Париждегі Notre-Dame de Paris соборының алдындағы алаңда жүргізіліп жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде шамамен 1 700 жылдық тарихы бар көне артефактілер табылды. Француз БАҚ-тары бұл жұмыстарды «ғасыр қазбасы» деп атап отыр, деп хабарлайды turkystan.kz Associated Press (AP)-ке сілтеме жасап.
Қазба жұмыстары 2019 жылғы өрттен кейін қалпына келтірілген собор маңын көгалдандыру жобасына байланысты басталған. Ескі қала аумағында құрылыс алдында міндетті түрде археологиялық зерттеу жүргізілетіндіктен, алаңда тереңдігі төрт метрлік шұңқыр қазылған.
Францияның алдын алу археологиясы ұлттық институтының (INRAP) мамандары топырақ астынан екі мың жылдық тарихты қамтитын бірнеше мәдени қабатты анықтаған. Жоғарғы қабат XII ғасырға – Нотр-Дам соборы салынған кезеңге тиесілі. Одан төменірек VI–X ғасырлардағы астық сақтайтын шұңқырлар, ал төрт метр тереңдікте IV–V ғасырлардағы римдік кварталдың іздері табылған.
Археологтар жүздеген жәдігерді жарыққа шығарды. Олардың арасында IV ғасырдағы император Константин бейнеленген тиын, ортағасырлық керамика сынықтары және бетіне жұмбақ жазулар түсірілген ыдыстар бар. Мамандар бұл жазулардың мағынасын әзірге анықтай алмай отыр.
Зерттеушілердің айтуынша, ең құнды олжалар ортағасырлық үйлердің астындағы ескі қоқыс шұңқырларынан шыққан. Сол жердегі ылғалды орта керамикалық бұйымдардың жақсы сақталуына мүмкіндік берген.
Археологтар рим дәуіріндегі жәдігерлерге ерекше қызығушылық танытып отыр. Себебі сол кезеңдегі Париж «Лютеция» деп аталған және бұл уақыт әлі толық зерттелмеген. Мамандар қазба жұмыстарын әрі қарай жалғастырып, римге дейінгі галл кезеңінің іздерін табамыз деп үміттенеді.