Құрбан айт қарсаңында Құрбан шалудың шарттары мен әдебі жөнінде кеңінен тоқталмақпыз, шалынатын мал, уақыт, ниет, мақсат – барлығы шариғат талабына сай орындалуы тиіс, деп хабарлайды turkysran.kz muftyat.kz-ке сілтеме жасап.
1. «Құрбан» сөзі нені білдіреді?
Араб тілінен енген «құрбан» сөзі «жақындау» деген мағынаны білдіреді. Терминдік тұрғыдан алғанда, Алланың разылығына жету ниетімен құрбан айт күндерінде шалынатын арнайы мал түрін білдіреді. Пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с.) бұл амалдың сауаптылығы жайында бірнеше хадистерде айтып кеткен.
2. Құрбан шалу – уәжіп амал
Ханафи мәзһабында құрбан шалу – шамасы жеткен адамға уәжіп. Құранда Алла Тағала «Намаз оқы және құрбан шал» деп бұйырса, Пайғамбарымыз (с.ғ.с.) «Кімде-кім жағдайы бола тұра құрбан шалмаса, біздің намаз оқитын жерімізге жақындамасын!» деген.
3. Құрбан шалу кімге уәжіп?
Құрбан шалу үшін мына шарттар орындалуға тиіс:
Құрбан шалушы мұсылман болуы керек,
Жолаушы болмауы керек,
Нисап мөлшерінде (85 г алтын немесе сол құндағы ақша) артық мүлкі болуы қажет.
Кедей мұсылмандар да нәпіл құрбан шала алады, бұл ерікті түрде жасалатын сауапты амал.
4. Қашан шалу керек?
Құрбан шалу айт намазынан кейін басталып, үшінші күннің ақшамына дейін жалғасады. Айт намазына бармаған кісі де намаз уақыты өткен соң құрбан шала алады. Айт намазына дейін шалынған мал құрбан ретінде қабыл болмайды.
5. Қандай мал шалу қажет?
Қой, ешкі, сиыр, түйені құрбандыққа шалуға болады. Жас ерекшеліктері де маңызды:
Қой, ешкі – 1 жастан,
Сиыр – 2 жастан,
Түйе – 5 жастан асуы керек.
Ірі қара (сиыр, түйе) жеті адамға ортақ шалына алады. Бірақ барлық ортақ ниетімен ғана қабыл болады.
6. Қандай малды шалуға болмайды?
Бір көзі соқыр,
Әлсіз, ауру,
Құлағы, мүйізі, құйрығы кесілген,
Тістерінің көбі жоқ.
7. Біреу арқылы шалу
Құрбанды адамның өзі шалғаны абзал, алайда басқаны өкіл етіп тағайындауға да болады. Бұл үшін ниет пен сенім білдіру жеткілікті.
8. Малды қалай шалу керек?
Құрбан құбылаға қаратып жатқызылады, дұға оқылып, «Бисмиллаһи, Аллаһу Әкбар» деп бауыздалады. Мал жан тапсырмай тұрып терісін сыпыру мәкрүһ амал саналады.
9. Ет пен теріні қалай бөлу керек?
Етті үшке бөліп:
бір бөлігі – туыстар мен көршілерге,
бір бөлігі – мұқтаждарға,
үшінші бөлігі – өз отбасына қалдырылады.
Құрбанның етін, терісін сату – мәкрүһ. Қасаптың ақысына да малдың ешбір бөлігін беруге болмайды.
10. Құрбан орнына ақшалай садақа беруге бола ма?
Мал соймай, орнына ақшалай садақа беру – құрбан шалудың орнын баспайды. Қан ағызу – міндетті шарт.
11. Марқұм атынан құрбан шалуға бола ма?
Иә, егер марқұмның өзі аманаттап кетпесе де, ниет етіп құрбан шалуға болады. Бұл құрбанның етін жеуге де рұқсат. Ал өсиет бойынша шалынса, еті түгелдей садақа ретінде таратылуы қажет.
12. Бірігіп құрбан шалу
Қой немесе ешкіні тек бір адам құрбан ретінде шала алады. Ал сиыр немесе түйені яғни, ірі қараны бір кісінің жалғыз өзі үшін шалуына болады. Сондай-ақ жеті кісіге арнап, ортақ шалуларына болады. Құрбанды ортақтасып шалған уақытта әрбір адам құрбан шалу ниетімен ортақтасуы керек. Бір кісі құрбан үшін, ал екінші бір кісі тек қана етін алу ниетімен ортақтасса, шалынған мал барлық ортақтар үшін құрбан болып есептелмейді.