көрермен қатысқан. Бұл дәстүрлі аренадағы ең ірі концерттен бірнеше есе көп.
Бесіншіден, сауда-саттықты жаңа дең­гейге көтереді. NFT форматындағы циф­рлық өнер туындылары Sotheby’s жә­не Christie’s аукциондарында мил­лион­­даған долларға сатылуда. Вир­туал­ды жер телімі мен жылжымайтын мү­лік­ті сатып алу – жаңа инвестициялық трен­дке айналуда.
Қатты денесіз жаратылған періш­телер кез келген кеңістікке еркін өтіп, қалаған жеріне бара алады деген түсінік бар. Бүгінгі адамзат та осындай қасиетке қол жеткізуді метаверс технологиясы арқылы талпынуда. Әрі осы бағыттағы із­деністер қазірдің өзінде бірқатар нә­тиже беруде.

Қазақстан үшін 
мүмкіндік

Қазақстан да бұл ғаламдық үрдістен тыс қалмауы тиіс. Елімізде ІТ-иннова­ция­­лар белсенді дамып, жас стартаптар вир­туалды ортаға бейімделген жо­ба­лар­ды ұсынып жүр. Әсіресе, финтех, гейм­дев (ойын индустриясы), білім беру тех­нологиясы бағытында қазақстандық жас мамандардың бастамалары айтар­лықтай көбейді. Мәселен, Astana Hub технопаркі мен IT-университеттің қол­дауымен ондаған жоба халықаралық нарық­қа шығып үлгерді.
Мемлекеттік деңгейде «Цифрлық Қа­зақстан» бағдарламасы, электронды үкі­мет жүйесі, онлайн қызметтің дамуы ме­таверстік экономикаға қажетті ал­ғаш­қы инфрақұрылымды қалыптастыр­ды. Білім беру саласында бірнеше мектеп пен жоғары оқу орнында VR зерт­ха­на­лары іске қосылып, оқушылар мен сту­денттерге тәжірибелік білім берудің жаңа үлгілері пайда болды.
Сонымен қатар Қазақстан мәдени мұ­раны цифрлық форматта сақтауға ерек­ше назар аудара бастады. Ұлттық му­зей мен өңірлік музейлердің бір­қа­тары жәдігерлерді 3D үлгіде виртуалды көрмеге шығарып жатыр. Бұл – еліміздің мә­дени құндылығын тек ішкі ауди­то­рияға емес, әлемдік деңгейде таныс­тыру­ға мүмкіндік беретін қадам.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, Қа­зақстанда метаверс инфрақұрылымын да­мыту арқылы жаңа жұмыс орындары мен кәсіп түрлері пайда болуы ықтимал. Мы­салы, виртуалды сәулетшілер, 3D-кон­тент жасаушылар, цифрлық мар­кетологтар. Елдегі жас ІТ-мамандар үшін бұл – шетелге кетпей-ақ, өз елінде жо­ғары табыс табуға мүмкіндік.
Егер мемлекет пен бизнес бірігіп осы са­лада жүйелі қолдау көрсетсе, Қазақ­стан Орталық Азияда ғана емес, Азияда ме­таверстік экономиканың көшбасшы­сы­ның бірі бола алады. Бізде талантты жастар мен қажетті инфрақұрылым бар. Ен­дігі мәселе – сол әлеуетті дұрыс ба­ғыт­тау, пайдалану.
Қысқасы, Қазақстан үшін метаверс – тек технологиялық мүмкіндік емес, ол эко­номикалық әртараптандырудың, бі­лім мен мәдениетті дамытудың жаңа жолы.

P.S. 

Әрине, метаверс белгілі бір тәуекелмен бірге келеді. Виртуалды әлемге шамадан тыс тәуелділік адамдың шынайы өмірден алшақтауына әкелуі мүмкін. Дегенмен метаверс – адамзаттың қарым-қатынасын, еңбек ету тәсілін және дүниетанымын түбегейлі өзгерте алатын технологиялық әрі әлеуметтік құбылыс. Қазақстан осы мүмкіндікті дер кезінде игерсе, өзінің цифрлық дамуының жаңа белесіне көтеріледі.

Нұрлат БАЙГЕНЖЕ

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары