Қостанайда суға кеткен атасы мен немересінің денесі табылды

/
Қостанайда суға кеткен атасы мен немересінің денесі табылды
видеодан скриншот

Қостанай облысындағы Тобыл өзенінде жүргізілген іздестіру-құтқару жұмыстары аяқталды. Демалыс кезінде суға кеткен атасы мен алты жасар немересінің мәйіттері табылды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бұған дейін хабарланғандай, 14 маусым күні Қостанай ауданына қарасты Алтын Дала ауылының маңындағы Тобыл өзенінде қайғылы оқиға болған. 2020 жылғы бала шомылуға тыйым салынған жерде су жағасында жүріп, түсіп кеткен.

Немересінің суға кетіп бара жатқанын көрген атасы оны құтқаруға ұмтылған. Алайда өзі де суға кетіп, екеуі бірге із-түзсіз жоғалған.

16 маусым күні Қостанай облысы Төтенше жағдайлар департаментінің жедел-құтқару жасағы жүргізген іздестіру жұмыстары барысында баланың денесі оқиға болған жерден шамамен 1,5 шақырым төменгі ағыстан табылды. Кейін 1967 жылы туған ер адамның мәйіті де өзеннің ағысымен шамамен 5 шақырым төмен жерден табылған.

Іздестіру жұмыстарына облыстық ТЖД күштері, полиция қызметкерлері, жедел жәрдем бригадасы, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, сондай-ақ «10 өңір», «Барс», «Дос» іздестіру топтарының еріктілері мен жергілікті тұрғындар жұмылдырылды.

Құтқару және іздестіру шаралары толық аяқталды.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар