Ақ, қара, алтын түсті немесе ала-құла тауықтардың қауырсын түсінің әртүрлі болуы бір ғана генге байланысты екені анықталды. Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық эволюция туралы түсінікті өзгертуі мүмкін. PNAS журналында жарияланған зерттеуді Германия мен Швецияның ғалымдары жүргізген. Лейпциг университеті, Charité Berlin клиникасы және Uppsala University мамандары MC1R деп аталатын генді зерттеген, деп хабарлайды turkystan.kz.
MC1R – тері мен қауырсындағы пигменттердің түзілуін реттейтін ген. Зерттеу нәтижесі оның тауықтардың қауырсын түсінің негізгі бөлігін анықтайтынын көрсетті. Яғни дәл осы геннің түрлі нұсқалары ақ, қара, қоңыр, алтын түсті және басқа да реңктердің пайда болуына әсер етеді.
Ғалымдарды әсіресе мұндай үлкен түстік алуандықтың қысқа уақыт ішінде, тауықтар қолға үйретілгеннен кейін пайда болғаны таңғалдырған. Мамандардың пікірінше, бұл табиғи және қолдан сұрыптау кезінде эволюциялық өзгерістердің өте жылдам жүре алатынын дәлелдейді.
Зерттеу авторларының айтуынша, MC1R геніндегі шағын мутациялардың өзі жануардың сыртқы келбетін айтарлықтай өзгерте алады. Бұл үшін геномның түгел қайта құрылуы міндетті емес.
Үй тауығы шамамен 8 мың жыл бұрын Үндістан мен Оңтүстік-Шығыс Азияда мекендеген жабайы банкив тауығынан тараған. Сонымен қатар тауық геномы толықтай зерттелген алғашқы құстардың бірі саналады.
Айта кетейік, MC1R гені тек тауықтарда ғана емес, көптеген омыртқалы жануарларда, тіпті адамдарда да тері мен жүн түсіне әсер етеді.