Кәуаптың шала немесе дұрыс піспеуі денсаулыққа айтарлықтай қауіп төндіретінін көп адам ескере бермейді. Дұрыс термиялық өңделмеген ет арқылы түрлі жұқпалы аурулар ағзаға еніп, ауыр асқынуларға әкелуі мүмкін, деп хабарлайды turkystan.kz «Газета.Ru»-ға сілтеме жасап.
Дұрыс піспеген кәуап – жұқпалы аурулардың көзі
Егер ет жеткілікті деңгейде піспесе немесе гигиена талаптары сақталмаса, ол әртүрлі қауіпті бактериялар мен паразиттердің тасымалдаушысына айналады. Көп жағдайда шала піскен кәуап мынадай ауруларға себеп болуы мүмкін:
1. Сальмонеллез
Сальмонеллез – тағам арқылы таралатын инфекциялардың ең кең таралған түрлерінің бірі. Әсіресе, шала қуырылған тауық етінен жиі кездеседі. Бұл бактерия ішке түскен соң бірнеше күн ішінде ағзаны улап, дене қызуын көтеріп, іштің ауырсынуын, құсуды және диареяны туындатады.
2. Кампилобактериоз
Бұл инфекция да жиі құс етінен тарайды. Адамда дене қызуы көтеріледі, іш өтеді, кейде қан аралас болуы мүмкін. Ауру асқынып кетсе, жүйке жүйесіне әсер етуі ықтимал.
3. Ішек таяқшасы (E. coli)
Бұл бактерия көбіне фаршталған еттерде және шикі ет өнімдерінде болады. Ауру іштің қатты ауруымен, тоқтаусыз диареямен, әлсіздікпен және дене қызуымен көрініс береді. Кейбір түрлері бүйрекке зақым келтіруі де мүмкін.
4. Листериоз
Листериоз — салыстырмалы түрде сирек кездесетін, бірақ өте қауіпті инфекция. Ол ет, балық және сүт өнімдері арқылы жұғуы мүмкін. Жүкті әйелдер үшін бұл ауру өте қауіпті: ол ұрықтың дамуына кедергі келтіріп, түсік тастауға дейін жеткізуі мүмкін.
Паразиттік аурулар да шала піскен еттен жұғады
1. Токсоплазмоз
Бұл паразиттік инфекция шошқа және қой етінен жиі таралады. Көп жағдайда адамда ауру жеңіл өтеді немесе белгілері мүлде байқалмайды. Алайда иммунитеті әлсіз адамдар үшін токсоплазмоз өте қауіпті, себебі ол миға, көзге және ішкі органдарға зақым келтіруі мүмкін.
2. Трихинеллёз
Бұл аурудың қоздырғышы — Trichinella spiralis құрттары. Олар көбіне шошқа еті мен жабайы аңдардың етінде кездеседі. Ауру белгілері — бұлшықет ауыруы, қызу көтерілуі, көздің айналасының ісінуі. Ауру ұзақ және ауыр өтеді.
Вирустық инфекциялар
Шала піскен кәуаптан вирустық аурулар жұғуы сирек болса да, толықтай жоққа шығаруға болмайды. Мысалы, норовирус және ротавирус ет өнімдері арқылы емес, көбіне тағамды сақтау және дайындау кезіндегі санитарлық ережелердің бұзылуынан тарайды. Әсіресе, көпшілік жиналған пикниктерде мұндай жағдайлар жиі болады. Бұл вирустар құсу, іш өту, әлсіздік секілді белгілермен көрініс береді.
Шала піскен кәуаптан туындайтын қауіптің алдын алу үшін төмендегі қарапайым ережелерді есте сақтаңыз:
- Етті тексерілген, сенімді дүкендерден сатып алыңыз.
- Шикі және дайын етті бөлек ыдыста сақтаңыз, әрі солай өңдеңіз.
- Еттің ішкі температурасы кемінде 70-75°C болуға тиіс. Тауық еті үшін — 75°C, сиыр еті үшін – 70°C.
- Кәуап ортасынан толық пісіп, қан ағып тұрмауы керек.
- Қолды шикі етке тиген соң міндетті түрде сабынмен мұқият жуыңыз.
- Пышақ пен тақтайшаны шикі және дайын етке жеке-жеке қолданыңыз.
- Белгілер пайда болса, дереу дәрігерге жүгініңіз
Егер кәуап жегеннен кейін бірнеше сағат немесе күн ішінде мынадай белгілер байқалса:
- іштің ауыруы;
- іш өту;
- жүрек айнуы немесе құсу;
- дене қызуының көтерілуі
онда уақыт өткізбей дәрігерге көріну керек. Ауру кейде тез дамып, ағзаға ауыр асқынулар әкелуі мүмкін. Әсіресе балалар, қарттар мен иммунитеті төмен жандарға бұл өте қауіпті.