Қазақстан – әлемдегі суы аз елдердің бірі. Сондай-ақ, аграрлық елдердің қатарына жатады. Астықты көп егетін елдің біріміз десек те болады. Астық өнімін арттыру үшін су керек. Егінге қажет суды қалай үнемді пайдалануға болады? Тамшылатып суару технологиясын қаншалықты ұтымды пайдалана алып жатырмыз? Осы сұрақтар төңірегінде ізденіп көрдік.
Қазақстанның табиғи-климаттық жағдайы әртүрлі, ал кейбір өңірлерде жауын-шашын мөлшері жыл бойы өте аз түсетіні белгілі. Мұндай аймақтарда ауыл шаруашылығы дақылдарын табиғи жолмен ғана өсіру оңай шаруа емес. Қуаңшылық жылдарында топырақта ылғалдың жетіспеушілігі егіннің шығымына тікелей кері әсерін тигізіп, еңбектің зая кетуіне себеп болады. Сондықтан суармалы атыздар арқылы өнім көлемін көбейту – егіншіліктің негізгі көзі. Жердің табиғи әлеуетін толық пайдалану үшін егістік алқаптарын сумен қамтамасыз етудің маңызы зор. Бұл тәсіл бір жағынан өнімділікті арттыруға сеп болса, екінші жағынан – еліміздің азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етеді. Қазір заманауи технологиялар мен ғылыми әдістерді қолдану арқылы өсімдіктердің өсуіне қажетті суды алқапқа дәл әрі тиімді жеткізу мүмкіндігі бар. Алайда мұндай жүйені оңтайлы іске асыру үшін жай ғана суды жеткізу жеткіліксіз. Бұл – күрделі әрі жан-жақты жоспарлауды қажет ететін бағыт. Мұнда ең алдымен топырақтың құрамын, бедерін, судың сапасын және егін егілетін дақылдардың ерекшеліктерін ескерген жөн. Судың жерге қалай, қанша мөлшерде және қай уақытта жеткізілетіні өнім көлемі мен сапасына тікелей әсер етеді. Артық су да, жетіспейтін су да – топыраққа да, өсімдікке де зиян. Сондықтан жер мен суды үйлестіріп пайдалану мәдениетін қалыптастыру – бүгінгі ауыл шаруашылығы саласындағы маңызды міндеттің бірі.
Су ресурстарын цифрландырудың маңызы
Қазақстанда суармалы жер көлемі жыл сайын артып келеді. 2020 жылы бұл көрсеткіш 1,546 миллион гектар болған болса, 2023 жылы 1,7 миллион гектарға жетті. 2024 жылы – 1,8 миллион гектар, ал биыл 2,2 миллион гектарға дейін жеткізу жоспарланған. Сонымен қатар су үнемдеу технологияларын енгізу жұмыстары да қарқын алуда. 2020 жылы 210,4 мың гектар аумақта ғана заманауи суару әдістері қолданылса (тамшылатып, жаңбырлатып суару), 2023 жылы бұл көрсеткіш 382,6 мың гектарға жетті. 2025 жылы 450 мың гектарға дейін ұлғайту көзделіп отыр. Су үнемдеудің тиімді тетіктерін енгізу елдегі суды басқару жүйесін жаңғыртумен қатар жүріп жатыр. Қазір Су ресурстары және ирригация министрлігі Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеуді жалғастыруда. Жүйе төрт модульден тұрады: «Әкімшілік», «Су пайдалану», «Трансшекаралық су» және «Картография». «Әкімшілік» модулі жүйені цифрландыру арқылы орталықтан басқаруға арналған. Ол суды пайдаланушыларды есепке алу, технологиялық жүйе мүмкіндіктерін баптау, сумен қамтамасыз ету тетігін бақылау және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету функцияларын орындайды.
«Су пайдалану» модулі республика бойынша 86 су қоймасынан күнделікті деректер жинайды. Бұл су ресурстарының жай-күйін жедел бақылауға және қажетті шешімдер қабылдауға мүмкіндік береді. «Трансшекаралық су» модулі Қазгидрометтің 43 гидробекетінен деректер жинайды және мемлекетаралық каналдардағы су шығыны мен су қоймаларының жұмыс режимдері туралы ақпаратпен толықтырылады. «Картография» модулі Есіл және Жайық-Каспий бассейндеріндегі 250-ден астам гидротехникалық нысан, өзен-көлдер және 334 гидробекет бойынша мәліметтерді картада көрсетуге мүмкіндік береді. Сондай-ақ су шығынын, температураны, жауын-шашын мен қардың еруін қысқа және ұзақ мерзімге болжау функциялары іске қосылған.
Министрліктің Цифрландыру департаментінің директоры Мейіргүл Қуандықованың айтуынша, Су ресурстарының ұлттық ақпараттық жүйесін әзірлеу Еуразиялық даму банкінің гранты есебінен жүзеге асырылады. Жүйенің енгізілуі су теңгерімін болжау дәлдігін арттыруға, су ресурстарын тиімді басқаруға, сондай-ақ гидротехникалық нысандар мен ирригациялық инфрақұрылымның жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді.
Жаңа технология суды үнемдейді
Оңтүстік Қазақстан гидрогеологиялық мелиоративтік экспедициясы Жамбыл бөлімі басшысы Кажымұхан Қожановтың айтуынша, Қазақстандағы суармалы егіншілік әлі де толық дамыған жоқ. 2023-2024 жылдарға қарағанда жағдай жақсарғанымен, шалғайдағы егістік алқаптарына су жеткізу мәселесі әлі шешілмей тұр. Оңтүстік өңірлер, әсіресе Түркістан мен Жамбыл облыстары су ресурстарын тиімді пайдалануда алда келеді. Алайда бұл аймақтарда да су жетіспейтін атыздар көп. Заманауи тамшылатып және жаңбырлатып суару технологиялары жыл сайын кеңінен қолданыс тауып, өнімділікті арттыруға септігін тигізуде. Бұл әдістер суды үнемдеп, өнім көлемі мен сапасын жақсартады. Дегенмен фермерлердің бәрі бұл технологияны қолдана алмай отыр, себебі қаржылық қолдау жетіспейді. Сондықтан субсидия, жеңілдетілген несие және оқыту сияқты көмектер аса маңызды. Кажмұхан Шерназарұлының пікірі бойынша, суды тиімді пайдалану үшін нақты жоспар керек. Судың көлемі мен көзін ескере отырып, егістік аумағын реттеу маңызды. Қажет болса, кей жерлерде егістікті қысқарту немесе мүлдем егін екпеуге тура келеді. Суармалы егіншілікті дамытудың басты шарты – заманауи технологияларды кеңінен енгізу және фермерлерге жан-жақты қолдау көрсету, – дейді маман.
Шетелдің тәжірибесі қалай?
Қазақстанда суармалы егіншілік пен су ресурстарын басқару саласында айтарлықтай даму бар. Дегенмен Израиль, Испания және Сингапур сияқты елдермен салыстырғанда, еліміздің су үнемдеу технологияларын қолдануда және нормативтік базасын жетілдіруде артта қалғаны байқалады. Мысалы, Израильде тамшылатып суару мен сенсорлық жүйелер кеңінен қолданылады. Сарқынды судың 90 пайызы қайта өңделіп, ауыл шаруашылығына пайдаланылады. Сондай-ақ елде бірнеше ірі тұщыландыру зауыттары жұмыс істейді. Ал Қазақстанда тамшылатып суару технологиялары енгізіліп жатыр, бірақ қолдану көлемі әлі де шектеулі. Сарқынды суды қайта өңдеу саласы дамымаған, тұщыландыру іс жүзінде жоқтың қасы. Заңнамалық және басқару жүйесінде де айырмашылық жетерлік. Израиль мен Сингапурда су ресурстарын қатаң бақылау мен тиімді басқару қамтамасыз етілсе, Қазақстанда арнайы заң болғанымен, оның жүзеге асуы ақсап тұр. Елімізде инфрақұрылым жаңармаған, көптеген канал мен бөгет ескірген, оларды жаңғырту – ең өзекті мәселенің бірі. Халықтың суды үнемдеп пайдалануы – маңызды фактордың бірі. Басқа елдерде суармалы алқаптарда суды үнемдеудің аса қажеттігін халыққа кеңінен насихаттайды.
Қазақстанның су ресурстарын пайдалану мәселесі бүгінгі таңда аса өзекті. Елдегі кейбір көлдердің, өзендердің тартылуы мен су тапшылығы ауыл шаруашылығының өнімділігіне, экологияға және халықтың тұрмыс жағдайына тікелей әсер етіп отыр. Су тапшылығының басты себебі – су үнемдеу технологияларының әлі кең көлемде қолданылмауы, инфрақұрылымның ескіргені және заңнамалық реттеудің әлсіздігі. Сонымен бірге, кейбір өңірлерде суару жүйелерін жаңғыртуға қажетті қаржылық қолдау жетіспеуі де мәселені ушықтырады. Бұл жағдай суды тиімді басқаруды қиындатып, табиғаттың өз заңдылықтарына да кері әсер етеді. Шетелдік тәжірибе бізге көп нәрсені үйретеді. Израиль, Испания және Сингапур сияқты елдер су ресурстарын басқару кезінде технологияны тиімді пайдаланып, сарқынды суды қайта өңдеу мен тұщыландыру жүйелерін дамытып, суды үнемдеуге мемлекет пен халық бірлесе атсалысады. Тамшылатып суару және жаңбырлатып суару секілді заманауи әдістерді кеңінен енгізу, су ресурстарын жоспарлы басқару және инфрақұрылымды жаңғырту қажеттілігі жоғары. Сонымен қатар судың нақты жағдайын цифрлық технологиялар арқылы бақылау мен басқару да маңызды. Бұл су тапшылығын болжауға, су ресурстарын тиімді бөлуге және қолданыстағы инфрақұрылымның жұмысын жақсартуға мүмкіндік береді. Қазіргі кезде бұл бағытта цифрландыру жұмыстары басталып отыр, алайда оны кеңінен енгізу үшін қосымша қаражат пен жүйелі қолдау қажет. Су ресурстарын дұрыс басқару еліміздің азық-түлік қауіпсіздігі мен экономикалық тұрақтылығының кепілі екенін ұмытпауымыз керек.
Жанасыл ЗАЙТИМХАН,
Еуразия ұлттық университеті
Журналистика факультетінің ІІ курс студенті