Ұшаққа неге пауэрбэнк алып кіруге болмайд?

/
Ұшаққа неге пауэрбэнк алып кіруге болмайд?

Мамандардың айтуынша, ұшу кезіндегі діріл мен қысымның өзгеруі литий аккумуляторларының қызып кету қаупін арттырады, деп хабарлайды turkystan.kz science.mail.ru-ға сілтеме жасап.

Мұны Пермь политехникалық университетінің Березники филиалындағы «Технологиялық процестерді автоматтандыру» кафедрасының меңгерушісі, техника ғылымдарының докторы Андрей Затонский түсіндірді.

Оның айтуынша, пауэрбэнктердегі литий-ионды аккумуляторлар көп энергия жинайды. Алайда литий өте белсенді металл болғандықтан, ауадағы оттегімен немесе сумен оңай реакцияға түседі. Егер аккумулятор зақымданса немесе ішінде ақау болса, ол тұтанып кетуі мүмкін.

Мұндай жағдайда «жылулық үдеу» деп аталатын қауіпті процесс басталады. Яғни батарея ішіндегі температура күрт өсіп, тізбекті реакция жүреді. Сарапшының сөзінше, бұл процесті тоқтату өте қиын.

«Электролит температурасы 200°C-қа жақындағанда, аккумулятор қабығының ішінде тұтану жүреді. Көп мөлшерде газ бөлініп, батарея жарылып, жалын шашуы мүмкін», – дейді ғалым.

Маманның айтуынша, қызып кету тек сыртқы зақымнан емес, аккумулятор ішіндегі жасырын ақаулардан да туындауы ықтимал. Мысалы, сепаратордың бүлінуі немесе дендриттердің пайда болуы қауіпті арттырады.

Ұшақтағы жағдай бұл тәуекелді одан әрі күшейтеді. Себебі рейс кезінде тұрақты діріл мен қысым ауытқуы батарея құрылымына әсер етеді. Әсіресе арзан пауэрбэнктер қауіпті саналады. Өйткені олардың қорғаныс жүйесі қарапайым болады және температураны толық бақыламайды.

Смартфондар мен ноутбуктер қызып кетсе, автоматты түрде қуатты азайтып немесе өшіріп тастай алады. Ал көптеген пауэрбанктерде мұндай қорғаныс қарастырылмаған.

Қазіргі ережеге сәйкес, пауэрбанктерді жүк бөліміне тапсыруға болмайды: олар тек қол жүгінде тасымалданады. Себебі салонда өрт шықса, оны бірден байқап, сөндіруге мүмкіндік бар. Ал жүк бөліміндегі өртті дер кезінде анықтау қиын.

Сондай-ақ мамандар ұшу кезінде телефонды пауэрбанк арқылы зарядтамауға кеңес береді. Өйткені қуат беру барысында аккумулятор қызады, ал ұшақтағы жағдай бұл қызудың қауіпті деңгейге жетуін жылдамдатуы мүмкін.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары