Ақшада қанша микроб бар?

/
Ақшада қанша микроб бар?
сурет: carnation-inc.com

Ақша – күнделікті өмірдегі қолдан-қолға көп жүретін заттың бірі. Бір ғана банкнота бір айдың ішінде жүздеген адамның қолынан өтіп, қалтада, әмиянда, дүкен сөресінде, банкоматта жүреді. Сондықтан оның бетінде түрлі микроағзалардың жиналуы қалыпты құбылыс, деп хабарлайды turkystan.kz science.mail.ru-ға сілтеме жасап.

Ғалымдар ақша беттерінен теріде өмір сүретін зиянсыз бактерияларды да, шартты түрде қауіпті микроорганизмдерді де анықтаған. Олардың қатарында стафилококк, ішек таяқшасы, энтерококк сияқты бактериялар бар. Кей жағдайда саңырауқұлақтар мен вирустар да кездеседі. Зертханалық тәжірибелерде тұмау вирусының банкнот бетінде 17 күнге дейін, ал коронавирустардың бөлме температурасында 3-4 күн сақтала алатыны байқалған.

Алайда мамандар бір маңызды жайтты ескертеді: микробтың болуы міндетті түрде ауру жұқтырады деген сөз емес. Адам ауыруы үшін қоздырғыш тірі болуы, оның мөлшері жеткілікті болуы және ағзаға ену жолы болуы керек.

Неліктен қағаз ақша «лас» саналады?

Қағаз банкнотаның құрылымындағы целлюлоза талшықтары ылғалды, тер бөлшектерін, майды және шаңды өзіне сіңіреді. Мұндай орта бактериялардың сақталуына қолайлы.

Ал тиындар микробтарға онша ыңғайлы емес. Себебі олардың құрамындағы мыс, никель, жез сияқты металдар бактериялардың қабығын зақымдайтын қасиетке ие. Дегенмен ылғалды ортада монеталардың өзінде де бактериялар екі айға дейін сақталуы мүмкін.

Қорқу керек пе?

Мамандардың айтуынша, дені сау адам үшін қолма-қол ақшадан инфекция жұқтыру қаупі өте төмен. Адам терісі мен иммундық жүйесі көптеген микроағзалардан қорғай алады. Бірақ иммунитеті әлсіз адамдарға, кішкентай балаларға және қолында ашық жарасы барларға сақ болған жөн.

Әсіресе, ақшаны ұстаған соң қолды жумай тамақ ішпеу; бетке, көзге, ауызға қол тигізбеу; қажет жағдайда антисептик қолдану маңызды.

Қоғамдық тамақтану, медицина және касса қызметкерлері үшін гигиена талаптары тіпті қатаң болуы керек. Зерттеулерге сәйкес, ет базарларындағы, ауруханалардағы және сауда орындарындағы ақшаларда патогендер жиірек кездеседі.

Қауіпті қалай сейілтуге болады?

Дәрігерлер бірнеше қарапайым ережені ұсынады: қолма-қол ақша ұстаған соң қол жуу; су болмаған жағдайда спирттік антисептик пайдалану; ақшаны азық-түліктен бөлек сақтау; бетке қол тигізбеу; мүмкін болса, байланыссыз төлем түрін қолдану.

Қазір көптеген елдер гигиеналық тұрғыдан полимерлі банкноттарға көшіп жатыр. Мұндай ақшалар ылғалды аз сіңіреді және тазалау оңай. Австралия, Канада, Ұлыбританияның кей аймақтарында осындай жүйе енгізілген.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары